22-бап. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу
1. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын белгіленген арнайы біліктілік талаптарына және осы Заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келетін азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеуді уәкілетті комиссия Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервін Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен уәкілетті комиссия ұсынған азаматтар қатарынан қалыптастырады.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтарды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен тағайындай алады.
23-бап. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурс
1. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін конкурс өткізілуі мүмкін.
2. "А" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.
Конкурсты осы мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам жүзеге асырады.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурс уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртіппен өткізіледі.
24-бап. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен жасалатын еңбек шарттары
Адамды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындау кезінде онымен еңбек шарты жасалады.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартын мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (орган) жасайды.
"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
24-1-бап. "А" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін мансаптық жоспарлау
Ескерту. 4-тарау 24-1-баппен толықтырылды - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); алып тасталды - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
25-бап. Мемлекеттік лауазымды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгерту
1. Мемлекеттік лауазым "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген жағдайда:
1) мемлекеттік лауазымды "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервінде тұрған адам конкурстық іріктеу негізінде алмастырады;
2) мемлекеттік лауазымды алмастыру мерзімін уәкілетті комиссия белгілейді;
3) осы мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазым осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес алмастырылғанға дейін осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мерзім өткенге дейін жұмысын жалғастыруға құқылы.
2. Мемлекеттік лауазымы "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган оның біліктілігіне сәйкес және бос орынның болуына қарай мемлекеттік лауазым ұсынады.
Мемлекеттік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда қызметтен шығарылуға тиіс. Бұл ретте мемлекеттік орган кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
25-1-бап. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарын өзгерту
1. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымы "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген жағдайда, бұл лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда өзгертілген мемлекеттік лауазым ұсынылады.
2. "А" корпусының екі және одан көп мемлекеттік әкімшілік лауазымын "А" корпусының бір лауазымына өзгерту кезінде "А" корпусының өзгертілген мемлекеттік лауазымы ұсынылмаған мемлекеттік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген келесі төмен тұрған мемлекеттік лауазым ұсынылады.
Келесі төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметшінің келісімімен оған мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген өзге мемлекеттік лауазым ұсынылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан жағдайда, ол қызметтен шығарылуға жатады. Бұл ретте, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
Ескерту. 4-тарау 25-1-баппен толықтырылды - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5-тарау. "Б" КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ЛАУАЗЫМЫНА
ОРНАЛАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
26-бап. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу
"Б" корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар мынадай іріктеу кезеңдерінен өтеді:
1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тесттен өту;
2) уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін бағалату;
3) "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурс.
Осы Заңның 15-бабында көзделген жағдайларда, сондай-ақ жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес сайлау тəртібімен "Б" корпусының мемлекеттік лауазымдарына конкурстан тыс тəртіппен алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарға көрсетілген іріктеу кезеңдері қолданылмайды.
Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 29.06.2018 № 163-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
27-бап. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс
1. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:
1) азаматтар арасындағы жалпы конкурс;
2) мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс.
1-1. Бос немесе уақытша бос лауазымға орналасуға кандидаттарды іріктеуді мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімімен құрылатын мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы жүзеге асырады.
Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімімен орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі не орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімімен орталық мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі.
Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай конкурстық комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай конкурстық комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
2. Конкурс мынадай бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардан құжаттар қабылдау;
3) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау;
4) конкурсқа қатысушылармен мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін әңгімелесу;
5) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.
Конкурс Қазақстан Республикасының мәдениет, дене шынықтыру және спорт, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңдарға сәйкес әңгімелесу кезеңінің алдында конкурсқа қатысушыларды келісудің қосымша кезеңін қамтиды.
Конкурс өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу кезінде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қосымша жариялауға жол беріледі.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді басылымдарда қосымша жариялауға жол беріледі.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) құрылған жағдайда хабарландырулар өзі соның құрылымында тұрған мемлекеттік органның интернет-ресурсында да орналастырылады.
3-1. Егер орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының өкілеттіктеріне осы орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының қызмет бағыттары бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіру жататын болса, онда осы орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының өкілдері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын тиісті атқарушы органдарының басшылары лауазымдарына орналасуға конкурстар өткізу үшін құрылатын конкурстық комиссиялардың жұмысына қатысуға құқылы.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдарының басшылары лауазымдарына орналасуға конкурстар өткізу үшін конкурстық комиссия құратын мемлекеттік орган тиісті орталық атқарушы органға конкурстық комиссияның құрамына кандидатура ұсыну туралы сұрау салуды жіберуге міндетті.
4. Егер конкурс "Б" корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, осы шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
5. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға құқығы бар. Тағайындау құқығы бар лауазымды адам оны жарияланған мемлекеттік лауазымға қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
6. Конкурстық комиссияның шешiмiне қатысты уәкілетті органға не сотқа шағым жасауға болады.
7. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары көмекшілерінің немесе кеңесшілерінің, баспасөз хатшыларының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен орналасуға жол беріледі.
Аталған адамдарды мемлекеттік орган ішінде кейіннен ауыстыруға жол берілмейді.
Бұл ретте, осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдар тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан өткен жағдайда ішкі конкурсқа қатысуға жіберіледі.
8. Теріс себептермен немесе олардың қызметін бағалау, сынақ мерзімінің не аттестаттау қорытындыларының нәтижелері бойынша қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, адам мемлекеттік қызметтен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, егер ол өзге жеке және мемлекеттік органдар болып табылмайтын заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерге шықпаған жағдайда, тестілеуден өтпестен, "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурсқа және сайлауға қатысуға құқылы.
Бұл жағдайларда осы адамға міндетті арнайы тексеруден өту және бұрынғы жұмыс орны бойынша кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларация тапсырған жағдайда, оны тапсыру туралы талаптар қолданылмайды.
Бұл ретте, осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурсқа осы мемлекеттік органнан шығарылған адам ғана қатысуға құқылы.
9. Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер тестілеуден өтпейді.
Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен осы баптың 8-тармағының бірінші бөлігінде аталған адамдар уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.
10. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылуы мүмкін.
Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
28-бап. Жалпы конкурс
1. Жалпы конкурс "Б" корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 2-1 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда төменгі лауазым болып табылмайтын өзге бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу үшін өткізіледі.
2. "Б" корпусының төменгі болып табылмайтын өзге де бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін жалпы конкурс орталық атқарушы органда не оның ведомствосында уәкілетті органмен келісу бойынша, ал орталық мемлекеттік органның немесе оның ведомствосының аумақтық бөлімшесінде не жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша өткізіледі.
Осы Заңның 29-бабында көзделген ішкі конкурс өткізу жөніндегі талаптардың сақталмауы жалпы конкурс өткізуден бас тартуға негіз болып табылады. Келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Жалпы конкурсқа қатысуға тест рәсімдерінен алдын ала өткен және уәкілетті орган белгілеген мәндерден төмен емес нәтижелері бар азаматтар жіберіледі.
Тест нәтижелеріне шағым жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік қызметке кіру кезінде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысқанын, волонтерлік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырғанын ескереді.
4. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері қорытынды бере отырып, азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізеді. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалау нәтижелерін конкурстық комиссия шешім қабылдау кезінде ескереді.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 20.12.2016 № 33-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
29-бап. Ішкі конкурс
1. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізеді, оған оның ведомствосының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнің құқықтық негіздерін, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртібiн белгілейтін заңда айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) немесе бірыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда ішкі конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшін құрылған мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі.
1-1. Орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға орталық мемлекеттік органның, сондай-ақ осы орталық мемлекеттік органның өзге де аумақтық бөлімшелерінің, оның ведомствосының және осы ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
1-2. Орталық мемлекеттік органның ведомствосы өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға осы орталық мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің, сондай-ақ ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
1-3. Орталық мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурстарға осы орталық мемлекеттік органның, орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің, ведомствоның және осы ведомствоның басқа да аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
1-4. Жергілікті атқарушы орган және (немесе) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган өткізетін осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурсқа осы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың барлық жергілікті атқарушы органдарының және (немесе) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері де қатысуға құқылы.
2. Конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кезде барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізіледі.
"Б" корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін ішкі конкурс өткізілмейді.
2-1. Егер осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізген кезде конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушы болмаса, уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда мемлекеттік орган барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізбестен, жалпы конкурс өткізе алады.
3. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған жағдайда осы Заңның 28-бабына сәйкес жалпы конкурс өткізіледі.
4. Алып тасталды - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4-1. Мемлекеттік орган құрылған кезде осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізілмейді.
5. Алып тасталды - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.12.2016 № 33-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
30-бап. Мемлекеттік лауазымға тағайындау
1. Азаматтарды мемлекеттік лауазымдарға тағайындауды және мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік лауазымдардан босатуды лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адам (орган) не өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.
2. Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруін ресімдеу кезінде мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
3. Персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізімді толтырады. Қызметтік тізім нысанын уәкілетті орган бекітеді.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
4-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымы мен лауазымдық өкілеттіктерін растайтын құжат болып табылатын қызметтік куәлік беріледі.
Қызметтік куәлікті беру тәртібін, оның сипаттамасын мемлекеттік орган бекітеді.
Достарыңызбен бөлісу: |