Бала Ертіс жолына қарауыл қойдық. Оған он адам жіберілді. Менің қарауыл кезегім келген күні, қарауылдан Бала Ертіске дүрбі салсам, бір жетек аты бар бес адам келе жатыр екен. Ылғи Керейше киініп алыпты. Кестелі шалбар, үкілі тымақ киіпті. Қысаңнан аңдып отырып ұстап алдық. Бұл адамдар түсе қалып (72) амандасты. Оспанға алып келдік. Атын сұрасақ Қамқаш деген адам екен.38 Сүйегі Молқы. Оспандардың туыстары екен.
- Өткен жылдан бері үкіметіміз сіздерді келеді деп күткен еді. Сіздер жақтан хабар болмады. Оның үстіне мемлекетіміздің Ақбұлақ атты жастабын қиратып тастаған екенсіздер. Үкіметіміз сіздермен шынайы сөйлесіп, шынайы дос болуды қалайды. Өткеннен бері екі жағымызда ауыр дәрежеде қарулы қақтығыстар болып келе жатыр. Оның барлығы сол кездегі саясатымыздың қателігі. Үкіметіміз де бандит Шың Сысайға алданып Алтай халқына ауыр зияндар әкелген едік. Іргелес туыстас елміз. Оның үстіне тарихтағы кигіз туырдықты монғол атты туыстарыңыз едік. Біз дағы соларды паналап отырмыз. Енді шынайы бірлессек, не талап айтасыздар? Сіздерге туыс деп үкімет мені әдейі жіберді, - деп бес маузер мен бес дүрбіні сыйға тартты.39
- Біздің мақсатымыз тәуелсіз ел болу еді. 1940 жылы бұзылып Монғолияға пана іздеп Бұлғын жеріне барғанымызда бір жақтан Шың Сысайдың армиясын әкеліп, екінші жақтан өз армиясын салып бомбалап 11 мыңнан астам бауырларымызды қырып тастады. Жүз мыңдаған мал, мыңдаған киіз үй, үй қазыналары өртке кетті. Немесе Монғолдар мен қытайлар олжалап кетті. Сіздер достық іздесеңіздер біздің Монғолия сияқты бір мемлекет болғымыз келеді. Монғолия осы мақсатымызды таныса, оған шынайы жәрдем беретін болса, дүние елі білетін жарнама жарияласын. Тоқтамдар жасайық. Дәл осындай болғанда ғана шынайы сенім орнай алады. Біздің де аузымыз күйген болатын. Бес маузерге сене алмаймыз. Ондай мылтықты Монғолиядан да, Қытайдан да тартып ала білеміз. Монғолияның Байқадам елін шауып, 450 семьяны олжалап кетуі, 584 адам Секелді қырып кетуі, онан соң бандит Шың Сысайға ұстап беріп келе жатқанын ұмытатын емеспіз. (73) Халықаралық заңды құжат арқылы дос болайық, - деп Оспан қайтарды.40
- Бізді көріп қайтыңыздар. Кеңес өткізетін жерлерді көріңіздер. Жаңа келген генералдар бар еді, - деді.
Осы сөзге орай, Қапас, Кәбіл, Ислам, Жанәбіл бастық 13 адам жіберілді. 41 Олар қонақ болу барысында Ислам (асылы мұсылман болған орыс еді) арақ ішіп мас болып
- Оспандарда үлкен негіз жоқ. Тоқтам жасауға қандай кепіл болмақ керек? - деп қалады.
Сонда да олар:
- 500 наған алыңыздар, - деген екен. Қапас:
- Оны Оспанмен сөйлесіңіздер. Бізге наған қажет емес, - дегендіктен 13 адамға 13 жапон бесатар мылтық беріпті. Жүзден оғы бар екен. 50-ден оғы бар бес маузер, бес наған беріпті.42 Олар сонымен қатар:
- Қызыл қыядағы Үш ергеншекте біздің белгілі байланыс комитетіміз бар. Сол орынға Оспан, Сүлеймен, Нұрғожай, Кәмел төртеуі келсін. Ресми кеңес өткізелік, - депті.
Олар мұны айтқаннан кейін, мен (Нұрғожай), Кәмел екеуміз 30 адаммен барсақ, Қамқаш, Дұбдын деген бір әскери полковник пен 20 қорғаныс күші бар екен. Солармен кезігіп амандық білдіріп сөйлестік. Олар бізге:
- Қазір жол бекіліп қалды. Қар жауды. Ендігі байланысты Бұлғыннан жүргізсек, 50 жапон бесатар оғымен, 10 түйедей бұл, шай тарту әкеліп отырмыз, - деді.
Сауда бастығы Күмберік Жымба43 дейтін адам екен. Олар бізге затын беріп жатқанда Дұбдын:
- Қанша адамдарыңыз бар? Шынжаңды қалай құтқарып қаласыңдар? Қандай шарттар арқылы тәуелсіз ел болып кетесіздер? Қандай жоспарларыңыз бар? - деп сұрады.44 Біз:
- Бұл жөніндегі пікірлерді Оспанға адам жіберіп сөйлесіңіздер. Біз ат үстінде не айтамыз? Біздің күшіміз бүкіл Шынжаңның мұсылман азаматтары деп сеніп отырмыз. Егер сіздердің халықаралық жәрдемдеріңіз тарихи мазмұн (74) алатын болсын. Тоқтамның болашағын өздеріңіз белгілейтін болсаңыздар, онда оны біз түсіне алмаймыз, - дедік.
- Қандай мемлекет құрмақсыздар? - деп сұрағанда мен тұрып:
- Шын45 Түркістан Республикасы болсақ дейміз, - дедім.
- Онда Шынға [Қытайға] қарайтын ел болсаңыздар, соғысудың қажеті жоқ. Бізше Шығыс Түркістан елі болсаңыздар ақылға сыяды, - деді.
- Шығыс Түркістан деп 1932 жылы көктемде жарнама жариялап Қожаниязға берілген жәрдемді бандит Шың Сысайға аударып жіберген едіңіздер.46 Сондықтан біздің ол сөздерден аузымыз күйген болатын. Ол жарнаманың сиясы әлі кепкен жоқ емес пе? - дедім.47
- Ендігі кеңес Бұлғыннан болады. Онда Генерал Мәжік48 деген адам сол жерде дайындық көріп отыр. Сол кезде талқылап көресіздер, - деп хош айтысып жүріп кеттік.49
Онан соң барыс-келіс болып алты рет үлкенді-кішілі араласу болды. Үлкен жақтан ұғысулар болмады. Біз төңкерісшілер тау суытып кеткендіктен етекке жөткеріліп келдік. Жебеті басында 300 әскермен мұғалім Ібішерұлы жол бастап келіп бізді тосып аңдып жатқан жау бар екен. Олар алдымен Оспан ауылын көшірді. Қайыңды Бұлақ, Самырсын Сайға асырып кетті деп бізге хабар келді. Біз тауда бекініп жатқан адамдар аттанып сол 300 жау әскерін қоршап алдық. Түнге дейін атыстық. Астымыздағы шұңқырда ел бар, жау қарағай ішін иелеп алды. Оспан бір төбедегі қарауылда отыр еді. Қытай қоршап алып гранат лақтырды. Оспанды атуға таяп қалған бір қытайды мен атып жібердім. Әскерлер қашып кетсе, Оспан сол қарауылда қалып қойыпты. Оспан жаралы болып жау ортасында қалған екен. Маузерді сақылдатып 30-дан астам адамды атып өлтірген Сұлубай Оспанды көтеріп алып қашып келе жатыр екен.50 Алдынан Кәбіл, Қапас, Кәмел төртеуіміз шығып атқа мінгізіп алып келдік. (75)
Түнде айсыз қараңғыда ұран салып кіріп едік қытайдың бірі қалмай қашып кетіпті.51 Сөйтіп Оспан ауылдарын жау қолынан айырып қалдық. Ол жерден көшіп Жебетінің ішіне келіп қондық. Жау Шарбақбай ауылынан бір жігіт, Жамшитханның шешесі болып он екі адамды атып кетіпті. Оспан:
- Жәнтекей баласы жанымды алып қалдың, - деп көк қасқа тай сойып той қылды. Жеті күн демалып едік. Мұғалім Шібішер 500 жауды бастап тағы да келіп қамады. Қайыңды Бұлақтағы Сарбейіттен соғыса отырып Қарасуға келдік. Қапас пен Кәмел бір қарауылға кетіп еді. Қапас жаралы болып қайта келді. Кәмелді он екі қытай қоршап алып бір үңгірге қамап отыр екен. Аузы ораза, оғы таусылған не бары сегіз оғы қалған екен. Ол оқты жау дәл алдына келгенде қабаттап атбақ болып отырыпты. Кәмелдің қоршауда қалғанын естіп екі адам ертіп мен келдім.
Жаудың сыртын қоршап алып алтауын өлтіріп жібердім. Қалған жау қашты. Енді атқа мініп жаудың төменгі сай ішінде қалған 40-тай адамын атуға шаба жөнелгенімде арғы жақтағы беттен атылған бір оқ сап ете түскенде аттан ұшып түстім. Домалап барып тоқтап қалдым. Аққан қан тоқтамады. Қара топырақты салып жіберіп көйлегімді жыртып таңып алдым. Сол уақытта төбе жақтан
- Нұрғожай, - деген дауыс шықты.
Бір уақытта Оспан келіп дауыстады.
- Жаның бар ма? - деді.
Мен дағы тірі екенімді білдірдім.
- Адам жібер, - дедім. Әскери міндет өтеген жолдасым Шайза бар еді.
- Соны жібер, - дедім. Ол жүйрік атқа мініп тура шапқанда оқ құйып кетті. Атпен келіп іліп алып қайта шапты. Жануар көк аяқ ат құстай ұшып жаңбырша жауып тұрған оқтан аман құтылып қосқа келдік. Мұғалім “Қапас пен Нұрғожайды өлтірдік”, деп елге хабар таратыпты. (76)
Достарыңызбен бөлісу: |