3.3 Халықаралық ұйымдар және адам және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері
Адам құқығын қорғау әлемдік қоғамдастыққа жүктелген ең маңызды міндеттер қатарына жатады. Қауіпсіздік пен тұрақтылыққа жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуы әлемдік қауымдастықты адам құқықтарын қамтамасыз ету тетігінің тиімділігіне белсенді және мақсатты түрде қол жеткізуге ынталандырады. Жалпы, қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар мен қоғамдық үдерістер адам құқықтарын қорғау мәселесіне көп көңіл аудартады. Сондықтан, қазіргі кезеңде халықаралық ұйымдар адам құқықтарын қорғау бойынша қызметін күшейтті. Тарихқа жүгінсек, халықаралық ұйымдардың адам құқығын қорғау бойынша қызметі бұрыннан және түрлі формаларда жүзеге асырылуда. Бастамасы 1919 ж. Халықаралық еңбек ұйымын құрумен Ұлттар Лигасының тиісті Конвенциясын қабылдаумен қаланды. Алайда екі бірдей дүние жүзілік соғысты бастан кешіргеннен кейін ғана әлемдік қоғамдастық жеке тұлғаны бағалай бастады. Мәселен, БҰҰ Жарғысы (1 бап, 3 тармақ) мемлекеттерді олардың аумағында тұратын барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге міндеттейді [56, с. 130].
БҰҰ жүйесіндегі және аймақтық халықаралық ұйымдардың шешімдерін айтпағанда, тек БҰҰ-ның өзі адам құқықтары бойынша 60 жуық декларациялар мен конвенциялар құрастырып, қабылдады. Адам құқығы халықаралық қатынастардың анықтаушы факторы ретінде 1948 ж. желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы қабылдануынан кейін қалыптаса бастады. 1950 жылдан бастап әр 10 желтоқсанда Адам құқықтар күні атап өтіледі. Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы алғашқы халықаралық әмбебап құжат ретінде адам құқықтарының қазіргі заманғы тұжырымдамасының негізін салды және оның халықаралық қатынастарда таралуына ықпал етті. Декларацияның баптары қазіргі халықаралық құқықтың және әлемнің барлық мемлекеттерінің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болды. Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы халықаралық келісім-шарт еместігіне қарамастан, соның негізінде БҰҰ-ның басқа барлық құжаттары қабылданатын ереже ретінде қалыптасты [57, с. 35].
1946 жылы құрылған БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша Комиссиясы Декларация негізінде адам құқығы саласында маңызды халықаралық құжаттар құрастырды. Сонымен қатар, Бас Ассамблея 1950 ж. БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссар Басқармасын құрды. Басқарма өз қызметін 1951 ж. 1 қаңтардан бастады. Биполярлық әлем жағдайында азаматтық-саяси немесе әлеуметтік-экономикалық құқықтардың басымдылығы жөнінде сөз таластыру болғанын айта кету керек. АҚШ бастаған Батыс елдері адамның азаматтық және саяси құқықтарын қорғау тетігі жөнінде халықаралық құжатты құрастыруды ұсынды. Өз кезегінде социалистік елдер экономикалық, әлеуметтік және саяси құқықтар туралы Халықаралық пакт құрастыруды ұсынды. БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша Комиссиясы екі жақтың мүддесін ескере отырып, екі құжат даярлады. Нәтижесінде 1966 ж. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактті (1976 ж. 23 наурызда 35 мемлекет бекіткеннен кейін күшіне енген) және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пактті (1976 ж. 3 қаңтарда күшіне енді) қабылдады. Осы пакттерде Декларацияға қосылмаған өз табиғи байлықтары мен ресурстарын еркін қолдану құқығы мен халықтардың өзін-өзі билеу құқықтары қосылды.
1966 жылы азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактпен қоса осы Пактке Факультативтік хаттама қабылданды. Факультативтік хаттамада 1977 ж. азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пакт негізінде құрылған БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша Комитетінің уәкілеттігін жүзеге асыру тәртібі мен қызметінің регламентациясы бар. Факультативтік хаттама өз күшіне 1976 жылы енді [54].
Биполярлық жұйе ыдыраған кезде эксперттер адам құқықтары жөніндегі либералдық тұжырымдамалардың нығаюы туралы көп айтатын. Оған дәлел ретінде посткеңестік кеңістіктегі жалпы адамзат құндылықтардың басымдығы туралы көзқарастардың кең таралуы есептелген. Алайда 90-жылдардың соңындағы бұрынғы Югославия аумағында және 2003 жылы Иракта болған жағдайларға байланысты БҰҰ-ның көптеген елдері гуманитарлық интервенция идеясына, тәуелсіз мемлекеттердің егеменді құқықтарына қол сұғу үшін «адам құқықтарының егемендіктен жоғары болуы» туралы тезисті қолдануға қарсы сынаумен алға шықты. Нәтижесінде адам құқықтарының қазіргі тұжырымдамасы ерекше тарихи және мәдени ортадағы либерализмнің батыстық концепциясы негізінен туындағандықтан Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қағидаларының әмбебаптығы жөнінде күмәндар туралы көзқарастар пайда болды [58].
Жалпы, әр түрлі саладағы адам құқықтарын қорғап тұру үшін БҰҰ көп еңбек етуде екендігін айта кеткен жөн. Әсіресе қазіргі кезеңде БҰҰ адам құқықтарын қорғау бойынша қызметін күшейтті. БҰҰ-ның шеңберінде адам құқықтарымен байланысты жаңа құрылымдар пайда болды. 2000 ж. 8 қыркүйекте қабылданған БҰҰ-ның Мыңжылдық декларациясында адам құқықтарын қамтамасыз ету үшін жаңа шаралардың қабылдану керектігі көрсетілді. 2002 жылдан бастап БҰҰ мекемелері мүше-елдерде ішкі және сыртқы саясатта «құқық қорғаушылық қадам тұжырымдамасын» (Human Rights Based Approach) басқару идеясын белсенді насихаттады. Құқық қорғаушылық қадам тұжырымдамасы 2003 жылы толықтай құрастырылып, БҰҰ-ның реформалау стратегиясының бір бөлігі болды. Осы мақсатта адам құқықтары бойынша Жоғарғы комиссар Басқармасының дәрежесі көтерілді. БҰҰ өкілдіктерінде адам құқықтары бойынша кеңесшілер институты құрылды. БҰҰ реформасы аясында адам құқықтары бойынша Комиссия 2006 жылы БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша Кеңесіне ауыстырылды. Басты мақсаты соңғы жылдары өзара қырқысулар мен тіл тигізулер, шулы саяси дебаттар орнына айналған Комиссияны реформалау болды. Бірақ өз қызметінде Кеңес те бірнеше рет сынға ұшыраған, мәселен, көптеген эксперттердің айтуынша Кеңес шеңберінде Кения, Судан мен Мьянмадағы оқиғаларға мән бермеуі оның беделінің төмендеуіне алып келді. Адам құқықтары бойынша Кеңес БҰҰ жүйесіндегі басты құқық қорғаушылық мекеме болып табылады. Бас Ассамблея 47 орынға Кеңес мүшелерің сайлайды. Әр мүшенің өкілеттілік мерзімі 3 жыл және ешқайсысы қатарынан екі мерзімнен артық мүше бола алмайды. Орындар БҰҰ-ның аймақтық топтары арасында былай бөлінеді: 13 орын Африка, 13 - Азия, 6 -Шығыс Еуропа, 8 - Латын Америка және Кариб бассейні елдеріне, 7 орын батыс еуропалық және басқа мемлекеттерге. Адам құқықтары бойынша Кеңес, бұрынғы Комиссия сияқты, баяндаушылар, эксперттер арнайы іс-шараларын немесе адам құқықтарының жеке мәселелері және белгілі бір аймақтағы адам құқықтарының жағдайы жөнінде (2010 жылы Бурунди, Камбоджа, ҚХДР, Гаити, Мьянма, Палестина аумағы, Сомали және Судан) жұмысшылар тобын тағайындау мен жоюмен айналысады. 2012 ж. БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында Кеңес құрамына Казақстан Республикасы сайланды.
2006 жылдан бастап адам құқықтары бойынша Кеңес мемлекеттер төрт жылда бір рет тапсыратын адам құқықтарының жағдайы жайлы ұлттық есеп берудің жаңа тәжірибесін - адам құқықтары бойынша әмбебап кезеңдік баяндама (Universal Periodic Review) енгізді. Бұл БҰҰ-на мүше-мемлекеттердің адам құқықтары саласындағы міндеттері мен міндеттемелерінің орындалуын жиі шолу жасайтын тетік. Бір жыл ішінде 48 елдегі жағдай талқыланады. БҰҰ-дағы жарқын оқиғалардың бірі Ресейдің адам құқықтары бойынша Кеңесте 2009 жылы ақпанда ұлттық кезеңдік баяндама беру болды. 2010 ж. 5 қарашада АҚШ осындай шолу алғашқы рет жасады. 2011ж. шілде айында Кеңес шеңберінде Қазақстан Республикасының алғашқы рет ұлттық есебі тапсырылып, мемлекеттік құқық қорғау тетіктеріне баға берілді [58].
БҰҰ аясында Адам құқықтары бойынша БҰҰ-ның Жоғарғы комиссар Басқармасы Адам құқықтары бойынша Жалпыға бірдей декларациясына кепілдік беретін, адам құқықтарын қорғау және сақтауын бақылайтын негізгі институт. Бұл комиссариат 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы шешімімен құрылған. Адам құқықтары бойынша Жоғарғы комиссар Бас Ассамблеяның Бас Хатшысының ұсынысы бойынша төрт жылдық мерзімге тағайындалады, оған көп міндеттер артылған, соның ішінде адам құқықтарының іске асырылуының тиімділігін қорғау мен көмектесу, БҰҰ жүйесі аясында адам құқықтары саласындағы іс-әрекеттерді үйлестіру мен күшейту. 2008 жылы 28 шілдеде Бас Ассамблея БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның Наванетхем Пиллэйді (Оңтүстік Африка) БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жаңа Жоғарғы комиссары қылып тағайындау ұсынысын дауысқа салмастан бекітті. Жоғарғы комиссар адам құқықтарының бұзушылығы қатынастарында шаралар қабылдап, ескертушілік әрекет қолдануы керек. Жоғарғы комиссар құзырында адам құқықтары саласындағы БҰҰ-ның саясаты бойынша Бас хатшыға кеңес беру, жобалар мен іс-шараларды іске асыру, адам құқықтары саласында басқа құрылымдарға негізгі және әкімшілік көмек көрсету, Бас хатшының шешімі бойынша арнайы тапсырмаларды орындау т.б. Оның қызмет бағыты өте кең: демократия, жаһандану, бизнес, балалар, азаматтық және саяси құқық, ВИЧ, ЖИТС, тұрғын үй, денсаулық, жазалар, көші-қон, кедейлік, ланкестік, нәсілшілдік және т.б. Қызметтің әр саласында баяндамашы, мамандар тобы, жеке комитеттер тағайындалады.
Адам құқықтарын қорғау мен жүзеге асырудың нақты тетіктері мен құралдары қазіргі таңда әлемнің басқа аймақтарына қарағанда Еуропада көбірек құрылғандығын айта кеткен абзал. Аймақтық халықаралық ұйымдар қатарындағы 1949 ж. мамырда құрылған Еуропа Кеңесінің осы саладағы қызметі ерекше. Құрылтайшы құжатында маңызды мақсаттары ретінде Еуропаны демократиялык және қауіпсіз кеңістікке айналдыруға ыкпал ету, плюралистік демократия мен адам кұқықтарын қорғау мен бекіту, парламенттік демократияны кушейту, заң билігін қамтамасыз етуін қалаған ұйым көптеген нәтижелерге жетті. Адам құқықтары мен негізгі еркіндіктерін қорғау жөніндегі Еуропалық Конвенциясының қабылдануы (1950 ж. 5 қарашада Римде бекітіліп, 1953 ж. 3 қыркүйекте күшіне енді) жалпы гуманитарлық, құқық қорғау қызметімен айналысатын ұйымдарды күшейтті. Конвенция азаматтың ажыратылмайтын жеке құқықтарын қорғайды және мемлекеттерден олардың сақталуын талап етеді. Бұл жүйе арқылы мемлекеттер, нақты жағдайларда жеке азаматтар да, олардың құқықтары бұзылған жағдайда бақылау инстанцияларына жүгіну құқығына ие болады. Қазіргі кезде Еуропа Кеңесінің институттары мүше-елдердің өз міндеттерін орындауларын қадағалауды күшейтіп әрі кеңейтіп, міндетті заңдық күшке ие 200-ден астам еуропалық конвенциялар мен келісімдер шеңберінде адам құқықтарын сақтау, ұйымдасқан қылмыс, зорлықтың алдын алу, ақпараттық және мәдени ынтымақтастықты қорғау, құқық, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт саласында және т.б. үкіметтерге кеңес беру қызметін мүлтіксіз орындауда. Ережеге сәйкес, Еуропа Кеңесінің құжаттарында мүше мемлекеттердің өз мойындарына алынған міндеттемелерін орындауларын бақылаудың нақты тетіктері қарастырылған. Еуропа Кеңесіне мүше болу және оның шеңберінде жасалған келісімдерге қатысу мүше мемлекеттер үшін келесідей заңдық салдарлар тудырады:
- ішкі заңнамалары мен құқық қолдану тәжірибелерін Еуропа Кеңесінің құқықтық актілерімен сәйкес келтіру. Осы актілердің құқықтық нормалары ұлттық соттармен тікелей қолданыла алады.
- адам құқығы мен негізгі бостандығы туралы Еуропалық конвенцияның бақылау органы – Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың міндетті юрисдикциясын мойындау;
- азаптау мен адамның ар-намысын қорлайтын қатал, қатыгез шаралардың алдын алу бойынша Еуропалық комитеттің (Азаптауға қарсы комитет) мемлекет юрисдикциясының шеңберінде көпшілік билік органдарымен бас бостандығынан айырылған адамдар ұсталынатын кез келген орындарға баруға рұқсат ету;
- ЕКПА мен Министрлер комитеті шеңберінде қызмет ететін, адам құқықтары мен бостандығының сақталуын бақылауға қатысу;
Қазіргі таңда Еуропа Кеңесі қызметінің үш негізгі өлшемі құрылған: үкіметаралық, парламентаралық және аймақаралық, оларға ЕК басты органдары сәйкес келеді: Министрлер комитеті, Парламент ассамблеясы, Еуропаның жергілікті және аймақтық биліктерінің конгрессі. Тағы да бір орталық орган – Адам құқықтары бойынша Еуропалық сот (1953 ж. құрылған). Адам құқықтары бойынша Еуропалық соттың штаб пәтері Страсбургте (Франция) орналасқан. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияға сәйкес құрылған бұл сот органы мүше-мемлекеттердің конвенция бойынша өз міндеткерліктерін орындау мәселелері туралы шешімдер шығаратын соңғы инстанциялар соты болып табылады. Қатысушы мемлекеттердің саны қанша болса, сот құрамы соншалықты соттардан тұрады. Сот кандидатуралары мемлекеттермен ұсынылады, алайда іріктеу тәртібі Министрлер комитетімен мұқият бақыланады. Соттар Парламент ассамблеясымен сайланып, жеке өздері әрекет етеді. Олар мемлекеттердің мүддесін өкілдік етпейді және өз қызметтерінде толықтай тәуелсіздікке ие. Сонымен қатар, 1997 ж. Страсбург кездесуінің шешімі бойынша 1999ж. мамырында Адам құқығы жөніндегі Еуропа Кеңесі Комиссарының өкілдігі бекітілді.
1949-2008жж. аралығында Еуропа Кеңесі 205 түрлі конвенциялар мен протоколдар қабылдады, олардың ішінде мысал ретінде Адам құқықтары мен биомедицина туралы конвенция (1997 ж.), Ұлттық азшылықтарды қорғау туралы конвенция (1998 ж.), виртуалды кеңістіктегі қылмыспен күрес туралы конвенция (2001 ж.) және басқалары.
Адам құқықтарымен байланысты мәселелер шеңберімен айналысатын және бұл салада қызмет ететін дамыған институттары бар тағы бір еуропалық ұйым ЕҚЫҰ. Атап айтсақ, Ұлттық азшылықтар мәселелері жөніндегі Жоғары комиссар ұлтаралық шиеленістерді тез арада жоюға күш салу және айқындау қызметін атқарады. Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) адам құқықтарын қамтамасыз етуге, демократияның дамуына және заң үстемдігін бекітуге жауапты құрылымды құрайды. ДИАҚБ ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттерде демократиялық институттардың дамуы мен сайлаудың өтуі туралы ақпараттармен алмасу бойынша ұйымдастырушылық шеңберлерді қамтамасыз етеді. ДИАҚБ ЕҚЫҰ-ның басқа институттарымен және оның жергілікті миссияларымен, сондай-ақ, көптеген әріптестерімен, оның ішінде үкіметтермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғам өкілдерімен бірге қызмет етеді. ДИАҚБ 1991 жылы құрылған. ДИАҚБ-ның қызметі барлық ЕҚЫҰ-ның қатысушы мемлекеттері жыл сайын қабылдайтын негізгі бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ ерікті жарналар есебінен қаржыландырылады. Штаб-пәтері Варшавада орналасқан. БАҚ бостандығы жөніндегі ЕҚЫҰ өкілі - қатысушы мемлекеттер үкіметтеріне ЕҚЫҰ қағидаларының негізінде еркін және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға көмекті жүзеге асырады. ЕҚЫҰ-да қаралатын адам құқықтарын қорғау мәселелері ЕҚЫҰ адами өлшемдерінің бөлігін құрайды. Бұл термин ресми түрде 1989 ж. Вена Кездесуінің Қорытынды құжатында енгізілген және адам құқығы мен бостандығына қатысты барлық мәселелерге, адами байланыстар мен бұл ұйымның юрисдикциясына жататын гуманитарлық сипаттағы басқа да мәселелерге ортақ термин ретінде қолданылады. Сонымен қатар, термин демократиямен, демократиялық институттармен және құқық тәртібімен байланысты мәселелерді де қамтиды.
ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдеріне тән элементі оның көптеген қабылданған міндеттерінің терең нақтылану сипаты болып табылады. Осы ретте сөз бостандығына байланысты шетел журналистерінің жұмыс жағдайына қатысты нақты ережелер, сонымен қатар «адами байланыстар» (жанұяларды қайта қосу, әр-түрлі мемлекеттердің азаматтары арасындағы некелер, туризм және т.б.), еркін жүріп-тұру қағидаларына негізделген шетелге шығу құжаттарының берілумен байланысты міндеттер туралы бірнеше ережелер жақсы мысал бола алады. ЕҚЫҰ тәртіптерін жүзеге асыру өте қолайлы болғанымен, кей жағдайларда тиімсіз болып келеді. Атап өтетін жайт, ЕҚЫҰ-да адам құқығы бұзылуының жеке шағымдарын қарастырыру және оларды халықаралық құқық құралдарымен қорғау тетігі жоқ. Солай бола тұра бұл жайт ҮЕҰ-ның ЕҚЫҰ құрылымдарына жүгінуіне және белгілі бір елдерде адам құқықтарының бұзылу жағдайларына ұйымның назарын аудартуға және адам құқықтарын қамтамасыз етуге бірігіп күш жұмылдыруға кедергі бола алмайды. Бұл жағдайда ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының, немесе, Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының сарапшы топтары, «әлі демократиялық емес елдердің» заң шығарушы органдарына белгілі бір заңды қабылдауда оның қаншалықты демократиялық екендігіне баға беру арқылы ұсыныстарын білдіреді. Осы орайда Қазақстанның аталған Еуропалық комиссияның толыққұқылы мүшесі болғанын маңызды деп санаймыз [58]. Ұйымның кемшіліктері ретінде адами өлшемдер бойынша міндеткерліктердің бұзылуының дәлелденуі жағдайында санкциялардың және ЕҚЫҰ шешімдерін қабылдауда консенсусты талап етудің жоқтығын атап өтуге болады. Осыдан айта келе, қабылданатын шешімге қатысы бар мемлекеттің еркіне қарсы шаралар қолдануға болмайды. Яғни, Вена тетігінің тиімділігі көп жағдайларда саяси қысымдарға байланысты болады. 2010ж. ЕҚЫҰ саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясында адам құқықтары мен негізгі бостандықтар ажыратылмайтын болып табылатыны және оларды қорғау мен ынталандыру ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің ең бірінші міндеті екені атап көрсетілген [59].
Әлемдік саясаттың беделді акторларының бірі, адам құқықтары мәселелеріне үлкен мән беретін тағы да бір халықаралық ұйым – Еуропалық Одақ (ЕО) болып табылады. ЕО адами өлшемдер бойынша ЕҚЫҰ құрылымдарымен бірлесе отырып, гуманитарлық салада батыс құндылықтарын насихаттау жолында беделді қызмет ететін ұйым. ЕО елдерінің СІМ құрылымдарында адам құқықтары доктринасын дәріптеу мәселелерімен айналысатын арнайы органдар құрылған.
Осы орайда Қырғызстанмен байланысты мысалды келтіруге айта кеткен абзал. Қырғызстан үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектейтін заңды қабылдаған жағдайда республикадағы Еуропалық комиссияның өкілдігі миссияны қайтаратындығын мәлімдеген кезде мемлекет билігіне шегінімдерге баруға тура келді. Белгілі бір елдердегі адам құқықтары туралы жағдайды білу үшін батыс донор мемлекеттері халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың баяндамаларына жүгінеді. Мысалы, 2007 ж. ЕО Германияның бастамасымен, «Human rights watch» ұйымымен бірлесе отырып, Орталық Азия елдеріне қатысты адам құқықтары бойынша ЕО ұзақ мерзімдегі стратегиясын жасады. Сонымен қатар сыртқы саясатта, саяси себептермен ізденіс салынған тұлғаларға ғана емес, қылмыс жасаған адамдарға да саяси баспана беру арқылы бұл мәселелермен манипуляциялау бет бұрысы белең алуда.
Адам құқықтарын қорғауға қатысты жаһандық және еуропалық конвенциялар, декларациялар және протоколдармен салыстырғанда Африка және Азия елдеріндегі құжаттар айтарлықтай ерекшеліктерге ие. Африкадағы адам құқықтарын қамтамасыз етудегі басты келісім құралы 1981 ж. 27 маусымда қабылданып, 1986 ж. 21 қазанында күшіне енген Адам және ұлт құқықтарының африкандық хартиясы болып табылады. Қазіргі таңда Адам және ұлт құқықтары туралы африкандық хартияны Африка Одағының барлық 53 мемлекеті ратификациялаған. Хартия кіріспесінде, «азаматтық және саяси құқықтар экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтардан ажыратылмайды» делінген. 12-баптың 4-тармағына сәйкес шетел азаматтары заңға сәйкес қабылданған сот шешімінен басқа себептерсіз елден шығарылмайды. 13-баптың 1 және 2 тармақтарында «заң ережелеріне сәйкес тікелей және еркін сайланған өкілдіктер арқылы өз мемлекетін басқаруға еркін қатыса алады. Әр-бір азамат өз мемлекетінің бұқаралық қызметінде тең құқыққа ие». Жалпы, Хартияның 9-13 тармақтары БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (1948) және Еуропа Кеңесінің адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық конвенцияның (1950) ұқсас ережелерін қайталайтындығын айта кету керек. Хартия БҰҰ мен Еуропа Кеңесінде адам құқықтарын қорғау мен бақылау үшін құрылған құрылымға ұқсас Адам құқықтары туралы Африкандық комиссия құруды мақсат етуде. Алайда, Хартияда аймақтық ерекшеліктер де бар, мысалы, 23- баптың 2 тармағы бойынша: «саяси баспанаға құқықтарына ие кез-келген тұлға, Хартияға қатысушы өз мемлекетіне немесе басқа да мемлекеттерге қарсы жарылыс әрекеттерін ұйымдастырмауы тиіс. Хартияға мүше-елдердің аумақтары Хартияға қатысушы басқа да елдің халқына қарсы ланкестік немесе жарылыс әрекеттерінің базалары ретінде пайдаланылмауы тиіс». Африкадағы Адам құқықтарына қатысты басты құжаттарға Гранд-Бэй Декларациясы және оған қосымша Адам құқықтары бойынша әрекет жоспарлары жатады. Декларацияда Африкадағы соғыстарға, жемқорлықтарға, непотизмге, геноцидке және т.б. адам құқықтарының бұзылуын тоқтату қажеттігі бекітіледі. Қазіргі жағдайларда, басқа жоғары тәртіптегі құқықтарды айтпағанда, адамның басты құқығы - өмір сүру құқығы сақталмай келеді. Сондықтан да, Африкадығы адам құқықтары халықаралық гуманитарлық құқықпен тығыз байланыстырылған.
Азия аймағындағы адам құқықтары саласындағы маңызды құжат - Адам құқықтары туралы Бангкок декларациясы - 1993 ж. Азияға арналған дүниежүзі конференциясының шеңберінде қабылданды. Онда экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық және саяси құқықтардың өзара байланысы мен ажырамастығы айқындалады. Әлсіз топтарға, оның ішінде еңбек мигранттарына және босқындарға қатысты адам құқықтары мен негізгі бостандықтарының кепілдігі ерекше аталған. Сондай- ақ, тағы бір азиялық халықаралық ұйым – Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясы 2007 ж. еңбек мигранттарының құқықтарын ынталандыру және қорғау туралы Декларациясын қабылдады. ОШАЕА құрылымында адам құқықтары бойынша тетіктерді құруға арналған жұмыс тобы қызмет етеді, оның басты мақсаты ОШАЕА адам құқықтары бойынша үкіметаралық комиссия құруда болса, ағымдағы міндетері ОШАЕА елдерінің үкіметтерін аймақтағы мигранттардың адам құқықтарының ынталандырылуы мен қорғаудың жағдайы туралы үнемі ақпараттандыру жатады. Жалпы, 2009 жылы қазанда ОШАЕА шеңберінде адам құқықтары жөніндегі Үкіметаралық Комитет құрылды.
Ерекше айтып кететін жайт, 2011 жылы 30 маусымда Астанада ИЫҰ-ның СІМ мәжілісінде ұйым шеңберінде адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссияның құрылуы туралы шешім қабылданып, оның жарғысы бекітіледі. Ал 2012ж. ақпанда Джакартада (Индонезия) 16 ел өкілдері жиналып, бұл органның бірінші сессиясы өтті [58]
Батыс жартышарындағы аймақтың көп елдерін біріктіретін негізгі халықаралық ұйым Америка мемлекеттерінің ұйымы болып табылады. Аймақтағы адам құқықтарын қорғау мен қамтамасыз ету туралы басты құжат Адам міндеттері мен құқықтары туралы Америка декларациясы табылады, ол БҰҰ жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясынан 7 ай бұрын 1948 ж. 2 мамырда Богота қ. (Колумбия) Америка елдерінің халықаралық конференциясында қабылданды. Тағы бір аймақтық маңызы бар құжат ретінде Адам құқықтары бойынша америкааралық конференцияда Сан-Хосе қ. (Коста-Рика) 1969 ж. 22 қарашада қабылданған Адам құқықтары жөніндегі американдық конвенцияны (Сан-Хосе пакті) атап өтуге болады. Күшіне 1978 ж. 18 шілдеде енді. Конвенцияда, «адам құқықтары адамның белгілі бір мемлекеттің азаматы болуынан емес, олардың адам тұлғасының қасиеттеріне негізделгендігінен пайда болады сондықтан американдық мемлекеттердің ішкі құқықтарымен қаралған қорғанысты нығайтатын және толықтыратын конвенция түріндегі халықаралық қорғанысты қажет етеді» деп белгіленген. 2005 ж. АМҰ мигранттарға, еңбек мигранттарына, олардың жанұя мүшелеріне қатысты АМҰ Тұрақты Кеңесінің Заң және саяси жұмыстар жөніндегі комитеттің жұмыс тобымен құрастырылған Адам құқықтарын қорғау мен ынталандыру туралы америкааралық бағдарламасын қабылдады. Мигранттардың құқығын қорғау туралы тақырып 1994 ж. Майамиде (АҚШ) екі Америка елдерінің бірінші Саммитінің күн тәртібіне енуінен бастап қазіргі күнге дейін батыс жартышар елдерінің заң шығарушы және саясаткерлерінің басты назарында болуда.
Бұл мәселенің талдауы халықаралық ұйымдардың, алғашқы кезекте БҰҰ-ның қызметі, олардың адам құқықтарын қорғауда маңызды кепіл және қажетті элемент екендігі жөнінде қорытындылайды. Осы салада БҰҰ-ның басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын арттыру маңызды. Бұл жағдайда БҰҰ үйлестіруші рөл атқаруы керек. Сонымен қатар, аталған аймақтарда Еуропадағыдай арнайы құрылымдар қалыптаспаған, яғни Еуропаның тәжірибесі негізінде бірқатар тетіктер құру қажеттілігі туып жатыр. Тәжірибеде БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлі негізінде барлық мемлекеттер, сонымен қатар, барлық континенттегі басқа халықаралық ұйымдар қатысуымен адам құқықтары мен бостандығын қорғаудың көпкомпонентті тетігі құрылуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |