Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы 1-бап


-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ, ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕРІ



бет8/9
Дата03.03.2020
өлшемі0.85 Mb.
#448072
1   2   3   4   5   6   7   8   9
kazakstan respublykasynyn memlekettik kyzmeti turaly

9-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ, ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ
ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕРІ


53-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу қызметтiк мiндеттерiн мүлтіксiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдардың бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақталуына ықпалын тигізуге, олардың адал және бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс. 

2. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік қызметшілер орындайтын жұмыстың сипатына, көлеміне және нәтижелеріне байланысты сараланып белгіленеді. 

3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік қызметшілерін қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлердің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады. 

Мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, сондай-ақ "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайды. 

4. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебiнен жүргізіледі. 

5. Мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиіс. 

6. Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайтын тәртіппен есептеледі. 

Ескерту. 53-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

54-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы

1. Мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы берiледi. 

Мемлекеттік қызметшілерге алғашқы және одан кейінгі жылдардағы жұмысы үшін жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. 

Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу оның басталуына күнтізбелік үш күн қалғаннан кешіктірілмей, ал еңбек демалысы графиктен тыс берілген жағдайда – берілген күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі. 

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалыстары оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысының бір бөлігі демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс. 

3. Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның ішінде олар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқыған жағдайда жалақысы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін. 

4. Мемлекеттiк орган басшысының не жауапты хатшының, аппарат басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша мемлекеттiк қызметшiлер өздерінің келісімімен жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлігі мемлекеттік қызметшілерге тиісті жылдың кез келген басқа уақытында беріледі не келесі жылғы демалысына қосылады.

55-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру

Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.



56-бап. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары

1. Мемлекеттiк қызметшiлер "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалатын тәртiппен тұрғын үймен қамтамасыз етіледi. 

2. Тұрғынжай жағдайларын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғынжай құрылысы үшiн жер учаскелерi берiледi. Жер учаскелерiн берудің шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады. 

3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi медициналық қызмет көрсетуді тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде белгiленген тәртiппен пайдаланады. 

4. Мемлекеттік органның штат кестесі қысқарған кезде қысқартылатын мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу жүргізіледі. 

5. Мемлекеттік орган жойылған (таратылған) жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу жүргізіледі. 

6. Мемлекеттік органға басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін беру кезінде берілген функцияларды, өкілеттіктерді атқарған және (немесе) осы штат бірліктерінде тұрған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктіліктеріне сәйкес басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік органдағы мәні бірдей мемлекеттік лауазымдар ұсынылады. 

Мәні бірдей лауазым болмаған жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда осы мемлекеттік органдағы өзге мемлекеттік лауазым ұсынылуы мүмкін.  

Мемлекеттік әкімшілік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда ол қызметтен шығарылуға жатады. 

Ұсынылған лауазымнан бас тартқан, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді. 

Ескертпе. Осы тармақтың мақсаттары үшін басқа мемлекеттік орган деп дербес заңды тұлға ретінде тіркелген мемлекеттік орган түсініледі. 

7. Мемлекеттік органның ішінде басқару құрылымы өзгерген кезде мемлекеттік әкімшілік қызметші бұрын атқарған лауазымымен мәні бірдей, бұрын атқарған лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес келетін лауазымға тағайындалады. 

Мәні бірдей лауазым болмаған кезде, мемлекеттік әкімшілік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда өзге лауазым ұсынылуы мүмкін.  

Мемлекеттік әкімшілік қызметші ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда ол қызметтен шығарылуға жатады. Кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.  

8. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген жағдайларда уақытша болмаған мемлекеттік қызметшіні алмастыру не мемлекеттік қызметшінің өзінің келісуі жағдайларынан басқа, өзге бос мемлекеттік лауазым болған кезде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді уақытша бос мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға жол берілмейді.  

Осы баптың 6 және 7-тармақтарына сәйкес ұсынылатын лауазым туралы хабарламаны алған мемлекеттік әкімшілік қызметші қабылданған шешім туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.  

Көрсетілген мерзімде шешім болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметші қызметтен шығарылуға жатады. 

9. Мемлекеттік әкімшілік қызметші лауазымы атауының не ол жұмыс істейтін мемлекеттік орган (құрылымдық бөлімше) атауының еңбек жағдайларының өзгеруіне алып келмейтін өзгертілуі мемлекеттік әкімшілік қызметшінің мемлекеттік қызметті тоқтатуы немесе оны басқа лауазымға қайта тағайындау үшін негіз болып табылмайды. 

Мұндай жағдайда мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға құқығы бар уәкілетті адам (орган) мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы тиісті акт шығарады. 

10. Егер негізгі жұмыскер жұмысқа шықпай, атқаратын мемлекеттік әкімшілік лауазымды босатқан жағдайда, осы уақытша бос мемлекеттік лауазымды атқарып жүрген мемлекеттік қызметші конкурс өткізілместен, жұмысын тұрақты негізде жалғастыра алады. 

Мұндай жағдайда мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға құқығы бар уәкілетті адам (орган) уақытша бос мемлекеттік лауазымға қабылданған адамды тұрақты негізде мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы тиісті акт шығарады. 

11. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленеді, бұл ретте, жәрдемақының мөлшері "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленгеннен төмен болмауы керек. 

Ескерту. 56-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

57-бап. Мемлекеттік қызметшілердің іссапарлар кезіндегі кепілдіктері мен өтемақылары

1. Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi. 

Мемлекеттiк қызметшілерге iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепiлдiктер мен құқық беріледі. 

2. Іссапардың барлық уақыты бойында іссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшілердiң жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.



58-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен өтемақылары

Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен өтемақылары Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ оны ұйымдастыру тәртібiн айқындайтын заңда белгіленеді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет