Осы кезең үшін жау әскерлерімен үш күн атыстық. Төртінші күні өзіне қараған 200 адаммен Көксеген үкірдай бағынып кетті. Оның бағынып кетуі біз үшін ауыр, мұңды жағдай болды. Сөйтіп отырғанда, Тақырбастау, Сарбастау жағынан Сүлеймен батыр өз адамдарымен жетіп келді. Олар қыс бойы тыныш жатып, аттарын семіртіп алған екен. Сүлеймен келгеннен кейін жау әскерлері шегініп Шіңгіл ауданына кетіп қалды. Біз Сүлейменмен бірлесіп, өзеңді құлдап Ақыт мешітіне барып жиналып, сол жерге жұма оқыдық. Шағыролдың аузымен Секпілтайдан кесіп өтіп жайлауға шықпақ болып, мидай жазыққа жүрдік. Жау әскерлері бізді Алтайға шығармаудың барлық тәсілін істеп жатты. Алтайдың жері қиын. Ондағы қалың орманға шығып алсақ, жау үшін қымбатқа тоқтайтынымызды олар да әбден түсінген. Жау жолдың бәрін алып қойған.
Бізге қандай шығын берсек те жауды жарып өту керек болды. Көп адам шәйіт болды. Ақыт ұлы Ибат молла, Кәбіл Шөкеұлы, Нұрнейіс батыр (молқы), Зал зәңгі жаралы болды. Біздің осы хабарымызды естіп үкімет Секпілтай, Шанқаңда отырған елді айдап, Шіңгіл ауданына апарып жинады. Ақыт қажы тұрғын елдерін, Салық елдерін Көктоғай қаласына апарып қамады. Ырысхан әскерімен бірге Шеруші, Қарақас Қалел ауылы еріп бірге шықты. (33) Біздің ішіміздегі доғалы ауылдары Құжырты Доржыға шығып кетті. (Ол жер Тұрғынның басы еді.) Осындай жағдайда Ырысхан:
- Партизан күштерді ел арасына бөліп сіңдіріп, жер-жерден атыс қозғап, жаудың есін шығару керек. Және ел ішіндегі мықты жігіттерді құралдандырып, оларды атысқа тәрбиелеу керек. Алтай тауының жері мықты. Жау болса жер сырын білмейді. Сендер жер сырын білесіңдер. Қаша соғысу, қуалай соғысу, жарды орманға қамап төрт жақтан бірдей жою, жауды шаршату, қажыту керек, - деп жер сырынан мықтап пайдалануды баса көрсетті.
Қолдағы құралдарды теңшеп байланыс жасап отыратын адамдарды белгілеп қоя берді. Біз Ырысхандардан бөліндік. Ағамыз екеуміз Арал Шақабайының ішінде едік. Қарашораға бекініп алдық. Ол жерде сегіз күн жаттық. Сол жылы сол тауды қыстаған Қыбырбай Майтас деген Шыбарайғыр бар екен. Сонан бір қой алып жедік. Тоғызыншы күні түнде жүріп Қалелдің Тасбастауынан өтіп, Түнкенің арасындағы бір төбеге келдік. Сонда түнеп таңертең тұрсақ күн тұман екен. Жанымызда жақын жерде жаудың қарауылы бар екен. Арғылтай жақтан музика даусы естілді. Бағып қарасам қарауыл төбеден бір әскер бізге қарап түрегеліп сиіп тұр екен. Ағамды оятып көрсетіп едім.
- Атып жібер, - деп бұйырды.
Атып жібердім. Құлап түсті. Арғы жағынан тағы біреу шыға келді. Оны атып жібердім. Екеуі де өлді. Бұл әскер атты әскер екен. Олар мені қуалады. Ағамыз бөлек қашты. Мен қашып отырып Тасбастаудың бас жағындағы Есенқараның бір үлкен жырасына түсіп кеттім. Екі көк атты, бір қарагер атты әскер мені өкшелей қуды. Дәлдеп отыра қалып бір атып едім, қарагер атты құлап түсті.
Жау тоқтап қалған орайды пайдаланып Есенқараға шығып кеттім. Мен бекініске жеткеннен кейін жау тоқтап қалды. Айналып қоршап алған жаумен күні бойы атысып 600 оқ шығардым. Бір әскер батып жаныма келе алмады. (34) Күн бата түн жамылып қаштым. Шұлғау қараның етегімен жүріп отырып Тақырбастаудан шығып, Тұрдыбек бастауына келдім. Бұл жер қамысты, айналасы қара адыр еді. Сол жерден демалып су іштім. Онан соң атымды суарып біраз отқа қойдым. Таң ата ағам да сол жерге жетіп келді.
- Сенің атқан мылтық даусыңды естіп отырдым, - деді.
Ағайынды екеуміз Бұраты ішін құлдадық. Бұл сайдың іші сойыл мен шоқпарға үйіліп қалыпты. Біраз сонда бекініп алдық. Ертеңінде өз алдына қашып бекініс іздеген Қарақас Сасықбай, Имам Ахмет қатарлы төрт адам келді. Олардың айтуынша, ел аман екен. Үйін сағынғандар жауға барып бағынып жатыр екен. Қаһарман, Зал зәңгі бағынды дегендіктен ағам:
- Олармен еріп мен де бағынайын. Сөйтіп елдің ішкі ахуалын білейін, - деп кетіп қалды.
Ертеңінде қарауылдап бір жартасқа шықсам әкем келе жатыр екен. Әкемді көріп айғайлап едім.
- Әміре қайда? деп сұрады. Мен:
- Үйге қайтып кетті, - дедім. Әкем маған:
- Мылтығың болса, бағынба. Сүлеймен, Шамғұн бағынбай Жыраты басында қалып қойды. Соған бар, - деді. Сол жерден бір доғдуадақ атып, алдымен оны пысырып жеп, бетке барып бекініп алып ұйықтадым. Сол түні Сүлеймен Қабдұл деген баласымен, Шамғұн Қопай деген баласымен мен тұрған бастауға келді. Енді қайтадан бес адам болдық. Сонымен Итекке барып бекіндік. Сүлеймен бізге:
- Қапсәмет үш жүз адаммен бағынып кетті. Оспан өз адамдарымен Аралда. Оспан бағынатын емес. Олар Жазықбай Кілби, Мардан сайының аузын және Сарсүмбе мен Көктоғай екі арасындағы жолды тосу үшін Ышқынты, Тұлтыда бекініс алып жатыр, - деді.
Оспан күш жинауда
Мен ертеңінде Оспанды іздеп Жазықбай Кілбиге бардым. Онда елден хабар алып бермек болып төрт хансу мен Қарақас Қалелдің інісі Қаби жүр екен. Оларды тар жолдан аңдып, төрт қытайды атып өлтіріп, Қабиды қолға түсіріп байлап алдым. Он екі мылтық түсіріп алдым. Қаби:
- Біз қашанда сіздермен бірге өлеміз. Қазір күн үшін осыны (35) істеп жүрміз, - дегенді айтты.
Қабиды қоя бердім де төрт атты әкеліп, бір таудың арасына бекітіп қойдым. Сонсоң Ышқынтыға қарай жүрдім. Алдымнан он кісімен келе жатқан Зейнел Текешұлына кезіктім. Зейнел:
- Жол тосып жүріп көп адам өлтірдік. Көп олжа түсірдік. Айтуғандардан 50-60 адам ғана қалдық. Сіздер бізге келіңіздер. Қуүйден табысалық. Мүмкін болса, Қайыраты Қу Үйдегі өз елдеріңізді айдап келіңіздер, - деп олар жүріп кетті.
Мен олжаға алған төрт атты алып, қостағы Сүлеймен, Шамғұнға келдім. Ол күндерде өзендердің барлығы тасып жатқан кез болатын. Олар бір күн еру болды да Қопай екеумізді “Өртең сайын шалып келіңдер” деп жіберіп қойды.
Қопай екеуміз Сарбұлаққа келсек, көшкен елдің ізі Итек Қызылға қарай кетіпті. Біз осы ізге түсіп қуып келсек, Оқан зәңгі, Сарбас Үмітбай қатарлы сегіз үй екен. Есет Молқы, Қауым, Жазан ағайынды екеу бар екен. Бұлармен табыстық. Біз осы сегіз семьямен бірлесіп алып Қарасумен асып Сұптыны өрлеп Қайыртыға келдік. Ел ішінде өкіметке хабар беріп тұратын тыңшылар бар екен. Олар Қарақас Бұқар, Найман Қиымды делінді. Сондықтан біз оларды барып ұстап алдық.
Елді айдап Қу Үйге алып келсек, Оспандар сол жерде бізді тосып отыр екен. Дәл осы кезде Көктоғайдағы әскерге азық әкеле жатқан 200 түйені бүкіл азық түлігімен түсіріп алдық. Бұл әскердің бастығы Алиюң дейтін қазақ екен. Осы әскерлерді Жебеті басынан Ақбұлаққа асып түскен тақырдан күтіп алдық. Алиюң өзі қашып кетті. 30 әскерді түйесімен алып, Бала Ертіс басына алып келдік. Бұдан соң Әділхан бейсі, Солтікен залың еліне кісі салып, бағынуларын талап еттік. Олар бізге шарт қойды.
- Кілең, Ақбұт, Күректі, Жолты қатарлы төрт жерді бізге босатып беріңдер. Біз сонда сендерге бағынамыз, - деді. Біз 150 адамдық әскери күшпен Кілеңге келдік. Онда 18 сақшы бар екен. (36) Және онда сәудегерлер мен аңшылар да бар екен. Сақшыларды жаулап, Кілеңді тартып алдық. Ақбұт өзінен өзі бос қалды. Күректі мен Жолты екеуі де бос қалды. Күректінің басы Құттыбай Қарақас жайлауы Жіпілікке келдік те Арал елінің ел бастықтарын шақырып жиын аштық. Ол елдің бәріне бағынуды талап еттік. Молқы Әбу, Қани залың, Қарақас Солтікен залың, Тоқтаған зәңгі Сарсүмбеге қашып кетті. Аралдағы Қарақас, Молқы, Ителі, Сарбас, Шақабай елдері біздің талабымызды қабыл етті. Әділхан, Құсайынбай, Сағатай, Әбдірахман, Төлебай, Қажақын, Асыл, Шақабайдан Зал зәңгі, Ителіден Ақмолла, Үмітбай, Оқан елі түгелдей бізбен бірге әскери міндет өтеуді мақұлдады. Біз олардың ең алғашқы төрт жерін жаудан тартып алдық.
- Енді осы жерлерге қарауыл қоямыз. Сіздер әскер беріңіздер, - дедік.
Сонымен қатар Көктоғайда Салық елі, Машан Молқы аз ғана монғол, Шыбар Керейлер бар еді. Оларды өкімет қолынан тартып аламыз деп уәде бердік. Ел бізге ат жинап берді. Мал семірді, жарамды аттар да толайды, ел де тойынды. Біз ол жерден 500 әскер құрап алып Көктоғайға жүріп кеттік.
Оспан, Шамғұн, Үмітбай, Кәмел батыр, Зейнел, Абзал, Ыбыраһим, Қапас, Кәшапат, Ердіхан қатарлы Айтуғандардан қуатты мергендерді таңдап алдық. Бес жүз адаммен Көктоғайға ақшамда барып кірдік. Темекі Бұлақ арқылы Ақмойнақтайтан көпірдің аузын барып алдық. Көпірді күзеткен он әскерден бесеуін өлтірдік. Бесеуі қашып кетті. Таң атқанша біздің әскерлер Қайырты жағын алған еді. Көктоғай жағында үкімет әскері болды. Салық елін, бес жүз үй мен Көкмоншақтағы 150 үйді үкіметтен тартып алдық. Таң ата көпірді тартып алып, судың арғы жағасына өттік. Үкімет әскерінің екі мыңнан аса атын айдап алдық. Көпірді өртеп жібердік. Қайырты жағындағы партизандар тоғай арасына жасырындық. Үкімет судың ар жағындағы таудағы қарауылдан ұзақтан атып тұрды. Күн шыға Алтай жақтан екі айырплан келді. Оларды Тас төбеден Оспан тосып тұрып (37) атып еді. Оқ тиіп айырплан жаралы болып қашып кетті де қайта айналып қалаға келіп түсіп қалды. Елді алып болған соң қала ішіне кірмей, біз шегініп шығып кеттік. Қайыртыға жетіп барғанымызда он адаммен бізге Сайып келіп қосылды. Ол бізге:
- Біз Үш Құжырты, Доржы да екі айдан бері атысып жатырмыз. Қолымызда 300-дей үй Қарақас, Шеруші бар. Ырысхан мен Ләтіп ішінде 200-дей салт адамдарымыз бар еді. Біз сіздерді іздеп келдік, - деді.
Шамғұн мен Оспан тұрып:
- Ертіс басымен Жінгі Қайыртыны асып бізге қосылыңдар. Біз мына елді айдап Алаайғырға апарып тастаймыз. Сонансоң тіпті алдарыңыздан шығамын, - деп уәде берді. Сайып қайтып кетті. Ырысхан 20 адаммен Есімхан қасынан келді. Олар да ауылдарын тауып алыпты. Сонымен 600-дей семья құрап алдық. Оспан, Шамғұн, Үмітбай, Ителі Сәли тәйжі, Арал елінің азаматтары болып Қарадүрбіннен асып қара жолмен жүріп үлкен Қайыртыны астық. Одан әрі жүріп Жінгі Қайыртының құйғанына бардық. Сол жерге түскен соң сол сайды өрлетіп қарауыл жүргіздік. Шолғыншы өрлеп бара жатса алдынан бір адам кезігіп
- Ел келе жатыр, - деп сүйінші сұрапты.
Жінгі Қайыртының аузынан елді тосып алдық. Ырысхан, Ләтіп, Қадырбай, Қалелұлы Сайып және Сәли, Шеруші Көшербай бастаған 300 үйді Қарадүрбін басынан асырдық. Алаайғыр, Шұлғау Дарасына апарып орналастырдық. Барлық ел бірбіріне қосылды. Біз Жінгі Қайыртының аузында жатқанымызда артта қалған Көкмоншақ елдерін жау әскерлері басып алып, көп күшпен біздің үстімізден түсіп қалды. Кіндік талда бір күн, бір түн атыстық. Ақыры жау Үлкен Қайыртыға барып түсті. Жау басым келгеннен кейін халықтан ат-азығымен 1.500 адам алдық.
Достарыңызбен бөлісу: |