Біз тағы да Аллаға сиындық. Шіңгілді құлдап келе жатқан бандит Шың Сысайдың әскерінің алдынан 150 адамды өрлетіп жібердік. Өзеннің оңтүстік жағымен Сүлеймен батыр мен Шамғұн әскерлері өрледі. Олар 200-дей адам еді. Ал өзеннің солтүстік жағынан Қарақас Көкей мен Сарбас Үмітбай мерген, Қаһарман мерген болып 200 адам өрледі. Ең алдымен соғыстың туған жері Шәкүртінің оңтүстік жағындағы жол үстіндегі қысаңда еді. Осы жерден Шың Сысай әскерлері келіп пулемет қойды. Бізден 60 адам шәйіт болды. Оңтүстік [адам аты жазылмай қалған] (19) батыр мен Шамғұн мерген әскерлері орап келді. Мен осы әскердің ішінде едім.
Біз 30 адам ақ қалпақ, ақ шапан киіп қардың арасынан жүріп, сол әскер жатқан жерге жақын барып атыс бергенде, олардан 30 адам өлтіріп, 13 жапон бесатар түсіріп алдық. Қанды соғыс болып жатқанда, оңтүстік жағымыздан екі қосар атпен Ыдырыш келді. Ол Ноғайбай үкірдайдан “Біз сіздерді тосып тұрмыз, жауды соғыспен алғанда қандай тәсілдер бар. Біз біргеміз. Сендерге Мұса мерген баратын болды” деп жазылған хат әкеліпті. Көп өтпей бізге Мұса мерген 20 адаммен келіп қосылды. Мұсаға олжа мылтықтан мылтық бердік. Олардың қолында мылтық болмағандықтан үш мың оқ әкеліпті. Осы күштердің жәрдемімен бандит Шың Сысай әскерлері жеңілді.
Алғашқы солтүстік бөлікке кеткен әскерлеріміз қайтып өзімізге келіп қосылды. Олар жүрген жақта жау әскерлері болмапты. Бандит Шың Сысай армиясын талқандап, Қайырқын Қадан Сұмнан асырып, Шіңгіл ауданына түсіріп жібердік. Сол күні түнде Өндірқарада бізге бағынбай тұрған Салық елін күшпен көшірдік. Бұл кезде Салық тәйжі Алтай Сарсүмбеге Әбдіқани залыңды жіберіп әскер сұрап жатқан екен. Біз оларды өзімізбен қосып айдап отырып Сартоғайға келдік. Сай аузындағы жазыққа апарып қондырдық. Шамамен 2.800 үй еді. Ноғайбай үкірдай, Нәзір тәйжі елі қыстауынан әлі көшпеген екен. Қаптағай Қарақас Дұғалысының ауылы бізге келіп бірікті. Елмен бірге енді Бұлғынға қарай өрлей көштік.
Алдымыздағы Тарының қыстауының түбіндегі үш төбенің бауырында жау әскерінің қоры бар еді. “Осы қорды алсақ. Тезірек әскер жіберілсе” дегендіктен біздің топтан Есімхан қозғалысындағы Сүлеймен, Ноғайбай, Ырысхан, Мұса мерген төрт адамның басшылығында барып қорды қоршадық. Ақыры жаулап алдық. Ол қорда 30 адам бар екен. (20) Оларда Қашуын жақтағы Қара төбеге жиналды. Күн бойы атыстық. Алдырмады. Ақшамнан кейін ұран салып, төбенің төрт жағынан бірақ бас салдық. Жауды түгел өлтірдік. Бір адам қашып құтылды. 30 бесатар, 300 түйе және әскердің бүкіл азық-түлігі мен киім-кешегін түсіріп алдық. Бірер мың адамдық әскери жабдық түсіріп алдық. Осы жерден барлық ел бастықтары жиналып, кеңес ашып Соғыс Комитетін құрып шықтық.
Соғыс Комитетінің үш бастығы Ырысхан, Есімхан, Кәдірбай болды. Әскери азық-түлік дайындауға Ақтеке, Ноғайбай, Салық тәйжі белгіленді. Төрт жақты күзететін 400 адам қарауыл әскерлері белгіленді. Соғыс армиялары тізімделді. Саны анықталды. Оң жақ қарауылды Сүлеймен батыр, сол жақ қарауылды Мұса мерген, артқы шеп қарауылды Шамғұн мерген, алдыңғы шеп қарауылды Үмітбай, Қаһарман мергендер өз үстіне алды. Қашанда төрт жақтағы қорғаныс күшін басқару осылайша тұрақталды.
Ұйымдастыру істері аяқталғаннан кейін Жәнібектің туы18 сандықтан19 шығарылып ту тігіп, ақсарбас сойып, тілеу тілеп, мәуліт оқып, хатым шығарып, көк қасқа тай, ақсарбас қой сойып, бүтін ерлер біртұтас әскери міндет өтеуге тізімделді. Ел адамдары қызыл қанға қол матырып, бұзылмасқа серт берілді.
Біз осындай істеп жатқан кезде Шіңгілдегі жау әскерінен Сарсүмбеге хабар беруге кетіп бара жатқан 10 әскерді Қарасайдан тосып ұстап алып барлығын өлтіріп, Жәнібек туын ең алғаш рет қададық. Әскер бастап барған адам Жәнібек немересі Зарыққан болатын. Осыдан бір жұма өткеннен кейін Насыр Ноғай, Шақабай Шыбар қажының баласы Қасен зәңгі, Жамилиқа мүпти бастық үш адам өкіл болып жетіп келді. Олар бізге Шың Сысайдың сәлемін жеткізді. Залым Шың Сысай былай депті:
- Мен үкіметмін, сіздер бұқарасыздар. Әкелі-балалы қатынасымыз бар. Өткендегі қателік сіздердің емес, (21) Көктоғайдағы мылтық жинау комиссиясының бастығы Жу Ұянжаң мен Көктоғай шәнінің өздерінің қателіктері. Соғыс қылмаңыздар. Тыныш тұрып мекенге келіп орналасып, мал төлдетіп алыңыздар.
Ол кезде Есімхан науқас - сары ауру еді. Сондықтан бүкіл қозғалыстың бастығы Ырысхан болды. Оның орынбасары Кәдірбай еді. Біз “Шың Сысай үкіметімен сөйлесу керек пе, әлде соғысу керек пе?” деп Ноғайбай үйінде жиын ашып отырғанымызда, Шіңгіл ауданына Көксеген үкірдай, Баянбай 13 адаммен жетіп келді. Біз бұзылғалы 37 күн болған еді. Шіңгіл шәнін қамап тұрмыз. Шонжыға кеткен біздің базаршыларымыз келді. Олардың айтуынша, Шонжы жолымен көп әскерлер келіп Дабысынға түскен. Бұл әскердің бір бөлімі Нармантыны жағалап, Күміске келіп, одан өрлеп Бұлғындағы біздің әскермен соғысып қалған.
Біздің әскеріміздің қолында мылтық жоқ еді. 400-дей адамдық партизан құраған едім. Ырысхан бұл хабарды естігеннен кейін “қырылып қалар ма екен?” деп жылағандай болып дереу қимыл көрсетіп түнімен әскер жүргізді. Сүлеймен басшылығында 400 адам жүріп кетті. Олар Сартоғайды өрлеп Күміс құйғаннан шықпақ болды. Біз де Мұса мерген басшылығындағы 300 адаммен Дөңті жолымен төтелеп жүріп, Күміс құйғанына бардық. Мұса мерген бұл жердің ахуалын әбден біледі екен. Бейітсайы құйғанынан барып түскенімізде сағат 11 мөлшері еді. Жасырын жолдарменен Бейітсайының аузынан кірдік те басына қарай өрледік. Үкімет әскері бөлім-бөлім болып Көксеген әскерін қоршап алып, соғу алдында тұр екен. Біз Бейітсайының басында отырған үкіметтің 50-дей әскерінің жанына жақын келдік. Бұл жердің қорғанысы азырақ жалаң төбе екен. Мұса, Қаһарман мергендер ата бастады. Жау сытырлап құлай бастады. Байлаулы тұрған 50-дей атты Мұса көріп үркітіп атқылап еді. Ат қашып бізге келді. Атқа келген жаяу әскерлерді қырып жібердік. Мен бір әскерді қуып (22) өлтіріп мылтығын алдым. Және бір аскер тұра қашты. Оны қуалап барсам, алдында Ақтайлақ бір әскерді қуалап барады екен. Мен өзім қуған әскерді және атып өлтірдім. Ақтайлақ бір әскерді өлтірді. Үш мылтық олжа алып қайтып келдім.
Дәл осы кезде музика даусы естілді. Әскерлер қопарыла қаша бастады. Біздің әскерлер өкшелей қуалай түсті. Бұл армияның бастығы генерал Балғау Лижан екен. Осы генерал қылышпен бес адамды өлтіріп жіберді. Ең ақыры Қарақас Кішкейді аттан жерге бір-ақ ала түсіп екеуі бірдей өлді. Осы генерал өлгеннен кейін әскер біртұтас шегінді. Оның маузерін Кішкейдің інісіне бердік. Сол күні бес жүз түйе түсіріп алдық. Біз өзіміз жиырма түйе олжаладық. Бұл әскер Күмістен асып Нармантының шығыс тұмсығын басып Дабысынға барып, Бәйтікті бойлап тар жолмен жүріп Шонжыға қайтып кетті. Мыңдаған гранат, 500-ден астам бесатар, 300 жәшік оқ, 300-ден астам ер тоқым, бес жүз түйе түсіріп алдық.
Біз бұдан бұрынғы барыстарда әскери олжаларды руларға бөлген едік. Ырысхан бұл жолды қате деп өзгертіп “жаудан кім не түсірсе алсын” деп бұйрық жариялады.
Бұдан соң Шіңгіл елімен бірлесіп көшетін болдық. Дәл осы жұртта отырғанымызда Үрімжі жақтан 50 айырплан келді.20 Бірі төмендей ұшқанда Мұса атып еді, ол айырплан жанып жерге түсті. Ол мың қойдың үстіне келіп түсіп өртеніп кетті. 200-дей қой шығын болды. Біз өрлей көштік. Шіңгілден екі мыңдай үй қосылып Бұлғынға қарай өрлей көшкенімізде екі айырплан келіп қағаз тастады. Қағазда “Гансуге кетпеңдер, жолдың бәрі шөл, сулардың бәрін әскерлер иелеп алды. Қолдарыңа түскен генерал Ли Ғанды азығын беріп Шонжыға жіберіп беріңіздер.” деп жазыпты. Күндіз жатып, түнде көшіп Моншық Қызылдың баурына келіп қондық. Бұл уақыт сәуір айының (23) соңы еді.
Осы кезде Дабысынды басып Үш Қыздың желкесінен шекара әскерлері келді. Бұл әскерлер Үш Қыздың желкесінен жүріп, екі мемлекеттің шекарасына келіп Жарынтыға орналасты. Біз Моншық түбінде едік. Бүкіл ерлерді әскери қызметке алып, Жарынтыдағы үкімет әскерлерімен соғыстық. Алғашқы соғыста екі пулемет, 300 мылтық түсірдік. Үш Қыз жағымен Мұса әскері кірген еді. Жарынты жағымен Сүлеймен әскері кірді. Мұса жағындағы әскерді Ақтеке би айдады. Сүлеймен жағындағы әскерді Ноғайбай үкірдай айдады. Жарынтының Алтай жағындағы төбені тартып алдық. Екі пулемет түсірдік. Жәнібек туын сол төбеге апарып тігіп қойдық.
Ал Үш Қыз жағына өту үшін жол қиын болды. Қалың тоғай, қыр және жерде қатқан мұз болды. Бұл жерде бізді тұзаққа түсірмек үшін жау әскерлері тоғай арасына кіріп жасырынып алыпты. 300 адам Сүлеймен бастауымен ол орманды жарып шықтық. Бізден, ішінде Ноғайбай бастық бар, 20 адам шәйіт болды. Мұса әскерлерімен жаудың үш жүз адамын қоршап алдық. Күн батар алдында басып кіріп, тірідей жүз адамды ұстап алып қырып тастадық. Қытайлар мылтығын тастай-тастай салып таспен ұрды. Бізден де көп адам шәйіт болды. Зателбай, Ноғайбай, Сейілхан (Молқы), Дағыстан (Шақабай) ішінде алпыс адам өлді. Ақтеке ауыр жараланды.21 Жау әскерлері бұдан кейін тоғайды тастап жазыққа шығып алды да, тоғай бізде қалды. Осы барыста 11 күн соғыстық. Екі айырплан түсірдік. Үш айырплан жаралы болып кетті. 11 күннен кейін Шың Сысай бандиттері Монғолиямен бірлесіп тұзақ құрды. Қалқадан төрт адам өкіл келді. Әлқиса, Балтабай, Түменбай, тағы бірінің атын ұмыттым. Олар:
- Қалқа мен Жапония бірлесіп кетті. Бізде коммунизм қалмады, - дегеннен кейін Сарбұлақ бен Шуырғынның тауына асып Бұлгын жалпағына қарай көштік.
Мұса мерген, Сүлеймен басшылығындағы 750 адам Жарынтыдағы (24) үкімет әскерімен атысып тұрды. Ел бір күн, бір түн көшіп жалпаққа қонды. Біз Жарынтыда тұрғанымызда Үрімжіден 40 танк жәрдемге келген еді. Жау әскері тағы да әлденіп алды. Танктен оқ өткізе алмадық. Ырысхан елді бастап Жалпаққа көшіп кетті. Мен Мұса мергеннің жанында едім. Мұсаның атын да ұстай білемін. Өзім де жаумен атыса білемін. Мұса мергеннің бір оғы жауға зая кетпейтін. Тіпті бір оқпен қабаттап бірнеше адамды түсіріп отыратын. Мұса мерген Бұлғын жазығына бармады. “Монғолдар алдап отыр. Мен әзірге Өкбе тауында тұрайын. Жағдай нашар болса, Ырысхан маған хабар берсін. Онда түйемен Гансуге өтіп кетеміз” деп Ырысханға хат берді. Мен сол хатты алып Ырысханға әкеліп бердім. Мен Жалпаққа жақындағанда алдымнан көш шықты. Бұл Көжебай Сұлтанның көші екен. Ол адам маған:
- Мойнындағы мылтығыңды тығып бар. Қалқа мылтықтарды жинап жатыр, - деді.
Мен мылтығымды Көжебайдың түйесінің қомына тығып кеттім. Жалпаққа түсе қалсам, бес әскердің жанында екі шал отыр екен. Оларды ымдап шегіндіріп алып, Мұсаның қағазын бердім. Мен:
- Мына бес адамды өлтірейік, - деп едім.
- Тұра тұр күн батсын, - деді.
Осыдан кейін мен үйімді тауып алып демалдым. Алты атымыз бар еді. Оларды Кәбілден суға жібердім. Екінті мөлшерінде бас жақтан да, аяқ жақтан да мылтық даусымен бірге өрт шықты. Пулеметтің оқтары көктен де, жерден де бұршақ болып жауып кетті. Біреуді біреу білмейді. Өрттің арасынан Арал Шақабайынан 60 үй қашып шықтық. Ішімізде Шамғұн бар еді. Ол мылтық бермей қалған екен. Түнде қайта барып, қалған жүгімізді алып, шықтық. Ат көлігімізді тауып алып Шұбырғын тауына келдік. Бір жастағы Мафура деген қыз балам қайтыс болды. Сол жерде елді топтап Ырысхан тұр екен. Үркіп шыққан елдің өлгені өліпті, (25) тірісі сол жерге жиналған екен. Ырысхан мен Ақтеке:
- Қатын баланың арасында жүріп соғысу қиын екен. Шетке әсіресе Бәйтік Қаптыққа шығып алып соғысу керек, - деді. Ырысханға еретін еркектер қатын-баласын тастады. Жиыны 600-дей адам болдық. “Ешқандай адам әйел де, бала да алмайды” деп айтылды. Біз Сәрсембінің ұрқынан 40 адам ердік. Бір қысаңнан санап ерлерді өткеріп алдық. Қалелдің қызы Мапаш рұқсатпен алып шығылды. Өйткені ол қыз Қожамбергеннің келіні еді. Тірі алдыңғы елге жетсек, апарып беретін болдық. Сарбас Үмітбай:
- Ұлым жоқ еді, - деп бір қызын еркекше киіндіріп ертіп алды.
Қиямет-қайым болғандай әркім қатын-баласынан тірі айрылып, жыласулар болып жатты. 600 адам түнімен жүріп, Көк Адырға келдік. Одан өтіп Өкпеге қарай жүргенде, алдымыздан Мұса мерген шықты.
- Менің жанымдағы адамдардан да бағынып кеткендері болды. Біз сіздерді тосып жатырмыз. Қытай мен Қалқа әскерлері бірігіп бүкіл елді ортаға алғанда біреуді біреу білмей қалды. Сүлейменнің қайда кеткенін ешкім білмейді. 200 неше адам Адамқұл, Көксеген үкірдай Қапшыққа қашып шығып кетіпті. Мен де арттарыңнан барамын. Бірақ қазір туыстарымды тосамын деп қалып қойдым, - деді.
Өкбе тауынан күн-түн демей жүріп, Ыламжыққа бардық. Онда біздің адамдардан қарауыл бар екен. Оларға біз де:
- Осы жерде тұра берсеңдер, артымыздан тағы да адам келеді, - дедік. Және бір адамның қарасы көрінген соң оған адам жіберсек 30 кісімен қашып келе жатқан Оспан Исламұлы екен. Оларда бес мырыш, бесатар бар екен. Осылармен бірігіп алып Кіші Қаптыққа бардық. Өзімізбен бірге бара жатып жолда адасып кеткен ағамыз Жақайбайды төрт күннен кейін тауып алдық. (26)
Достарыңызбен бөлісу: |