ОЙЫН ЕРЕЖЕСІ. Көмбеден 15-20 метрдей алыстау жерге апарып биіктігі бір метр қазық қағып, басына бірінші ойыншының қалпағын кигізеді. Содан кейін қалпақтың иесінен бастап барлық ойыншы (жүргізушінің өзіне де ойнауға болады) сырықтарының орта белінен ұстап, үшкір жағымен қалпақты көздейді. Сөйтіп барлық ойыншы бір-бір реттен қалпақты атып шығады. Одан кейін келесі ойыншының қалпағын, сөйтіп барлығының қалпағы ілінеді. Осылайша қай ойыншы қалпаққа көп тигізсе, сол ойыншының ұтқаны. Әдетте, балалардың ішінде бұрын ойнап жүргені болса, ол лақтырған сырығының жартысынан көбін қалпаққа тигізіп отырады. Егер қалпақ болмаған жағдайда ескі шыттың ішіне бір кесек зат салып қоюға да болады.
Қазіргі кезеңде ойынды басқаша ойнайды. Қалпақ ату міндет емес, биіктігі бір метрдей ағаштың басына тақтайға мешен жапсырады, таяқтың ұшына үшкір темір қағады. Ал мешенге тисе із қалдыратындай етіп істеу керек. Мешенді бір реттен емес, әр ойыншы үш реттен атады.
Жамбы ату
Бұл жігіттердің ат үстіндегі ойыны. Ойынға әркім өз атымен, өзінің садағымен келеді. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Өткен заманда ойынға қыздар да қатысқан.
ОЙЫН ЕРЕЖЕСІ. Күні бұрын жамбы ілініп оны ататын жер дайындалады. Жамбыны (дорбаға салынған алтын не күміс) биіктігі 4-5 метрдей ағаштың басына қазылған екі қарыстай көлденеңшеге ұзындығы 3-4 қарыс аттың қылынан қабатталып есілген жіппен байлап салбыратып іледі. Ойнаушылар жамбыдан қашықтығы 50-60 адымдай жердегі көмбеде тұрып кезектесіп әрқайсысы үш реттен жамбыны садақпен көздеп атады. Атқанда жамбының өзін көздемей, оның ілулі тұрған қыл жібіне тигізіп, жерге түсірулері керек. Атып түсірген ойыншы жамбыны өзі алады. Ойын ойыншылардан асқан мергендікті талап етеді. Жамбы қайта тігіледі. Ойын жалғаса береді.
Тұмақ ұру
Тұмақ ұру ойыны көгалды алаңда өткізіледі. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынға әркім өз атымен қатысады. Күні бұрын көмбе белгіленіп 20 метр жерге биіктігі ат бойындай қазық қағылады да тұмақ кигізіледі. Ойынға көз байлайтын орамал керек. Ойыншылар бір сызықтың бойына қаз-қатар тұрады.
ОЙЫН ЕРЕЖЕСІ. Басқарушы кезектегі тұрған, яғни қатардың өз жағындағы ең шеткі ойыншыны ортаға шақырады. Оның көзін орамалмен байлап, атына мінгізіп, қолына қамшы береді.
Осы көзі орамалмен байланған салт атты жігіт қолындағы қамшысымен тұмақты дәл ұрып түсіруі керек. Ойын ережесі бойынша тұмақты үш рет ұруға еркі бар. Айталық, бір рет ұрғанда тимесе, онда одан ары тұмақты іздеп тағы ұруына болады. Онда таба алмаса тұмақты одан ары іздеп тағы ұрады. Осылайша, барлық ойыншылар бір реттен айналып шыққанда тұмақты кім көп ұрса, сол ойыншы жеңімпаз аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |