Үлкен Қаптыққа барсақ, алдымызда Көксеген тобы бар екен. Сонымен мыңға таяу адам болдық. Кіші Қаптықтан Үлкен Қаптыққа бара жатқанымызда, жолдан қашып келе жатқан екі Сарбас жігіт кезікті. Оларды жер шарлауға үкімет жіберіпті. Оларды ұстап алдық. Бірақ, олар шынын айтқандықтан қоя бердік. Үлкен Қаптыққа бардық. Онда аң көп екен. Қорымыз болмағандықтан ашығу шықты. Гансуға бару да қиын болды. Ал тіпті Алтайға барудың өзі де қымбатқа түсетіндей. Сондықтан Баркөл елін бұзуды ойладық. Мұса мерген мынаны айтты:
- Мен Қалқаны шалып келейін. Артымызда не бар екен? Сендер бір күн тұрып біз келген соң кетіңдер.
Осыны айтқаннан кейін ол 60 адаммен жүріп кетті. Ертеңінде ерте Мұсаның әскері мен Қалқа әскерінің соғысып жатқан хабары жетіп келгендіктен Ырысхан біраз адаммен жәрдемге жүріп кетті. Оның артынан біз бара жатқанда, жиырма неше адам бір адамды өңгеріп келе жатқанын көрдік. Мұса мерген оққа ұшып кетіпті. Барлығымыз жыластық. Жыласып жатқанымызда екі айырплан келіп бізді көріп кетті. Біз Мұсаны аманат Қойсу дейтін жерге қойдық. Бұл жер түнкелі, шилі өзен болып кеткен жер еді. Айтылуына қарағанда Мұсаның оққа ұшқаны былай болыпты: “Осы жерге бізді іздеген Монғол қарауылы келіп түседі. Оның үстіне Мұса да қарауыл жібереді. Мұса келіп олармен атысып төрт адамды алып түсіреді.
Монғол қарауылы жатқан жер қалың ши болғандықтан Монғол әскерлері шидің арасына кіріп жатып алады. Мұса мерген қандай жерде ши бүлкілдесе, сол жерді дәлдеп атып отырып барлық әскерді өлтірді. Ең ақырда жас бір бала:
- Ағатай мен қазақ едім. Бағынам, - деп айғайлайды.
- Онда мылтығыңды тастап өзің кел, - деп Мұса кеудесін көтергенде, оның жанында жатқан екінші бір адам Мұсаны атып жібереді. Оқ Мұсаның дәл маңдайынан тиеді.22 Мұсаның атқан оғы оның мылтығының аузынан кіріп құлағынан шығып кетеді.”
Сонымен Мұса өлді. Орны толмас қайғылы қаза болды. Бүкіл армия болып жер бауырлап жылап аза білдірдік. Тағдырдың ежелден бізді аямағандығын түсінетін едік. Бір Мұса бір дивизия жауды тоқтататын мерген әрі батыр еді. Алланың Мұсаға жіберген қазасының кімді аяғанын түсіну қиын. Жантүршігерлік езгіге ұшыраған біз қазақтарға Алланың тигізген бір көмегі осы болды. Мұсаны жерледік. Жеті қой сойып хатым шығардық. Оның үстіне әскерлер арасында аштық кіре бастады. Біреудің тамағын біреу ұрлап жеді. Семіз малдарды ұрлап сойып жедік. Жағдай ауырлап барады. Ырысхан, Ақтеке “Гансудағы Адубай еліне барсақ” дейді. Екінші біреулер (27) “Ат арық, жолда су жоқ. Азық жоқ. Елге баралық. Ел ішіне кіріп әлденіп алып ат семіргенде, қыста жердің бәріне қар жауғанда кетелік” десті.
Осындай тартыс кезінде Масғұт, Қапсәмет молдалар кітап ашып “Мұндай өлу шәйіт емес, қатын-баланы қорғап жүріп өлсең шәйіт” деп шариғат сөйледі.
Мұса мерген өлгеннен кейін Ырысхан оның орнына Жәметті белгілеп:
- Мұсаның аталарынан тарихтан бері мерген кетіп көрген жоқ. Алда тағы бір мерген туғызып берер. Мына Жәметке дұға қылыңдар деген еді. Көпшілік дұға қылған. Ал енді Мұса өлтірген әскер бар. Артынан жәрдем келсе ол жердегі мылтықты ала алмаймыз. Осындайда мылтықты алалық. Осыған кім барады? - деді.
Бірінші болып мен жазылдым. Онан соң тағы Кәрім, Қинаят, болып төрт жігіт жазылдық. Арғынбек пен Ырайысхан моллалар көздерінен жас ағызып бата берді. Мен қарауылға барғаннан кейін төбеден жауған қардай ыра жөнелдім. Тақыр жыраның үстінде, төбенің ортаң белінде Қалқаның әскері шатыр тігіпті. Жүгіріп барып шатырдың ішіне кіріп кеттім. Қалқаның оғы құйып тұрды. Шатырдың ішінде екі жәшік оқ, бір былғары қоржын оқ бар екен. Шатырға кірген соң оқ атылмай қалды. Шатырда одан басқа зат жоқ екен. Шатырдың іргесінен Қалқаның әскері жатқан шиге қарасам сары жарғағымен (28) теңкиіп өліп жатқан әскерлерді көрдім. Мылтықтары да жанында екен. Біраз ойландым. Мергендердің оғы азайып еді. Соларға Алла жәрдем етсе осы оқты жеткізейін дедім де, қоржынды мойныма салып 1.800 оқты көтеріп алдым. Сөйтіп шатырдан шығып, қайта Ырысханның жанына жетіп келдім. Барлығы шулап:
- Оқ бер, - деді. Ырысхан екі жәшік оқты оларға бөліп берді. 600 оқ өзіме қалды. Ырысхан тағы мынаны айтты:
- Нұрғожай 1.800 оқ әкелді. Өлген әскерлер көп екен. Барлығы мылтығымен жатыр дейді. Қалқадан әскер келіп құтқарып кете ме екен? Осыған тәуекел деп көретіндерің бар ма?
Ырысхан маған қарап:
- Нұрғожай сен қайтесін? - деді.
- Аллаға тәуекел мен кірейін, - дедім.
Сонымен он екі адам жазылдық. Біз он екі адам төрт жақтан бөлініп алып, ұран салып кірдік. Оқ жауып кетті. Сонда да аман-есен шиге барып, ілініп жата қалдық. Талғатбек жаралы болып қалды. Ол маған:
- Бұлардың арасында тірі адам бар көрінеді. Сақ болыңдар, - деді.
Өлген бір әскердің иығына мылтық қойып бір адам бізді атып тұрды. Ол маған жақын жерде тұр еді. Мен тәуекел деп соған ұмтылдым. Арт жағынан жетіп барсам, ол жаралы адам екен. Ол бұрылғанша, қылышпен ұрып қалдым. Құлап кетті. Мойнындағы нағанын, қолындағы мылтығын тартып алдым. Монғолдың бүкіл әскері түрегелгенде, аңдып отырған мергендер бірден бірден атып жібергенде, алдымызда жау қалмай қалды. Шидің арасынан үш бесатар алдым. Оның екеуін ағайындарымыз алды. Жаудың барлығы 46 адам болып біртұтас жойылды. Ішінде екі пулемет, екі миномет, бір автомат, бір маузер бар жиыны 48 құрал түсірдік. Одан 33 құралды біздің Шақабай тобы алды.
Жауды жеңіп, артқы қосымызға қайтып келдік. Екі күннен кейін Ырысхан жеті түйе сойғызып, Мұса мергенге хатым түсіртті. Бүкіл әскерлер жиналып (29) болғаннан кейін Ырысхан сөз сөйледі. Ішімізде ел адамдарынан Ақтеке үкірдай, Шамғұн мерген, Үмітбай батыр, Оспан батыр, Есімхан үкірдай бар еді. Ол кезде Ақтеке мен Есімхан екеуі де сырқат еді.
Ырысхан өз сөзінде:
- Жолдастар қан кештік. Қаза көрдік. Қатын балалардан айрылдық. Сонымен қатар бұл жолы бізге ерекше ауыр тиген жағдай, соғысқа бел шешіп қатынасқан ержүрек батыр, атқан оғы жерге түспейтін Мұса мергеннен айрылдық. Бізге ауыр қаза, тіпті орны толмайтын қаза осы болды. Мұсаның ата-бабасынан мерген бір үзілмеген еді. Сондықтан Мұсаның орнына баласы Жәметті, Мұсаның атына мінгізіп, қаруын асындырып қойдым. Алдарыңыздан өтсін. Дұға қылыңыздар. Осы жолғы, Мұса мерген оққа ұшқан соғыста, өте қиын бекіністе жатқан және осы замандық қарулармен мұздай қаруланған жауды Нұрғожай, Ақтайлақ сынды екі адамның батырлығымен жойып, соншама қару-жарақ түсіріп алдық. Бұл - осы екі адамның батырлығы. Көзбен көрдіңіздер. Сондықтан осы екі адамды батыр деп таныдық. Батырлық атақ бердік. Отырған көпшілік дұға қылыңыздар, - деді.
Хатым аяғында бүкіл халық, бүкіл армия осы үш адамды алдарынан өткізіп бата берді.
Күресуге анттасу
Жау қолынан қашып шыққан адамдар екі ұдай болды. Ырысхан, Ақтеке тобы:
- Гансуге кетеміз, - деді.
Масғұт, Қапсәмет моллалар кітап ашып:
- Қатын-баланы қорғап жүріп өлсең шәйіт боласың. Өз басыңды алып қашып жүріп өлсең, шәйіт болмайсың, - деді.
Ырысхан, Ақтеке:
- Егер біз елге барсақ, жау сендерді үйлеріңе жібереді. Мал-жаныңды әперер. Біраз қарыңды тойғызған соң біз бұқара едік. Біздің үкіметке қарсы шығу оймызда жоқ еді. Бізді құтыртқан Ақтеке, Ырысхан, Қапсәмет, Көксеген деп ұстап бересіңдер. Сондықтан мен елге баруды қаламаймын, - деді. (30)
Олар сөзін одан әрі жалғап:
- Егер сіздер шын ислам ережесі бойынша ұлттық қасиет, адамдық қасиет бойынша іс көретін болсаңыздар, дұшпанмен шәйіт болғанға немесе бандит Шың Сысай үкіметімен белгілі шарт тоқтамға келгенге дейін күресесіздер. Ол үшін “тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда” деп ант бересіңдер. Осындай сенім болса, онда елге қайтып барып соғысу қажет. Барлықтарыңыз көптеген туыстан айрылдыңыздар. Монғол – орыс – Шың Сысай бандит армиясының тұтқиылдан алдап барып жасаған шабуылы салдарынан он мыңдаған туыстардан қапыда айрылдық. Мыңдаған балалар бесігімен өртке кетті. Біздің Абақ Керей тарихында болмаған ауыр жағдайға, өте ауыр қырғынға ұшырадық. Бұл жолғы шабуыл біздің есімізден мәңгі кетпейді. Ұрпақтан ұрпаққа тарих болып қалады. Сөзге сенген сұм басымыз алдауға мықтап түсіп кеттік. Он мыңдаған қатын-баладан айрылдық, - деді.
Олар сөздерін аяқтағанда, бүкіл әскери адамдар:
- Біріміз қалғанша соғысамыз. Алланың атымен ант етеміз, - деді де “Жәнібек” деп ұран салып, бүкіл Қаптық тауын күңірендірді.
Шамғұн мен Үмітбай бастаған он екі елден он екі адам қасем ішіп серт берді. “Тірі болса бір төбеде, өлсе бір шұңқырда” болатын болды.
Ат арық еді. Азық таусылған болатын. Әскерлермен жылжып жүріп Бәйтікке келдік. Бүркіт Ұясынан шығып Шібетіге келдік. Бұл жер өткенде Қожамберген ауылы мен елі шабылған жер еді. Онда көптеген киіз үйлер тігулі күйінде қалыпты да, жылдар өтіп дауыл соғып құлап-құлап жатыпты. Басқан жерлерде сүйегі қурап жатқан адам өліктерінен аяқ алып жүре алмайсың. Қаңқасы бүтін жатқан көптеген сүйектерді жаназалап көмген болдық.
Біз осы жерде біраз демалдық. Сонсоң Ырысхан Оран Бұлақта жатқан үкімет әскерлеріне шабуыл жасап, ат, азық түсіріп келуге әскер жіберді. Біз елу неше адам бардық. Елден ат, азық алдық. Ол ел қашып Шонжыға түсіп кетті. (31) Бандит әскерлерімен соғысып, 14 адамын өлтірдік. Шыбар Керей 200 неше үйден мал алдық. Бандит әскерлерінен бір қанша мылтық, оның қорынан бір қанша қор түсіріп алдық. Ол жерден көшіп Бәйтіктің теріскейіндегі Қарағайты, Құжырты, Нарын Қарағайты қатарлы үш сайға келіп бекіндік. Төрт жаққа бірдей қарауыл қойып, он күндей тыныш жаттық. Дәл осы кезде Бәйтіктің теріскейін күзеткен өзіміздің қарауылдан хабар келді. Онда “Қарағанды Ұшық дейтін жерге жау келіп түсіп жатыр. Бізге келген жау болуы керек. Дайын тұрсын” делініпті.
Ертеңінде күн шыға екі айырплан жетіп келді. Ұзақтан айналды да, қайтадан Қарағанды жаққа кетіп қалды. Енді бір сағат болмай жатып жеті айырплан келіп бомбалады. Біз аз емес, мыңнан астам адам және ат-түйелеріміз бар еді. Оның үстіне осы көліктердің бәрі де арықтап тұрған кезі еді. Тау-таудың арасына бөлініп кірдік. 50 адам шәйіт болды. Ақтеке үкірдай жеті жерден жаралы болды. Көлік көп қырылды. Жау армиясымен екі күн, бір түн атыстық. Жау саны соншама көп болса да, атап айтқанда бес мыңнан астам қарулы жау болса да, бізге басып кіре алмады. Айырплан әр уақыт келіп бомбалап тұрды.
Екі күннен кейін бастықтар ақылдасып “Жадағай жерден жау бізді алып қояды. Нармантыға барып жиналып алып Алтай тауына шығып кетелік.” деп қарар шығарды. Әскерлермен бөлініп бөлініп түн жастанып көшіп, теріскей Ластыны құлдап Дабысынға келдік. Ол жердегі қалың жаумен екі күн сұрапыл шайқасу болды. Дабысында жатқан он мындаған қытай армияларын басып жаншып өтіп, 300 неше мылтық түсіріп Арманты тауына шығып кеттік. Арманты тұмсығына қонған күні Ақтеке үкірдай қайтыс болды. Армантының Ботамойын жағынан кесіп өткен әскерлердің алдынан тосқан жау әскері шықты. Екі күндік шайқастан кейін жау армиялары шегініп кетті. Ол жерде асқан ерлік көрсеткен Зиядан батыр шәйіт болды. Ырысхан мені Талдысайдың басындағы Ұшықатты кезеңді көріп келуге (32) жер шалғызып жіберді.
Мен сол кезеңге келдім. Менен бұрын жау әскерлері келіп, тастан окоп жасап қойған екен. Менің жанымда інім Кәбіл бар еді. Онан басқа да үш жақсы жолдасым бар болатын. Күн сондай тамаша шыққан екен. Сол күн нұрына қызығып көйлегімді шешіп біраз шуақтадым. Сөйтіп отырғанда айырплан даусы естілді. Қарасам, астындағы жақтан Талдысайды өрлеп бауырлап ұшып бір самолет келе жатыр екен. Нысанаға алып отыра қалдым. Айырплан жетіп келгенде лётчикті дәлдеп атып қалдым. Бір нәрсенің шарқ еткен даусы естілді. Айырплан жалт беріп артқа қарай ылдилап ұша жөнелді. Соның арасында артқы жағымыздан Ырысхан да жетіп келді. Шарқ еткен жерге барсақ, бір сандық түсіп қалыпты. Біз де алды-артымыз жиналғанша кезеңді күзетіп отырған жау әскерлері де сайды өрлей келіп қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |