Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы



бет6/10
Дата24.02.2016
өлшемі0.61 Mb.
#15409
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Шешу жолдары
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлауға орнықты даму принциптерін енгізудің тиімді тетігін жасау үшін мыналар жүзеге асырылатын болады:
дамудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық факторларының теңгерімін қамтамасыз етуге, республиканың жекелеген өңірлерінің өткір экологиялық проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін экологиялық орнықтылық индексі бойынша Қазақстан Республикасының әлемдегі барынша дамыған елу елдің қатарына кіруін қамтамасыз ету мақсатында кешенді экологиялық саясат жүргізу жөніндегі шаралар;
елдің салалары мен өңірлері үшін орнықты дамудың нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу және бекіту, бағдарламалық құжаттардың орнықты даму принциптеріне сәйкестігіне сараптама жүргізу.
Су, орман, балық ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар әлемін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, жаңартылатын энергия көздерін орнықты және ұтымды пайдалануға жағдай жасау үшін мыналар жүзеге асырылатын болады:
су ресурстарын басқарудың ғылыми негізделген мемлекетаралық, ұлттық және өңірлік бағдарламалар негізінде өзен бассейндерінің ағынын реттеу мен бөлудің қазіргі жүйесін қайта қарау;
қолданыстағы және әзірленетін бағдарламалық құжаттардың негізінде су ресурстарын, ормандар, өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтау және ұтымды пайдалану жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
өнеркәсіптің базалық салалары мен ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды, су пайдаланудың айналымды және тұйық жүйелерін және су пайдаланудың қалдықсыз технологияларын әзірлеу мен енгізуді ынталандыру;
үш мемлекеттік ұлттық парк, екі мемлекеттік табиғи резерват құра отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту, қазіргі төрт табиғи қорықтың, үш мемлекеттік ұлттық парктің алаңдарын кеңейту;
су, орман, балық ресурстарын және жануарлар әлемін қорғау және молықтыру процесіне жеке меншік капиталды белсенді тарту, табиғат пайдаланушылардың осы салалардағы жауапкершілігін арттыру.
Бұдан басқа, Бурабайда Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі инновациялық жобаларды жинақтауға арналған орталық және орнықты даму проблемалары орталығын құру жөніндегі мәселелер пысықталатын болады.
Нысаналы көрсеткіштер мен квоталарды белгілеу, Экологиялық кодекстің ережелерін іске асыру, экологиялық-экономикалық ынталандыруды енгізу есебінен қоршаған ортаға эмиссияларды төмендету үшін мынадай шаралар қабылданатын болады:
қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері, эмиссияларға өңірлік квоталар енгізу, жетекші технологияларға кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз ету негізінде экологиялық нормалау моделін және рұқсат беру жүйесін енгізу;
экологиялық кодекске сәйкес нормативтік құқықтық база қалыптастыру, табиғат қорғау заңнамасын халықаралық стандарттармен одан әрі үйлестіру;
көмірсутек ресурстарын өндіретін, тасымалдайтын және қайта өңдейтін кәсіпорындарды неғұрлым қатаң экологиялық стандарттарға сәйкестікке сертификаттау бойынша «Жасыл мұнай» принципін әзірлеу және енгізу;
пайдаланылған ресурсы бар технологиялар мен жабдықтарды елге әкелуге тыйым салуды енгізе отырып, 4R халықаралық принциптеріне сәйкес қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін құру;
гидрометеорологиялық қызмет жүйесін реформалап және жаңғырта отырып, қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін құру;
ел аумағындағы «тарихи ластануды» түгендеу және оларды кезең-кезеңімен жою жөнінде ауқымды шаралар әзірлеу;
шаруашылық қызметті жүзеге асыру процесінде өңірдің экологиялық сыйымдылығын айқындау үшін ғарыштық технологияларды пайдалана отырып, Каспий теңізінде кешенді мониторингтік зерттеу.
Экология және климатты сақтау мәселелерінде трансшекаралық және халықаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлін жандандыру үшін орнықты даму трансшекаралық аймақтары құрылатын, бассейндік принцип негізінде, бірінші кезекте, Балқаш-Алакөл, Жайық-Каспий, Ертіс аймақтарында мемлекетаралық келісімдер мен бағдарламалар іске асырылатын болады.
Ең жаңа экологиялық жағынан таза технологияларды пайдалана отырып, өндірістер құруды немесе қазіргі кәсіпорындарды қайта жаңартуды және стратегиялық су ресурстарын қорғау саласында халықаралық стандарттарды енгізуді ынталандыратын тиімді тетіктерді қалыптастыру, халықты ауыз сумен қажетті мөлшерде және кепілдік беретін сапада орнықты қамтамасыз ету үшін:
экологиялық проблемаларды шешу үшін халықаралық ұйымдар мен донор елдердің мүмкіндіктерін пайдалану;
орнықты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясын, Биоәртүрлілік жөніндегі БҰҰ Конвенциясының биоқауіпсіздік жөніндегі Картахен хаттамасын және Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ Негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау мәселелерін пысықтау;
мынадай:
эмиссия үшін ақының және табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл санкцияларының ынталандырушы сипатын арттыру;
прогрессивті технологияларды енгізу есебінен эмиссиялардың көлемін едәуір төмендеткен кәсіпорындарды ынталандыру;
мемлекеттік тапсырыс шеңберінде экологиялық қауіпсіз өнімдер мен қызметтер өндірісін ынталандыру үшін «жасыл» сатып алу принципін пайдалану жолымен табиғатты пайдалану мен қоршаған ортаны қорғаудың жаңа экономикалық тетіктерін енгізу;
жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуін, жұртшылықтың шешімдер қабылдауға қатысуын, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықтың нығаюын кеңейту;
халықты қажетті мөлшерде және кепілдік берілген сапада ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру, ауыз су сапасының сараланған стандарттарын әзірлеу жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Елдің кәсіпорындары мен ұйымдарын ISO: 14001 экологиялық менеджменттің халықаралық стандарттарымен неғұрлым кеңірек қамту жөнінде, қоршаған орта сапасының стандарттарын халықаралық аналогтармен үйлестіру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Астана қаласында континентте су ресурстарын зерттеу мен қорғау мәселелерін кешенді түрде шешуге арналған Еуразиялық су орталығы құрылатын болады.
Нәтижелері
2009 жылға қарай Қазақстан Республикасы халқының сапалы ауыз суға қол жеткізуін кемінде 15 %-ке ұлғайту қамтамасыз етілетін болады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік табиғи қорық қорының аумағы кемінде 1 232,6 мың га-ға ұлғайтылады.
Ормандарды молайту және орман өсіру жөніндегі жұмыстардың жыл сайынғы көлемі 45 мың га-ға жетеді.
ЖІӨ-нің бір бірлігіне атмосфераға эмиссиялар 20 %-ке, су объектілеріне — 12 %-ке, орналастырылатын қалдықтарға — 14 %-ке төмендейді.
Баламалы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үлесі өседі.
Экологиялық орнықтылық индексі 68 баллға жетеді.
ІSO: 14001 стандартына сәйкестігіне сертификатталған компаниялардың салыстырмалы көрсеткіші ЖІӨ-нің 10 миллион долларына шамамен 1-ден келеді.
Ірі қалаларда атмосфераның ластануының орташа индексі 21 %-ке төмендейді.
Қоршаған ортаға орналастырылатын улы қалдықтардың көлемі 8 %-ке төмендейді.
Экологиялық ахуал жақсарады және «тарихи» экологиялық проблемаларды шешу үшін жағдайлар қалыптастырылады.

4.3.2. Білім беру, кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін дамыту
Мақсаты
Қазіргі заманғы білім берудің, кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың нақты экономикалық жағдайларға барабар бәсекеге қабілетті жүйесін дамыту.
Міндеттері
1. Білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделін енгізу.
2. Білім беру қызметтерінің жоғары сапасын қамтамасыз ету.
3. Жаһандық экономиканың талаптарына жауап беретін қазіргі заманғы кәсібилігі жоғары жұмыс күшін даярлау жүйесін дамыту.
Шешу жолдары
Үкімет нысаналы индикаторларды белгілеу жолымен түпкі нәтижелерге қол жеткізуге, республиканың барлық өңірлерінде мектептегі және мектепке дейінгі білім беру қызметтерін тең де біркелкі көрсетуді қамтамасыз етуге бағдарланған білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделін құру мәселелерін пысықтайтын болады.
Осы мақсатта білім беру саласының бюджет қаражатын орталықтандыру және өңірлік коэффициенттерді ескере отырып, жан басына шағу принципі негізінде оларды бөлу, министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасында білім беру қызметтерін көрсету, білім беру ұйымдарының жұмыс істеуі үшін жауапкершілікті бөле отырып, білім беруді басқарудың бірыңғай құрылымын жасау мүмкіндігі зерделенетін болады. Білім беру қызметтерінің сапасын бақылау жүйесі одан әрі дамиды.
Үкіметтің білім беру қызметтерінің сапасын арттыру саласындағы күш-жігері мынадай бағыттар бойынша шоғырландырылатын болады:
білім беру мазмұнын жақсарту, дәл және инженерлік ғылымдарға ерекше көңіл бөле отырып, барлық деңгейлер бойынша мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандарттарын жетілдіру мен үйлестіру;
мемлекеттік білім беру ұйымдарының желісін дамыту және оларды материалдық-техникалық жарақтандыру, оқу процесін тиісті технологиялармен қамтамасыз ету.
Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі одан әрі дамитын болады.
Мектепке дейінгі тәрбие беру саласында күш-жігер мектепке дейінгі ұйымдардың балаларды қамту деңгейін арттыруға, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар үшін білікті кадрлар даярлауға бағытталады. Бұдан басқа, балалардың өмір сүру сапасын жақсарту және инклюзивтік білім беруді дамыту жөнінде шаралар кешені қабылданатын болады.
Мектепке барар алдындағы даярлық бөлігінде балаларды қамту ұлғайтылатын болады.
Жалпы орта білім беру саласында:
2008 жылдан бастап 12 жылдық орта білім беруге кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылады;
Қазақстанның салыстырмалы халықаралық зерттеулерге қатысуы қамтамасыз етіледі;
жалпы орта білім беру ұйымдарының желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылады, бұл оның ішінде үш ауысымда оқытуды жою проблемасын шешуге, мектептердің авариялық ғимараттарын қайта жаңартуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
үздік мектептерге жыл сайын гранттар тағайындалатын болады;
педагогтарды, оның ішінде 12 жылдық білім беру жүйесі үшін қайта даярлау жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
жалпы орта білім беретін мемлекеттік мекемелерге ағылшын тілінің шетелдік оқытушылары тартылады;
үздік оқытушылардың жұмысын бағалау және сыйлық беру жүйесі жетілдіріледі;
отандық, оның ішінде электрондық оқулықтарды әзірлеу мен енгізу, білім беру процесіне қазіргі заманғы ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды, оның ішінде оқу теледидарын енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
мемлекеттік жалпы орта білім беру мекемелерін физика, химия және биология кабинеттерімен, лингафондық және мультимедиялық кабинеттермен жарақтандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
оқу процесіне «Мультисервистік ақпараттық-коммуникациялық білім беру желісі» көп функционалдық жүйесі енгізіледі;
білім алушылардың жетістіктерін бағалау тетіктері жетілдіріледі;
педагог қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Кәсіптік жоғары білім беру саласында:
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беруді үш сатылы: бакалавриат — магистратура — докторантура моделіне ауыстыру;
техникалық білім беруді дамытуға ден қоя отырып, жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру;
Астана қаласында жаңа университет құрылысын жалғастыру;
жоғары оқу орындарын аккредиттеудің халықаралық моделіне көшуді жүзеге асыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. 2008 жылдан бастап жекелеген білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу жөнінде жұмыс жүргізілетін болады. Оған қол жеткізу үшін нормативтік құқықтық база жетілдірілетін болады;
сырттан бақылау жүйесін құру;
аспирантурада оқитындардың санын бір уақытта қысқарта отырып, РһD докторантура бағдарламасы бойынша білім алушылардың санын ұлғайту;
мамандық пен жоғары оқу орнының мәртебесіне қарай мемлекеттік білім гранттарын саралауды міндетті түрде енгізе отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырудың жаңа принципін енгізу;
экономиканың басым салалары бойынша кадрлар даярлауды қаржыландыруда мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту;
республиканың жоғары оқу орындарына шетелдік оқытушылар мен консультанттарды тарту, сондай-ақ отандық оқытушыларды шетелде тағылымдамадан өткізу;
жоғары оқу орындарының базасында ақпараттық ресурс орталықтары жүйесін құру;
Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының шеңберінде азаматтарды әлемнің үздік жоғары оқу орындарында оқыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Жаһандық экономиканың талаптарына жауап беретін қазіргі заманғы кәсібилігі жоғары жұмыс күшін даярлау жүйесін дамыту үшін Үкіметтің күш-жігері мыналарға:
кәсіптік білім беру жүйесін ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес келтіруге мүмкіндік беретін өзара іс-қимыл жасаудың «мемлекет — оқу орындары — жұмыс берушілер» жаңа моделін құруға;
техникалық және кәсіптік білім берудің білім бағдарламаларын жоғары білім беру бағдарламаларымен үйлестіруге;
экономиканың жекелеген салалары бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегі кадрларын даярлау және қайта даярлау жөнінде өңірлік кәсіптік орталықтар құруға;
еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыратын техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандарын даярлауға шоғырландырылатын болады.
Нәтижелері
2009 жылға қарай кемінде 50 мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандарттары жетілдіріледі және үйлестірілетін болады.
Осы кезеңге қарай мектепке дейінгі ұйымдардың балаларды қамтуы кемінде 30 %-ті, мектеп алдындағы даярлық 80%-ті құрайды.
2009 жылы 12 жылдық білім берумен балаларды қамту 494 мың баланы құрайды.
Қазақстанның салыстырмалы халықаралық зерттеулерге қатысуы 2008 жылы ТІМSS халықаралық зерттеуінде шамамен 55-тен төмен емес орынды алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде 100 мектеп салынатын болады.
Бағдарламаны іске асыру кезеңінде жылына кемінде 31 мың педагог қайта даярлаудан өтеді.
Жыл сайын кемінде 30 үздік мектеп айқындалатын болады.
2008 жылға қарай мектеп оқушыларының компьютерлермен қамтамасыз етілуі 20 оқушыға кемінде 1 компьютер келетін арақатынасты құрайды.
2008 жылы білім беру ұйымдарының 4 және 9-сыныптары оқушыларының кемінде 50 %-і аралық мемлекеттік бақылаумен қамтылатын болады, ал ҰБТ рәсіміне қосымша пән енгізіледі.
2007 жылдан бастап бекітілген отандық стандарттар бойынша ұлттық аккредиттеу жүйесін енгізу басталады және жоғары оқу орындарын институционалдық аккредиттеу жүзеге асырылады. 2008 жылдан бастап жекелеген білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.
2009 жылға қарай экономиканың жекелеген салалары бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі 2 өңіраралық кәсіптік орталық құрылатын болады, сондай-ақ тағы да осындай 2 орталық құру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

4.3.3. Ғылымды дамыту
Мақсаты
Жаңа білімдерді тиімді дамыту мен пайдалануды қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті ұлттық инновациялық жүйенің негіздерін құру.
Міндеттері
1. Ғылыми және инновациялық қызмет үшін қазіргі заманғы инфрақұрылымды дамыту.
2. Академиялық ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары ықпалдастығын қамтамасыз ету.
3. Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың тиімді жүйесін құру.
4. Ғылыми-зерттеуді және конструкторлық қызметті жүргізуде жеке меншік сектор үшін ынталандырулар туғызу.
5. Ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру және қазақстандық ғылымның әлемдік ғылымға кірігуі үшін жағдайлар жасау.
6. Ғылыми қызметкерлердің жалақысының деңгейін арттыру.
Шешу жолдары
Мемлекет жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындайтын басым бағыттар бойынша болашақ инновациялық экономиканы құру үшін негіз болатын іргелі және қолданбалы зерттеулерге қаражат бөлетін болады.
Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландырудың гранттық жүйесі дамиды.
Шетелдік үздік ғалымдарды тарта отырып, жобалар мен ғылыми-техникалық бағдарламаларға тәуелсіз сараптама жасау ғылыми жобаларды іріктеу мен бағалау жүйесінің маңызды буынына айналады.
Инновациялық қызметті қаржыландырудың қосымша нысандары, оның ішінде""Ғылым қоры" акционерлік қоғамы арқылы және жеке меншік бизнес қаражатын тарту есебінен кеңейтіледі.
Үкімет қолданбалы ғылымды қаржыландыру саласындағы озық тәжірибе мен білімді енгізу, әлемдік деңгейдегі күрделі ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамыту саласындағы қазіргі заманғы басқару әдістерін еншілеу жөнінде нысаналы бағытта жұмыс жүргізетін болады.
Қабылданған халықаралық практикаға сәйкес білімді молықтыру және отандық кадрлар даярлау жүйесі болатын университеттік ғылым құрылатын болады. Жоғары оқу орындарының жанынан ғылымды дамытудың 5 басымдығы бойынша инженерлік бейінді 15 зертхана ашылатын болады.
Мынадай бағыттар: нанотехнология, биотехнология, ядролық технологиялар, көмірсутек және тау-кен металлургия өнеркәсібіне арналған жаңа технологиялар, сондай-ақ ғарыштық технологиялар бойынша барлық ғалымдар мен ғылыми ұжымдар және жеке меншік сектор үшін ашық қолжетімді 5 ұлттық зертхана құрылатын болады.
Ұлттық ғылыми зертханалардың қызметі мемлекеттік саясат пен жекеше бастама үшін бағдар ретінде ғылыми және ғылыми-техникалық дамудың белгілі бір мемлекеттік басымдықтары шеңберінде халықаралық стандарттар негізінде жүзеге асырылатын болады.
2009 жылы ұлттық ғылыми зертханалардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің халықаралық стандарттарына көшуі қамтамасыз етілетін болады (Good Laboratory Practice — тиісті зертханалық практика, Good Scientific Рrаcticе — тиісті ғылыми практика).
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы заңнама жетілдірілетін болады.
Ғылыми әлеуетті барынша пайдалану мақсатында академиялық ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының кірігуін күшейтуге бағытталған құрылымдық реформалар жүргізілетін болады.
Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін инновациялық-білім беру консорциумдарын құруды қолдау жүзеге асырылатын болады.
Ұлттық компаниялармен бірлесіп, олардың негізгі қызметіне байланысты болжамды перспективалық проблемаларды шешуге бағытталған арнайы ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірленетін болады.
Жоғары ғылыми-техникалық комиссия жанынан Халықаралық сараптамалық кеңес құрылатын болады, оның негізгі міндеттері ғылымды дамытудың әлемдік трендтерін талдау және отандық ғылыми-техникалық әлеуетке сараптама жүргізу болады.
Шетелдік ғалымдарды, ұйымдар мен халықаралық бағдарламаларды, оның ішінде шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін қатыстыра отырып, қазақстандық ғылыми жобаларды іске асыру ұйғарылып отыр.
Ғылым саласының қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.
Нәтижелері
2009 жылға қарай ұжымдық пайдаланудағы 5 ұлттық ғылыми зертхана және басым ғылыми бағыттар бойынша жоғары оқу орындары жанындағы инженерлік бейінді 15 зертхана жарақтандырылатын болады, сондай-ақ олардың стратегиялық даму жоспарлары әзірленеді.
2008—2009 жылдары шетелдік жетекші ғылыми орталықтарда 100 қазақстандық ғалым үшін қысқа мерзімді тағылымдамалар ұйымдастырылатын болады.
2008—2009 жылдары ұлттық компаниялармен бірлесіп бес басым бағыт бойынша арнайы ғылыми-техникалық бағдарламалар, сондай-ақ шетелдік ғалымдарды, ұйымдарды қатыстыра отырып, шамамен 10 қазақстандық ғылыми жоба және халықаралық бағдарламалар мен жобалар, оның ішінде шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін қатыстыра отырып, іске асырылатын болады.

4.3.4. Медициналық қызмет көрсетулердің жоғары сапасын қамтамасыз ету
Мақсаты
Денсаулық сақтаудың қолжетімді және бәсекеге қабілетті жүйесін құру.
Міндеттері
1. Денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделін енгізу.
2. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
3. Денсаулық сақтаудың әлеуметтік мәні бар проблемаларын шешу.
4. Медициналық, фармацевтикалық білімнің және денсаулық сақтау
саласындағы ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру.
Шешу жолдары
Денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделін құру жөніндегі міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
ерікті медициналық сақтандыру жүйесін және бәсекеге қабілетті жеке меншік секторды одан әрі дамыта отырып, денсаулық сақтаудың бюджеттік моделін қалыптастыру;
денсаулық сақтау органдары мен ұйымдары қызметінің түпкі нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін әзірлеу және енгізу;
саланы барлық деңгейдегі білікті басқарушы кадрлармен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау менеджерлерін даярлау жүйесін құру, осы мамандарды даярлау, оның ішінде шетелде даярлау қажеттілігі мен кезеңділігін айқындау;
денсаулық сақтау ұйымдарына шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мәртебесін беру және өзге де ұйымдық-құқықтық нысандарға ауыстыру жолымен олардың дербестігін кезең-кезеңімен арттыру, сондай-ақ қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізу;
түпкі нәтижеге бағдарланған еңбекақы төлеудің сараланған жүйесін одан әрі жетілдіру;
саланы басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс әзірлеу;
«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтаудың біртұтас ақпараттық жүйесін құру» жобасын іске асыру, осы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне, оның ішінде пациенттердің электрондық медициналық картотекасын құру бөлігінде қажетті өзгерістер енгізу.
Үкімет сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы бюджет қаражатын орталықтандыру, оларды өңірлік коэффициенттерді ескере отырып, жан басына шағу принципі негізінде бөлу, медициналық көмек көрсету, мемлекеттік денсаулық сақтау объектілерінің жұмыс істеуі үшін жауапкершілікті министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасында бөле отырып, денсаулық сақтауды басқарудың бірыңғай құрылымын құру мәселелерін пысықтайтын болады.
Медициналық көмектің қолжетімділігін және оның сапасын арттыру үшін мыналар көзделеді:
бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының желісін мемлекеттік нормативке сәйкес келтіру және пайдалану үшін жарамсыздарының және ыңғайластырылған үй-жайларда орналасқандарының орнына үлгі объектілер, оның ішінде ауылда салу, дәрігерлерге арналған тұрғын үй салу;
аурухана секторын халықаралық тәжірибені ескере отырып, көп бейінді және мамандандырылған ұйымдарды нормалау, типтендіру және біріктіру жолымен қайта құрылымдау. Көп бейінді стационарларды дамыту инвестициялық саясаттың басымдығы болып айқындалады. Бұл ретте уақтылы жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетулерге қабілетті жаңа объектілерді салу және пайдалануға беру қазіргі объектілерді ауыстыра және тиімсіз жұмыс істейтін төсектік қорды қысқарта отырып жүзеге асырылатын болады;
2008—2010 жылдар аралығында, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігін пайдалана отырып, оларға аса мұқтаж өңірлерде 100 денсаулық сақтау объектісін салу;
медициналық қызмет көрсетулердің сапасын арттырудың орнықты жүйесін қалыптастыру үшін медициналық ұйымдарды кезең-кезеңімен тәуелсіз аккредиттеуді енгізу;
тәуелсіз сараптама жүйесін дамыту жолымен тұтынушылар үшін медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыру;
медициналық қызметтерді қоса алғанда, салада пайдаланылатын рәсімдерді одан әрі стандарттау, сондай-ақ оларды бақылау тетіктерін енгізу;
үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, дәрілік препараттардың қолжетімділігін, тиімділігін, қауіпсіздігін және сапасын арттыруға бағытталған дәрілік қамтамасыз етудің жаңа моделін әзірлеу және енгізу.
Денсаулық сақтаудың әлеуметтік мәні бар проблемаларын шешу үшін:
ұйымдық құрылымын жетілдіріп, қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратын сырқаттар мен мүгедектердің ауруларының алдын алудың, ерте диагностикалаудың, емдеудің және медициналық оңалтудың тиімді әдістерін енгізіп, ұйымдық құрылымдарды жетілдіре, кардиохирургиялық бейіндегі мамандарды даярлап және олардың біліктілігін арттыра отырып, кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту;
инфекцияның таралуын тиімді эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз ете, індетке қарсы іс-шараларды күшейте, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туберкулезге қарсы сатып алынатын препараттардың сапасын жақсарта, жұқпалы шағын түйіршікті нысандарымен ауыратын созылмалы сырқаттарды емдеу жөніндегі оңтайлы схемалар мен ұйымдық қағидаттарды әзірлей отырып, халықты туберкулезден қорғау;
трансфузиялық көмектің қауіпсіздігін, сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, АҚТҚ/ЖҚТБ-мен аурудың өсу қарқынын төмендету үшін Қазақстан Республикасында қан қызметін жетілдіру;
әлемде сынақтан табысты өткен нақты қағидаттар мен іс-шараларды жүйелендіре, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірі туу және өлі туу өлшемдеріне көшуді жүзеге асыра және медициналық-статистикалық көрсеткіштер деректерінің болжамды өсуіне байланысты әкімшілік шаралар қабылдауға уақытша мораторий жариялай отырып, ана мен бала өлімін азайту;
халықтың медициналық және санитарлық сауаттылық деңгейін, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бастапқы медициналық-санитарлық көмекпен өзара іс-қимылын арттыру, ауыз судың сапасын бақылауды күшейту, мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде алдын алу іс-шараларын өткізу, барлық білім беру ұйымдарында медициналық пункттер желісін кезең-кезеңімен қалпына келтіру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру көзделеді.
Медициналық, фармацевтикалық білімнің және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру үшін мыналар көзделеді:
медициналық және фармацевтикалық білім беруді реформалау тұжырымдамасын іске асыру;
халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген жоғары әрі орта медициналық және фармацевтикалық білім берудің мемлекеттік жаңа стандарттарын енгізу;
үздіксіз кәсіптік білім беру және медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру үшін халықаралық тәжірибе негізінде сертификаттау тетіктерін енгізу;
халықаралық талаптарға сәйкес медициналық жоғары оқу орындарын ұлттық аккредиттеу жүйесін енгізу;
танылған шетелдік агенттіктердің медициналық жоғары оқу орындарын халықаралық аккредиттеуді жүргізуі үшін жағдай жасау;
қажеттілікті ескере отырып, мамандардың ауылдық жерлерде одан әрі жұмыс істеуі жағдайында оларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде квота белгілеу;
медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жетілдіру үшін дәрігерлердің білімін бағалау жүйесін ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
ғылыми зерттеулер жүргізудің халықаралық стандарттарын енгізуді көздейтін медицина ғылымын реформалау тұжырымдамасын әзірлеу, практикалық денсаулық сақтау сұраныстарын негізге ала отырып, медициналық зерттеулердің негізгі бағыттарын қалыптастыру;
Астана қаласында құрылатын медициналық кластер базасында практикалық денсаулық сақтауға жаңа ғылыми, білім беру және басқару технологияларының трансфертін жүзеге асыру.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет