Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы



бет9/10
Дата24.02.2016
өлшемі0.61 Mb.
#15409
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Нәтижелері
АӨК жалпы өнімінің көлемі 1 гектар егістікке шамамен 300 АҚШ долларын құрайды.
2007—2009 жылдары тамақ өнеркәсібі өнімінің өндірісі көлемінің өсу қарқыны жылына шамамен 7 %-ті құрайды.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің энергиямен қамтамасыз етілуі 1 гектар егістікке 178 ат күшін құрайды.
Республиканың машина-трактор паркі жыл сайын 2 %-ке жаңартылады.
Егістік құрылымында жоғары рентабельді дақылдар егістігі 70 %-ке дейін ұлғаяды.
Суғаратын суды тұтынуды үнемдеу 20—30 %-ті құрайды.

4.5.3. Жер қатынастары, геодезия және картография
Мақсаты
Жер қатынастары, геодезия және картография, сондай-ақ жер ресурстарын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру.
Міндеттері
1. Жер учаскелерін, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысына беру және ресімдеу рәсімінің ашықтығын әрі оңайлатылуын қамтамасыз ете отырып, жерді нарықтық айналымға тарту көлемін ұлғайту.
2. Жер ресурстарын басқару, жер қатынастарын, геодезиялық және
картографиялық іс-шараларды реттеу саласында заңнамалық, ғылыми-әдістемелік және нормативтік құқықтық қамтамасыз ету.
3. Халықаралық талаптарға жауап беретін және мемлекеттің қажеттілігін қамтамасыз ететін геодезиялық және картографиялық өнім шығаруды ұлғайту.
Шешу жолдары
Алға қойылған міндеттерді шешу үшін:
жер заңнамасына нарықтық операциялар үшін қолжетімді жерді арттыру, жер учаскелерін беру тәртібінің ашықтығын және оңайлатылуын қамтамасыз ету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі;
жер қатынастарын, геодезияны және картографияны реттеу жөнінде ғылыми, әдістемелік, нормативтік-техникалық құжаттама әзірленеді;
жерді қашықтықтан зондтау және жергілікті жерлердің қазіргі жағдайына сәйкес келетін мемлекеттік топографиялық карталардың ауқымды қатарын жаңарту жөнінде жұмыстар жүргізіледі;
елдің геодезиялық және картографиялық өнімдерге мұқтажын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданады.
Нәтижелері
Жер учаскелерін беру мерзімі, оның ішінде шағын бизнес субъектілері үшін он бес күнге дейін қысқартылады, жер учаскелеріне арналған құжаттарды бір айға дейін ресімдеу мерзімі белгіленеді.
Нарықтық айналымға тартылған ауыл шаруашылығы жерінің саны осы санаттағы барлық жердің кемінде бес процент деңгейіне жетеді.
Жер қатынастары, геодезия және картография саласында тұтастай нормативтік құқықтық, ғылыми, әдістемелік, нормативтік-техникалық база жасалады.
Мемлекеттік және басқа да тілдерде мемлекеттік топономикаға сәйкес келетін ауқымды қатардағы мемлекеттік топографиялық карталардың 20 %-ке дейінгісі жаңартылды, тақырыптық, оқу карталары мен атластар жасалды және шығарылды.

4.5.4. Минералдық шикізат кешенін дамыту
Мақсаты
Өндіруші сектор қызметінің тиімділігі мен экономикалық қайтарымын арттыру.
Міндеттері
1. Экономиканың шикізат секторын тиімді басқаруды арттыру.
2. Табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
3. Қазақстанның әлемдік және өңірлік энергетикалық кеңістіктегі ұстанымын нығайту қамтамасыз етілетін болады.
Шешу жолдары
Республиканың минералдық шикізат кешенінің ресурстық базасын одан әрі дамыту және нығайту қамтамасыз етіледі.
Алға қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
алаңдарды геологиялық және гидрогеологиялық толық зерделеуді жүргізу;
кенді аудандарды геологиялық-минерагеникалық картаға түсіру;
перспективалы учаскелерде іздестіру, іздестіру-бағалау және іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу;
пайдалы қазбалардың кен орындарын, бірінші кезекте, көмірсутегі шикізатын ғарыштық болжау және іздестіру жүйесін құру;
жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ жер асты суларының және қауіпті геологиялық процестердің мониторингін жүргізу;
мұнайдың және өзінен-өзі құйылатын гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және тұмшалау;
геологиялық саланың басым бағыттарын ғылыми-техникалық қолдау;
жер қойнауы мен минералдық шикізат ресурстары мағлұматтары бар осы заманғы ақпараттық база құру.
Маңызды тау-кен өнеркәсібі және мұнай-газ өндіретін аудандар бойынша жаңа буындағы геологиялық-картографиялық негіз құрылады, минералдық шикізат кен орындары мен жер асты суларын орналастырудың заңдылығы айқындалады. Халықаралық стандарттарға сәйкес пайдалы қазбалардың қорлары қайта бағаланатын болады.
«Электрондық үкімет» шеңберінде осы заманғы ақпараттық технологиялар базасында жер қойнауын пайдалануды басқару жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады.
«Электрондық үкіметті» дамыту шеңберінде"Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі (ЖП ББМЖ) ақпараттық жүйесін құру жоспарланып отыр, бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың басқару және өзара іс-қимыл, жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі келісім-шарттық міндеттемелерді, экология, әлеуметтік сала, білім беру саласындағы міндеттемелерді, қазақстандық кадрлар мен тауар өндірушілерді, жұмыстар мен қызметтер көрсетушілерді және басқаларды тарту жөніндегі міндеттемелерді орындау мониторингі мен оларды бақылау мәселелерін келісуге мүмкіндік береді.
Заңнамалық база жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру тәртібін оңайлату бөлігінде оны беру жөніндегі рәсімдерді оңтайландыру жолымен жетілдірілетін болады.
Қазақстанның Өндіруші салалар қызметінің ашықтығы бастамасын (ӨСҚАБ) енгізуі шеңберінде де тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Қазақстанның энергетикалық шикізатты жеткізушілердің әлемдік нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Каспий құбыржол консорциумының мұнай құбырын кеңейтуді, Ақтау — Баку — Тбилиси — Джейхан бағыты бойынша мұнай тасымалдау жүйесін жасауды, Қазақстан — Қытай құбыржолын (II кезең) салу жобасы жөніндегі жұмысты жалғастыруды көздейтін көмірсутегіні тасымалдаудың мультимодальді экспорттық жүйесін құру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Газ саласын дамытудың жаңа стратегиясы әзірленетін болады.
Қытайға газ жеткізуді кейіннен және ықтимал кеңейте отырып, Бейнеу — Бозой және Шалқар — Самсоновка газ құбыржолын салу мәселесі қаралады.
Нәтижелері
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2009 жылы алтын қорларының өсімі 20 тоннаны, мыс 245 мың тоннаны, қорғасын 100 мың тоннаны, мырыш 290 мың тоннаны құрайды.
Жер асты суларының пайдалану қорларымен 937 ауылдық елді мекен қамтамасыз етілетін болады.
Мұнай өндірудің өсімі жылына 78 млн. тоннаға дейін және газ 35,7 млрд текше метрге дейін қамтамасыз етіледі, көмірсутегілер бойынша экспорттық әлеует ұлғайтылады. Атасу — Алашонкоу мұнай құбырының өткізу қабілеті кеңейтіле отырып жылына 20 млн. тоннаға жеткізіледі.

4.5.5. Тұрғын үй құрылысының әлеуметтік бағдарланған саясатын іске асыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту
Мақсаты
Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тиімді нарықтық тетіктер негізінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту.
Міндеттері
1. Тұрғын үй құрылысын, оның ішінде жеке меншік құрылысты дамыту.
2. Тұрғын үйді жалға беру секторын дамыту.
3. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту.
4. Тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру.
Шешу жолдары
Үкімет Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008—2010 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар дайындайды.
Елде жылжымайтын мүліктің бәсекелі және ашық нарығын құру үшін мынадай шаралар көзделетін болады:
жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласында әкімшілік және заңнамалық талаптарды оңайлату;
жер учаскелерін ресімдеу жөніндегі рәсімдерді оңайлату және оларды беру ашықтығын қамтамасыз ету;
жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жүйесін жетілдіру;
жылжымайтын мүлікті бағалаудың тиімді әдістерін әзірлеу.
Республикалық бюджеттен тұрғын үй салынған аудандарда инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым құрылысына қаражат бөлу жолымен жеке тұрғын үй құрылысы секторын дамытуды ынталандыру саясаты жалғастырылады. Республикалық бюджеттен кредит қаражаты есебінен тұрғын үйлерді одан әрі салу жоспарланады. Астана қаласында бюджет саласының қызметкерлері үшін тұрғын үй салу, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақтарының жүйесін дамыту арқылы жалғастырылатын болады.
Ипотекалық кредит беруге байланысты қызметтерді көрсететін сақтандыру компанияларын ынталандыру үшін тиісті заңнамалық негіз жасалатын болады.
Үкімет тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту мақсатында:
тұрғын үйді жалға беру (коммуналдық) секторын дамыту және жеке меншік жалдау үйлерін салуды ұйымдастыру үшін жағдай жасауды;
экономикалық өсу полюстерінің маңында құрылатын серіктес қалаларда инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым салуды ынталандыруды;
ипотекалық кредит беру және тұрғын үй құрылысы жинақтарының жүйелерін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар тұжырымдауды ұйғарып отыр.
Қолданыстағы өңірлік бағдарламаларға сәйкес апатты тұрғын үйлерді бұзу жалғастырылатын болады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мақсатында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жөндеу және тұрмысы төмен азаматтарға берілетін тұрғын үй жәрдемақылары жүйесін жетілдіру мәселесі зерделенетін болады.
Үкімет құрылыс сапасын мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдайды.
Құрылыс индустриясын дамытуды ынталандыратын негізгі шаралар, оны мемлекеттік қолдаудың, оның ішінде бәсекеге қабілетті құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының жаңа өндірістерін құруды ынталандыру жөніндегі нысандары мен әдістері де айқындалатын болады.
Нәтижелері
2007—2010 жылдары жалпы алаңы кемінде 33,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.
Әкімдіктерде коммуналдық (жалға алу) тұрғын үйін алуға кезекте тұрған 14,0 мыңнан астам отбасы және бұзуға жататын апатты тұрғын үйлерде тұрып жатқан 5,0 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008—2010 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы шеңберінде салынған тұрғын үйлерді сатып алуға ипотекалық кредит беру жөніндегі ставка кемінде 10 %-тен төмендейтін деңгейге дейін азайтылатын болады.
Құрылыс индустриясына прогрессивті технологияларды енгізу есебінен өндірістің материалды қажетсінуі, энергияны қажетсінуі және еңбекті қажетсінуі 25—30 %-ке төмендетілетін болады.
2010 жылға қарай ішкі нарық қажеттілігінің шамамен 70 %-ін құрылыс материалдарының, бұйымдардың және конструкциялардың отандық өндірісі қамтамасыз ететін болады.

4.6. Техникалық реттеудің жаңа моделіне көшу
Мақсаты
Адамның өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін өнім мен процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ саудадағы техникалық кедергілерді жою.
Міндеттері
1. Техникалық реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру.
2. Техникалық регламенттерде ең аз қажетті талаптарды белгілеу
жолымен әкімшілік кедергілерді жою.
3. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнім туралы
ақпарат жинау және алмасу жүйесін жасау.
4. Мемлекеттік стандарттарды халықаралық талаптармен үйлестіру, техникалық регламенттерді әзірлеу үшін айғақтау базасын құру.
5. Аккредиттеу және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды дамыту және жетілдіру үшін жағдай жасау.
6. Сәйкестікті растау жөніндегі отандық органдар мен зертханаларды халықаралық деңгейде тану.
7. Отандық кәсіпорындарды халықаралық менеджмент жүйесінің
стандарттарына өту үшін ынталандыру және оларға жағдай жасау.
8. Экономика салаларының қажеттілігін метрологиялық қамтамасыз ету үшін эталон базасын жетілдіру.
9. Техникалық реттеу бойынша жұмыстарды үйлестіру жөніндегі
функциялар мен стандарттау және аккредиттеу жөніндегі функциялардың ара жігін ажырату.
10. Техникалық реттеу және өлшем бірліктерін қамтамасыз ету саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау.
Шешу жолдары
Қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
қажетті заңнамалық актілерді әзірлеу және қабылдау;
мемлекеттік органдардың техникалық регламенттердің қабылдануымен жойылуға жататын ведомстволық құжаттарды айқындау мақсатында заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге және өзге де нормативтік құжаттарға талдау жүргізуі;
техникалық регламенттерді әзірлеу және қабылдау;
техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін ықтимал қауіпті өнімнің есебін жүргізу;
өнімнің өмірлік кезеңінің барлық сатыларында қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша оны қадағалау жөніндегі функциялардың аражігін ажырату;
анықталған тәртіп бұзушылықтар үшін жазаның қайтымсыздығы мен шамалас болуын қамтамасыз ету;
аумақтық бақылау органдарын, оның ішінде жедел талдаулар жүргізу үшін арнайы жабдықпен қамтамасыз ету;
мемлекеттік метрологиялық қадағалау саласын қысқарту;
техникалық регламенттердің талаптарын орындауда айғақтау базасы ретінде қызмет ететін үйлестірілген стандарттар әзірлеу;
республикада стандарттау жөніндегі жаңа техникалық комитеттер құру және олардың халықаралық стандарттау ұйымы (ISO), Халықаралық электротехникалық комиссия (ІЕС) мен Еуропалық стандарттау комитеті (СЕН) халықаралық техникалық комитеттерінің жұмысына қатысуын қамтамасыз ету;
қажетті халықаралық стандарттарды сатып алу және оларды түпнұсқа тілінен, оның ішінде материалдық, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу, телекоммуникация мен инфрақұрылым мәселелеріне байланысты, әсіресе, шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды қазақ және орыс тілдеріне аудару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты кәсіпорны базасында стандарттау жөнінде ұлттық орган құру;
салалық мемлекеттік органдарда стандарттау қызметтерін құру;
техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты кәсіпорны базасында сәйкестікті растау органдарын аккредиттеу жөніндегі ұлттық орган мен зертханалар құру;
мемлекеттік органдардың сынақ зертханаларын (орталықтарын) құру жөнінде шаралар қабылдау және жұмыс істеп тұрған сынақ зертханаларының (орталықтарының) жұмысын жетілдіру;
шекара маңы сауда орталықтарын салу шеңберінде, сондай-ақ бейінді емес мемлекеттік активтерді бәсекелі ортаға беру есебінен өнім жөніндегі сынақ зертханаларын құру;
аккредиттелген ұйымдар, оның ішінде интеграциялық бірлестіктер шеңберінде беретін аккредиттеу, сертификаттар мен хаттамалар жүйелерінің баламалығы жөніндегі көп жақты және екі жақты келісімдер жасасу жөнінде шаралар қабылдау (қазақстандық экспортты жылжыту үшін«жасыл дәліз құру);
ұлттық эталон базасын жетілдіру, оның шетелдік ұқсас желілерге сәйкес келуіне қол жеткізу;
жаңа материалдар, биотехнология, ядролық технологиялар мен жаңартылатын энергия көздері технологиялары, көмірсутегі және тау-кен-металлургия секторларына арналған технологиялар және оларға байланысты сервистік салалар, сондай-ақ ақпараттық және ғарыш технологиялары саласындағы жоғары технологиялы өлшеу, сынау жабдығы құралдары мен эталондарын жаңғырту және олармен жарақтандыру жөнінде талдау жүргізу;
өлшеу құралдарын сынаудың мемлекеттік орталығын құру;
кәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау менеджменті, экологиялық менеджмент жүйелеріне және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі менеджменті жүйелеріне арналған стандарттарды енгізуді нормативтік және әдістемелік қамтамасыз ету;
өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында менеджмент жүйелерін жедел енгізу үшін халықаралық сарапшыларды тарту;
менеджмент жүйелерін енгізетін және халықаралық стандарттар бойынша өнім шығаратын кәсіпорындарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының және «Алтын сапа» республикалық көрме-конкурсының лауреат кәсіпорындарын ынталандырудың экономикалық және қаржылық тетіктерін әзірлеу;
техникалық регламенттерді, стандарттарды әзірлеуді, зертханалар құруды, даму институттарының қызметі шеңберінде жаңа өндірістер ашу кезінде менеджмент жүйелерін енгізуді қамтамасыз ету;
халықаралық деңгейдегі сарапшы аудиторларды даярлау және біліктілігін арттыру;
бұқаралық ақпарат құралдарында техникалық реттеудің халықаралық моделіне көшу идеясын кеңінен жария ету.
Нәтижелері
Кемінде 100 техникалық регламент қабылдау.
Өнім қауіпсіздігі мен нарықты қорғау деңгейін және отандық өнімнің шетелдік нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Өнімге және процестерге қойылатын талаптарды белгілеуде ведомстволық нормалауды және мемлекеттік органдардың функцияларды қайталауын болдырмау.
Ұлттық стандарттарды халықаралық талаптармен үйлестіру деңгейін 65 %-ке дейін жеткізу.
Жұмысына Қазақстан қатысатын халықаралық техникалық комитеттердің санын 14-ке дейін арттыру.
«Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.
Сәйкестікті растау жөніндегі кемінде 10 орган мен зертханаларды аккредиттеу.
Сәйкестікті растау мен аккредиттеу нәтижелерінің шет елде мойындалуы.
Ұлттық аккредиттеу жүйесін жетілдіру.
Сәйкестікті растау рәсімдерін қысқарту немесе қайталама рәсімді болдырмау есебінен өнімнің өзіндік құнын төмендету.
Менеджмент жүйелерін енгізген кәсіпорындардың саны 1500-ге дейін артады.
Өлшеу құралдарын сынаудың мемлекеттік орталығын құру.
Метрология саласында бәсекелі ортаны дамыту және жекелеген қызметтер нарығын дамыту.
Техникалық реттеу мен өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тиімді ұйымдық құрылымы.

4.7. Инфрақұрылымды дамыту

4.7.1. Көлік
Мақсаты
Экономика мен халықтың көлік қызметтеріне қажеттілігін қанағаттандыруға қабілетті көлік-коммуникация инфрақұрылымын озық дамыту, ол ең алдымен көлік инфрақұрылымының алуан түрлерін біртұтас көліктік, оның ішінде энергия-көліктік дәліздерге біріктіруге негізделген.
Міндеттері
1. Қозғалыс қарқындылығының перспективалық өсуін ескере отырып, автомобиль жолдарының техникалық жай-күйін нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келтіру.
2. Темір жол саласын, әуе тасымалдары нарығын, транзиттік дәліздерді, көлік-логистика орталықтарын дамыту.
3. Қазіргі заманғы жоғары технологиялық теңіз көлігін, порт және сервистік инфрақұрылым құру.
Шешу жолдары
Үкімет инфрақұрылым қызметтерінің сапасын арттыруға және құнын азайтуға назар аударатын болады.
Автомобиль жолдарының негізгі транзиттік дәліздерін олардың параметрлерін оське кемінде 13 тонна жүктемесі бар кем дегенде II техникалық санатқа дейін жеткізе отырып, қайта жаңарту жалғасады, жергілікті маңызы бар жолдар желісі кеңейтіледі. Прогрессивтік технологиялар мен материалдарды енгізу жолымен автомобиль жолдарын салу мен оларға қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Транзиттік әлеуетті дамытуда Батыс Еуропа — Ресей — Қазақстан — Батыс Қытай бағытындағы автокөлік дәлізін, Каспий теңізінің қазақстандық теңіз порттарын елдің шығыс қақпаларымен байланыстыратын ендік бағыттағы автомобиль және темір жол дәліздерін салу жөніндегі жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылатын болады.
Қазақстанның көлік тораптарында, оның ішінде Достық станциясында, Ақтау теңіз портында, «Қорғас» және «Тасқала — Озинки» өтпелерінде, Астана, Алматы және басқа қалаларда көлік-логистикалық орталықтар құрылатын болады.
Инфрақұрылым объектілерін салу кезінде бұл процеске «Самұрық» және""Қазына" акционерлік қоғамдары тартыла отырып, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі кеңінен қолданылатын болады.
Экономиканың және халықтың темір жол тасымалдарына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін мыналар көзделеді:
темір жол саласын қайта құрылымдау процесін аяқтау;
темір жол көлігімен тасымалдау саласында қызметтер көрсету құрылымын қайта қарау және оңтайландыру;
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамын қайта құрылымдау және темір жол тасымалдары нарығында бәсекені дамытуға бағытталған темір жол саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру;
темір жол желісін жаңғырту;
жылжымалы құрамды жаңарту және жаңғырту, сондай-ақ локомотивтер мен вагондардың отандық өндірісін ынталандыру есебінен тасымалдар инфрақұрылымын дамыту;
әлеуметтік мәні бар жолаушылар бағыттарының халық үшін қолжетімділігін сақтау;
контейнерлік тасымалдарды дамыту;
тасымалдар мен тарифтік саясат саласындағы нормативтік базаны жетілдіру.
Азаматтық авиацияны одан әрі дамыту мынадай жолмен жүзеге асырылатын болады:
әуе кемелері паркін жаңарту;
жергілікті және сыртқы әуе нарығында бәсекелестікті дамыту;
ұшу құрамын (ұшқыштарды) бастапқы даярлау жүйесін жетілдіру және дамыту;
Астананың, Алматының, Атыраудың, Павлодардың және Шымкенттің тораптық әуежайларын және Қазақстанның өнеркәсіптік және дамушы өңірлерінде (Ақтөбе, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Орал) орналасқан әуежайларды қалыптастыру, оларды халықаралық талаптарға сәйкес келтіру;
жер үсті және аэродром инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту.
Су көлігі саласында теңіз және өзен порттарын дамыту және жаңғырту көзделеді.
Нәтижелері
2009 жылы 2006 жылмен салыстырғанда мыналар күтіледі:
жүк тасымалдарының көлемі құбыржол көлігін ескермегенде 2275,4 млн. тоннаны құрайды (өсім 24 %);
жолаушылар тасымалдарының көлемі 12910,2 млн. адамды құрайды (өсім 22%);
жалпы жүк айналымы құбыржол көлігін ескермегенде 306,8 млрд. тонна-км-ді құрайды (өсім 24 %);
жолаушылар айналымы 147,4 млрд. жолаушы-км-ді құрайды (өсім 25 %);
Ақтау портында жүк аударудың жалпы көлемі 2009 жылға қарай 13 млн. тоннаны құрайды;
контейнерлік тасымалдар көлемі 3,4 млн. тоннаны құрайды (өсім 200 %);
жүктерді автомобиль көлігімен транзиттік тасымалдау 3,5 есеге ұлғаяды және шамамен 0,5 млн. тоннаны құрайды; темір жол көлігімен — 30 %-ке ұлғаяды және 13,6 млн. тоннаны құрайды;
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде қызмет көрсетілген млн. ұшақ-км саны 9 %-ке артады;
8425 км автомобиль жолдары жақсы, 9250 км-і қанағаттанарлық күйде болады;
1400 км-ге жуық жаңа темір жол желілері салынады және темір жолдардың жүк тасымалы жоғары учаскелерінің 1700 км-ден астамы электрлендіріледі;
Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Жезқазған және Шымкент қалалары әуежайларының ұшу-қону жолақтары ИКАО халықаралық талаптарына сәйкес келетін болады.

4.7.2. Электр энергетикасы
Мақсаты
Экономиканың өскелең қажеттіліктерін қамтамасыз ететін елдің энергетикалық әлеуетін арттыру.
Міндеттері
1. Жинақтағыш қуаттар мен электр желілік объектілерді жаңғырту және озық дамыту.
2. Атом энергетикасының негіздерін жасау.
3. Энергияның жаңартылатын көздерін дамыту.
4. Энергия үнемдейтін технологияларға көшуді ынталандыру.
Шешу жолдары
Елдің электр энергиясына деген өскелең қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қазіргі электр станцияларын қайта жаңарту және кеңейту әрі жаңаларын салу жөніндегі бірқатар жобаларды іске асыруға кірісуді жоспарланады. Мұндай жобаларға Ақсу МАЭС-індегі энергия блоктарын жаңғырту, Екібастұз МАЭС-1-дегі жұмыс істемейтін энергия блоктарын оңалту және Екібастұз МАЭС-2-де жаңа қуаттарды қосу, Астана қаласында ЖЭО-2-ні кеңейту және қайта жаңарту, сондай-ақ ЖЭО-3 салу, Бұлақ СЭС-ін салу.
«Солтүстік-Оңтүстік» ЖВЖ-500 кВ транзитінің екінші желісін салу және іске қосу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады, бұл транзиттің өткізу қабілетін екі еседен астамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қапшағай СЭС-інің ең жоғары қуатын ұлғайтуға мүмкіндік беретін Кербұлақ СЭС-ін (Қапшағай СЭС-інің қарсы реттеуіші) салу мәселесі пысықталатын болады.
Ақтөбе энергия торабын энергиямен қамтамасыз ету проблемалары «Солтүстік Қазақстан — Ақтөбе облысы» ЖВЖ-500 кВ өңіраралық электр беру желісін салу және Қандыағаш ҚЖЭС-ін салу арқылы шешілетін болады.
Ұлттық электр желісінің транзиттік әлеуеті ұлғайтылады және Қазақстан Республикасы энергия жүйесінің сенімділігі артады.
Қазақстанның оңтүстігін энергиямен жабдықтау мәселелерін шешу мақсатында""Самұрық" холдингі жаңа ірі жылу электр станциясын салудың әр түрлі нұсқаларын қарастыратын болады.
Үкімет шектес мемлекеттермен кешенді энергетикалық жүйе құру мәселелерін зерделейтін болады.
Энергетикалық қуаттарды дамыту мен қалпына келтірудің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін шаралар кешені әзірленетін болады.
Ұлттық электр желісін жаңғырту және көмір саласын халықаралық стандарттарға көшіру жөніндегі жұмыс жалғасады және аяқталады.
Концессиялық негізде инфрақұрылым объектілерін салу жөніндегі жобаларды іске асыруға «Самұрық» мемлекеттік холдингі және «Қазына» орнықты даму қоры, ірі отандық және шетелдік компаниялар, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорлары тартылатын болады.
Үкімет өңірлік ынтымақтастық ұйымдары шеңберінде энергетикалық биржа құрудың мүмкіндігі мен орындылығы мәселесін зерделейтін болады.
Атом өнеркәсібін және энергетиканы дамыту жөніндегі шаралар кешені әзірленетін болады, оның ішінде:
Қазақстанда атом электр станциясын салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді;
уранды байыту жөніндегі өндірістің жобасын әзірлеу және оның құрылысын бастау мәселесі қаралады;
Қазақстан Республикасының аумағында уранды, жылу бөлетін элементтерді және жиналымдарды конверсиялау бойынша өндірістер құру жөнінде шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіледі;
ядролық реакторлардың инновациялық жобалары үшін ядролық отынның жаңа түрлерін әзірлеу және сынау жүзеге асырылады.
Республиканың жинақтағыш қуаттарын ұлғайтуға бағытталған жобаларды іске асыру кезінде энергия теңгеріміне жаңартылатын энергия көздерін тартуға ерекше назар аударылатын болады. Ең алдымен, бұл — су энергетикасы, жел энергиясы мен күн энергиясын пайдалану. Осыған байланысты елдің әрбір өңірінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану әлеуетін анықтау жөніндегі мақсатқа бағытталған жұмыс жүргізілетін болады. Энергетиканың осы секторына инвестицияларды ынталандыру шаралары әзірленетін болады.
Энергияны тиімді пайдалануды ынталандыруға, сондай-ақ энергетика саласына ғылымды қажетсінетін энергия үнемдеу технологияларын және тәжірибе-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін енгізу тетіктерін әзірлеуге бағытталған энергия үнемдеу туралы заң жобасының жаңа редакциясы әзірленетін болады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет