Сабақтың тақырыбы: Ақ орда (ХІІІ-ХV ғ. басы)
Сабақтың жоспары: 1. Ақ Орданың саяси тарихы
2. Ақ Орданың жер аумағы
3. Мемлекеттің әлсіреу себептері
Сабақтың мақсаты: Ортағасырлық мемлекеттер жайында тереңірек мәлімет
беру.
Сабақтың мазмұны: Ортағасырлық саяхатшылар Қыпшақ даласы (дашт-и Қыпчак) аталған жердің шығыс бөлігінде XIV—XV ғасырдың алғашқы ширегі аралығында Ақ орда атты мемлекеттің болғанын хабарлайды.
Рашид ад-диннің (XIVғ.) айтуына қарағанда Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) Жошының үлкен ұлы Орда (Орда Ежен, Орда Иген) әкесінің тірі кезінде еншіге алған. Әбілғазының (XVIIғ.) көрсетуі бойынша Ордаға бұл жерді кіші інісі Батый хан ХІІІ ғ. орта тұсында бөлген. Орданың мұрагерлері Батый ханның тұқымына сырттай тәуелді көрінгенімен, іс жүзінде олар өз ұлысының дербес билеушілері болды.
Ақ орда жері Алтын Ордадан алған тәуелсіздігінің нығаюы барысында XIVғ. екінші жартысына қарай қалыптасып, алғашында Жетісудың солтүстік шығыс бөлігі, Ертіс бойы, Ұлытау мен Кентау далаларын қамтыды. Ал Жайық, Ырғыз, Тобыл мен Сарысу өзендері аралығы, Арал теңізі төңірегі мен Сырдарияның төменгі сағасы Жошының тағы бір ұлы Шайбан ұлысына қарады.
ХІІІғ. орта тұсында Орда Еженнің ел басқарған ордасы Ертістің бойында және Алакөл көлінде болған. XIVғ. Орда Еженнің мұрагерлерінің билігі Шайбан ұлысына да тарайды, яғни бүгінгі Қазақстанның аумағын түгел қамтиды. Тек Жетісу өңірі ғана бұл кезде шағатайлық ұлысына, соңынан Мағұлстанға қарайды. Ақ Орданың күшеюіне байланысты оның орталығы енді Қазақстанның оңтүстігіне, Сығанақ қаласына ауысады.
XIVғ. бас кезінен Орда Еженнің мұрагерлері Шағатайлықтармен Сыр бойы қалалары және Жетісу үшін күрес жүргізе бастайды. Ертістен сырдарияға шейін, Алтайдан Ұлытау және Аралға шейінгі аралықта қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығына қуат бере отырып, Ақ Орда билеушілері сыр бойы, Талас, Шу және Ұлытау өңірлерінде отырықшы егіншілік пен мәдениеттің қайта жандануына ден қойды. Сығанақ, Отырар, сауран және Жентте бірақ жаңа құрылыстар өмірге келді, Ақ орда хандары өз аттарынан теңге құйғызды.
Орта Азия мен Хорезмнің қала, егіншілік және сауда аудандарымен байланыс орнатқан Ақ Орда хандары біртіндеп Алтын Орда билігінен алыстай бастайды да, XIVғ. алғашқы жартысында, яғни Ерзен және Мүбәрәк қожа (1320—1344жж.) хандар тұсында біржола дербестікке өтеді. Ақ Орданың күшеюі Ұрыс ханның билігіне тұс келеді (XIVғ. 60-70жж.). Тарихшы қадырғали би Қасымұлы Ұрыс ханды ақылды да батыл билеуші ретінде сипаттайды. Осы ханның тұсында қысқа мерзімге болса да Ақ Орданың билігі жеріне де тарайды.
XIVғ. соңғы ширегінде және XVғ. алғашқы ширегінде Ақ Орда Әмір Темірдің, оның мұрагерлерінің, ең ақыры шайбандықтардың шабуылдарына ұшырады. Тынымсыз әскери қақтығысулар нәтижесінде әлсіреген Ақ Орда жерінің үлкен бөлігін XVғ. 20-шы жылдарының соңына қарай шайбандықтар өздеріне бағындырды.
Мұсылман деректері Ақ Орданы билеген хандар шежіресін шамамен мынадай жүйеде береді: Орда Ежен, Сартақтай, Қойыншы, Баян, Сасы Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Ұрыс хан, Құйыршық және Барақ.
Ақ Орда — Қазақстан жерінде манғолдар шабуылынан соң жергілікті этникалық негізде қалыптасқан алғашқы мемлекеттік құрылым.
Бұл жер ерте замандардан түркі тілі мен мәдениетіндегі, сондай-ақ осы тарихи кезеңде жолында тұрған қазақ ұлтының негізін құраған үйсін, қаңлы, қарлық маңғыт сияқты ортағасырлық елдердің, сондай-ақ басым бөлігі Шыңғыс хан шабуылы тұсында Қазақстанға іргелес оңтүстік-шығыс аудандардан және Алтайдан ығысқан жалайыр, найман, керей, арғын, қоңырат және басқа ірі тайпалық одақтардың атамекені болды.
Ақ Орда мемлекетінде феодалдық меншік түрі отырықшы-егіншілік және көшпелі мал шаруашылығы аудандарында кемел қалыптасқан түрінде көрінді. Деректер отырықшы жұрт арасындағы ауқатты топтың інджеу, мильк, сүйірғал сияқты жер иелігі, сондай-ақ салықтың көпчүр, зекет, тағар сияқты түрлері болғандығын айтады. Елдегі билік жүйесінің басында орда Ежен ханның үрім бұтағынан шыққан хан тұрды, оған жергілікті аймақтарды билейтін оғландар мен бек, әмір, батырлар бағынды.
1). Тест
1. Шығыс Дешті Қыпшақ жеріне ХІІІ-ХУ ғасырдың басында өмір сүрген мемлекет:
А) Алтын Орда
В) Моғолыстан
С) Әбілқайыр хандығы
Д) Ақ Орда
Е) Ноғай Ордасы
2. Ақ Орда қай хан тұсында түпкілікті тәуелсіз хандық болып жарияланды
А) Орда Ежен
В) Ұрыс хан
С) Барақ хан
Д) Уаис хан
Е) Сасы-Бұға хан
3. Ақ Орданың негізін қалаушы:
А) Орда Ежен
В) Сасы Бұға
С) Ерзен
Д) Ұрыс
Е) Барақ
4. Монғол империясының астанасы
А) Сарай – Бату
В) Қарақорым
С) Сарайшық
Д) Сарай-Берке
Е) Самарқанд
2) Бақылау сұрақтары
1. Ақ Орданың құрылуы, жерінің аумағы
2. Ақ Орданың сыртқы және ішкі саяси жағдайы
3. Ақ Орданың этникалық құрамы
3) Үйге тапсырма
Жалпы манғол дәуірі бойынша тест сұрақтарын түзу.
Пайдаланатын әдебиеттер:
-
Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы, 1998-206 бет.
-
Аманжолов К.Р. Түркі халықтарының тарихы. 1-2-т. – Алматы, 2002.
-
Амандолов К.Р.,Тасболатов А.Б. Қазақстанның әскери тарихы.
- Алматы, 1999 ж-207 бет.
-
Жақыпов Е.Қ. Шыңғысхан және ол құрған империяны аулап алу жорықтары. (XII-XIII ғасырдың бірінші жартысы). Автореферат. – Алматы, 2002-25 бет.
МАНҒОЛ ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН
Сабақтың тақырыбы: Моғолстан (XIV ғ. ортасы-XVI ғ. басы)
Сабақтың жоспары: 1. Моғолстанның құрылу тарихы
2. Моғолстанның жер аумағы
3. Моғолстан халқының этникалық құрамы
Сабақтың мақсаты: Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған Моғолстан мемлекетінің саяси тарихын көрсету.
Сабақтың мазмұны: Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың ұлысы құрамына Оңтүстік Алтайдан Әмударияға шейінгі аралық, ұйғыр жерлері Самарқан және Бұқара, яғни Шығыс Түркістан, Жетісудың үлкен бөлігі және Мауреннахр енген болатын.
XIVғ. орта тұсында Шағатай мемлекетінің батыс және шығыс бөліктері дербес екі мемлекетке бөлініп кетті. Моғолстан атанған шығыс бөлігінің Әмір Болатшы дулат бастаған билеушілері 1348 жылы Шағатай ұрпағы Тоғлық Темірді хан сайлайды. Бұл тарихи кезеңде дулат тайпасы Мағұлстанның үлкен бөлігін иемденді, сондай-ақ оның ел билеуші ақсүйектері мемлекеттің саяси өмірінде жетекші роль атқарды, тәуелсіз, тұрақты мемлекеттік орнықтыру жолында болды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар дулаттың көрсетуіне қарағанда дулаттар бұл тарихи кезеңде дәстүрлі мал шаруашылығымен қатар, отырықшы егіншілікпен де айналысқан. Дулат шонжарларының Шығыс Түркістанда ірі жер иеліктері (иқта) болған. Тоғлық Темір дулат әмірлері мен жергілікті қожалардың қолдауымен ислам дінін қабылдап, оны мемлекеттік дінге айналдырады. Ислам діні жергілікті халыққа қарақандықтар заманынан бері таныс болғанымен, билеуші топтың, сондай-ақ қара халықтың біраз бөлігі әлі де болса мұсылмандыққа өте қойған жоқ еді.
Мұхаммед Хайдардың көрсетуі бойынша мағұлстанның жері шығысында, қалмақ жерімен шектесіп, Барыскөл, Еміл, Ертісті қамтиды. Терістікте оған Көкше теңіз (Балқаш), Бұм, Қаратал қарайды. Батыста — Түркістанмен Ташкентпен, оңтүстігінде Ферғана уалайатымен, Турфанмен шектеледі. Басқаша айтқанда Мағұлстанның үлкен бөлігі оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғыз жерлерінен тұрды.
Бұл ортағасырлық мемлекет құрамындағы халқы мағұлдардың (“могол”, “маңғұл”) атымен “Мағұлстан” атанғанымен, мағұлдар оның тұрғындарының өз ғана бөлігін құрады, ал оның халқының басым бөлігі Шығыс Түркістан, Жетісу және Солтүстік Қырғызтанның жергілікті тұрғындары, яғни түркі халықтары еді. Олардың арасында көне ұйғыр, керей, барлас және басқа түркі тайпалары жетісулық қазақтар, ыстық көлдік және Шу бойындағы қырғыздар да берді. Мағұлстанның орталығы алғашында Жетісуда Алмалықта болды.
Тоғлық Темір өз билігін Мауреннахрға жайып, Шағатай мемлекетін қалпына келтіру әрекетін де жасайды (1360, 1361жж.), бірақ оның мұндағы билігі ұзаққа созылған жоқ. Оның мұрагері Ілияс Қожаның тұсында Мағұлстан ыдырау жолына түсті.
Әмір Темірдің XIVғ. соңғы ширегінде жасаған бірнеше дүркін жорығы Мағұлстан мемлекетін қайтып күшею мүмкіндігінен біржола айырды. Сөйтіп, ол XIVғ. ортасына қарай дербес мемлекет ретінде өмір сүруден қалды.
XIVғ. ортасында Ақ Ордамен бір мезгілде мағұлстан мемлекетінің өмірге келуі Қазақстан тарихындағы маңызды кезең болды. Мағұлстан түркі халықтарының Орталық Азияда қуатты мемлекет құру, сол арқылы өздерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету әрекеті ретінде тарихта өз ізін қалдырды. Сондай-ақ ол, феодалдық, ұлыстық мүдденің үстемдік алуы жалпыелдік, жалпыұлттық мүдденің аяқ асты болуына соқтырмай қоймайтындығын да көрсетті.
Әмір Темірдің әскери жорықтары Мағұлстанда феодалдық бытыранқылық-тың күшеюіне, ал Ақ Орданың Ноғай Ордасы және Әбілқайыр хандығы болып ыдырауына алып келді.
1). Тест
1. Әмір Темір қай тайпаның өкілі
А) Меркіт
В) Дулат
С) Барлас
Д) Қоңырат
Е) Үйсін
2. Әмір Темір өз өкметінің тірегі ретінде қолданған діні:
А) Несториян
В) Католик
С) Будда
Д) Християн
Е) Ислам
3. Моғолстанның астанасы
А) Баласағұн
В) Алмалық
С) Суран
Д) Сайрам
Е) Екіоғыз
4. Моғолстан мемлекетіндегі ең қуатты тайпа
А) Дулат
В) Арғын
С) Керей
Д) Үйсін
Е) Қаңлы
5. Әмір Темір ықпалынан құтылып, Шу-Талас Бойын қайтарып алған Моғолстан ханы Мұхаммед қай жылдары билік етті?
А) 1424-1440ж.ж.
В) 1421-1432ж.ж.
С) 1418-1420ж.ж.
Д) 1411-1413ж.ж.
Е) 1408-1416ж.ж.
2) Бақылау сұрақтары
1. Әмір Темірдің басқыншылық жорықтары
2. Моғолстанның қоғамдық құрылысы
3. Халқының этникалық құрамы
3) Үйге тапсырма
Моғолстан мемлекетінің басқа мемлекеттермен байланысы жайында мәлімет жинау.
Сабақтың тақырыбы: Ноғай Ордасы (ХІІІ-ХV ғ.ғ.)
Сабақтың жоспары: 1. Ноғай Ордасының жер аумағы
2. Ноғайлардың басқа елдермен қарым-қатынасы
3. Ноғай Ордасының саяси тарихы
Сабақтың мақсаты: Ноғай ордасының құрылу тарихын Моғолстан мемлекетімен салыстыра отырып түсіндіру.
Сабақтың мазмұны: Алтын Орданың ыдырау барысында өмірге келген ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі Ноғай Ордасы. XIV—XV ғасырларда ол Батыс Қазақстан жерінің бөлігін қамтыды. XIVғ. соңына қарай Жайық пен Еділдің арасындағы тайпаларды біріктірген қауым өзін маңғыттар, ал өз ұлысын “Маңғыт жұрты” атады. “Ноғайлар”, “ноғайлықтар”, “Ноғай Ордасы” деген атаулар деректерде XVIғ. бас кезінде пайда болады. Ноғай Ордасының мемлекеттік құрылым ретінде оқшаулануы Едіге бидің Алтын Орданы билеген кезеңіне түс келеді (1396—1411жж.). “Беклар-бегі” атанған би іс жүзінде бұл құрылымның негізін қалаушы болды. Ол бес жыл бойы Алтын Орданың саяси өмірінде шешуші роль атқарған Едіге би өз елі маңғыттар ұлысын күшейтуге біраз күш жұмсайды. Едіге би опат болған соң (1419ж.) маңғыттардың билеушілері шығыс жағындағы көршілерімен жақын қатынаста болуға ұмтылды, Әбілқайыр ханмен одақ құрды. Ноғай Ордасы дербестікке біржола Едігенің ұлы Нұр ад-Дин билігі (1426—1440жж.) тұсында қол жеткізеді.
Ноғай Ордасының жер көлемі өзгеріп отырған. XVғ. Екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауынан асып өтіп, шығыс және оңтүстікке жылжыды. Сыр бойы қалалары үшін күрес және Мауреннахрға ықпалын арттыру жолында жүрген Әбілқайыр хан ноғайларға ешқандай да кедергі жасаған жоқ, қайта одақтастық пиғылда болды. Мұны пайдаланған ноғай билеушілері солтүстік-шығыста жайылымдарын Батыс Сібірге дейін жеткізді. Төменнің оңтүстік шығыс беті Ноғай даласы аталды. Сондай-ақ, ноғайлар көші ауық-ауық Сыр бойы мен Арал теңізі жағалауына шейін де жетіп жатты. Ноғайлардың сол кездегі билеушілері, Едіге бидің үрім-бұтағы Уақас би, Мұса мырза, Ямғұрчи және басқалары Әбілқайырға Сыр бойы қалаларын алуға көмек береді. Қазақ еліне тілі, салт-дәстүрі жақын ноғай жұрты қазақтармен жылы, одақтастық қатынаста болды. Алғашқы қазақ ханы Жәнібектің тұсында (XVғ.) қазақпен ноғай жылы, туыстық қатынаста болды. XVIғ. орта тұсында деректер Хақназар ханды “қазақтар мен ноғайлардың ханы” атады.
Ноғай ордасының этникалық құрамы төңірегіндегі түркі халықтарының, яғни олардың жеке ұлттық тұтастыққа көшкенге шейінгі құрамына ұқсас болды. Оның құрамына маңғыттардан басқа қыпшақ, қаңлы, қоңырат, найман, үйсін, қарлық, алшын, тама және басқа тайпалардың бөліктері енді. Әуелде этносаяси құрылым ретінде пайда болған Ноғай Ордасы негізінде кейінірек, яғни XVғ. соңына қарай ноғай халқы қалыптаса бастайды.
Ресейдің Қазан және Астрахан халықтарын өзіне қосып алған соң, XVIғ. екінші жартысына қарай Ноғай хандығының да тәуелсіз жағдайы әлсірей түсіп, ақыры бірнеше өзара тәуелсіз иеліктерге ыдырайды. Оның халқының бір бөлігі Кіші жүздің құрамына енді.
1). Тест
1. Ноғай Ордасының ең үлкен тайпасы:
А) Арғын
В) Қарлұқ
С) маңғыт
Д) Алшын
Е) Тама
2. . Ноғай Ордасы дербес мемлекеттілігін қай ханның тұсында алды.
А) Едіге
В) Мұхаммед
С) Нұраддин
Д) Тоқтамыс
Е) Иштерек
3. Ноғай ордасының астанасы:
А) Сығанақ
В) Алмалық
С) Сарайшық
Д) Тура
Е) Сарай-Берке
4. Сығанақ қай хандықтың астанасы
А) Ақ Орда
В) Моғолстан
С) Ноғай Ордасы
Д) Сібір хандығы
Е) Алтын Орда
5. Шығыс Дешті Қыпшақ жеріне ХІІІ-ХУ ғасырдың басында өмір сүрген мемлекет:
А) Алтын Орда
В) Моғолстан
С) Әбілқайыр хандығы
Д) Ақ Орда
Е) Ноғай Ордасы
2) Бақылау сұрақтары
1. Ноғай ордасының құрылуы
2. Халқының этникалық құрамы
3. Ноғай ордасының орналасқан аумағы
3) Үйге тапсырма
Ноғай ордасының саяси тарихын басқа мемлекеттермен салыстыру.
Сабақтың тақырыбы: Әбілқайыр хандығы (1428—1468 ж.ж.)
Сабақтың жоспары: 1. Әбілхайыр хандығының құрылуы
2. Әбілхайыр хандығының саяси тарихы, халқының
этникалық құрылымы
Сабақтың мақсаты: Әбілхайыр хандығының құрылуының ерекшелігін тереңдете түсіндіру
Сабақтың мазмұны: Ақ Орданың ыдырауы нәтижесінде XVғ. 20-шы жылдары Орталық және Солтүстік Қазақстан жерінде жергілікті ру-тайпа билеушілерінің қолдауымен Жошы ұлы Шибанның (Сабан, Шайбан) ұрпағы Әбілқайыр жаңа мемлекеттік құрылымның негізін қалайды. 1428ж. Батыс Сібірдегі Тұр атты мекенде ол хан жарияланады. Ханды сайлау салтанатына сұлтан, оғлан, батыр, ру-тайпа басыларымен қатар ислам дін басылары да қатынасады. Ал Әбілқайырды қолдаушылардың арасында қыят, маңғыт, чинбай, жан, табғұт, дүрмән, құщы, утарчи, найман, өкреш-найманғ тубай, таймас, чат, хытай, барақ, ұйғыр, қарлық, кенегес, үйсін, қоңырат, құрлауыт, ичкі, ичкі-маңғыт, түмен және басқа ру-тайпалардың өкілдері болады. Басқаша айтқанда Әбілқайыр хандығының этникалық құрамы Ақ Орданың, белгілі дәрежеде Ноғай Ордасының құрамына да жақын болды. Міне осы тілі, шаруашылық түрі, тұрмыс-салты жағынан туыс тайпалар одағын дерек көздері XIVғ. 60-шы жылдарынан жинақы атпен “өзбек” деп атады. Бұл кезде ол халық аты (этноним) емес, тек саяси мағнадағы сөз еді.
Деректер Әбілқайыр ханның Шибан тұқымы сұлтандармен бірге маңғыт жұртының билеушілеріне де сүйенгендігін айтады. Қадырғали би Жалайыр Әбілқайыр ханның маңғыт Уақас бимен арадағы достығын суреттеп “екеуі бір кесенің екі шетінен бөліп бал ішетін еді” дейді. Соған қарағанда ханның тасының өрлеуіне бидің көмегі аз тимесе керек.
Әбілқайыр ұлысы батысында Хайықтан шығысында Балқашқа, оңтүстігінде Арал теңізімен Сырдарияның төменгі ағысының солтүстігінде Тобыл мен Ертістің орта сағасына дейінгі аралықты қамтыды.
XVғ. 30—40-шы жылдары Әбілқайыр хан Мауреннахр және Сырдың орта сағасындағы қалаларға бірнеше жорықтар жасайды. 1430ж. оның әскері қысқа мерзімге Хорезмді алады. 1446ж. Әбілқайыр хан қолдары сыр бойындағы және Қаратау етегіндегі Созақ, Сығанақ, Ақ Қорған және Өзген қалаларын өзіне қаратып, Сығанақты хандығының астанасына айналдырады.
Дегенмен, Әбілқайыр ұлысының ішінде саяси тұтастық терең тамыр жая алған жоқ-тын. Жошы ұрпағынан тарайтын сұлтандардың біразы, арасында Ұрыс ханна тарайтын Жәнібек хан мен Керей сұлтан бар топ Әбілқайыр ханмен жараса алмай, өз ара араздық отын жағады. Ішкі алауыздыққа сырттан қалмақтар тарапынан төнген шабуыл қаупі қосылады.
Маңғұл халқының батыс қанатын құрайтын қалмақтар (ойраттар) XVғ. 20-шы жылдарына қарай Орталық Азиядағы елеулі саяси және әскери күшке айнала бастайды. Қалмақтардың әсіресе көз тіккен жері Жетісудың шұрайлы жайылымдары мен егіншілік оазистері болды. XVғ. 50-ші жылдары ойраттар қолы Сыр бойына да жетеді. 1456—1457жж. Көк-Кесеке атты жерде (Сығанақ маңы) Әбілқайыр қолдары Ұз-Темір тайшы бастаған қалмақтар қолынан жеңіліс табады. Бұл шайқас Әбілқайыр ұлысының әлсіреуіне себепші болған оқиға еді. Қалыптасқан саяси ұтымды пайдаланған Жәнібек хан мен Керей сұлтан бастаған ұлыс халқының біраз бөлігі Мағұлстанға қарайтын Шу өзені бойындағы Қозы-Басы атты мекенге келіп қазақ хандығының құрылғандығын жария етеді. 1468ж. Әбілқайыр хан Мағұлстанға жорыққа аттанып, жол үстінде қазаға ұшырайды.
Сонымен, Әбілқайыр опат болған соң көп ұзамай оның құрған ұлысы да ыдырауға ұшырады. Оған себепші болған билеуші сұлтандар тобының өз арасында билік үшін жүрген таластың толастамауы, қала және отырықшы егіншілік мәдениетінің ұлыс халқы арасында кең етек жая алмауы болды. Бұл Ақ Орда, Ноғай ұлысы, Әбілқайыр хандығы сияқты мемлекеттік құрылымдардың ыдырауына негіз болған ортақ себептер еді.
1). Тест
1. Әбілқайыр хандығының ішкі саяси жағдайының тұрақты болмауының себептері:
А) Мемлекеттің бір орталықтан басқарылмауы
В) Ұлыстарға бөлінуі
С) Жошыұрпақтары арасындағы өзара қырқыстар
Д) Толассыз соғыстардың тоқтамуы
Е) Берілген жауаптардың бәрі дұрыс
2. Әбілхайыр ханның Сығанақ, Созақ,Аркөкті жаулап алған жылы:
А) 1429ж.
В) 1446ж.
С) 1457ж.
Д) 1452ж.
Е) 1468ж.
3. Мұхаммед Шайбани қазақ хандары мен қандай қалалар үшін соғысты
А) Ертіс пен Зайсан көлі бойындағы
В) Сырдария мен Қаратау аймағындағы
С) Шу мен Қаратау аймағындағы
Д) Каспии мен Мұғалжар аралығындағы
Е) Шығыс Түркістан маңындағы
4. Әбілхайыр ханның ойраттардан жеңілген жері
А) Отырар
В) Тараз
С) Қоялық
Д) Йасы
Е) Сығанақ
5. Әбілхайырдың билік еткен жылдары:
А) 1414-1428ж.
В) 1416-1426ж.
С) 1420-1430ж.
Д) 1430-1440ж.
Е) 1428-1468ж.
2) Бақылау сұрақтары
1. Батыс Сібір ханы Мұхаммед Қожаны Әбілхайырдың жеңген жылы?
2. Көшпелі өзбектер мемлекетінің алғашқы астаналары
3. Әбілхайыр ханның ойраттардан жеңілген жерін атаңыз
3) Үйге тапсырма
Әбілхайыр хандығының әлсіреу себептерін анықтау.
Сабақтың тақырыбы: Қазақ хандығының құрылуы
Сабақтың жоспары:1. Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы
2.Қазақ халқының қалыптасуының негізгі кезеңдері
3.Қазақ хандығының заңдар жинағы және мемлекетті
басқару ерекшеліктері (XV-XVIII ғасырдың 1-ширегі).
Сабақтың мақсаты: Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуының тарихи жағдайы мен негізгі заңдылықтарын көрсету.
Сабақтың мазмұны:Хандық билік түрінде өмірге келген қазақ мемлекеттігінің құрылуының негізінде, әрине, қазақ ұлысының қалыптасу процесі жатты. Жоғарыда айтылған Керей хан мен Жәнібек сұлтан бастаған жұрттың Әбілқайыр хан билеген өзбек ұлысынан бөлек көшіп, Шу бойына келуі, жүріп жатқан терең тамырлы этносаяси процестің сыртқы көрінісі ғана болатын. Сондай-ақ бұл көне жаңа мемлекеттік құрылымның өмірге келуіне ғана емес, сонымен бірге бұдан бұрынғы ғасырларда басталып, енді біржола аяқталуға бет алған ұлттық ұю процесін де тездете түскен оқиға, кезең болды.
Шамамен Хиджраның 870 жылы, яғни 1465—1466 жыл қазақ мемлекеттігің құрылған мезгілі ретінде қабылданған. Мұхаммед Хайдар бұл тарихи оқиғаны Жошы ұрпағы Керей хан мен Жәнібек сұлтан бастаған жұрттың Әбілқайыр ұлысынан бөліке көшіп, сол кезде Мағұлстанға қараған Шу бойындағы Қозыбашы атты мекенге келіп дербес хандықтың шаңырағын көтерулерімен байланыстырады. Бұл әрине көздейсоқ оқиға емес-тін. Деректік материалдар Әбілқайыр ұлысынан біраз жұрттың жаңадан өмірге келген хандыққа бет бұрып, жарыла көшуі бір емес, бірнеше мәрте қайталанғандығын білдіреді. Демек, Керей хан мен Жәнібек сұлтан бастаған жұрттың Өзбек ұлысынан бөліне көшуіне себепші болған негізгі жағдай — халықтың қалың арасындағы ықпалды билеуші топтарының ішінде саналы әрі мақсатты түрде мемлекеттік құрылымды көздеген әрекеттің орын алғандығы. Өкінішке орай, хандар мен сұлтандардың қызметін қырағы бақылай отырған ортағасырлық деректер қара халықтың терең ортасынан бастау алған белсенді әрекеттерге самарқау қараған. Сондықтан да болу керек тарихи маңызы бар істерге келгенде қара халықтың шешуші қызметі мен рөлі қалтарыста қала береді, халық үнсіз тобырдың орнында жүреді.
Басқаша айтқанда, кезінде XIVғ. соңына қарай Жетісуда біраз уақыт патшалық құрған Ұрыс Ханның ұрпағы Жәнібек пен Керей сұлтандардың XVғ.екінші жартысында мұнда қайта оралып жаңа хандықтың негізін қалауы, әрине тіптен де кездейсоң құбылыс емес. Жәнібек пен Керей сұлтандарға Ұрыс хан “атасының ұлысын” жаңғырту жөніндегі ұсыныстың жергілікті халықтың билеуші топтары тарапынан да түскендігі анық. Ал Ұрыс хан болса, тарихшы Қадырғали бидің айтуына қарағанда, Алтын Орда тарихында аласапыран кезеңі басталғанда (XIVғ. 60-70жж.) өз әскерімен Жетісуға келіп хандық құрады. Оның ұлы Құйыршық сұлтан да әкесінің ұлысын билейді. Ал бұл оқиғалар қазақ хандығы шаңырақ көтерген тұста “өмірде кеше ғана болып өткен істер” еді.
Сонымен, Шыңғыс хан Әулеті билеген ортағасырлық кеңістікте кең қолданыста болған “әке ұлысы”, “ата ұлысы” деген ұғымдар қалыптасып, артынша ыдырай жатқан мемлекеттік құрылымдарды мұраға иемденушіліктің өзіндік бір көрінісі болатын.
Сондай-ақ XIV—XVI ғасырларда ортаазиялық кеңістікте ру-тайпааралық сапырылыс, аралсумен бір мезгілде пәрменді жүріп жатқан ұлттық екшелеу және қалыптасу процестеріне “ата ұлысы” бейімделген аса қолайлы идеологиялық және саяси фактор есебінде ешқандай кедергі жасаған жоқ.
Жергілікті билеуші топтардың төре тұқымына Жетісу жерінде мемлекеттік дәстүрді қайта жандандыру жөнінде ұсыныспен қайрылуына негіз жетерлік еді. Солардың негізгісі, әрине, Жетісуға көрші жоңғар қалмақтары тарапынан төнген қауіп болатын.
XVғ. орта тұсына қарай бүкіл батыс мағұлдарды (ойраттарды) мемлекеттік шеңберде біріктірген Тоған тайшаның ұлы Есен тайша шығысындағы Мин империясы әскерімен болған шайқаста жеңіске жетіп, император Чжу Цисженді тұтқындайды. Бұл жеңістен соң қанаттанған Есен тайша енді құнарлы Жетісу өңіріне көз сала бастайды.
1452ж. Есен тайшаның қолдары Моғолстанға басып кіріп, сонан соң Жетісуға еніп, одан ары оңтүстікке бет алып Сыр бойы өңірін, Түркістан, Ташкент. Отырар сияқты орталықтарды тонап, Сығанаққа жақын Көк Кесене атты жерде Әбілқайыр ханның әскерімен кездесіп, оны талқандай жеңеді. Қалмақтардың бұл жорығы 1455 жылы Есен тайшы өлгеннен соң аяқталады.
Қуатты қалмақ мемлекетінің өмірге келуі бұл кездегі Мағұлстан билеушісі Исабұғы ханды, көрші қырғыз жұртын, Алаш елі мен оның билеушілерін де терең ойға батырғандығы анық. Сондықтан да Исабұғы ханның жергілікті қазақ жұртының басшыларына, Керей мен Жәнібек сұлтандарға қызу қолдау көрсетіп Шу бойындағы Қозыбашыда қазақ хандығының шаңырағын көтеруге ықылас білдіруін қалмақтар тарапынан төнген қауіпке тосқауыл қою қажеттігінен туған шара есебінде қарауға толық негіз бар. Бұдан былайғы кезеңдегі тарихи оқиғалар бұл шешімнің әбден орынды қабылданғандығын көрсетті. Қазақ хандығы XVI—XVIII ғасырларда мағұл хандығы ортаазиялық кеңістікте ыдырай жоқ болғаннан кейінгі кезеңде тұрақтылыққа, сондай-ақ түрлі мүделер арасындағы ара салмақты теңестіруге қажет саяси күшке айналды.
Қазақ елінің тарихына қатысты ішкі және сыртқы дерек көздерімен жақсы таныс болған тарихшы Қадырғали би Қосымұлының көрсетуіне қарағанда қазақ елі өмірге тайпалар одағы ретінде келген, ал бұл одақтың бастапқы аты “Алаш мыңы” қалыптасқан мезгілі шамамен ХІІІғ. орта тұсы — XVIғ. бас кезі. Бұл Орталық Азиядағы көне түркі және мағұл елдері арасында ерте кезеңдерден орныққан ру-тайпа аралық дәстүрлі қатынасқа сүйенген бұл одақтың құрамында кейіннен, яғни уақыт өте қазақ ұлтының негізін құраған үйсін, қаңлы, дулат, арғын, найман, қыпшақ, керей, алшын сияқты ірі ортағасырлық тайпалардың бөліктері болғандығы күмән тудырмайды. Өйткені Әбілқайыр хан ұлысы, яғни Өзбекия (XVғ. алғашқы жартысы) құрамында болған Алаш мыңы үш сан, басқаша айтқанда үш жүз ұлы, орта, кіші жұрттан тұрды. Үш жүзге бөлудің негізінде мағұлдар империясы кезіндегі қатал әскери өмірге, қажеттілікке бейімделумен қатар, одан да бұрын тамыр жайған ру-тайпалық қауымдастықтың ішкі өмірін оның әрбір мүшесіне тиесілі орынын анықтау арқылы реттеу дәстүрлі жатты.
Қазақ тарихына қатысты аса құнды деректерді айналымға қосқан тарихшы Мұхаммед Хандар “қазақ” есімін белгілі бір себептерге байланысты көрші елдердің бергендігін білдіріп, ал оның орныққан мезгілі ретінде XVғ. орта тұсын атайды.
Сонымен “Алаш мыңы”, “Алаш” ХІІІғ. екінші жартысынан бері келе жатқан халықтың бастапқы ішкі өз аты, ал “қазақ” шамамен XVғ. орта тұсында оған Өзбек ұлысындағы көршілері берген есім. Алаш мыңы осы аталған мерзімде қалыптасқан қазақ ұлты мен оның мемлекеттігінің ұйытқы элементі болды.
Сонымен біздің көз алдымызға қазақ хылқының қалыптасу кезеңдегін жетерліктей айғақтайтын екі кезеңнің сұлбасы келеді. 1) XVғ. алғашқы жартысы — Әбілқайыр хан ұлысы (Өзбекия) құрамындағы үш сан жұрттан тұратын Алаш мыңы одағы; 2) XVIғ. екінші он жылдығы — көрші мемлекеттер дербес ел ретінде мойындаған Қасым хан билігіндегі үш жүзден тұратын қазақ ұлты. Яғни, бұл арада қазақ ұлтының қалыптасу процесінің аяқталуы қазақ мемлекеттігінің құрылуымен тұс келіп, бұл екі процесс өзара үйлесімділік тауып, бірін-бірі толықтырды.
2. Дербес қазақ хандығының өмірге келуі Өзбек ұлысының ханы Әбілқайырға жайсыздық туғызып, бөліне көшкен сұлтандарды жазалау үшін 1468 жылы Жетісуға жорыққа аттанған хан кенеттен жолда өз ажалынан қазаға ұшырайды. Әбілқайыр қазасынан соң Өзбек ұлысында берекесіздік етек алады. Билік үшін тынымсыз талас бұл кездегі жалпы ортаазиялық кеңістіктегі мемлекеттерге тән құбылыс-тын. Бұл жағдай жаңа ғана өмірге келген мемлекеттің нығаюына қолайлы жағдай туғызған еді.
Өзбек ұлысындағы дағдарыс Керей хан мен Жәнібек сұлтанға 1468 жылдан кейінгі уақытта стратегиялық тұрғыдан аса маңызды аймақ Сырдың орта ағысындағы қалалар, Түркістан үшін күрес жүргізуге мүмкіндік береді. 1470ж. бастап Сыр өңірінде қазақ қолдары көріне бастайды. Осы кезден бастап XVIғ. екінші он жылдығына шейінгі мезгілде бұл өңір үшін күрес қазақ хандары қызметінің негізгі мазмұнына айналды. Сыр өңірі және Қаратау етегіндегі қалалар үшін табанды күрес жүргізудің мынадай себептері бар еді.
Орта Сыр өңірі қалалары ерте кезеңдерден дәстүрлі экономикалық, саяси және рухани орталық міндетін атқарып келді. Ал Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығы кезеңінде көшпелі мал шаруашылығы аудандары мен отырықшы егіншілік оазистерін жалғастырып жатқан бұл өңірдің стратегиялық маңызы арта түспесе кеміген жоқ. Сондықтан да қазақ хандарының қазақ мемлекеттігінің болашағын Түркістан мен оған таяу орналасқан Отырар, Сығанақ, Сауран, Сайрам, Созақ сияқты қалалармен байланыстыруы толық негізді шешім еді.
Қазақ хандары мен Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан арасындағы Сыр бойы қалалары үшін күрес XVғ. 80-90-шы жылдары ымырасыз және тынымсыз соғыс жағдайында өтті. Бұл талас нәтижесіне әмір Темір мұрагерлері мен Мағұлстан хандары да мүдделілік танытып, ауық-ауық араласып отырды. Дегенмен, қазақ ханы Мұрындықтың (1474—1511ж. билік құрған) бұл соғысты XVғ. соңына қарай жеңіспен аяқтау мүмкіндігі болған жоқ. Тынымсыз күрес нәтижесінде шайбанилар Отырар, Ясы (Түркістан), Арқұқ және Өзгеннен әмір Темір мұрагерлерін ығыстырады. Кезінде Сырдың сол жақ бетіндегі Арқұқ, Өзгеннен басқа Сығанақ, Созақ және Аққорғанды (1446ж.) Әбілқайыр ханның уақытша иемденгені болмаса, өзге қалаларды Мұхаммед Шайбанидың ата мұрасы санауға ешқандай да негізі жоқ-тын. Ал Ташкент пен Сайрамда бұл кезде Мағұлстан ханы Сұлтан Махмұд билік құрды.
Қазақ хандары Сығанақты, Сауранмен қоса Түркістанның солтүстік жақ бетін, Қаратаудың Созақ және басқа елді мекендерімен бірге солтүстік және оңтүстік беткейін, Сырдария төменгі ағысы өңіріп, Арал жағалауын иемденді.
XVғ. соңғы он жылдықтарында шайбанилар мен қазақ хандары арасындағы күрес Түркістан мен Қаратау өңірі қалалары үшін жүргендей көрінгенімен, шын мәнінде бұл күрес белгілі дәрежеде Орталық және Оңтүстік Қазақстан далалы аймақтарын мекендеген халықтарды да өз биліктеріне қарату үшін болған талас еді. Сондықтан да Жетісу, Түркістанның солтүстік бөлігін, Қаратау мен Сырдың төменгі ағысы өңірлерін билеген қазақ хандары, осы аймақтарға жалғасып жатқан дала халқын да біртіндеп өзіне қарата бастайды. Мұхаммед Шайбани болса бұл мезгілде Түркістанның тек оңтүстік бөлігін ғана иемденіп, одан ары ұзап шыға алған жоқ.
Соынмен, XVғ. соңы алғашқы қазақ хандарының қазақ мемлекеттігін нығайта түсуге тікелей қатысы бар маңызды шараларды атқарған тарихи кезең болды. Мұхаммед Шайбани хан атасы Әбілқайыр ұлысын енді қайтып сол бұрынғы аумағында қалпына келтіре алған жоқ. Дегенмен, бұл тарихи мезгіл қазақ хандығының нығая түсуінің алғашқы кезеңі ғана еді. XVIғ. бас кезінде Мауреннахрды әмір Темір мұрагерлерінен тартып алған Мұхаммед Шайбани ханмен күрес жаңа қарқын алды. Тура осы мезгілде Шығыс Түркістанды (Қашғария) билеген Мағұл хандары бірнеше мәрте қазақ хандарынан Жетісуды тартып алу әрекетін жасап көрді. Қайткенде де Сыр бойы қалаларына орнығу міндетін алдына қойған Мұрындық хан Жетісу, Орталық және Оңтүстік соңынан біртіндеп Батыс Қазақстан өңіріндегі көшпелі ру-тайпаларды хандық билігінің төңірегіне жұмылдыра білді.
XVIғ. алғашқы он жылдығы қазақ хандығы үшін Мұхаммед Шайбани хан қолдарының тегеурінді шабуылына топтарыс беру жағдайында өтті.
3. Билік органдары. Қазақ хандығында жоғарғы заң шығарушы билікке қауым өкілдері мен сұлтандар құрылтайы – мәслихат ие болды. Мәслихат жылына бір рет жиналып, бітім жасау, соғыс жариялау, жайылымды бөлу, көші-қон жолдарын белгілеу сияқты маңызды мемлекеттік мәселелерді шешті.
Сонымен қатар мәслихат меритократия қағидасымен хандарды сайлады және орнынан алды. Мәслихат жұмысына тек ер адамдар ғана қатыса алды.
Атқарушы билік тұтасымен хан қолыңда болды. Хандық билік Шыңғыс хан ұрпағы саналатын төре тұқымына ғана тиесілі болды. Хан мәслихатта сайланды және өз міндетін өмірлік орындады. Хан келесі функцияларды атқарды: Мемлекетті сыртқы жаулардан қорғауды ұйымдастыру.
Мемлекеттің сыртқы саясаттағы бағытын анықтау.
Жоғарғы сот билігі функциясын.
Қоғамдық құрылым мен тәртіпті қорғау.
XV-XVIғғ. қазақ хандары өздерінің атқаратын функцияларына байланысты зор µкілеттілікке ие болды. Хан жоғарғы бас қолбасшы ретінде соғыс жариялауға, бітім жасауға құқығы болды, хандықтың бүкіл аумағына өкімін жүргізді, ұлыс әкімдері мен қала билеушілерін тағайындады. Сонымен қатар ханға өз бағыныштыларына өлім жазасын кесу және мемлекеттің барлық халқына міндетті заңдар мен өкім шығару құқығы берілді.
Ханды таққа отырғызу рәсімі оны ақ киізге көтерумен сипатталды. Осы ежелгі дәстүр орындалғанда ғана хан заңды сайланған болып саналды.
Хан жанында мәжілістік орган — билер кеңесі жұмыс жасады. Оған беделді билер мен қауымдастық өкілдері енді. Сонымен қатар хан жанында іс жүргізуші кеңсе болды. XV-XVIғғ. хандықтың орталық аппараты бір жерде тұрақты орналасқан жоқ, хан ауылымен бірге көшіп жүрді. Мемлекеттің тұрақты астанасы болған жоқ, тек Мұрындық пен Қасым хан ордаларын аз уақытқа Сарайшық қаласына орнатты.
Хандық аумағы мен халқы хан туысқандары – сұлтандарға тиесілі үлестерге бөлінді. Әр үлес құрамында 50-60 мың жанұя болды. Үлес өз кезегінде орташа 10 мың жанұядан тұратын ұлыстарға бөлінді. Ұлыс басында хан тағайындаған сұлтандар тұрды. Олар ханға тікелей бағына отырып, ұлыс аумағында азаматтық, соттық және әскери билікті іске асырды.
Қазақ қоғамының негізгі әлеуметтік және саяси ұяшығы қандас туысқандар ұжымы – қауым болды. Бірнеше қауымның бірігуі қауымдастықты құрды. Осындай бірнеше қауымдастықтан ұлыс құралды. Күнделікті өмірде жергілікті ру-тайпа, қауым билігінің тізгіні беделді ақсақалдар мен билердің қолында болды. Мұндай дәрежеге олар сайлау арқылы емес, ел мойындаған қызметі мен ақыл-парасаты, беделі арқылы жеткен. Хандық әскері хан, сұлтандардың тұрақты жасағынан және ұлыс қосынынан тұрды. Бір қауымнан, қауымдастықтан немесе ұлыстан жинақталған жауынгерлер өздерінің туы, ұранымен жеке қосындар құрды. Бейбіт уақытта хан мен сұлтан жасақтары ішкі тәртіпті сақтауға, салық жинау, дипломатиялық міндеттерді және тағы басқа ханның тапсырмаларын орындауға қызмет етті.
XVIғғ. ғасырдың басында, Қасым ханның тұсында ішкі қоғамдық қатынастарды қатаң белгілі бір жүйеге түсірген “Қасым ханның қасқа жолы” атты қалың бұқара мойындаған заңдар жинағы өмірге келді. Ол бес негізгі тараудан тұрды:
Мүлік Заңы. Оған жер, мал және мүлік дауын шешу туралы ережелер кірді.
Қылмыс Заңы. Мұнда қылмыс пен жазалаудың әр түрі қарастырылған.
Әскери Заң. Онда соғыс уақытында халықтың әскерді қамтамассыз етуге міндеттілігі, әскери міндеткерлік, қосын құру қағидалары, соғыс олжаларын бөлу мәселелері айтылған.
Елшілік жосыны. Бұл тарауда халықаралық құқық, елшілік әдеп мәселелері айтылған.
Жұртшылық заңы. Бұл тарау қауым және қауым аралық өзара көмек міндеттеріне, мереке мен сарай әдебі ережесіне арналған.
1). Тест
1. Қазақ хандығының құрылуы туралы жазған тарихшы:
А) Ж.Баласағұни
В) М.Қашқари
С) Х.Дулати
Д) Қ.Жалайри
Е) А.Йассауи
2. Есен-Бұғаның қазақ сұлтандарына жер бөліп беруде көздеген мақсаты:
А) Әбілхайыр мен Темір әулетіне қарсы қазақтардың күшін пайдалану
В) Қазақтармен қарым-қатнасты жақсарту
С) Ақ Ордаға қарсы қазақтармен одақтасып күрес жүргізу
Д) Эканомикалық байланыс орнату
Е) Қазақ хандығынан алдын-ала қорғану
3. ХУ ғ. аяғында қазақ хандығының құрамына кірген қалалар:
А) Отырар, Йасы
В) Үзкент, АРкөк
С) Созақ, Сауран
Д) Ташкент, Сайрам
Е) Тараз, Бұхара
4. Сұлтан Саидтың Шығыс Түркістанға кеткен жылы:
А)1513 жылы
В)1514 жылы
С) 1516 жылы
Д) 1523 жылы
Е) 1619 жылы
5. Австриялық дипломаттың Қазақ хандығы туралы жазған еңбегі:
А) Мәскеулік жазулар
В) Азияға саяхат
С) Дала жазбалары
Д) Үлкен сызық кітабы
Е) Көшпенділер тарихы
2) Бақылау сұрақтары
1. Хақназар хан саясатының маңызы:
2. Қазақ пен қалмақ ханы аталған хан:
3. Қазақ хандығына тілмаш Вельямин Степановтың келген жылы:
3) Үйге тапсырма
Қазақ хандығының құрылуына әсер еткен жағдайларды зерттеу.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1.Әбілғазы. Түрік шежіресі. - А., 1991.
2.Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих //ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. № 3. - А., 1996.
3. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. - А., 1997.
4.Құрбанғали Халид. Тауарих хамса /Бес тарих/. - А., 1992.
5.Мухаммед Хайдар Мырза. Тарихи Рашиди. - Ташкент, 1996.
Сабақтың тақырыбы: ХV-ХVШ ғғ. Қазақ халқының мәдениеті
Достарыңызбен бөлісу: |