ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ XVI -XVIII ғ.ғ. 30-шы ЖЫЛДАРЫ АРАЛЫҒЫНДАҒЫ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ.
Сабақтың тақырыбы: Қасым хан (1511-1518 ж.ж.)
Сабақтың жоспары: 1. Қасым ханның билігі
2. Қасым ханның жүргізген саясаты
3. «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағы
Сабақтың мақсаты: Қасым ханның қазақ хандығында алатын орнын жүйелі түрде түсіндіру.
Сабақтың мазмұны: XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығының нығаюы Қасым ханның есімімен тығыз байланысты. Деректердің хабарлауынша, “Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хан сияқты ешкім сондай құдіретті болған жоқ және Мұрындық туралы ешкім ойламады да”. Мұрындық хан тұсында-ақ Қазақ хандығында барлық билік тұтасымен Қасымның қолында болды. 1519 жылы Мұхаммед Шайбанидің қазақ даласына шабуылы кезінде Қасым ханның қоластында 200 мың жауынгер болды. “Тарих-и рашидиде” өте қызғылықты мағлұмат бар: “Қасым ханның әмірлерінің бірі Бойын Мір Хасан Шайбанидің басып кіргенін естіп, өз адамдарын жинап, бұл тобырлы жиынға қарсы тұрды және де Қасым хан келе жатыр деген қауесет таратып, өзі осы қауесетті растау үшін алыстан бой көрсетті. Өздерінің алдарында Қасым ханның өзі екендігіне шүбәсіз сенген Шахибек ханның (Шайбани) әскері өздері тартып алған және өздерімен ала келгендерінің бәрін тастап, байбалам мен абыржуда Шахибек ханға оралып, Қасым ханның жақындағаны туралы хабар жеткізді. Бір сәт Шахибек хан шегіну дабылын қақтырып ешкімді күтпей қозғалды, үлгергені кетті, қалғаны қалды. Қыс соңында олар Самарқанға жетті”.
XVI ғасырдың екінші онжылдығының басында Қасымның жеңісімен аяқталған Мұрындық пен Қасымның арасында билік үшін күрес жүрді. 1511 жылы беделден айырылған Мұрындық қуылды да, Қасым хан билігіне толық ие болды. Осы мезгілден бастап жоғарғы билік ұзақ уақытқа Жәнібек ханның ұрпағына өтті.
XVI ғасырдың алғашқы он жылдығы Мауреннахр билеушісі Мұхаммед Шайбанимен шиеленіскен күрес кезеңі болды. Мауреннахр билеушісінің 1503-1504, 1505-1506, 1509-1510 жылдары қазақ жеріне жасаған жорықтары ол қалағандай нәтиже бермей, әр кез оңтүстікке шегінуіне тура келді. 1510 жылдың соңында Мұхаммед Шайбани хан Иран шахымен болған шайқаста қаза тапты. Қасым хан осы сәтті пайдалануға ұмтылды. 1513 жылы қазақ қолы Сайрамға таянды. Қала билеушісі Қатта бек Қасым хан жағына шығып, қаланы соғыссыз берді. Қасым хан Ташкентті де иеленуге тырысты, алайда өзбектермен болған шайқаста жараланып, кері шегінуге мәжбүр болды. Осылайша сырдария өңіріндегі қалалар қазақтарға түпкілікті бекітілді.
Қасым ханның моғол билеушілерімен қарым-қатынасы сәтті орайласты. Моғолстанның негізі аудандары болған Жетісу мен Тянь-Шань маңы Қазақ хандығының құрамына кіргендіктенде, моғол билеушілері бұл жерлерден айырылған еді. Моғол хандары негізінен Оңтүстік-батыс Моғолстанда ғана билігін жүргізіп, қазақ хандарымен одақтасуға мүдделі болды. Бұл кезде Қазақ хандығының батыстағы аумағы да кеңейе түсті. Батыстағы маңғыт жұртында билік үшін өзара күрес жүріп, ауыр дағдарысты бастан кешіруде еді. Маңғыт жұртының біраз бөлігі өз ішіндегі берекесіздіктен қашып қазақ хандығына келіп паналады.
Сонымен XVI ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан қазақ даласының басым бөлігіне билігін орнатты. Хандықтың шекарасы оңтүстікте Сырдарияның оң жағалауына жетіп, Түркістан аймағындағы қалалардың біразын, оңтүстік-шығыста Жетісудың тау етектері мен алқабын қамтыды, солтүстік-шығыста Ұлытау мен Балқаш көлі арқылы өтіп, солтүстік-батыста Жайық өзенінің аңғарына дейін созылды. Қасым ханның қоластында миллион адам болғанын тұстастары жеткізеді. Қазақ хандығы біртіндеп сол уақыттағы халықаралық қатынасқа тартылды. Онымен алғашқылардың бірі болып дипломатиялық қатынас жасаған Мәскеу мемлекеті болды. Қасым хан тұсында қазақтар жеке этнос ретінде Батыс Европаға да белгілі болды. Әрине XVI ғасырдың бірінші ширегіндегі хандықтың нығаюын Қасым ханның жеке қасиеттерімен түсіндіруге болмайды, ол бәрінен бұрын ішкі әлеуметтік-экономикалық пен этникалық процесстің нәтижесінде болды, оған аймақтағы саяси жағдай мүмкіндік туғызды.
1) Тест
1. Қасым хан қайтыс болған жер:
А) Түркістан
В) Сығанақ
С) Хорасан
Д) Сауран
Е) Сарайшық
2. Қазақ хандығының құрылуы туралы жазған тарихшы:
А) Ж.Баласағұни
В) М.Қашқари
С) Х.Дулати
Д) Қ.Жалайри
Е) А.Йассауи
3. . Қазақ пен қалмақ ханы аталған хан:
А) Шығай
В) Хақназар
С) Есім
Д) Тәуекел
Е) Қасым
4. Қасым ханның басты мақсаты:
А) Моғолстанды түгелдей хандық құрамына кіргізу
В) Сыр бойындағы қалаларды өз иелігіне қосып алу
С) Көшпелі мал шаруашылығын дамыту
Д) Орыс мемлектімен дипломатиялық қатнас орнату
Е) Орта Азияға саяси билік жүргізу
2. Бақылау сұрақтары
1. Қасым ханның сыртқы саясаты
2. Қасым хан қай жылы қайтыс болды?
3. Қасым ханның заңдар жинағы қалай аталады?
3. Үй тапсырмасы
«Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағын оқып, талдау.
Сабақтың тақырыбы: Хақназар хан (1538-1580 ж.ж.)
Сабақтың жоспары: 1. Хақназар хан билігінің құрылуы
2. Хақназардың саясаты
3.Хақназар билігінің тарихи маңызы
Сабақтың мақсаты: Хақназар ханның билікке келуін кеңінен түсіндіру.
Сабақтың мазмұны: Қасым ханның қазасынан кейін Қазақ хандығы бірнеше иеліктерге ыдырады. Сырдарияның орта ағысындағы аумаққа Қасымның немересі Тоғым хан иелік етті. Шамамен 1537 жылы Жағат уалаятының маңында біріккен моғол-өзбек қолдарымен болған ұрыста Тоғым хан тоғыз ұлымен қаза болды. Ал оның орнына Қасым ханның ұлы Хақназар (1538-1580) сайланды.
Хақназар билікке келісімен қазақ руларын біріктіруге күш салды. XVI ғасырдың 50-ші жылдары маңғыт мырзаларының арасында өзара талас-тартыс басталды да бір бөлігі орыс бодандығына көшеді, келесі бір бөлігі қазақтарға бағыт алды. Едәуір күшейген Хақназар 1568 жылы маңғыт жұртына қарсы жорық жасап, өзіне Батыс Арал маңын қаратты.
1577 жылы көктемде Хақназар маңғыттармен жаңа соғысты бастап, Жайықтың шығысындағы барлық жерлерді иеленді. Сонымен қатар Сібір ханы Көшіммен қажырлы күрес жүргізді. Бірқатар жорықтардан соң Хақназарға Тобыл мен Жайықтың жоғарғы жерлерін қосудың сәті түсті. Бұдан басқа оның қоластына бұрын Сібір мен Қазан хандығына қараған башқұрт руының үлкен бөлігі өтті.
Моғол хандарымен күрес жалғасып, 1560 жылы Абд ар-рашид хан Жетісуда Хақназар ханға соққы берді. Бірақта көп ұзамай біріккен қазақ-қырғыз қолы моғолдарды жеңіліске ұшыратып, шайқаста Абдар-Рашидтің ұлы қаза табады. Келесі Емілде өткен шайқаста қазақтар жеңіліп, Жетісудан шегінді. Қазақтардың жағдайы ойраттардың шапқыншылығынан одан әрі қиындай түсті. Тәуекел сұлтан бастаған қазақ жасағы ойраттармен болған ұрыста жеңіліп, Ташкентке шегінуге мәжбүр болды. 70-ші жылдардың соңына таман Хақназар ханның билігінде тек Жетісудің батыс бөлігі ғана қалды.
Қазақ хандығының оңтүстік шекараларында да тыныштық болмады. Батыста, солтүстікте және Жетісуда қатар шайқас жүргізуге мәжбүр болған Хақназар 70-ші жылдары Бұхара ханы Абдаллах ІІ-шімен одақ құрды. Абдаллах хан болса өзінің жауларымен, әсіресе Ташкенттегі билікті басып алған Баба сұлтанмен күресте қазақ хандарының қолдауына сүйенуге тырысты. 1579 жылы Хақназарға Қазақ хандығына Түркістан мен Сауран өңірін қосудың сәті түсті. Бір жағынан қазақ, екінші жағынан Абдаллахтың әскерінен қысымға ұшыраған Ташкент билеушісі Баба сұлтан қазақ билеушілерінің көзін жоюға ұмтылды. 1579 жылдың соңында ол келіссөз жүргізуге келген Хақназар ханның екі ұлын өлтіруге бұйрық берді, ал кейіннен, 1580 жылы Хақназардың өзі жалдамалының қолынан қаза тапты.
Хақназар хан Қасым ханның өлімінен кейін ыдыраған Қазақ хандығын біріктіре алды, оның билігінің соңына таман хандық шекарасы батыста Жайық бойымен, солтүстікте Есіл, Нұрамен, шығыста Шыңғыстаумен, Балқашпен және Шу өзенімен өтті, оңтүстікте қазақ иелігі Ташкентке таянды. Хақназар хан тұсында ноғай, башқұрттардың біраз бөлігі қазақ хандығына қарады.
1) Тест
1. Хақназар хан саясатының маңызы:
А) Хандық аумағының кеңеюі
В) Дербес мемлекет ретінде танымал болуы
С) Берілген жауаптардың бәрі дұрыс
Д) Хан билігінің күшеюі
Е) Ішкі саяси және шаруашылық өмірдің тұрақтылығы
2. Хақназар хан өлгеннен кейін хан тағына отырған кім?
А) Шығай хан
В) Тәуекел хан
С) Есім хан
Д) Тұрсын хан
Е) Тәуке хан
3. Хақназар ханның билік құрған уақыты
А) 1538-1580
В) 1540-1580
С) 1543-1580
Д) 1541-1581
Е) 1354-1544
2. Бақылау сұрақтары
1. Хақназар хандығы кімдермен көршілес болды?
2. Ойраттардың соққысы
3. Хақназардың Қазан хандығын бағындырған жылы?
3. Үй тапсырмасы
Хақназар ханның жүргізген саясатының ерекшелігін салыстыру.
Сабақтың тақырыбы: Тәуке (Тәуекел) хан (1582-1598 ж.ж.)
Сабақтың жоспары: 1.Тәуке хан билігінің орнауы
2.Әз Тәукенің саясатының тарихи маңызы
3. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағы
Сабақтың мақсаты:Қазақ хандығындағы Тәуке хан билігінің тарихи маңызын ашып көрсету.
Сабақтың мазмұны: Тәуке хан билігі тұсындағы Қазақ хандығының нығаюы, қазақтардың қырғыздармен және қарақалпақтармен одағы жоңғарлардың қазақ жеріндегі тегеуірінін уақытша әлсіретті. Олардың 1680 жылғы Оңтүстік Қазақстанға шабуылы кезінде Тәуке хан әскерімен болған Түркістан қаласы ғана тонаудан аман қалды. Жоңғар шапқыншылығы Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалардың біртіндеп өмір сүруін тоқтатуының елеулі себептерінің бірі болды. Сонымен қатар жоңғар шапқыншылығы маңызды сауда жолдарын тоқтатты, бейбіт жұрттың шаруашылығына үлкен залал келтірді. Тоқтаусыз өзара қырқыс, Орта Азия билеушілерімен тұрақсыз қарым-қатынас Қазақстандағы ауыр экономикалық және саяси жағдайды тудырды. Қазақ хандығының әлсіреуі тек мемлекеттің тұтастығына ғана әсер етіп қойған жоқ, этникалық әсері болды. Билік, жайылымдық жер мен қалалар үшін талас-тартыс қоғамдық-мәдени дамуды баяулатты, мемлекеттікті нығайтуға және оның көмегімен халық пен оның жерін қорғауға кедергі жасады.
Тәуке хан ыдырай бастаған хандықта саяси ахуалды біршама қалпына келтірді. Ол хан билігін күшейтуге, сепаристік күштерді басуға, халықтың бірігуіне бірқатар шаралар қолданды. Оның тұсында құқық қорғау мен мемлекет құрылғысының негізгі қағидаларын белгіленген салт-дәстүр құқығының жинақ нормасы “Жеті жарғы” құрастырылды.
“Жеті Жарғы”. Саяси құрылымның өзгеруі қазақ қоғамының құқық базасын қайта қарастырудың қажеттілігін тудырды. Бұл жұмыс XVIІ ғасырдың басында жүрді де Тәуке хан тұсында “Жеті Жарғы” заңдар жинағында бекітілді. Бұл жинақ XVIІІ ғасыр басындағы белгілі билердің қатысуымен әзірленді және мынадай жеті негізгі тараулардан тұрды:
Жер дауы, мұнда жайылымдар мен суаттар туралы дауды шешу жолдары айтылған.
Неке құру және бұзу тәртібін, ерлі-зайыптылардың құқығы мен міндеттерін, жанұя мүшелерінің мүліктік құқығын белгілейтін жанұя-неке Заңы.
Әскери міндеткерлікті, қосындар құруды және әскери басшыларды сайлауды реттейтін әскери Заң.
Сот жүргізу тәртібін белгілейтін сот процесі жөнінде Ереже.
Кісі өлтіруден басқа әртүрлі қылмыстарды жазалауды анықтайтын қылмыстық Заң.
Кісі өлтіргені және ауыр дене жарақатын жасағаны үшін жазалауды анықтайтын құн жөніндегі Заң.
Жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке құқығын, сонымен қатар оларға байланысты қауым мен марқұмның туысқандарының міндеттерін реттейтін Жесір дауы.
“Жеті Жарғыдан” басқа халықаралық құқық облысында Қасымның Кодексі де пайдаланылды. “Ереже” – билер құрылтайы ережесі және соттық оқиға, билер соты әрекеті жөнінде мағлұмат беретін әңгімелер – “Билер сөзі” Кодекске өзіндік толықтырулар болды.
Сот ісі, әдет-ғұрып құқығы – адат пен мұсылман заңы – шариғатқа негізделді. Сот ісі ру басшылары – билердің қолында болды. Ерекше күрделі істер билер съезінде қаралды. Кейбір істерде сұлтандар мен хандар қатысты. Егер жауапкер соттан немесе оның шешімін орындаудан жалтарса, онда қуынышы барымта жасауға құқылы болды.
Қазақ құқығының негізгі институты – жеке меншікке құқылық. Жайылым мен жыртылған жерлер руға, қауымға ортақ болды, мал жанұялық меншік болды. Қыстық жайылымдар мен шабындықтар ерекше қатаң бөлінді. Қазақтарда мынадай өзіндік міндетті құқық институты өмір сүрді: жылу, жұртшылық, асар және тағы басқа.
Қазақтардың неке формасы экономикалық базиске сәйкес болды. Некенің негізгі формасы бірнекелілік (моногамия) болды. Мүлікті сословие арасында көпнекелілік (полигамия) тарады. Жанұя-неке қатынасының ерекшеліктерінің бірі марқұмның әйелі күйеуінің бауырына көшетін салт-дәстүр – әмеңгерлік болды. Жетінші ұрпаққа дейін туысқандар арасында некеге тиым салынды. Ержеткен бала әке мүлкінің бөлігіне ие болуға құқығы болды. Белгілі бір жасқа келген соң балаларын жеке шаруашылыққа – отауға бөліп шығарды. Әкенің барлық шаруашылығы ол өлген соң шаңырақ иесі кіші ұлына тиесілі болды.
XV-XVII ғасырларда қазақ қоғамында азаматтық құқық пен қылмыстық құқық арасында шек болған жоқ. Қылмыс жөніндегі түсінік жаман іс, күнә түсінігімен астасып жатты. Қылмыс құқығында негізгі орынды кек қайтару заңы (қанды кек) алды. Көп жағдайда қанды кек құн төлеумен алмастырылды. Кейбір қылмыстарға айыптар салынды.
“Жеті Жарғыға” сәйкес қылмыстық жауапкершілік тек тікелей айыптыға жүктелді, сонымен қатар қауымның ұжымдық жауапкершілігі қағидасы кең тарады. Егер жауапкер сотқа келмесе немесе кесілген құнды төлемесе, онда айып барлық қауымнан алынды. Ондай жағдайда жауапкер қауым мүшелерінің еркіне берілді. Зерттеушілер қазақ қылмыс заңының ізгілікті болғанын атап көрсетеді. Тек ерекше жағдайларда ғана өлім жазасы қолданылды. Ондай жағдай біреудің әйелін зорлау мен алып қашу болды. Үкімді орындауға арнайы орган болған жоқ, бұл құқық қуынушыға берілді.
1) Тест
1. Тәуке хан билігінің ерекшелігі:
А) Берілген жауаптардың бәрі дұрыс
В) Хандықты бір орталыққа бағындырды
С) Көрші елдермен достық қатнасты көздеді
Д) Жеті жарғы заңын жасады
Е) Жоңғар шапқыншылығы бәсеңдеп, тыныштық орнады
2. Тәуке ханның астанасы:
А) Мерке
В) Түркістан
С) Сығанақ
Д) Тараз
Е) Ташкент
3. Жеті жарғы заңы бойынша ер кісіні өлтіргені үшін қолданылатын жаза
А) 1000 қой төлеу
В) Өлім жазасы
С) Дүре соғу
Д) 7 адамның құнын төлеу
Е) Басқа жерге көшіру
4. Тәуке ханның Сібірге бес рет елшілік жіберген жылдары:
А) 1686-1693 ж.ж.
В) 1670-1679 ж.ж.
С) 1680-1684 ж.ж.
Д) 1686-1690 ж.ж.
Е) 1944-1632 ж.ж.
5. Айбана дегеніміз:
А) Ұрлық үшін берілетін жаза
В) Билер кеңесінің шешімі
С) Міндеткерлік
Д) Батырлар қаруы
Е) Жекпе-жекке шығу
2. Бақылау сұрақтары
1. Тәуке ханның Мауеренахрға басып кірген жылын атаңыз
2. Тәукенің соғысты тоқтату шарттарын айтып беріңіз
3. Тәуекел ханның өзбек ханымен жасасқан шартын бұзған жыл?
3. Үй тапсырмасы
«Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысындағы» заңдарын салыстыра отырып ұқсастарын табу.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1. Мухаммед Хайдар Мырза. Тарихи Рашиди. - Ташкент, 1996.
2. Абусейтова М.Х. Казахское ханство во второй половине ХVІ в.
- А., 1985.
3.Вопросы историографии и источниковедения Казахстана /дореволюционный период/ - А., 1988.
4. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ және хандар шежіресі.
- А., 1991.
5. Толыбеков С.Е. Кочевое общество казахов в ХVІІ-нач. ХХ вв. - А., 1971.
Сабақтың тақырыбы: XVIII ғ. 70 жж. Қазақ хандығы және оның
ішкі, сыртқы саясаты.
Сабақтың жоспары: 1.Кіші жүз және Орта жүздің Ресейге қосылуы.
2.Кіші жүз бен Орта жүзде хандық биліктің жойылуы.
3.1867-1868 жж. әкімшілік реформалар.
Сабақтың мақсаты: Қазақстанның Ресейге қосылуы барысындағы патша өкіметінің отарлау саясатының мәнін көрсету.
Сабақтың міндеті: Кіші жүзде хандық биліктің дағдарысқа ұшырауы (ХVІІІ-ғ. ІІ-жартысы). Кіші жүз қазақтарының Е.И.Пугачев бастаған көтеріліске қатысуы. Патшалық Ресейдің Қазақстан территориясындағы жазалау шаралары.
Патшалық Ресейдің Қазақстанда 1867-1868 жылдары жүргізген әкімшілік-басқару реформасының мақсаты мен міндеттері. Реформаларды әзірлеу. Полковник Ф.Гирс пен Д.А.Милютин басқарған комиссия мен Ерекше комитеттің қызметі. Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің реформаға қатынасы. 1867-жылғы "Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы Уақытша Ереже" және 1868 жылғы "Далалық облыстарды басқару туралы Уақытша Ереже".
"Уақытша Ереже" бойынша жер мәселесі. Қазақ жері - империя меншігі. Қазақ жерлерін ішкі Ресейлік губерниялардан келген орыс шаруаларын қоныстандыру арқылы отарлауға қажет заңдық негіздер жасау.
Қазақстанда отаршыл басқару жүйесінің орнығуы барысында 1867 және 1868-жылдардағы реформалардың алатын орны.
Сабақтың мазмұны: Кіші жүз Ресей азаматығын қабылдағаннан кейін, Орта және Ұлы жүздің кейбір билері мен сұлтандары да Ресей “қамқорлығында” болуға тілек білдірді, алайда өздеріне ешқандай міндеттемелер алған жоқ. Олардың бұл әрекетінің бірден-бір себебі ішкі саяси күресте Әбілқайырға артықшылық бермеу еді. Орта жүз бен Ұлы жүз өздерін орыс азаматтарымыз деп таныған жағдайда Әбілқайыр оларға қарсы орыс әскер пайдалана алмайтын еді. Өз қауіпсіздігін осыйлайша қамтамасыз ете отырып, екі жүздің хандары Жонғариямен соғысты жалғастырды.
1731ж. аяғында Әбілқайыр мен Бөгенбай батыр өз өкілдерін Орта жүзге жіберіп, Семеке ханға, егер ол Ресей азаматтығын алатын болса, аймақ қауіпсіздігін орыс әскерлерінің көмегімен қамтамасыз етуді уәде етті. Семеке Әбілқайыр елшілерінің ұсынысын қабылдайды. 1732ж. Ресей құрамына Орта жүздің біраз бөлігі формальді түрде енеді. Бұдан кейінгі оқиғалар көрсеткендей Семеке Ресей империясымен жасаған келісімнің шарттарын сақтамайтынын танытты: Ресей азаматтығындағы башқұрт феодалдарына шапқыншылық жорықтар жасап тұрды. Жоңғариядан төнген қауіп-қатер, Орта жүздің ықпалды (феодалдарының) би-шонжарларының өздерін Ресейдің құрамына қабылдау жөнінде Ресейге қайта өтініш жасауларына түрткі болды. Анна Иоановнаның 1734ж. 10 маусымдағы грамотасымен Семекенің және оның жақтастарының өтініші қанағаттандырылды. И.К.Кирилловтың 1737ж. сәуір айында қайтыс болуына байланысты Орынбор өлкесінің жаңа бастығы болып В.Н.Татищев тағайындалды. Ол Кіші және Орта жүздер сұлтандары мен ағамандары өкілдерінің бодандылығын баянды етуге тырысып бақты.
Кіші және Орта жүздер ағамандары мен сұлтандары өкілдерінің 1740ж. Орынборда өткен съезі Ресей азаматтығына өтудің алғашқы нәтижелерін бекітуге ықпал етті. Съезге қатысқан Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан қалыптасқан жағдайды ескеріп, Қазақстанды жоңғарлардың мүмкін болар басып кірушілігінен қауіпсіздендіруге тырысып, Ресей азаматтығын қабылдауды жақтаған пікір айтты. Кіші және Орта жүздердің бір топ сұлтандары мен ағамандарының 1740ж. ант беруі Ресейге Орта жүздің тек бір бөлігінің ғана қосылуын қамтамасыз етті. Ал солтүстік, шығыс және Орталық Қазақстанның негізгі аймақтары империя құрамына тек ХІХ ғ. 20-40жж. ғана, патша өкіметінің әскери-саяси шараларының салдарынан қосылды.
2. ХІХғ. басында Ресей, Орта Азия хандыдықтары мен Қытайдың ортасында орналасқан Қазақстанның аса зор стратегиялық маңызы айтқандалы бастайды. Азияға әрі қарай жылжу үшін Ресей ең алдымен қазақ даласына бекініп алуы керек еді. Отарлық саясаттың күшеюі, сондай-ақ өсіп отырған орыс буржуазиясының экономикалық мүдделерімен де түсіндірілді. Қазақстан орыс көпестерін мал шаруашылығы өнімдерінің көзі ретінде және Батыс Европа рыноктарында бәсекеге түсе алмайтын орыс товарларын өткізу рыногы ретінде де қызықтырды.
Арынғазының тұтқынға алынуын және Уәли ханның қайтыс болуын пайдаланып, отарлық әкімшілік далаға шабуылға шығуға бел байлады. Өздеріне адал сұлтандардың бір бөлігіне сүйене отырып, патша өкіметі Солтүстік және Батыс Қазақстанда “Сібір қырғыздары туралы Ережеге” және
“Орынбор қырғыздары туралы Ережеге” негізделген жаңа басқару жүйесін құрды.
“1822 жылғы Сібір қырғыздары туралы Ереже” 1822ж. М.Сперанскийдің басшылығымен жасалды. Сібірдің екі бөлікке бөлінуіне (1822ж.) байланысты Қазақ даласының территориясы Батыс Сібірге жатқызылды, оның бас басқармасы 1839 жылға дейін Тобылда, ал 1839ж. бастап — Омбыда болды. Ереже бойынша сібір қырғыздарының ауданы сыртқы және ішкі округтерге (аймақтарға) бөлінді. Сыртқы округке Ертіс өзенінің арғы жағында көшіп жүрген қазақтар кірді. 1822ж. 1838ж. дейін 7 округ — Қарқаралы, Көкшетау, Аякөз, Ақмола, Баянауыл, Құсмұрын, Көкпекті округтері құрылды. Округ басында округтік басқарма (приказ) дуан тұрды, онда әкімшілік, полиция, сот шоғырланды. Приказдарды аға сұлтандар басқарды, оның жанында төрт уәкіл (заседатель): губернатор тағайындаған екі шенеунік, және екі жылға билер, ағамандар сайлайтын екі қазақ жұмыс істеді. Аға сұлтан ереже бойынша сұлтандар жиынында үш жылға сайланды. Оған қызмет уақытында майор атағы берілді. Үш сайлаудан табысты өткендер дворян дипломын алуға үміттене алатын болды.
Округке 15 тен 20-ға дейін болыстар кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды, алайда сұлтандардың болмауы себепті көптеген руларда бұл қызметке қара сүйек өкілдерін сайлап отырды. Өз жағдайы бойынша олар 12-ші дәрежелі шенеунікке теңестірілді, олардың өкіметі атқарушылық сипатта болды. Яғни, дуанның бұйрықтары мен қаулыларын орындау және сот үкімдерін іске асыру болып табылды.
Әрбір болыс 10-12 ауылдан тұрды. Ауыл ағамандары үш жыл сайын сайланып, округтік приказбен (басқармамен) бекітіліп отырды. Осындай әкімшілік ауылдардың әрқайсысы 50—70 шаңырақты біріктірді. Округтер мен болыстарды құруда рулық бөлініс ескерілді, территориялық белгілер де осыған сәйкестендірілді. Әрбір округ белгілі территорияға ие болды.
Ереже бойынша сот істері қылмыстық және азаматтық болып бөлінді. Неғұрлым ауқымды (маңызды) істер би сотына берілмеді. Маңызды емес істерді қарастырғанда да би сотының шешімі округтік приказдарда (басқармаларда) қайта қаралатын болды. Ереже салық жүйесін енгізді — әрбір қожалық үкіметке 100 бас малдан 1 бастан жасақ төлеу міндетті болды. Бұл санға, сауданың дамуына қажетті негізгі жүк таситын мал-түйе кірмеді. Ережені қабылдаған қазақтар алғашқы бес жыл салықтан босатылды. Құжатта міндеткерліктің басқа да түрлері — керуендерді күзету, көлік міндеткерлігі, пошта, байланыс жолдарын күзету және т.б.жөнінде көрсетілді.
“Сібір қырғыздары туралы Ереже” Солтүстік, Орталық Қазақстанды азаматтық және әскери отарлауға, қазақ ауылдарын белгілі территорияға бекітуге, жаңа саяси-әкімшілік басқаруды ұйымдастыруға ықпал етуі тиіс болды, мұның өзі Қазақстанның Ресейге қосылуын аяқтауға ықпал ететін еді.
1822ж. Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эксен жасаған “1824ж. Орынбор қырғыздары туралы Ережені” 1824ж. Азиялық комитет қабылдады. Осыған байланысты хандық билік жойылды. Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Орынборға шақырылып, сол жерде тұрақты түрде өмір сүруге
қалдырылды және айына 150 рубль, күміс жалақы беріліп тұратын болды. Оған “Орынбор шекаралық комиссиясының бірінші мүшесі” атағы берілді.
Кіші жүз үш бөлікке: байұлы руларынан тұратын — батыс; жетіру мен әлімұлының бір бөлігінен тұратын — орта; әлімұлы руларынан және сондай-ақ қыпшақтар мен арғындардан тұратын — шығыс болып бөлінді. Бөліктердің басшылығына қойылған билеуші сұлтандар, іс жүзінде Орынбор шекаралық комиссиясының шенеуніктері болды, оған председатель бай қазақтар қатарынан төрт кеңесші және төрт уәкіл (заседатель) кірді. Өз міндеттері бойынша комиссия губерниялық басқарманың функциясын атқарды.
Әрбір билеуші-сұлтанның жанында офицердің басқаруындағы казак отряды тұрды. Олардың ставкасы казак станциялары мен бекіністерінде орналасты. Билеуші-сұлтандар да, олардың көмекшілері де сұлтандар сословиесінен қойылды.
Кіші жүздегі барлық қызмет адамдарын, ауыл азаматынан бастап билеуші сұлтанға дейін шекаралық комиссияның ұсынысы мен Орынбор генерал-губернаторы тағайындап отыр. Мұнда сайлау жүйесі болмады.
Бұл құжаттардың ережелерін іс жүзіне асыру Қазақстанның отарлық тәуелділікке түскенін көрсететін еді, сондықтан да мұның далада наразылық дүмпуін тұғызуы табиғи нәрсе еді. Алғашқыда оқшау наразылықтар басталған еді, кейін олар Ресейге қарсы азаттық соғысына ұласты.
3. Шекараларының ауқымы барынша кеңейген Ресей империясының жағдайы басқарудың әкімшілік жүйесін енгізуге қолайлы болды. Крепостниктік құқық жойылғаннан кейін Ресей үкіметі земстволардың, сот және қалалардың және т.б. әлеуметтік-саяси өмірінің ағымын түбегейлі өзгерткен бірқатар реформалар жүргізді. Капитализм "тереңдеп" әрі "кеңінен ауқым алып" дами бастады.
Осындай жағдайда Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен өзгерту міндетін қойды.
Қазақ даласын басқару туралы заң жобасын дайындау үшін үкімет 1865ж. Дала комиссиясы дегенді құрды. Реформаны дайындау кезінде халық бұқарасының көңіл-күйі ескерілмеді. Ш.Уәлиханов қазақтардың материалдық жағдай мен тұрмысын жақсартуға ықпал ететін радикалды реформалар жүргізуді жақтады. Ол Қазақстанда халықтың өзін-өзі басқаруы негізіндегі әкімшілік басқару жүйесін енгізуді ұсынды. "Сот реформасы туралы хатында" ол қазақ халқы үшін ең маңызды шара әлеуметтік-экономикалық жаңалықтар енгізу деп есептеді. 1867ж. 11 шілдеде Александр ІІ - Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына; 1868ж. 21-қазанда - Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына қол қойды. Сонымен, Қазақстанды басқару жөніндегі "үкіметтік шенеуніктердің ойластыруы негізінде, Сейдалин, Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов сұлтандардың және басқалардың белсенді қатысуымен патша өкіметі әзірледі. 1854ж. Ашылған Семей, Ақмола облыстарын, 1866ж. құрылған Жетісу облысын басқаруға өзгерістер енгізілді. Реформа бірінші рет бүкіл Қазақ өлкесін қамтыды. Әйтсе де хандық билік 1845ж. ақ тоқтатылған Бөкей (Ішкі) ордасы уақытша ереже жобасы бойынша Астрахань губерниясының құрамына қосылып кетті.
Облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінді.
Түркістан генерал-губернаторлығының міндетіне әскери және азаматтық биліктермен бірге, көрші Қытай, Иран және басқа мемлекеттермен дипломатиялық (елшілік) қарым-қатынастар жүргізіп отыру тапсырылды.
Басқарудың жаңа жүйесі көшпелілер өмірінің патриархалды-феодалдық құрылысын шайқалтты, сұлтан-билер мен ағамандардың билігін шектеді. 1867-1868жж. реформаларды жүзеге асыру ру ақсүйектерінің ықпалының әлсіреуіне әкеліп тіреді, мұның өзі олардың құқықтық, экономикалық және саяси жағдайларынан көріне бастады.
Әкімшілік басқару айқын әскери сипатта болды. Облыстарды әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарына шоғырландырған әскери генерал-губернаторлар (әскери округтердің командашысы да солар) басқарды. Әскери және азаматтық биліктің ажыратылмауы - жаңа реформа бойынша Қазақ даласының әкімшілік құрылымының принципі болды.
1868ж. далалық облыстардағы басқару туралы Уақытша ереже және 1867ж. Түркістан өлкесіндегі басқару туралы Ереже бойынша болыс басқарушысы өз қолына полицейлік және басқару билігін шоғырландырды. Ол "тыныштық пен тәртіптің" сақталуын, салықтардың төленуін және халықтың әртүрлі міндеткерліктерін өтеуін қадағалап отырды. Билер сотының шешімдерін іс жүзіне асыру да оның міндетіне жатты. Ауыл ағамандары өз қызмет бабы шеңберінде болыс басқарушыларға атқарған міндеттерді орындады. Қазақ шаруалары мейлінше ауыр земстволық міндеткерліктерді де өз нықтарымен көтерді, олар ауылдық-болыстық әкімшілікті асырады, көпірлерді, почта жолдарын жөндеуге қаржы беріп, әскери бөлімдерді көлікпен қамтамасыз етіп тұрды.
1867-1868жж. реформамен жалпы империялық заңдар негізінде әрекет ететін әскери-сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды. Сонымен бірге ауылдарда билердің феодалдық соттары және Сырдария облысының қыстақтарында қазылар соты сақталып қалды. Далалық облыстардан тыс жерлерде жасалған қылмыстар, қазақ малшыларының қылмыстық және азаматтық істерін Ресей заңдары негізінде уездік судьялар (соттар) қарайтын болды.
1) Тест
1. Кіші жүз билеушілерінің бірі Әбілқайыр қай жылы жетекші хан болып танылды?
А) 1723ж
В) 1726ж.
С) 1724ж.
Д) 1727ж.
Е) 1725ж.
2. 1740 ж кіші жүздің шекарасына қауіп төндірген мемлекет
А) Хиуа хандығы
В) Қытай
С) Жоңғария
Д) Иран
Е) Ресей
3. Әбілхайырдың Ресей құрамына кірудегі басты мақсаты:
А) қарсыластарының сағын сындыру
В) мал шаруашылығын дамыту
С) Ресеймен сенімді байланыс орнатып бар күшті қалмақтарға жұмылдыру
Д) сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Е) отырықшылықты дамыту
4. Әбілхайырды 1748 ж өлтірген
А) Әбілпайыз
В) Қайып
С) Әбілмамбет
Д) Барақ сұлтан
Е) Нәдір шах
5. Башқұрттардың көтерілісін басуға патша үкіметі кіші жүз жасақтарынан
А) 1731-34 ж.ж.
В) 1735-37 ж.ж.
С) 1737-38 ж.ж.
Д) 1738-39 ж.ж.
Е) 1739-40 ж.ж.
2. Бақылау сұрақтары
1. Патшалы Ресейдің отаршыл саясаты
2. Қазақ-орыс сауда байланыстары
3. Әбілхайыр ханның мақсаттары
4. Патша үкіметінің мақсаты
5. ХVІІІ ғ алғашқы жартысындағы саяси жағдайы
3. Үй тапсырмасы
Кіші жүздің Ресей империясының құрамына кіруінің себебін анықтау.
Пайдаланатын әдебиеттер:
Бекмаханов Е.Б. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. - А., 1992.
Сулейменов Б., Басин В.Я. Казахстан в составе России
в XVII- нач.XIX вв. - А., 1993.
Күзембайұлы А., Абилев Е. История Казахстана (с древнейших времен до 20-х годов XX в.). Изд.2-е, - А., 1996.
Мұқанов М. Қазақ жерінің тарихы. «Атамұра-Қазақстан».
- Алматы,1994.
К.Аманжолов. Қазақстан тарихы дәрістер курс 1-кітап. - Алматы 2005
Сабақтың тақырыбы: Ресей империясының құрамындағы Қазақстан.
Отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар.
Сабақтың жоспары: 1.Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалу үшін Абылай . ханның жүргізген дипломатиялық әрекеттері
2. Кіші жүздегі патшалық Ресейге қарсы болған ұлт-
азаттық көтерілістері
3. Бөкей ордасындағы патшалық Ресейге қарсы болған
азаттық көтерілістері
4. Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі.
Сабақтың мақсаты: Патша өкіметінің Қазастандағы отарлау саясатының және оған қарсы ұйымдастырылған ұлт-азаттық көтерілістердің мәнін ашу.
Сабақтың міндеті: Абылай хандығы (1771-1780). Абылай ханның біртұтас қазақ мемлекеттігін құру әрекеті. Абылай ханның Қытай және Ресей билік орындарымен қатынасы. Қырғызстан мен Орта Азия хандықтарына жасаған жорықтары. Қазақтардың Шығыс Түркістанға қоныстануы.
Кіші жүзде хандық биліктің дағдарысқа ұшырауы (ХVІІІ-ғ.ІІ-жартысы). Кіші жүз қазақтарының Е.И.Пугачев бастаған көтеріліске қатысуы. Патшалық Ресейдің Қазақстан территориясындағы жазалау шаралары.
Кіші жүз қазақтарының Сырым Датұлы бастаған көтерілісі. Көтерілістің себептері, басталуы, барысы және сипаты. Игельстром реформасы. Кіші жүздегі хандық билікті жоюға талпыныс. Көтерілістің жаңа кезеңі, салдары.
Сабақтың мазмұны: Абылай хандығы (1771—1781) және оның саясаты.
Сыртқы қауіппен күрескен бір мезгілде, Абылай қазақ жерлерін біріктіруде зор қажыр-қайрат жұмсады.
1740ж. Ташкентте Жолбарыс хан өлтіріліп, Ұлы жүздің көпшілік рулары төлебидің қолдауымен Қазақ хандығының ресми басшысы — Әбілмәмбетке ант береді. Әбілқайырдың орыс азаматтығын алып кетуіне Кіші жүздің Батырхан басқаруындағы көптеген рулары да Әбілмәмбет пен Абылайға бағынды. 1759ж. патша әкімшілігі Абылайға Әбілмәмбетті алып тастап, оның орнына өзі отыруына қолдау көрсетеміз деп уәде етті, алайда сұлтан бұл қолдаудан бас тартты. Тек ханның қазасынан кейін ғана, Түркістанда, Қожа Ахмет Иассауи Мешітінде Абылай ақ киізбен көтеріліп, үш жүздің ортақ ханы болып жарияланды. Абылай хан — барлық қазақ жерлерінде беделі шүбәсіз жүрген соңғы қазақ ханы болды. Шекара маңында көшіп жүрген Кіші жүздің аз ғана бөлігі Әбілхайыр балаларының билігін мойындады.
Саяси тәуелсіздігін сақтай отырып, Абылай патша сый-сияпаттарын қабылдаудан және Петербургте ант беруден бас тартты. Абылай оңтүстіктегі қазақ қалаларын қайтарып алды, ол аз ғана уақыт ішінде Созақты, Шымкент пен Ташкентті алды. Алайда Орта Азия мемлекеттерінің Қытайға қарсы Одағын құру жолындағы ісі табысты болмады. Одаққа Ауғанстан, Бұқара, Қоқан және Қырғызстан кіреді деп топшыланған еді, алайда Қоқан хандығымен және қырғыздармен арадағы қайшылықтар қарулы қақтығысқа апарып соқты. Қазақстанмен одаққа тек Бұқара ғана келісім берді. Абылайдың мемлекет ішіндегі қызметі анағұрлым табысты болды. Шоқан Уәлиханов: “Абылай хан өкіметін шектеуге тырысып отырған күшті ру басшылары мен сұлтандарды ауыздықтап өзіне бағындырды”, — деп жазды. Сонымен бірге ол билердің беделін толықтай жая алмады және олардың еркімен санасуға мәжбүр болды. Хан маңындағы неғұрлым ықпалды саяси тұлғалар Қазыбек би мен Бұқар жырау болды. Абылайдың есімі қазақ халқының жадында мәңгі қалды және ұлттық тәуелсіздік үшін, қазақ мемлекетін қалпына келтіру жолындағы күрестің символына айналды. Абылайхан 1781ж. Ташкентте қайтыс болды, ол Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи мешітіне жерленді.
1. Соғыс қарсаңындағы қазақ даласы. Абылай хан қайтыс болғаннан кейін орталық өкімет әлсіреп кетті және Кіші жүздің қазақтары өз хандығын құрды, оның басында Қайып сұлтанның ұлы Батыр тұрды. Нұралы ханның және орыс әкімшілігінің билігінде тек шекараға жақын жерде көшіп жүрген қазақтар ғана қалды. Олардың ішінде XVIII ғ. аяғында орыс қаруының көмегімен билік жүргізіп отырған Әбілқайырдың ұрпақтарына қарсы наразылық пісіп-жетіле бастады. 1773—1776жж. қозғалыс кезіндегі сұлтан бастаған жоғарғы топтың сатқындығы туралы, Нұралы ханның және оның балаларының орыс әскерлерінің қазақтарға қарсы жазалаушылық операциясына қатысқаны туралы халық әлі ұмыта қойған жоқ еді. Сондықтан да XVIII ғ. аяғында Батыс Қазақстанда басталған соғыс, қазақ халқының Ресейге қарсы және оның қолшоқпарлары болып отырған Әбілқайырдың ұрпақтарына қарсы ұлт-азаттық соғысы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |