210-бап. Жауап алуды жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алу алдында жауап алынатын адамның жеке басына көз жеткізуге тиiс. Егер жауап алынатын адамның iс бойынша iс жүргiзiлiп отырған тiлдi білетіні-білмейтініне күмән келтірсе, оның айғақтарды қай тiлде бергiсi келетiнi анықталады. Қажет болған жағдайларда оны аудармашымен тегін қамтамасыз етеді.
2. Жауап алуға шақырылған адамға одан кiм ретiнде, қандай қылмыстық iс бойынша жауап алынатыны хабарланады, осы Кодексте көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
Бір іс бойынша шақырылған адамдар басқа жауап алынатын адамдардан бөлек жауап береді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бір іс бойынша жауап алуға шақырылған адамдардың жауап алу басталғанға дейін бір-бірімен сөйлесе алмауы үшін шаралар қолданады.
3. Жауап алу жауап алынатын адамға iстің өзiне белгiлi болған мән-жайларын айтуды ұсынудан басталады. Егер жауап алынатын адам iске мүлде қатысы жоқ мән-жайлар туралы айтатын болса, оған бұл туралы ескертiлуге тиiс.
4. Еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн жауап алынып отырған адамға айғақтарды нақтылауға және толықтыруға бағытталған сұрақтар қойылуы мүмкiн. Жетелеушi сұрақтар қоюға тыйым салынады.
5. Егер айғақтар цифрлық деректермен немесе есте сақтауға қиын өзге де мәлiметтермен байланысты болса, жауап алынатын адам құжаттар мен жазбаларды пайдалануға құқылы, олар жауап алынатын адамның өтiнiшхаты бойынша немесе оның келiсiмiмен хаттамаға қоса тiгілуі мүмкiн.
6. Егер жауап алу барысында жауап алынып отырған адамға заттай дәлелдемелер мен құжаттар көрсетілсе, басқа тергеу әрекеттерінің хаттамалары жария етілсе және тергеу әрекетінің дыбыс- және (немесе) бейнежазба, киноға түсiру материалдары тыңдатылып-көрсетілсе, онда бұл туралы жауап алу хаттамасында тиісті жазба жасалады. Бұл ретте хаттамада жауап алынып отырған адамның оған көрсетілген дәлелдемелер, жария етілген хаттамалар, тыңдатылып көрсетілген тергеу әрекеттерінің дыбыс- және (немесе) бейнежазбалары, кино түсiрілімдер бойынша берген айғақтары көрсетіледі.
7. Мылқау немесе саңырау куәдан, жәбiрленушiден, күдіктiден, айыпталушыдан жауап алу сурдоаударма дағдыларын меңгерген адамның қатысуымен жүзеге асырылады. Мұндай адамның жауап алуға қатысуы хаттамада көрсетiледi.
8. Жауап алынатын адамның психикалық немесе өзге ауыр науқасы болған кезде одан жауап алу дәрiгердiң рұқсатымен және оның қатысуымен жүзеге асырылады.
9. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шешімі бойынша, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының, куәнің немесе жәбірленушінің өтінуі бойынша жауап алу кезінде дыбыс- және бейнежазба қолданылуы мүмкін. Жауап алынатын адамға мұндай дыбыс- және бейнежазбаның қолданылатыны туралы жауап алу басталғанға дейін хабарланады.
10. Дыбыс- және бейнежазба жауап алудың барысын толығымен көрсетуге және жауап алынатын адамдардың айғақтарын толық қамтуға тиiс. Жауап алудың бiр бөлiгiн дыбыс- және бейнежазбаға түсiруге, сондай-ақ сол жауап алудың барысында берiлген айғақтарды жазып алу үшiн арнайы қайталауға жол берiлмейдi.
11. Жауап алу аяқталғаннан кейiн дыбыс- және бейнежазба толығымен жауап алынып отырған адамға тыңдатылып-көрсетіледі. Айғақтардың дыбыс- және бейнежазбасына жауап алынып отырған адам жасаған толықтырулар да фонограммаға және бейнеграммаға енгiзiледi. Дыбыс- және бейнежазба жауап алынатын адамның олардың дұрыстығын куәландыратын мәлiмдемесiмен аяқталады.
12. Жауап алу барысында дыбыс- және бейнежазба қолданылып алынған айғақтар жауап алу хаттамасына енгiзiледi. Жауап алу хаттамасы, сондай-ақ: дыбыс- және бейнежазбаның қолданылғаны және бұл туралы жауап алынып отырған адамға хабарланғаны туралы белгiнi; ғылыми-техникалық құралдар, дыбыс- және бейнежазба жағдайлары мен оны тоқтата тұру фактiлерi, тоқтатудың себептерi мен ұзақтығы туралы мәлiметтердi; жауап алынып отырған адамның дыбыс- және бейнежазбаны қолдану себебі жөнiндегi мәлiмдемесiн; жауап алынып отырған адамға дыбыс- және бейнежазбаның тыңдатылып көрсетілгені туралы белгiнi; жауап алынып отырған адамның және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның хаттаманың және дыбыс- және бейнежазбаның дұрыстығын куәландырғанын қамтуға тиiс. Фонограмма мен бейнеграмма iспен бiрге сақталады және олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн мөрмен бекiтiледi.
211-бап. Қосымша және қайталап жауап алу
1. Қосымша және қайталап жауап алу осы Кодекстің 210-бабында көзделген қағидалар сақтала отырып жүргізіледі.
2. Қосымша жауап алу мынадай:
1) жауап алынған адам тергелетін істің мән-жайлары бойынша бұрын берген айғақтарын олардың жеткілікті түрде анық немесе толық болмауына қарай нақтылауға немесе толықтыруға ниет білдірген;
2) бұрын жауап алынған адамға іс үшін елеулі жаңа сұрақтар туындаған жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Қайталап жауап алу мынадай:
1) бастапқы жауап алуды жүргізудің процестік нормалары елеулі түрде бұзылған;
2) жауап алынған адам бұрын берген айғақтарынан бас тартқан және жаңа айғақтар беруге ниет білдірген жағдайларда жүзеге асырылады.
212-бап. Жауап алу хаттамасы
1. Жауап алудың барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып жасалатын хаттамада көрсетiледi.
Айғақтар бiрiншi жақтан және мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Сұрақтар мен олардың жауаптары жауап алу кезiндегi ретi бойынша жазылады. Хаттамада жауап алуға қатысқан адамдардың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қабылдамаған немесе жауап алынып отырған адам жауап беруден бас тартқан сұрақтары да, оларды қабылдамаудың немесе олардан бас тартудың уәждерi көрсетiле отырып, қамтылуға тиiс.
2. Бірінші жауап алу хаттамасында жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректер, оның iшiнде: тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), туған уақыты мен жерi, азаматтығы, ұлты, бiлiмi; отбасылық жағдайы, жұмыс орны, қызмет түрi немесе лауазымы, тұрғылықты жерi, сондай-ақ осы Кодекстің 199-бабы төртінші бөлігінің қағидаларына сәйкес істің мән-жайлары бойынша қажет болуы мүмкін басқа да мәлiметтер көрсетiледi.
Кейiнгi жауап алулар кезінде жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректердi, егер олар өзгермеген болса, оның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) көрсетумен шектелуге болады.
Күдіктiден жауап алу хаттамасында бұрын сотталғандығының бар-жоғы көрсетiледi.
3. Жауап алынып отырған адам схемалар, сызбалар, суреттер, диаграммалар жасай алады, олар хаттамаға қоса тiркеліп, онда бұл туралы белгi жасалады.
4. Хаттамада жауап алуға қатысқан барлық адамдар көрсетіледі. Олардың әрқайсысы хаттамаға, сондай-ақ оған жасалған барлық толықтырулар мен нақтылауларға қол қоюға тиіс.
5. Еркін баяндаудан кейін жауап алынып отырған адам өз айғақтарын өз қолымен жазуға құқылы. Жауап алынып отырған адам айғақтарын өз қолымен жазғаннан және оларға қол қойғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам толықтырушы және нақтылаушы сұрақтар қоюы мүмкін.
6. Жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттама оқып шығу үшiн жауап алынып отырған адамға ұсынылады не оның өтiнуi бойынша жарияланады. Жауап алынып отырған адамның хаттамаға толықтыру мен нақтылау енгiзу талабы мiндеттi түрде орындалуға тиіс.
7. Айғақтармен танысу фактiсiн және олардың жазылуының дұрыстығын жауап алынып отырған адам хаттаманың соңында өз қолын қою арқылы куәландырады. Жауап алынып отырған адам сонымен қатар хаттаманың әрбiр бетiне де қол қояды. Жауап алынып отырған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бас тарту себептерiн анықтайды, оларды хаттамаға енгiзедi және хаттаманы өзiнің қолымен куәландырады.
8. Егер жауап алынып отырған адам дене бітімінің кемiстiгiнен немесе өзге де себептердің салдарынан хаттамаға өзi қол қою мүмкіндігінен айырылса, оның өтiнуi бойынша хаттамаға қорғаушы, жауап алынып отырған адам сенетiн өкiл немесе өзге адам қол қояды, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
9. Егер жауап алуға аудармашы не сурдоаударма дағдыларын меңгерген адам қатысса, онда олар да хаттаманың әрбiр бетiне және тұтас хаттамаға қол қояды. Олар жауап алынатын адамның өз қолымен жазған айғақтарының аудармасына да қол қояды.
213-бап. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып,
бейнебайланыс режимінде жауап алудың
(қашықтықтан жауап алу) ерекшеліктері
1. Жәбірленушіден, куәдан жауап алу оны олар аумағында болған не тұратын ауданның не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына шақыру арқылы ғылыми-техникалық құралдар пайдаланыла отырып, бейнебайланыс режимінде (қашықтықтан жауап алу) жүргізілуі мүмкін. Қашықтықтан жауап алу барысында процестік әрекетке қатысушылар жауап алынып жатқан адамның айғақтарын тікелей трансляциядан тікелей қабылдайды.
Қашықтықтан жауап алу:
1) адамның денсаулық жағдайы немесе басқа да дәлелді себептер бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеру (қарау) жеріндегі қылмыстық процесті жүргізетін органға тікелей келуі мүмкін болмайтын;
2) адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болатын;
3) жас немесе кәмелетке толмаған куәдан, жәбірленушіден жауап алу жүргізілген;
4) сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімінің сақталуын, істің сотта қаралуын қамтамасыз ету үшін қажет болған;
5) жауап алу қиын немесе артық шығындармен байланысты болады деп пайымдауға негіз беретін себептер болған жағдайларда жүргізіледі.
2. Қашықтықтан жауап алуды жүргізу туралы шешімді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өз бастамасымен немесе тараптың немесе қылмыстық процеске басқа да қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе прокурордың нұсқауы бойынша осы Кодекстің 188-бабында көзделген тәртіппен тапсырма жібере отырып, қабылдайды.
Қашықтықтан жауап алған кезде ғылыми-техникалық құралдар мен технологияларды пайдалану бейне мен дыбыстың тиісті сапасын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
3. Бейнебайланыс режимінде жүргізілген тергеу әрекетінің барысы мен нәтижелері осы Кодекстің 199-бабының талаптарына сәйкес тапсырманы орындайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жасайтын хаттамада көрсетіледі. Қашықтықтан жауап алу хаттамасында көмегі арқылы тергеу әрекеті жүргізілетін ғылыми-техникалық бейнежазба құралдары туралы мәліметтер көрсетіледі.
Жауап алынатын адамның хаттамаға толықтырулар мен нақтылаулар енгізу туралы талаптары міндетті түрде орындалуға жатады.
Хаттама оған қол қойылғаннан кейін істі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға жіберіледі.
4. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында адамнан оның өтінішхаты бойынша оны тануды болдырмайтын сыртқы келбеті мен дауысы өзгертіле отырып, бейнебайланыс режимінде жауап алынуы мүмкін.
214-бап. Куәдан және жәбiрленушiден жауап алудың
ерекшелiктерi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алу алдында куәнiң, жәбiрленушiнiң күдіктiге қандай қатысы бар екенiн анықтайды, оларға процестік құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, айғақтар беруден бас тартқаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәнің, жәбiрленушiнің өзiнiң, жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін, сондай-ақ ал діни қызметшінің тәубеге келу үстінде өзіне сырын ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екенiн түсiндiруге мiндеттi. Бұл құқықты пайдаланбаған куәге, жәбiрленушiге олардың көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледі.
2. Егер куә жауап алуға заң көмегін көрсету үшін шақырылған адвокатпен бірге келсе, онда адвокат жауап алу кезінде қатысады. Жауап алу аяқталғаннан кейін адвокат жауап алудың мәні бойынша ескертулер беруге және жауап алу хаттамасына енгізілуге тиіс өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
3. Қалған жағдайда куә мен жәбiрленушiден жауап алу осы Кодекстiң 210-бабының қағидалары бойынша жүргiзiледi.
215-бап. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден
жауап алу ерекшелiктерi
1. Он төрт жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшін, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қалауы бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбірленушіден жауап алуға қатысу үшін педагог және (немесе) психолог шақырылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбірленушіден жауап алу кезінде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы.
2. Он алты жасқа дейінгі куәлар мен жәбiрленушiлерге олардың айғақтар беруден бас тартқаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн жауаптылығы туралы ескертілмейді. Мұндай куәлар мен жәбiрленушiлерге процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіру кезінде оларға тек қана шындықты айту қажеттігі көрсетіледі. Кәмелетке толмаған куә мен жәбiрленушiге оның өзiнiң немесе жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін айғақтар беруден бас тарту құқығы түсiндiріледі.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдардан жауап алу кезінде қатысып отырғандарға жауап алынып отырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы, хаттамаға енгiзiлуге тиiс ескертулер жасау, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен жауап алынып отырған адамға сұрақ қою құқығы түсiндiрiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қойылған сұрақты қабылдамауға құқылы, бірақ оны хаттамаға енгізуге және қабылдамаудың себебiн көрсетуге тиіс.
216-бап. Күдіктiден жауап алу ерекшеліктері
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алудың алдында күдіктіге оның қандай қылмыстық жазаланатын әрекетті жасады деп күдік келтіріліп отырғанын хабарлайды, сондай-ақ оған айғақтар беруден бас тарту құқығын қоса алғанда, осы Кодекстің 64-бабында көзделген құқықтарды түсіндіреді.
2. Cотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге оған келтірілген күдіктің мәнін түсіндіре отырып, күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасауда өзін толық немесе ішінара кінәлі деп мойындайтынын не өз кінәсін мойындамайтынын анықтайды.
Күдіктінің жауап беруден бас тартуы оның өз кінәсін мойындамауы ретінде бағаланады.
3. Жауап алу күдіктiге келтірген күдік жөнінде және iс үшiн маңызы болуы мүмкін барлық басқа мән-жайлар бойынша айғақтар беруiн ұсынудан басталады.
4. Осы Кодекстің 67-бабында көзделген жағдайларда, осы Кодекстің 69-бабы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, қорғаушының қатысуы міндетті.
5. Қалған жағдайларда күдіктiден жауап алу осы Кодекстің 210-бабының қағидалары бойынша жүргiзiледi.
217-бап. Тергеу судьясының жәбірленушіден, куәдан жауап
алу ерекшеліктері (айғақтарды сақтауға қою)
1. Прокурор, күдікті немесе іске қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокаты жәбірленуші, куә болып табылатын адамнан, егер олардан сотқа дейінгі тергеп-тексеру не сот отырысы барысында неғұрлым кешірек жауап алу объективті себептерге (Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұруы, шетелге шығуы, денсаулығының ауыр жағдайы, қауіпсіздік шараларын қолдану) байланысты мүмкін болмауы ықтимал деп пайымдауға негіз болған жағдайда, сондай-ақ психикасын жарақаттаушы әсер етуді болдырмау үшін кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілерден кейіннен жауап алуды болдырмау мақсатында тергеу судьясының жауап алуы туралы өтінішхат беруге құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурор алдында айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселеге бастама жасауға құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жолданымға қылмыстық істің жәбірленушінің, куәнің айғақтарын сақтауға қою қажеттігін растайтын материалдарын қоса береді.
Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, бір тәулік ішінде айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселені шешеді.
2. Тергеу судьясы өтінішхатты ол алынған кезден бастап үш тәулік ішінде қарайды және оның нәтижелері бойынша өтінішхатты қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, тергеу судьясы алғаш мүмкіндік болған кезде жауап алу уақытын белгілейді, бұл туралы прокурорға, күдікті мен оның іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокатына хабарлайды. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалады және наразылық білдіріледі. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуы айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты сотқа жіберу негіздерінің болуын көрсететін мән-жайлар туындаған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
3. Тергеу судьясының жәбiрленушi мен куәдан жауап алуы прокурордың, күдіктінің (ол болған жағдайда), қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокатының, ал қажет болған жағдайларда процеске басқа да қатысушылардың қатысуымен жүргiзiледi. Егер күдiктiнiң жауап алуға қатысуы жәбiрленушiнiң, куәнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса, күдiктi жауап алуға шақырылмайды. Айғақтарды сақтауға қою кезiнде адамдардың сот отырысына қатысу үшiн келуiн қамтамасыз ету тергеу судьясына өтiнiш мәлімдеген адамдарға жүктеледi. Күдiктiнiң қорғаушысы адамды шақыру үшiн тергеу судьясына адамның жауап алуға келуiн қамтамасыз етуге көмек көрсету туралы өтiнiш мәлімдеуі мүмкiн.
Прокурордың, қорғаушының, күдіктінің дәлелді себептер бойынша келмей қалуына байланысты жауап алуды жүргізу, егер осы баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацында санамаланған мән-жайлар бұған кедергі келтірмесе, кейінге қалдырылуы мүмкін.
4. Тергеу судьясының жауап алуы мен жауап алу хаттамасын жүргізуі осы Кодекстің 347, 369, 370, 371-баптарыныңқағидалары сақтала отырып жүргізіледі.
5. Жауап алынатын адамның тергеу судьясы сақтауға қойған айғақтары тiркелген сот отырысының хаттамасына судья мен сот отырысының хатшысы қолдарын қояды. Айғақтарды сақтауға қою кезiнде болған процеске қатысушылар сот отырысы хаттамасының көшiрмесiн алуға және оған қол қойылғаннан кейін бес тәулік ішінде өздерiнiң ескертпелерiн келтiруге құқылы. Тергеу судьясы хаттамаға ескертпелерді түскен күні қарап, олардың қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы қаулы шығарады. Содан кейiн сот отырысының хаттамасы, егер хаттамаға ескертпелер келтiрiлген болса, осы ескертпелер және судьяның оларды қарау туралы қаулысы қылмыстық iс материалдарына қосып тiгу үшiн прокурорға жiберiледi.
Ескерту. 217-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
218-бап. Беттестіру
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұрын жауап алынған екi адам арасында, егер олардың айғақтарында елеулi қайшылықтар болса, осы қайшылықтардың себептерін анықтау үшiн беттестіру жүргізуге құқылы.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда беттестiруге қорғаушы, педагог және (немесе) психолог, дәрiгер, аудармашы және жауап алынып отырған адамның заңды өкiлi қатыса алады.
3. Беттестiруді бастау алдында беттестiрiлiп отырған адамдардың бiрiн-бiрi бiлетiн-бiлмейтiндiгi және олардың арасында қандай қарым-қатынас бар екенi анықталады. Куә мен жәбiрленушiге олардың айғақтар беруден бас тартқаны, айғақтар беруден жалтарғаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, сондай-ақ жауап алынатын адамдарға – олардың өзiне, жұбайына (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына қарсы, ал дiни қызметшiлерге – тәубеге келу үстiнде оларға сырын ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
4. Беттестiруге шақырылған адамдарға анықтау үшiн беттестiру жүргiзiлiп отырған iстiң мән-жайлары туралы айғақтар беру кезек-кезегімен ұсынылады. Содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сұрақтар қояды. Беттестiруге шақырылған адамдар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен бiр-бiрiне сұрақтар қоя алады.
5. Беттестiру жүргізу кезiнде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам iске қоса берілген заттай дәлелдемелер мен құжаттарды көрсетуге құқылы.
6. Беттестiруге қатысқан адамдардың алдыңғы жауап алуда берген айғақтарын жариялауға олар беттестiруде айғақтар бергеннен және олар хаттамаға енгiзiлгеннен кейiн рұқсат етіледі.
7. Беттестiрудiң барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 199-бабында көзделген қағидалар бойынша жасалатын хаттамада көрсетiледi.
8. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам беттестiруге қатысқандарды хаттаманың мазмұнымен таныстырады. Жауап алынған адамдардың хаттамаға түзетулер мен толықтырулар енгiзудi талап етуге құқығы бар. Беттестiру хаттамасына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам және жауап алынған адамдар қол қояды. Әрбiр жауап алынған адам өз айғақтарына және хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды.
27-тарау. ҚАРАП-ТЕКСЕРУ, КУӘЛАНДЫРУ
219-бап. Қарап-тексеру
Қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерiн және өзге де материалдық объектiлердi табу және анықтау, оқиғаның жағдайын анықтау және iс үшiн маңызы бар мән-жайларды айқындау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жергілікті жердi, үй-жайларды, нәрселерді, құжаттарды, тiрi адамдарды, мәйiттердi, жануарларды қарап-тексеруді жүргізеді. Қарап-тексеруді жүзеге асыратын адамның нұсқаулары осы тергеу әрекетiнің барлық қатысушылары үшiн мiндеттi.
220-бап. Қарап-тексеруді жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Қарап-тексеру бұған қажеттiлiк туындаған кезде, әдетте, кейiнге қалдырылмай жүргiзiледi.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз немесе хабар ала отырып, оқиға орнына дереу келуге және қарап-тексеру жүргiзуге міндетті.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның уақтылы келуі мүмкін болмаған жағдайда, қарап-тексеруді арыз немесе хабар келiп түскен анықтау органының анықтаушысы немесе өзге қызметкері жүргiзуге міндетті.
4. Анықтау органдарының қызметкерлерi қарап-тексеруді жүргiзу кезінде жәрдем көрсетуге және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тапсырмасы бойынша оқиға орнын күзету, көзбен көргендерді анықтау және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды табу және ұстап алу, зардап шеккендердi көшiру, қаза болғандарды тасымалдау, жалғасып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу және қайталануының алдын алу және оқиғаның өзге салдарларын жою жөнiндегi қажеттi іс-шараларды жүргiзуге мiндеттi.
5. Қарап-тексеру оның барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдар қолданыла отырып, ал осы баптың он үшінші және он төртінші бөліктерінде көзделген жағдайда куәгерлердің қатысуымен жүргізіледі.
6. Қажет болған кезде қарап-тексеру күдіктiнiң, жәбiрленушiнiң, куәнiң, сондай-ақ маманның қатысуымен жүргiзiледi.
7. Табылған iздердi және өзге де материалдық объектiлердi қарап-тексеру тергеу әрекетi жүргiзiлетiн жерде жүзеге асырылады. Егер қарап-тексеруге ұзақ уақыт талап етілсе немесе қылмыс анықталған жерде қарап-тексеру елеулi түрде қиын болса, объектiлер ол жерден алынып, қапталып, мөрленіп және бүлдірілмей, қарап-тексеруге ыңғайлы басқа жерге жеткiзiлуге тиiс.
8. Қарап-тексеру кезiнде табылғанның және алып қойылғанның барлығы куәгерлерге, қарап-тексерудің басқа да қатысушыларына көрсетiлуге тиiс, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
9. Іске қатысы бар объектiлер ғана алып қойылуға жатады. Алып қойылған объектiлер қапталады, мөрленеді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның және куәгерлер тартылған кезде олардың қол қоюы арқылы расталады.
10. Қарап-тексеруге қатысатын адамдар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның назарын, өз пiкiрлерi бойынша, iстiң мән-жайларын анықтауға ықпал ететiннің барлығына аударуға құқылы.
11. Қарап-тексеру кезінде қажет болған жағдайларда қарап-тексерілетін объектiлерге өлшеу жүргiзiлiп, олардың жоспарлары мен схемалары жасалады, сондай-ақ суретке түсiру және өзге де құралдармен түсіріп алу жүргiзiледi, бұл туралы хаттамада белгi жасалып, оған көрсетілген материалдар қоса тiркеледі.
12. Тірі адамды қарап-тексеру оның киген киімдерін және денесінің ашық бөліктерін көзбен шолу, сырттай қарап-тексеру нысанында жүргізіледі, оның барысы мен нәтижелері тергеу әрекетінің хаттамасында көрсетіледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
13-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
13. Тұрғын үй-жайды қарап-тексеру тек онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келiсуiмен немесе прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiледi. Егер онда тұратын адамдар кәмелетке толмағандар болса немесе олардың психикалық немесе өзге де ауыр науқастардан зардап шегетiнi көрінеу белгiлi болса немесе олар қарап-тексеруге қарсы болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам мәжбүрлеп қарап-тексеру туралы қаулы шығарады, оған прокурордан санкция алынуға тиiс. Санкциялаудан бас тартылған жағдайда, қарап-тексеру жүргiзiлмейдi.
РҚАО-ның ескертпесі!
220-бапты 13-1, 13-2, 13-3 және 13-4-тармақтармен толықтыру көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі!
14-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
14. Егер тұрғын үй-жай оқиға орны болса және оны қарап-тексеруді кейiнге қалдыруға болмаса, онда тұрғын үй-жайды қарап-тексеру сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысы бойынша жүргiзiлуi мүмкiн, бiрақ кейiннен прокурор жүргiзiлген қарап-тексерудің заңдылығын тексеру үшiн ол туралы бiр тәулiк мерзiмде хабардар етіледі. Көрсетілген хабарламаны алғаннан кейiн прокурор жүргізілген қарап-тексерудің заңдылығын тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады, ол қылмыстық істің материалына қоса беріледі. Жүргізілген қарап-тексерудің заңсыз екенi туралы шешiм қабылданса, оның нәтижелеріне iс бойынша дәлелдеме ретiнде жол берiлмейді.
15. Тұрғын үй-жайды қарап-тексеру кезiнде онда тұратын кәмелетке толған адамның қатысуы қамтамасыз етiлуге тиiс. Оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда, жергiлiктi атқарушы органның өкiлдерi шақырылады.
16. Ұйымдардың үй-жайлары мен аумағындағы қарап-тексеру олардың әкiмшiлiгі өкiлдерiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
17. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайлардағы, сол сияқты дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұратын үй-жайларды қарап-тексеру тек дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оны алмастыратын адамның өтiнiшi бойынша немесе оның келiсуiмен және қатысуымен ғана жүргiзiледi. Дипломатиялық өкiлдiң келiсiмi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы сұратылады. Қарап-тексеру жүргiзiлген кезде прокурордың және Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
18. Егер бiрiншi қарап-тексеру кезінде объектiнiң бөлшектерi қандай да бiр себептер бойынша зерттелмеген болса, оларды қосымша қарап-тексеру жүргiзiледі.
19. Нақ сол объектіні қайтадан қарап-тексеру:
1) бастапқы қарап-тексеру жағдайлары объектінің тиімді қабылдануы үшін қолайлы болмаған ретте;
2) егер бастапқы қарап-тексеруден кейін жаңа мәліметтер алынуы мүмкін болса;
3) егер бастапқы қарап-тексеру сапалы жүргізілмеген жағдайда, өткізілуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |