Шешу жолдары
Үкімет ҚАЖ-ды одан әрі дамытудың 2007—2009 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдайтын болады.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде адамдарды ұстау жағдайларын жақсарту мақсатында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде медициналық қызмет көрсету сапасы арттырылады, қауіпті аурулардың алдын алу, оларды диагностикалау мен емдеу мәселелері бойынша денсаулық сақтау органдарымен өзара іс-қимыл күшейтіледі.
Бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстың алдын алу және түзеу мекемелерінде сотталғандарды ұстау тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі жедел және режимді жұмыс күшейтіледі.
Қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындары үшін өндірістік қуаттар жаңартылады және мемлекеттік тапсырыстар көзделеді.
Жергілікті атқарушы органдар жанындағы қылмыстық жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық әсер ету шараларын орындайтын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу жөніндегі консультативтік-кеңесші органдардың, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі органдардың жұмысы жандандырылады.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік оңалту үшін, оның ішінде жұмыс берушілерді азаматтардың көрсетілген санатын жұмысқа қабылдауға ынталандыру жолымен жағдай жасалатын болады.
Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды орындаушы қылмыстық-атқару инспекцияларының функциялары кеңейтіледі. Олардың базасында мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы сынақтан өткізу қызметі құрылатын болады.
Тиісті өңірлердің жағдайларын ескере отырып, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің сараланған жүйесі енгізілетін болады.
Нәтижелері
Қылмыстық-атқару жүйесі жұмысының, оның ішінде жедел және режимдік жұмысты ұйымдастыру, қылмыстың деңгейін және рецидивін, бас бостандығынан айыру орындарындағы өлімді азайту бөлігінде тиімділігін арттыру.
Еңбекпен қамтылған сотталғандардың санын ұлғайту.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік оңалту үшін жағдайлар жасау.
Жазалаудың балама шараларын атқарудың тиімділігін арттыру. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталғандардың арасында қайталама қылмысты азайту.
ҚАЖ қызметкерлерінің сапалық құрамын жақсарту, ҚАЖ қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту үшін жағдайлар жасау.
4.4.3. Сұрапыл зілзалалардың, авариялар мен апаттардың алдын алуға және оларды жоюға бағытталған шараларды іске асыру
Мақсаты
Төтенше жағдайлардың алдын алу және мемлекеттік төтенше жағдайлар жүйесінің күші мен құралдарының сұрапыл зілзалалардың, авариялар мен апаттардың салдарын жоюға дайындық деңгейін арттыру.
Міндеттері
1. Төтенше жағдайлардың (ТЖ) алдын алу және оларды жою саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру.
2. Республика халқының кемінде 80 %-ін ТЖ туралы хабарлау жүйесімен қамтуды қамтамасыз ету, су тасқыны, топырақ көшкіні, сел және қар көшкіні туындауы бойынша қауіпті ошақтар мен учаскелердің кемінде 70 %-іне мониторингті жүзеге асыру.
3. ТЖ-ға, оның ішінде азаматтық қорғаныс (АҚ) жүйесінің және апаттар медицинасының жедел ден қою күштері мен құралдарын дамыту.
4. Халықты оқытудың, ТЖ және АҚ саласында мамандар даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың тиімді жүйесін қалыптастыру.
5. Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ кезінде зардап шеккендердің және қаза болғандардың санын және олардан болатын материалдық шығын мөлшерін азайту.
Шешу жолдары
Жер сілкіністерінің мониторингі, оларды болжау және ғылыми зерттеу жүйесін дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Халықты, объектілер мен аумақтарды табиғи сұрапыл зілзалалардан инженерлік қорғау жөніндегі жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарының кешені іске асырылатын болады.
Жаңадан салынатын және қайта жаңғыртылатын объектілерде сейсмикалық төзімді құрылыс нормаларының сақталуын бақылау күшейтілетін болады.
Халықты ТЖ-дан қорғау саласында мемлекеттік қызмет көрсетулердің стандарттары әзірленіп, енгізілетін болады.
Өнеркәсіп объектілерінде техногендік аварияларды жою кезінде құтқару операцияларын жүргізудің жаңа технологиялары енгізіледі.
Қазақстан Республикасының батыс өңірінде құтқару орталығын және Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірлік құтқару орталықтарын құру мәселелері пысықталады.
Каспий теңізінде Төтенше жағдайлар министрлігінің түрлі сыныпты кемелермен, авариялық-құтқару және өрт-техникалық жабдықтарымен жарақтандырылған мамандандырылған теңіздегі авариялық-құтқару жасағы құрылатын болады.
ТЖ және АҚ жүйесіне арналған бірыңғай корпоративтік ақпараттық-коммуникациялық желі құру мәселесі пысықталатын болады.
Өртке қарсы қызметі жоқ шалғай елді мекендерді өрттен қорғау әрі дала және орман өрттерін сөндіруді ұйымдастыру жүйесі құрылатын болады.
ТЖ саласында бақылау және рұқсат беру жүйелерін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Мемлекеттік материалдық резервті ұйымдастыру жетілдірілетін болады.
Сұрапыл зілзалалардың, авариялар мен апаттардың алдын алу және зардаптарын жою саласындағы халықаралық ынтымақтастық кеңейтіледі.
Нәтижелері
ТЖ және АҚ саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық жағдайларға, тәуелсіз Қазақстанның геосаяси жағдайын ескере отырып, жаңа қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерге жауап беретін дайындық деңгейіне дейін жеткізу.
Халықты, стратегиялық, аса маңызды мемлекеттік объектілер мен тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін, аумақтарды сұрапыл зілзалалардан, авариялар мен апаттардан қорғау жүйесін жақсарту.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан болатын залалды азайту.
4.5. Экономиканы жаңғырту және әртараптандыру
4.5.1. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру
Мақсаты
Экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес экспортты ұлғайту.
Міндеттері
1. Әртараптандыру процесін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету.
2. Экономиканың шикізаттық емес салаларындағы инвестициялық белсенділікті ынталандыру.
3. Үлкен мультипликативтік тиімділігі бар жаңа технологиялық және жүйе құрайтын өндірістерді дамыту, оның ішінде «серпінді» инвестициялық жобаларды іске асыру.
4. Жұмыс істеп тұрған өңдеуші өндірістерді жаңғыртуды ынталандыру.
5. Өңдеуші өнеркәсіптің ғылымды қажетсінуін арттыру үшін
ынталандырулар туғызу және бизнестің инновациялық-кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру.
6. Нақты экспорттық «тауашаларды» айқындау және бағындыру жолымен қазақстандық тауарлар мен қызмет көрсетулердің сыртқы нарықтарға экспансиясы үшін жағдайлар жасау.
7. Индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды дамыту.
8. Экономиканы білікті еңбек кадрларымен қамтамасыз ету.
Шешу жолдары
Әртараптандыру процесін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету үшін мыналар көзделеді:
жетекші әлемдік агенттіктердің электрондық дерекқорларын пайдалана отырып, экономика секторларын талдау мен олардың мониторингі жүйесін құру, оның негізінде Қазақстан экономикасының негізгі салаларын жүйелі талдау мен бағалау, басқа да елдердің бәсекелі өндірістері мен салаларына, сондай-ақ халықаралық нарықтарға қатысатын трансұлттық компанияларға салыстырмалы талдау жүргізіледі;
қазақстандық тауарлар мен қызмет көрсетулер үшін, оның ішінде дәстүрлі емес жаңа экспорттық «тауашаларды» айқындау;
қолда бар талдамалық, маркетингтік және технологиялық пайдаланымдарға сыни талдау жүргізу және оларға қол жеткізудің түпкі нәтижелері мен мерзімін көрсете отырып, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік холдингтердің кейінгі іс-қимылдарын айқындау;
қазақстандық экспорттаушылар мен экономика секторларының артта қалып қоюына әкелетін немесе керісінше оларға бәсекелі артықшылықтар беретін факторларды айқындау;
пилоттық кластерлерді және тиісті үйлестіруші кеңестердің қызметін нақты қолдауға бағытталған кластерлік бастамаларды іске асыруды ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
перспективалық технологиялық «тауашаларды» анықтауды қамтамасыз ететін технологиялық талдау мен мониторинг жүйесін әзірлеу;
перспективалық""серпінді«, оның ішінде өңірлік жобалар туралы отандық компанияларды хабардар ету жүйесін құру;
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру барысының мониторингі мақсатында жұмыс істеп тұрған өндіргіш күштерді, минералдық ресурстардың қорын, инфрақұрылымды, сондай-ақ іске асырылатын инвестициялық, оның ішінде «серпінді» жобаларды орналастырудың электрондық картасын қалыптастыру;
жаңа экономикалық шарттар мен басымдықтарды ескере отырып, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын түзету.
Экономиканың шикізаттық емес салаларын да инвестициялық белсенділікті ынталандыру үшін мынадай:
елде әлеуметтік-саяси, нормативтік, ұйымдастырушылық-экономикалық факторлар сияқты инвестициялық қызметті жүргізудің базалық шарттарын жетілдіру;
халықаралық стандарттарға жауап беретін тиісті өндірістік және көлік-коммуникациялық инфрақұрылым құру және білікті жұмыс күшімен қамтамасыз ету. Қазіргі заманғы инфрақұрылымды дамыту жоспары әзірленетін болады;
экономиканың шикізаттық емес секторларының инвестициялық тартымдылығына, оның ішінде жаңа өндірістерді ашу рәсімдерін жеңілдету есебінен теріс әсер ететін факторларды анықтау және жою жөнінде нысаналы бағыттағы жұмыстар жүргізу;
жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған өндірістерге салынатын инвестицияларды, оның ішінде шетелдік әріптестерді іздестіру жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу, инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізу жолымен мемлекеттік қолдау;
экономиканың шикізаттық емес секторларының инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде белсенді ақпараттық-тұсаукесер жұмысын жүргізу;
инвестицияларды өзара қорғау мен көтермелеу саласында халықаралық-шарттық құқықтық базаны кеңейту;
ифрақұрылымдық жобаларға инвестицияларды жүзеге асыру үшін Қорлар қорын құру, Қазақстандағы және Еуразия өңіріндегі ірі экспортқа бағдарланған және жүйе құраушы өндірістерді дамыту жөніндегі шаралар көзделеді.
Үлкен мультипликативтік тиімділігі бар жаңа технологиялық және жүйе құрайтын өндірістерді дамыту, оның ішінде «серпінді» инвестициялық жобаларды іске асыру мыналар арқылы жүзеге асырылатын болады:
едәуір қосылған құны, мультипликативтік тиімділігі мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың құрылымын өзгертуге қабілетті бірқатар жобаларды айқындайтын «серпінді» инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі бас жоспар әзірлеу;
«серпінді» инвестициялық жобаларды іске асыруға, ел аумағында 5—6 кластер жасауға және дамытуға ірі отандық бизнесті тарту әрі оның шағын және орта бизнеспен өзара іс-қимылын ынталандыру;
шекара маңы аудандарында, өнеркәсіптік-сауда және қаржылық белсенді орталықтарда жаңа сауда-экономикалық аумақтар құру және дамыту;
өңірлердің индустриялық саясатын іске асыруға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың белсенді қатысуы;
қаржы институттарын ұлттық және өңірлік деңгейлерде ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға тарту;
жер қойнауын пайдалану саласындағы қазақстандық сервистік нарықты дамыту жөнінде пәрменді шаралар, оның ішінде «Отандық өндірушілер мен шетелдік инвесторлардың бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесін құру есебінен, әзірлеу.
Минералдық шикізат кешенінің аралас және ілеспе өндірістерін, мұнай-химия саласын, машина жасауды, химияны және өңдеуші өнеркәсіптің басқа да салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Орта мерзімді перспективада мұнай-химия өндірісін әлемдік деңгейде одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін тұңғыш әлемдік кластағы интеграцияланған мұнай-химия кешені құрылады. Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылады және Маңғыстау облысында мұнай-химия технопаркін қалыптастыру жөніндегі ұсыныс пысықталады.
Өңдеуші кәсіпорындардың негізгі қорларының жай-күйіне талдау жасалады және технологиялық дамуды ынталандыру жөнінде шаралар кешені әзірленеді.
Қазіргі заманғы технологияларды беруші компанияларды жаңа технологиялармен қазақстандық персоналды жұмыс істеуге міндетті түрде оқытуды жүргізуді ынталандыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Өңдеуші өнеркәсіптің ғылымды қажетсінуін арттыру, бизнестің инновациялық-кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру және ұлттық инновациялық жүйені одан әрі дамыту үшін мыналар көзделеді:
отандық инновациялық әзірлемелерді, оның ішінде гранттық қаржыландыру мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді бірлесіп қаржыландыру есебінен институционалды және қаржылық қамтамасыз ету;
технологиялардың, оның ішінде шетелдік технологиялардың трансфертін ынталандыру;
ұлттық патент жүйесін, оның ішінде патенттік белсенділікті арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру жолымен одан әрі дамыту;
технопарктер мен бизнес-инкубаторларды нығайту;
авторлық құқықтарды, патенттер мен сауда белгілерін қорғау саласындағы барлық халықаралық конвенцияларды тануды қоса алғанда, өркениетті технологиялар нарығын дамыту үшін жағдай қалыптастыру;
ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін экономиканың нақты секторына беру тетігін әзірлеу;
автоматтандырылған жобалау жүйесін пайдалана отырып, конструкторлық бюро мен жобалау ұйымдары желісін құру;
экономиканың басым бағыттары үшін жаңа сынақ зертханаларын (орталықтарын) құру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған сынақ әрі калибрлейтін зертханалардың жұмысын жетілдіру;
ұлттық ғылыми-техникалық ақпаратқа, регламенттерге, дерекқорларға және инновациялық қызметке қажетті басқа да көздерге ашық қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында инновациялар патенттер банкін қалыптастыру.
Венчурлік қаржыландыруды дамыту, отандық және шетелдік венчурлік қорлардың қызметін құру және жандандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Мемлекет тарапынан венчурлік индустрияны дамытуға белсенді жәрдемдесу ұлттық экономикада инновацияларды құру және капиталдандыру процестерін жеделдетуге бағытталады.
«Қазына» АҚ шетелден жоғары технологиялық компанияларды сатып алу және республика аумағына өндірістердің бір бөлігін орналастыру жөнінде жұмыс жүргізеді.
Шетелдік венчурлік қорлармен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық база құрылады.
Технологиялық парктер желісін құру және дамыту жөніндегі, оның ішінде «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының екінші кезегін салу, парктің инфрақұрылымын қалыптастыру, технологиялық толықтыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Нақты экспорттық «тауашаларды» айқындау және бағындыру жолымен қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға экспансиясын ынталандыру үшін мыналар көзделеді:
қазақстандық тауарлар мен қызмет көрсетулердің сыртқы нарықтарға экспортын жылжытуға жәрдемдесу бағдарламасын қабылдау, оның шеңберінде перспективалық экспорттық тауарлар мен қызмет көрсетулердің тізбесі қалыптастырылды, әлемдік нарықтарға шығу стратегиялары әзірленеді, перспективалық экспорттық «тауашалар» айқындалады, сондай-ақ отандық экспорттаушыларды институционалды қолдау жүйесі құрылады;
шетелдік сарапшыларды тарта отырып, тұрақты негізде экспортты жылжыту мәселелері жөнінде семинарлар, тренингтер мен оқыту курстарын жүргізу;
өнім экспорты кезінде әкімшілік рәсімдерді оңайлату, өңдеуші өнеркәсіптің өнімін жеткізуге арналған экспорттық келісімшарттарды сақтандыру жүйесін құру, өңдеуші салаларға арналған экспорттық кредиттерді кепілдендіру жүйесін қалыптастыру, байланыстырылған кредиттерді беру практикасын кеңейту жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Негізгі назар Ресей, Қытай, Орталық Азия, Каспий және Қара теңіз өңірлері нарықтарына аударылатын болады.
Индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды дамыту үшін мыналар көзделеді:
индустриялық-инновациялық инфрақұрылым (индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар, технопарктер, бизнес-инкубаторлар) қалыптастырудың және дамытудың бірыңғай саясатын әзірлеу;
арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ оларды құру мен орналастыру мәселелеріне жүйелілік беруге бағытталған «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясын қабылдау;
2007—2009 жылдар ішінде құрылатын индустриялық аймақтардың тізбесін айқындау;
басым бағыттар бойынша, оның ішінде халықаралық қатысумен мемлекеттік, салааралық, салалық және өңірлік сипаттағы «технологиялық парктер» мен «технологиялық бизнес-инкубаторлар» желісін одан әрі дамыту;
жер учаскелерін бөлу, осы қызмет түріне арналған инвестициялық преференциялар беру жолымен индустриялық аймақтар, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар құруға жеке меншік бизнесті тарту жөнінде шаралар кешенін әзірлеу;
Үкімет пен мемлекеттік холдингтердің жеке меншік сектормен бірлескен күш-жігері құрылған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды сапалы толықтыруға, сондай-ақ Өзбекстанмен, Ресеймен және Қытаймен шекаралас өңірлерде капиталды қажетсінетін өңдеуші өндірістерді өрістетуге және кеңейтуге бағытталатын болады. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы негізінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» сауда-экономикалық аймағы құрылады.
Ұқсас шаралар Қазақстан ауқымында «өсу нүктесі» болатын өңірлерде де қабылданатын болады.
2008 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымы объектілерінің құрылысы аяқталады, оның өндірістік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қатысуымен Астана мен Теміртау қалаларында индустриялық аймақтар ұйымдастыру жөніндегі жұмыс аяқталады.
Экономиканың өңдеуші секторына талап етілетін «тапшы» кәсіптерді талдау негізінде экономиканы білікті еңбек кадрларымен қамтамасыз ету үшін жыл сайын мамандықтардың тізбесі жасалады, олар бойынша оқыту мемлекеттің қолдауымен жүргізіледі.
Қазіргі заманғы қажетті шеберханалары, оқу жабдықтары бар қазіргі заманғы, жақсы жарақтандырылған оқу орындарының желісін кеңейту мақсатында кәсіптік-техникалық білім беруді қолдау әрі қаржыландыру принципі қайта қаралады.
Техникалық орта білім беру желісін дамытудан басқа, Үкімет мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитындарға мемлекеттік гранттарды кеңейту, стипендиялар төлеу мен жатақханалар беру жолымен халықты оқуға тарту үшін қосымша ынталандырулар туғызу мәселесін қарайды.
Кәсіптік техникалық училищелер түлектерінің талап етілуін арттыру үшін оларды оқыту бағдарламалары қазіргі заманғы өндірістік процеске бейімделетін болады. Осы мақсаттарда оқу бағдарламаларын әзірлеу үшін әлеуетті жұмыс берушілер — кәсіпорындар белсенді түрде тартылады. Өнеркәсіп кәсіпорындарында ұзақ мерзімді өндірістік практикадан жыл сайын міндетті өту мәселесі зерделенеді.
Нәтижелері
2006 жылмен салыстырғанда 2009 жылы мыналар күтіледі:
өңдеуші өнеркәсіпте өнеркәсіп өндірісі көлемінің нақты алғанда 8—9 % деңгейінде жыл сайынғы өсуіне қол жеткізу;
өңдеуші өнеркәсіпке жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 1,5 есеге ұлғайту;
шикізаттық емес экспорттың көлемін 1,5 есеге ұлғайту;
өңдеуші өнеркәсіптің негізгі қорларының орташа тозу көрсеткішін кемінде 10 %-ке азайту;
өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін кемінде 30 %-ке ұлғайту;
ЖІӨ-нің жалпы ғылымды қажетсінуін (ҒЗТКЖ-ға арналған ұлттық шығыстарға қатысты (мемлекеттік және жекеше) ЖІӨ-ге) 0,5 %-ке дейін арттыру;
ҒЗТКЖ-ға арналған ұлттық шығыстарда жеке меншік сектордың үлесін 45 %-ке дейін ұлғайту;
кәсіпкерліктің инновациялық белсенділігін 3 есеге арттыру (патенттердің санын арттыру);
өңдеуші өнеркәсіпте кемінде 5 «серпінді» жобаны іске асыру.
4.5.2. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Мақсаты
Агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуын оның салалары өнімділігінің өсуі мен кірістілігі негізінде қамтамасыз ету, отандық өнімнің бәсекелік артықшылығын дамыту.
Міндеттері
1. Агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру.
2. Аграрлық өндірісті әртараптандыруды қамтамасыз ету және оның инфрақұрылымын дамыту.
3. Қазақстандық тауарлардың экспорттық нарықтарға жылжуы үшін негізгі бағыттар мен «тауашаларды» айқындау және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы нақты «серпінді» жобаларды іске асыру.
4. АӨК салаларын қазіргі заманғы прогрессивтік энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу негізінде техникалық және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету.
5. Аграрлық ғылым мен инновациялардың рөлін арттыру.
Шешу жолдары
Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясат агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту жөніндегі 2009—2011 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірлеуге және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталады. Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленетін болады.
Агроөнеркәсіптік кешенді институционалдық қолдауды оңтайландыру үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингі" АҚ-ның құрылымдарын функционалдық талдау, тиімділігін бағалау мен бейіндеу жүргізіледі.
Аграрлық өндірісті әртараптандыру және оның инфрақұрылымын дамыту мақсатында:
агроөнеркәсіптік кешен салаларында өңірлерді мамандандыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
агроөнеркәсіптік кешен салаларының, ең алдымен, ауыл шаруашылығы құралымдарының өнімділігі мен кірістілігін арттыру жөніндегі шаралар кешені әзірленеді;
республикада ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме (коммуналдық) рыноктарын дамыту жалғастырылады;
агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың және оның өнімінің рыноктарын реттеудің мынадай жаңа тетіктері енгізіледі:
Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының қатысуымен микрокредит ұйымдарын құру;
ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттерге кепілдік беру жүйесін қалыптастыру;
ауылдық округ деңгейінде ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетулермен қамтамасыз ету.
Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және индустрияландыру:
республиканың негізінен астықты белдеуі — Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында экспортқа бағдарланған астықты қайта өңдеуші кластерлерді дамытуда;
республиканың негізінен жеміс-жидекті белдеуі — Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан, көкөніс шикізатын қайта өңдеуші кәсіпорындардың қатысуымен бәсекеге қабілетті жеміс-көкөніс кластерін дамытуда;
Қостанай облысында бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған сүт кластерін дамытуда кластерлік қағидатты іске асыру есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу жөніндегі өндіріс, оның ішінде «ҚазАгро» ұлттық холдингі" АҚ-ның қатысуымен дамиды.
Ауыл шаруашылығы салаларын дамыту басымдықтарын қалыптастыру мақсатында:
шетелдік агроазықтүліктік рыноктардағы экспорттық «тауашаларды» анықтау жөнінде жұмыс жүргізіледі;
агроөнеркәсіптік кешен өнімінің сыртқы нарықтарға жылжытылуы үшін экспорттық инфрақұрылымды қалыптастыру және оны одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылданады.
Үкімет астықты және оның қайта өңдеу өнімдерін сыртқы нарықтарға тасымалдауды мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын әзірлейді, сондай-ақ Қара және Каспий теңіздерінің порттарында астық терминалдарын салу мен жарақтандыруды қамтамасыз етеді.
Республикада қайта жаңартылған ресурстардан биоотын шығару жөніндегі өндірістерді, дамыған инфрақұрылымы бар осы заманғы бордақылау алаңдарын құру мен дамытуды ынталандыру мақсатында қажетті шаралар тұжырымдалады, сондай-ақ тиісті жобалар іске асырылады.
АӨК салаларын қазіргі заманғы прогрессивтік энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу негізінде техникалық және технологиялық жаңғырту мынадай жолмен қамтамасыз етіледі:
суармалы жерлерді дамыту және энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды, ауыл шаруашылығында су пайдалану мен қалдықсыз технологиялардың айналымды және тұйық жүйелерін енгізуді ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сыналатын сорттарының сапасын бағалау жөніндегі зертханаларды жарақтандыру;
ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың басым бағыттары бойынша өндірісті әзірлеу мен ұйымдастыру жөніндегі бас жобалау-конструкторлық бюролар құру мен олардың тиімді жұмыс істеуі жөнінде шаралар әзірлеу.
Аграрлық ғылым мен инновациялардың рөлін арттыру үшін ғылыми зерттеулер негізінде тиімділігі жоғары технологиялар құру жөнінде іс-шаралар іске асырылатын болады.
АӨК үшін ғылыми-білім беру кешендерін құру мақсатында салалас жоғары оқу орындарының әлеуетін шоғырландыру қамтамасыз етіледі, сондай-ақ аграрлық бейінді ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарын білікті ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар тұжырымдалады.
Ғылыми-өндірістік орталықтардың, тәжірибе шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының базасында «ҚазАгроИнновация» мамандандырылған компаниясы құрылады және «ҚазАгро» ұлттық холдингі" АҚ-ға беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |