Б. М. Аташ, Л. Асқар., Ш. Абуева Ғылым тарихы мен философиясы



бет13/16
Дата31.01.2024
өлшемі100.7 Kb.
#490288
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
ГЫЛЫМ ТАРИХЫ Документ Microsoft Word

Диффереренциация ғылымдардың өз ішінен таралуы мен бөлінуі. ХХ ғасырдың екінші жартысында белең алған бұл бағыт күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалы: плазма физикасы, қатты денелер физикасы т.б. Ғылым ішінде арнайы мамандану жүргізіліп, өзіндік терминологиялары қалыптасады. Мысалы, бүгінгі күні геологияның 80 нен астам салалары қалыптасқан. Бұл зерттеудің нақты бір аймағына үңілуге, ғылыми ізденістің белсенді және әсерлі болуына жағдай туғызады.
Математикаландыру. Математикалық әдістер мен тұрғыларды басқа да ғылыми білімдерге қолдану: нақты тәсілдер, математикалық модельдеу, есептеу эксперименттері т.б. Мысалы, тарихта, әлеуметтануда, психологияда т.б. айқын көрінеді. Әлеуметтанулық зерттеулердің математикалық модельденуі, математикалық талдаулар жасау т.б.
Индустриаландыру кезінде ғылымның технологияға және технологияның ғылымға енуі жүре бастайды. Бүгінгі ғылым күшті индустриалдық базаны қажет етеді: қарапайым жасақталған кабинеттерден бастап, ұжымдық зерттеулер жүргізетін үлкен лабараториялар. Кей жағдайда бұл гуманитарлық ғылымдарға қайшы келіп жатады.
Информатика ақпараттық үдерістерді жетілдіруді және оның техникалық жүйесін қамтамасыз етуді зерттеумен айналысатын пәндердің тобы. Ақпаратандыру қазіргі ақпараттық технологияларды ғылым мен бүкіл қоғамдық өмірге енгізу және үнемі жетілдіріп отыру дегенге келіп саяды. 1990 жылдар жалпыға қол жетімді интернеттің пайда болуы бұл үдерісті күшейтті. Бұл машинаға сеніп қалуды күшейтіп, адам ізденіс пен өмірлік процестерде белсенділік көрсете алмайтын болды. Соған байланысты адамның жауапкершіліктері де шектелді. Мысалы, авариялар т.б. Мәселені адамның өзі көріп, оны шешу белгілі бір деңгейде шектеледі, оның тек көмекші құрал ғана екндігі ұмыт қалдырылды.
Осындай жағдайларға байланысты ғалымның көпқырлылығын қажет ететін оның келбеті де өзгерді: библиографиялау – мақалалар жариялау, сілтемелерді дұрыс көрсету, оларды сауатты пайдалану; мәтінмен жұмыс – өзінің мәтіндерін тудыру ғылыми білімнің өсуінің өлшеміне айналып кеткен. Ғалымның жаңалығы тек жарияланып, тексерілгеннен кейін ғана мақұлданады. Сондықтан қазіргі ғылым ғалымдардың мәтіндерінің тұтастанған жинағы гипермәтін ретінде ұғынылды. Ғалымның осындай машықтануы ғылыми сауаттылық ретінде бағаланды. Патенттеусіз ғалымның еңбегі ескерілмей қалатын ыңғайлар байқалды. Бұл плагиат, сілтемені дұрыс алмау сияқты өзара қақақтығыстар туғызды. Ғалым ұйымдастырушы, менеджер, оқытушы сияқты қызметтерді қоса атқаруы тиіс болды. Ғалым көпшілік алдында сөйлеу, өзінің жобасын түсіндіріп беру сияқты мемлекеттік-саяси сипатты қызметтер де атқаруы тиіс болды. Сондықтан ғалым, жаңашыл, ақпараттанған, қазіргі жағдайға бейімділік сияқты қасиеттерді игеруі тиіс ахуал қалыптасты.
2. Бүгінгі ғылым өндіріспен тығыз байланысты, өндірістің дамуы, яғни экономика ғылымның дамуына байланысты болып қалды. Сондықтан, кәсіп пен маман иесі сол жаңа ғылыми жаңалықтарды білуі талап етілді. Осыған байланысты ғылым басқарушы жүйеге әсер ете бастады: болжамдар жасау, қызметтің бағдарламасы, өндіріске бақылау жасау т.б. Бұл салада қоғамдық ғылымдардың да ролі артты: инженерлік психология, инженерлік қызмет социологиясы, бизнес философиясы, техникалық эстетика т.б.
Ғылымның дамуы сол елдің дамуының өлшеміне айналды, мәселен, ғылыми техногендік жетістікке жеткен мемлекеттер дамудың алғы шебі деп есептелді. Интеллектуальді ақпараттық даму түсінігі қалыптасып келеді. Ақпараттық жаһандану жағдайындағы интернет жүйесі жалпыхалықтық сипат алды. Сциентизация, ақпараттандыру, индустрияландыру басты нысандар мен құндылықтарға өтті. Ғылыми жаңалықтардың ашылуының тездеуі қоғамдық өмірді де тезірек өзгертіп келеді.
Техниканың модернизациялық сипатты жаппай өріс алды. Осыдан инструменттік ақыл түсінігі қалыптасты. Ол тек мақсаттарға жетуді және оны тез орындауды қалайды, бұл мақсаттардың өзі не, оның мазмұны мен құндылығы неде деген мәселелермен шұғылданбайды.
Ғылымның жетістіктері болмыстың негізгі мәселелеріне, әлемнің құрылымына, адамзат тіршілігінің сабақтасуына т.б. және басты кедергілерді шешуде түпкілікті жауаптер бере алады, қоғамдық өмірдің игілігіне ғана қызмет етеді деген сияқты идеологияланған сенімдер сциентизм бағыты деп аталады. Бұған керісінше, ғылымның зардаптары туралы пікірлерді антисциентизм бағыты жинақтайды. Ғылым табиғи ортаны билеудің құралы және адамдардың бір-бірін бағындырудың тәсіліне айналып, ғаламдық қауіпті жағдайларды туғызды.
Осыған байланысты қоғамда да ғылымды қабылдаудың екі түрлі бағыты қалыптасты: біріншісі, ғылым өркениеттің қозғаушы күші деп санайтындар (ғылым өзінің зардаптарына жауап беруі тиіс емес, ғылымилықтың жетіспеуі қоғамдағы қайшылықтарды туғызады) екіншісі ғылымың зардаптарына сүйену мен технофобияға еліккендер (ғылым қоғамдық өмірді бақылап отыруы тиіс).
3. Ғылым этикасы ғылыми білімге жетудегі, оны алудағы ғалымның адамгершілік мәселелерімен келіп түйісетін, ғылыми қауымдастықтың өзара ынтымақтастығын да қолдайтын арнайы ілім. Ғылым этикасының негізгі мәселелері: ғылыми таным мен құндылықты ойлаудың арақатынасы. «Ғылымның құндылықтарға бейтараптылық қатынасы» деген түсінік бойынша, ғылымды деструктивтік мақсатта қолдануға жауапкершілік бизнес, билік, өндіріс сияқты саларға жүктеледі. Ғылымның құндылықтарға (этикалық) бейтараптылығы ғалымдарды этикалық сауалдарды талқылаудан босатады, ғылымның дербестігін қамтамасыз етеді. Бірақ бұған қарсы мынадай көзқарастар жүйесі ұсынылады: ғылым өзінің мақсаттарын барлық, тіпті аморальдік жағдайларға да еркін қолдану үшін идеологиялық-саяси сипат алудан туған; ғылыми танымның өзі қарапайымдылық, тексерушілік, кең көлемде қолданушылық сияқты этикалық бағдарларға бағынады; ғалымды абстрактілі таным субьектісіне теңестіруге болмайды, ол компьютер емес, ол зерттеуші, ағартушы, эксперт, қоғамдық қызметкер т.б; бұндай бейтараптылықты тек ғалымға телуге болмайды, ол қоғам алдындағы ғалымның жалпы жауапкершілігін шектеуге бағытталады; инструментальдік ойлау құндылықтардан қатаң ажыратылмаған; Рационалдылықтың өзі этикалық мәселелерді талқылауға қабілетті.
Қоғамда ғалым кең ойлайтын, келешек мұрагеріне алаңдайтын, талант пен ізденуші болуы тиіс. Осы тұста ғалым этикасы мен деонтологияны ажыратып алу қажеттігі туындайды. Ол жеке салалар мен нақты мәселелерге қарай көңіл аударатын этиканың саласы. Мысалы, медицинада дәрігердің аурулармен, оның туысқандарымен қарым-қатынасы, дәрігерлердің өзара қатынастары т.б. Сондай-ақ ғалымның басқалардың пікіріне төзімділігі, әріптестерін құрметтеуі, тұлға мен идеяны ажырату қажеттілігі, өзінің атына айтылған сын-пікірлерге төзу, идеяларды сынауда да сыйлыстықта болу керек т.б.
Деонтологияның маңызды мәселелерінің бірі адалдық: өзгелердің нәтижелерін иемденіп кету, экспериментальдік зерттеулерді өткізгендей болу сияқтылардан аулақ болу, жағымды нәтижелерді ғана жариялауға тиісті болу, ғылымның ашықтығы мен адалдығы т.б.
Ғылымдағы құндылықтық-этикалық мәселелерде мынадай түйткілдерді ажыратып алу керектігі де туындайды.
1.Мақсат. Моральдік тұрғыдан мынадай мақсаттар көзделмеуі тиіс: аса қауіпті қаруларды жасау, адамға жағымсыз әсер етуді көздейтін құралдар жасамау – психотропты, манипуляциялы техника т.б.; қоршаған ортаны айтарлықтай өзгертетін шаралар өткізбеу, өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлерін жасау;
2.Ғылыми қызметтің құралдары. Адамдар мен хаиуанттарға айтарлықтай зиян алып келіп тәжірибе жасайтын құралдарды пайдалану, өте жоғары бағалы азшылықтың өмірін жақсартуға бағытталған құралдарды пайдалану, кең ауқымды (тұтас индустрияны қажет ететін) қаржыны талап ететін жеке жобаларды іске асыру т.б. мәселелелер бүгінгі таңда пікірталасты болып келеді.
3.Ғылыми қызметтің салдарлары. Ғалым өзінің жаңалығының зардаптарын елестете алмаса да, ол жағымсыз болған жағдайда, осы зардаптарға жауап беруі тиіс. Бірақ зардаптарды білу мен біле алмаудың өзі және оны қолдану құқығын иелену күрделі мәселе, Мысалы, ядролық, атомдық энергия мен оларды қару түрінде қолдану, экологиялық зардаптар т.б.
4.Ғылыми қызметтің мағынасы неде – жалпы ғылыми-техникалық өркениет қайда бара жатыр, ол адам игілігіне қызмет етсе, сол игіліктің өзінің мағынасы неді, ғылым өзінің алдына қандай жоғары биік мақсаттар қойып отыр, ғылым билік пен үстемдікке негізделсе, оның өзі этикалық болып табыла ма т.б. мәселелер ұсынады.
Ғылымның бақылауда болуы мен болмауы да қоғамдағы күрделі мәселе, бір қырынан ғалымның еркіндігі екінші бір қырынан ғалымның немен шұғылданып жатырғандығының ашық болуы. Мысалы, ол адамзатқа айтарлықтай қауіп туғызатын ізденістермен немесе түрлі бақылаусыз психологиялық тәжірибелермен айналысуы мүмкін. Бірақ оны кімдер, қалай бақылауы тиіс. Оның өзі сол саланың мамандары мен ғалымдарынсыз тағы да мүмкін емес.
Ғылым этикасы арнайы ғылымдардың өзіндік салалық этикалық ілімдерін туғызған. Мысалы; экологиялық этика (энвайронментальді) – қоршаған ортаны сақтау мен қорғаудың ғылымдағы этикалық мәселелері, Биомедициналық этика (биоэтика) – трансплантология, репродуктивті технология, эвтаназия, психиатриялық мәселелер т.б. Компьютерлік этика – үгіт, насихаттар, жалған ақпараттар, компьютерлік қылмыстар т.б.
Осының барлығы тек қазіргі кезең емес, болашақта да байқалатын-байқалмайтын зардаптар туғызуы ықтимал, ендеше, «олардың жобалану деңгейі қандай» деген мәселелерге алып келеді. Сондай-ақ қоғамдық ғылыми зерттеулер мен обьектілер теңсіздік пен кемсітушіліктерге жол бермеуі тиіс. Бүгінгі күні ғылым этикасында шешімін тапқан мәселелерден гөрі, қойылып жатырған мәселелер көбірек, сайып келгенде, бұның барлығы адамзаттың игілігі мен әлеуметтік тарихтың дамуына оңды септігін тигізуі тиіс.
4.Бүгінгі ғаламдық мәселелер ғылым аралық болғандықтан глобалистика ілімі аясына келіп тоғысады. Ғаламдық мәселелердің өлшемі мынада: 1. Тұтастай адамзаттың немесе жекелеген адамдардың тағдыры мен мүддесі туралы қозғалатын мәселелер; 2. Планетаның адамдарының көп бөлігі қатынасып шешуі тиіс өзекті мәселелер; 3. Әлемдік дамудың бойына сіңірілген обьективті факторлардан құралған мәселелер; 4. Шешімін таппаса адамзат пен қоршаған ортаға кең ауқымда зардаптар алып келетін мәселелер т.б. Олар барынша мобильді болып келеді, мысалы бір мәселенің өзектілігі жойылып немесе төмендейді. Сондай ақ өзара байланысты, яғни, біреуінің шешілуі басқасына жағымды немесе жағымсыз ықпал етеді.
Ғаламдық мәселелер үш топқа жіктеледі: 1. Қоғам аралық (халықаралық терроризм, соғыс қаупі т.б.): 2. Қоғам мен табиғат арасындағы (энергетикалық, экологиялық); 3. Адам мен қоғам арасындағы (демография, денсаулық т.б.). Бұл мәселелерді шешу Рим клубындағы идеялар, Вернадскийдің ноосферасы, коэволюция сияқты ілімдерде талқыланған.
ХХ ғасырдың аяғына таман адамзаттың болашақ тағдырына алаңдайтын ғаламдық мәселелер философиясы туындады. Бұнда негізінен жалпы адамзатты алаңдататын түйткілдер қозғалғанмен, жалпы алғанда, ол - сциентизм мен антисциентизм, жаңа солшылдар, рим клубы, технофобия проблемалары, экологиялық философия т.б. ахуалдарды қамтып, өзінің шеңберін кеңейте түскен еді.
ХХ ғасырдағы ғаламдық мәселелерге мыналарды жатқызуға болады: дүниежүзілік соғыс қаупінен сақтану; экологиялық дағдарыс пен зардаптарын жеңу; батыстың дамыған елдері мен дамушы елдері арасындағы айырмашылықтарды жою; планетадағы демографиялық жағдайдың тұрақтануы; денсаулық сақтау: СПИД, рак т.б ауруларды жеңу, наркомания; мәдени және рухани құндылықтарды жандандыру; халықаралық терроризммен күрес т.б. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты болып келеді және кейбіреуінің өзектілігі төмендесе, оның орнына басқа өзекті мәселелер туындауы мүмкін. Осыдан ғаламдық мәселелер философиясы туындап, ол экологиялық философия, техника философиясы т.б. саларды біріктіреді.
Соның бірі – Римклубығылыми-техникалық революция жағдайындағы экологиялық мәселелер мен ғаламдық мәселелерді шешуді жолға қоятын 1968 жылы итальяндық экономист А. Печчей негізін қалаған халықаралық қоғамдық ұйым ретінде құрылған отыз шақты мемлекеттің қайраткерлерін, ойшылдарын, бизнесмендерін т.б. біріктірген философиялық және мәдени-әлеуметік қозғалыс. Олардың қазіргі ғаламдық мәселелер, адамзаттың даму барысындағы қайшылықтар, дүниедегі адам болмысы, гуманистік құндылықтар, адамзат болашағы туралы философиялық пайымдаулары – әлемнің компьютерлік үлгісін жасау, капитализмнің жағымсыз беталысын сынау, адамгершілік мәртебені көтеретін құралдар іздестіру, қару-жарақты айыптау, қоршаған ортаны сақтау т.б мәселелермен ұштасып жатыр.
Боткиннің «Үйренудің шегі жоқ», Б.Гаврилишиннің «Болашаққа апаратын маршруттар», Д. Медоуздың «Өсудің шегі», Форрестердің «Әлемдік динамика», М. Месаровичтің «Адамзат бетбұрыс нүктесінде», Э. Ласлоның «Адамзаттың мақсаты» т.б. жетекшілігімен болған баяндамалар мен еңбектер Рим клубының өкілдері ретінде түйткілді мәселелерді компьютерлік модельдеу арқылы қозғады. Баяндамашылардың негізгі түйіні – егер адамзаттық мәденит пен өркениет ғылыми-техникалық прогресс осындай деңгейінде өркендей беретін болса, онда ХХІ ғасырдың бірінші жартысында «ғаламдық катастрофа» болатындығы және оның қалай алдын-алу керектігі туралы.
Мәселен, «Өсудің шегі» тұжырымдамасында Жер планетасының шектілігін, ондағы табиғи ресурстардың шектеулі екендігін ескере отырып, өнеркәсіп өндірісі мен адам санының өсуін шектеу қажеттігі туралы айтылады, планетамыздың осыншама адамды асырауға физикалық қабілетінің де мүмкін еместігін байыптайды, өндіріс, ауыл шаруашылығы, адам саны өсуінің осы беталысы сақталса, табиғи ресурстардың құрып бітуі мен қоршаған ортаның ластануы қауіпті шегіне жететіндігі туралы дабыл қағады. Бұның алдын алу «нөльдік өсімге», «ғаламдық өзара теңдікке» қол жеткізгенде ғана іске асады деп түсіндіреді.
Бұл тұжырымдаманы екі жақты қарастыру қажет. Жағымды-оптимистік: барлық проблемалардың шешуі болатын экономикалық шексіз өсу жөніндегі технократиялық мифтің құлдырауына әсер етті; әлемдік қоғамдастықтағы дағдарыстық процестерге назар аудартты, оның саясатпен байланысын ашты; табиғи ресурстарды ысырап етпеуге көңіл аудартты; өсудің мақсаты мәселесін парасатты түрде ойлануға әкелді, өмірдің сапасын артыруға ұмтылғанын көрсетті.
Жағымсыз-пессимистік: әлемдегі жағымды, тиімді әлеуметтік өзгерістерді ескермеді; тұтас адамзат дамуындағы нақты тарихи жағдайлардың болашағына жағымсыз беталыс құрды; өнеркәсіп әрекетінен бас тартуға әкелді т.б. Экологиялық философия: «Жер адамзаттың ортақ үйі» немесе «Алып кемесі»; Адамзат тіршілігінің өміршеңдігін сақтау; Ғарыштық қағидалар сияқты мақсаттардың орындалуы туралы толғанды. Осыған байланысты бұнда да оптимистік және пессимистік екі бағыт қалыптасқан. Пессимистік жердегі қайта қалпына келмейтін табиғи ресурстар таусылғандығын атап көрсетеді және техника қаншама дамыса да, өзінің зардаптарын мүлде жоя алмайтындығын тілге тиек етсе, оптимистік бағыт адамзат өркениеті бұларға баламалы энергия көздерін іздестіруді және оларды пайдалануды, экстенсивті технологияны ұсынады. Атап айтқанда, желдің, күннің, судың т.б. табиғи энергия көздерін оңтайлы пайдалану мәселелері ұсынылады және басқа да баламалар табу, қалдықсыз өндіріс, қайта қалпына келтіруге болатын қорларды жедел арада қалпына келтіру т.б. көзделеді.
«Жаңа солшылдар» - қазіргі қоғам дамуы мен ондағы құндылықтарға, өмір стиліне, моральдік нормаларына қарсы шыққан, әлеуметтік нақты шындыққа наразылық білдірген бағыт. Олар қазіргі өмірлік қазыналарды жаппай жоққа шығаруға ұмтылды, нигилизм, анархизм, стихиялылықты, қоғамның ойын ережесін айыптады, оның саяси-мәдени, әлеуметтік-экономикалық құрылымынан аулақтауға ұмтылды. Өкілдері: Маркузе, Дебре, Фанон т.б.
Бұл «жаңа философтар» бағытының тууына алып келді: Глюксман, Б.А. Леви, Ж.П. Долле, Г. Лярдо т.б. Олар психоанализ, экзистенциализм, структурализм бағыттарын сынай отырып, адамзат қоғамының тарихын «үстемдіктердің әр түрлі формаларының бірқалыпты ауысуы» деп ұқты, ол идеал «өмірлік мәннен» алшақтаған, көпшілік канондары тіл, мәдениет, өмір салтынан бас тартуды ұсынды. Дәстүрлі философиялық идеяларды үстемдік ғылымы деп түсінді.

10.Дәріс. Эстетика және өнер философиясы




  1. Эстетика – әсемдікті түйсіну туралы ғылым

  2. Эстетиканың категориялары мен қызметтері

  3. Дүниені көркемдік тұрғыдан игерудің ұлттық ерекшеліктері

Эстетика – өнердің қоғамдық өмірдегі жоғарғы формасы, оның пайда болуының негізгі заңдылықтарын, эстетикалық сананың формаларын(сезім, қабылдау, талғам, бағалау, идеалдар т.б), табиғаттағы, өмір қалпындағы, рухани және материялдық өндірістегі әсемдіктің құрылуы мен дамуын зерттейтін ғылым. Эстетика терминін енгізген 1750 жылы неміс философы А.Баумгартен болатын. Бірақ эстетикалық пайымдаулардың түптөркіні көне замандарда қалыптасқан.
Көне Грекияда өлшем, прапорционалдық, бөліктердің үйлесімділігі, көртүрліліктің бірлігі тұтастық әсемдіктің обьективті негіздері ретінде қарастырылды.
Мәселен, Пифагор математиканың тұрғыдан әлемдік үйлесілімділікті негіздеді, музыканың ғарыштық негіздегі шарттарына үңіліп, ондағы қозғалыстардан өзіндік бір үн шығады деп пайымдады. Стоиктер адам мен әлемнің үйлесімділігінің бірлігін, микрокосм идеясын ұсынды, Платон Игілік, Әсемдік, Әділеттілік, Эйдос, Демиург ұғымдапрына ерекше көңіл бөле отырып, оны философиялық тұрғыдан негіздеп берді. Ал Демокрит өнер хайуанаттарға еліктеуден туған деп баға берді: үй салу – қарлығаштардан, ән айту – құстардан т.б.
Орта ғасырда батыс Еуропада эстептика теологиялық тұрғыдан негізделді: «әсемдік пен сұлулық құдайдан, оның өзі асқан көркем, оның жаратқанының бәрі сұлу» деген сияқты қағидаттар канонға айналды.
Қайта өрлеу дәуіріндегі эстетикалық ой, әсірсе, өнер арқылы дамыды. Леанардо да Винчи, В. Шекспир, М. Сервантес т.б. атап өтуге болады. Онда табиғат пен адам өзінің мәні жағынан әсем, суретшінің міндеті осы шынайы сұлулықты жанғырту. Өнер де ғылым сияқты ақиқатқа ұмтылу тиіс болды. Өнерде классика қалыптасты.
Жаңа заманда, неміс ойшылдары бұл ілімнің теориялық жақтарын негіздеді. Шиллер эстетиканың іргелі категорияларын ұсынды. Сұлулық, трагедиялық, комедиялық асқақтық.
Эстетикалық қызметі – адам өмірі мен қоғамдағы ролі.

  1. Өнертанудың теориясы: 2) ұрпақтарды әсемдікке тәрбиелеудің педагогикасы: 3) өнерді қоғамдық сананың формасы ретінде зерттеудің социологиясы т.б.

Әсемдік – эстетиканың кең ауқымда және негізгі категориясы. Ол кейде эстетикалық деген сөздің синонимі ретінде де қолданылады. Сондықтан эстетиканы әсемдік туралы ілім деп те атайды. Оған сұлулық, көркемдік деген сияқты ұғымдар сәйкес келеді.
Әсемдік сезімдерге баурайтын жағымды құбылыс. Оның обьективті эстетикалық санадағы құрылымдары: пішін, көлем, түс, ырғақ, симметрия, үйлесімділік т.б. Әсемдік Пифагорлықтарда « келіспейтіндердің келісімі» және олар жетілгендік пен әсемдікті теңестірді. Ал үйлесімділікті жалпы категория деп түсіндірді: өнердегі өмірдегі барлық құбылыстардан бастап, ғарышқа дейін сақталады. Гераклит сұлулықтың салыстырмалылығын ұсынды, мысалы ең әдемі маймыл адамға қарағанда ұсқынсыз. Сократта сұлулық абсолютті емес, қатынастарға байланысты, бір нәрсеге пайдалы екендігінен туындайды.
Платонда сұлулық абсолютті, ол әрқашан өзгермейді жойылмайды. Сұлулыққа қарама-қарсы түсінік ұсқынсыздық (безобразное). Ұсқынсыздық, үйлесімсіздік, өлшемсіздік, жүйесіздік, жетілгендіктің болмауы т.б. Оның шалалық пен әдемі еместіктен айырмашылығы, сұлулықты жоққа шығаруы мен жағымсыз формада жағымды эстетикалық идеал болуға ұмтылады, жасырын болады.
Ол шалалық формасында комедиялыққа өтеді (карикатура), сұлулық формасында – асқақтық пен қайғылылық. Ол да зұлымдыққа байланысты.

  • Асқақтық – төмендік категориясына қарама қарсы бүкіл табиғат пен қоғамдағы эстетикалықты бейнелейтін категория. Табиғатта шегі мен көкжиегі жоқ аспан, теңіз, тау сеңгірлері, сарқырама, күшті дауыл т.б.

  • Қоғамда ұлы адамдар т.б. Ол таңқалу, бас ию,тіпті құлдық жағдайында да көрініс табумен ерекшеленеді. Ол сұлулықпен тұтасады, қарапайымдылықтан, күнделіктіліктен, әдеттегіден барып ажырайды. Бірақ ол маргиналды әдеттегі жағдайда көрініс табады: шөл дала, құз жартас т.б. Асқақтық сұлулықтың жаңа белесінен көрінуге ұмтылады.

  • Төмендік - қоғам мен өмір шындығындағы жағымсыздықты бейнелеп, жек көру мен теріс айналу сезімдерін туғызатын асқақтыққа қарама -қарсы категория. Мысалы: балшықты жер, жылан, кене т.б. Бірақ бұның бәрі табиғаттағы шартты түсініктер.

  • Қайғылылық – адам мен табиғат, адамдар арасындағы қайшылықтармен қақтығыстардан туындайтын сезімдік пен шартталған категория. Ол азап шегу, өлім, катастрофтар түрінде, әсіресе, трагедияда (өнер) айқын білінеді және адам өмірінің күйін белгілейді. Ол барынша этикалық түсінік.

  • Комедиялық қоғамдық өмірдегі ішкі қайшылықтар мен сәйкес келмеуді бейнелейтін эстетикалық категория: юмор (әзіл), ирония (келемеж) сатира, сарказм (мысқыл).

3.Қазақ халқының этноэстетикасының жалпы бағдарын түйсінудің бір қыры - көптеген халықтардың дүниетанымына ортақ үдеріс дүниені көркемдік тұрғыдан игерудің байырғы ұлттық бейнелеріне үңілу болып табылады. Әлемді образдық-аллегориялық, рәміздік-көрнекілік тұрғыдан байыптаудың негізгі түпмәні логикалық ақиқат пен ғылыми тұрғыдан түйсінудің бірден-бір баламалық нұсқалары болып ыңғайласуында екендігін атап өткен жөн. Осы көркемдік тұрғыдан игерудің ақиқатқа қатысты бір қыры – оның «ақиқат – метаақиқат – субьақиқат» аясында өрбитіндігі. Нақтырақ айтқанда, образдық бейнелердің бір тобы әлем туралы шындықты астарлы, тылсым, көркемдік тұрғыдан бейнелейді. Бірақ осы эстетикалық образдардың бұндай түрлері логикалық ақиқаттан мүлде алыс, тіптен сәйкес келмейді деген түсінік туғызбауы тиіс, эстетика жалпы алғанда, ғылыми ақиқатты ашуды негізгі мақсат етіп қоймайды, абсолютті ақиқатты ашуды көздей бермейді.
Екінші бір тобы – бейнелеу «ақиқатқа тура сай келе ме, келмей ме» деген түйткілдерден тыс, оған мүлде алаңдамайтын, бірақ эстетикалық таным аясында биік деңгейден көріне алатын бейнелерге келіп тоғысады. Бұнда эстетикалық пен логикалықтың бірлігі-келісімділігі басшылыққа алынады. Көркемдік таным бір сәтке, өзінің эстетикалық қуатын ашу үшін ақиқаттан тысқарыланып, одан да асқақтап, метаақиқат деңгейімен келіп үндеседі.
Үшінші бір тобы – ақиқаттың суьбективті формаларына бағдарланады, яғни, келісімділік, тиімділік, әсемдік деген сияқты құндылықтармен келіп шартталады. Сол құндылықтардың өзі эстетикалық категориялар мен таным аясына бағындырылып, образдардың қалыптасуы мен құрылуы сан алуан комбинацияларға қарай жетелейді. Бұл мәселен, көп жағдайда, әдебиет теориясы мен өнертану ілімдерінде таратылып-талданып көрсетілген көркемдеуші тәсілдер арқылы жалғасын тауып отырады.
Ақиқат көркемдік танымда тек демифологизация, экспликация, герменевтика арқылы ғана емес, олардың ішкі мәніне көпсатылы деңгеймен тереңдеп ену арқылы да ашылады. Бұнда кейде обьективті ақиқатқа жетелейтін қосымша мәліметтер беру де басшылыққа алынатын тәрізді.
Ал ақиқаттың көркемдік образдар арқылы берілу жолдарын және оның шындыққа сәйкес келу-келмеуінің тәсілдерін былайша топтастыруға болады: проекциялау, жобалау, құрылымдау, әсемдендіру т.б. Мәселен, проекциялау, яғни, ұқсастырылып көшірілу, обьектіні тікелей емес, оған сәйкестендіріп барып нақыштауды басшылыққа алады: а) кей жағдайда, тұрмыстық-практикалық қырына байланысты қолдануға қолайлы жағдай үшін өзгерістерге түсірілуі ықтимал; ә) кей кезде тікелей көшіріліп, шағын немесе үлкен модельді құрастырып шығаруы мүмкін. Мәселен, киіз үй мен әлем қатынасы. б) көшіру сыртқы форманы емес, ішкі мазмұнды білдіріп, қызметіне байланысты бейнеленуі мүмкін.
Жобалау көбінесе обьекті материалдық болмаған жағдайда немесе ол обьект шындыққа сәйкес емес болса қолданылатын тиімді тәсіл. Бұған мысал; құбыжық, рухтар сияқты мифологиялық образдар. Бұнда обьект ішкі сезімдер мен толғаныстар арқылы барынша сәйкес деп табылған жобалармен құрылып, эстетикалық талғам жағынан қанағаттандырылуды көздейді. Немесе сол көрініс шамамен формасы бойынша құрастырылады. Түркі дүниетанымында бұндай образдық бейнелер терең байыпты философиямен келіп тоғыстырылады да, көркемдік жағына баса назар аударылады. Мысалы: Аспан мен Жер позициясы: Жоғарыдағы әлемнің тұтастандырылған бейнесі мен оған қарама-қарсы және төмендік болып бағаланатын образдар. Шындығында, астрономиялық ғылым тұрғысынан Жердің асты (іші емес) да ғарыш әлемі болып табылады, сол сәтте Жер жоғарыға, аспан Жерден де төменге түседі.
Құрылымдау позициясында әлемдегі, табиғаттағы жеке бөлшектер тұтастандырылады немесе ол бөлшектенеді. Бұл – әсемдендіретін, асқақтандыратын, тіптен кей сәттерде сұрықсыздандыратын образдарды жамайды. Мысалы, халқымыздың дүниетанымындағы космологиялық әфсаналардағы «жеті қарақшы» деп аталатын жұлдыздар ансамблін жасау, шындап келгенде, құрғақ рационалдылық тұрғысынан, жеті бөлек жұлдыздың аспан денелеріндегі орналасуынан басқа түк те емес. Оларды құрылымдау, яғни, біріктіру мен тұтастандыру, қоғамдық өмірге ұқсату бойынша жүзеге асып, әсемдікке қарама-қарсы категория сұрықсыздыққа (безобразное) келіп телінеді, себебі, «қарақшы» деген атаудың мағынасының өзі осындай.
Шынайыландыру бұған керісінше, шындық өмір құбылыстары мен тіршіліктің мағынасын терең түйсінуге жетелейтін, оны әсемдендіретін, асқақтандыратын, ғұмыр кешу белестерін парасаттандыратын ішкі сезімдік сананың беталысына келіп құрылады. Яғни, әлеуметтік шындықтың ішкі мағынасын тереңірек түйсінуге жетелейтін қоғамдық өмірдегі қайғы мен мұң, шаттық пен қуаныш, әсемдік пен сұлулық, асқақтық пен пенделікті ажырату. Бұл да образдық бейнелеудің сатымен тереңдейтін бір формасы. Өмірдің театрландырылған көрінісіндегі рольдердің өзі таза экзистенция болып қайтадан құрылатындығын түйсінген шақта, нақты болмыстың шынайы эстетикасы қайтадан өзінің мағынасын ашады. Бірақ ол әрбір ұлыстар мен халықтарда: ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер, тіл мен дін арқылы өзіндік бір ерекшеліктерін жариялай алады. Нақтырақ айтқанда, өмір – образданған көрініс, белгілі бір шартты әлеуметтік рольдерді эстетикалық тұрғыдан орындау болатын болса, онда бұның барлығы, сәйкесінше, өмірдің өзі болып табылады. Осы тұста өмірдің шындығы мен эстетикасы тікелей өнер арқылы жарияланады. Мысалы, қайғы мен мұң – қара жамылу, жоқтау, қоштасу сияқты өнер формасында, қуаныш пен сәттілік – той салтанаты, ән мен күй т.б. музыка өнері тәрізді салттарда, әсемдік пен сұлулық – киім үлгілері, тұрмыстық бұйымдар т.б. қолөнерде айқын көрініс табады.
Бұндай түркі-қазақ халқындағы көркемдік-образдық бейнелеудің континуум аясындағы деңгейлерін иерархиялық негізде шартты түрде былайша ажыратып алуымызға болады.
1.Космологиялық модельдер: Әлемдік ағаш, «Жер асты – Беті – Ғарыш» болып құрылған әлемнің үш сатылы құрылымы, Көк өгіз, Алып кит т.б. Жерді көтеріп тұрған құрылымдық бейнесі т.б.
2.Табиғат модельдері көп жағдайда тұтастандырылған күйінде емес, жеке элементтерін образдық түрде бейнелеу арқылы құрылған: Тау – сақ пирамидалары, Көк бөрі – көкпар ойыны, Үй жануарлары мен хайуанаттардың мүйізін, аққуды т.б. – қошқар мүйіз оюы арқылы өрнектеу т.б.
3.Антропологиялық модельдер көп жағдайда адамды тұтас күйінде бейнелеуге құрылған: балбалтастар, кресттер, құмыра, торсық, ожау сияқты тұрмыстық бұйымдар т.б.
Осы тұста бұндай дүниені көркемдік тұрғыдан игерудің образдары тек жалаң «сыртқы дүние - өнер» қатынасының тұрпайы формалық көрінісінде ғана емес, сол өмір шындығының өзін түйсінудің эстетикалық қырларымен келіп тоғысады, нақтырақ айтқанда, өнердегі көркемдік шындық, сол көркемделу дәрежесі мен деңгейіне сай түсініледі, сондықтан, өмірдің Өзі әсемдік ағымына жинақталған тұтас онтологиялық түзілім болып қалыптасады. Өмірдің Өзін әсемдік идеал тұрғысынан көре білу оның терең қатпарларына бойлай ену арқылы қайғылық пен асқақтықты қоса қамтиды. Бұл тұста, шындықтың образды бейнелерінің образға дейінгі эстетикалық таныммен келіп тоғысатын алгоритмін ашып көрсетуіміз қажеттігі туындайды.
Осы орайда, келесі кезекте, жоғарыда атап өткен, космологиялық-табиғи-антропологиялық модельдердің тікелей эстетикалық тұрғыдан таным-түсінік бойынша қалай көшірілгендігіне ғана емес, солай көшірілуге қалай лайық болып тұрғандығы пайымдалуы тиіс деп айта аламыз. Демек, санадағы көшірудің дағдылы ойлауынан гөрі, бұл тұста, еліктеу мен бейнелеудің стильдерінен гөрі; неге басқа емес дәл сол денотаттың өзінің ішкі эстетикалық болмысының көркемдік тұрғыдан бейнеленуге қалай лайықты болып тұрғандығын зерделеу маңызды іс болып табылады. Яғни, көркемдік тұрғыдан бейнеленуге ғарышта және қоғамдық өмірде «мәнді» деп есептелген обьектілер ғана алынатындығын және оның қандай деңгейде мәнді болып тұрғандығын талдау маңызды. Мысалы, торсық – ер адам мүсіні. Бірақ сол «торсық деңгейінде оған баса маңыз беріле бейнеленуі үшін ер адамдық сапаның қоғамдық өмірдегі орны мен онтологиялық деңгейі қандай» деген мәселе неғұрлым мәнді болып шығады.
Сондықтан, бірінші кезекте, әлемнің космологиялық модельдеріне назар аударсақ, бастапқы түпархетиптік терек рәмізі – көне түркілік, тіпті одан да арғытектік дүниетанымның айшықты бір көрінісі ретінде бүгінгі күнге дейін келіп жеткендігімен ерекше назар аударуға тұрарлық эстетикалық нышан болып табылады. Теректі жалпы формасы жөнінен дифференциациялану бойынша, әлемнің бір негізден тараған жалпы құрылымы деп, кей сәттерде, оның әрбір жапырағын адамның жанына теңестірудің үлгісі ретінде, кей сәттерде шамандық дүниетанымның эзотериясы ретінде экспликациялайды. Бірақ бұл тұста, мәселе терекке табыну культі немесе оның әсемдігі турасында емес, әлемді эстетикалық түйсінудің-игерудің түпмағынасының философиясында болып отыр. Қазақ халқында бертінгі кезеңге дейін қураған жалғыз ағашқа (жас ағаш немесе ормандағы қатар тұрған көп ағаштың біріне емес) шүберек байлау дәстүрі сақталып келген болатын-ды. Бұл механикалық құбылыстың астарында, мистикалық және сезімдік мағына жатырғандығын ешкім жоққа шығара қоймайды, бірақ мәселе, оның ішкі ұмыт болған мағынасын ашуда болып отыр. Қураған ағаш, адам өмірімен салыстырмалы түрде бірнеше жыл жасағандықтан біріншіден, даланың барлық оқиғасының куәгері іспетті, сайып келгенде, халықтың қуанышы мен қайғысы, өткені мен бүгінінің бірден-бір табиғи-тарихи жадысы. Сондықтан, бұл куәгер – көнелік арқылы қастерлілікке, жалғыздық бойынша – асқақтыққа өтеді. Екіншіден, салыстырмалы түрде бұл жиі кездесетін құбылыс болғандықтан, ол бүткіл өткінші дүниенің рәмізі, адамның болмысы мен болмыссыздыққа өтпей қоймайтын актісінің нақты ұқсастырылған үлгісі, жалпыласақ, бүкіл әлемнің өткіншілігі мен өтпелілігін еске түсіріп, үнемі қайталап тұратын нақты көрініс. Үшіншіден, табиғатты түйсінудің белесіне неғұрлым тереңірек көтеріле алған халқымыз оның терапиялық қасиетін де соғұрлым тиімді пайдалана білген сыңайлы.
Әлемнің келесі бір моделі, «Жер асты – Беті – Ғарыш» болып құрылған үштік құрылым. Астрономиялық тұрғыдын ғылыми ақиқатқа сай келмейтін осы үштік көне дәуірлерден бастап, түркі, бертін келе қазақ халқында да сақталып қалған асқақ эстетикалық көрініс. Бұның да эстетикалық таным аясындағы мазмұнын ашып көрсетудің мынадай бағдарларын ұсынуымызға болады. Біріншіден, бұл үштікті «тезис-антитезис-синтезис» эволюциясына ұқсатып ұғыну ұлттық дүниетанымға сай болмағанмен, біз үшін түсіндірудің барынша қолайлы ыңғайы болып көрініс табады. Бірақ бұндағы тезис (Жер асты) – барша тіршіліктің шығу тегі, Жер Ана, Қойнау ретінде, бастапқы субстрат, Беті – антитезис, демек, қайшылықты және өткінші өмір, күрескерлік тіршілік дегенге келіп саяды, ал синтезис – тұтас рухтың, адам жанының ғарышқа көтерілуі, онымен тоғысуы болғандықтан, бірігу құбылысына сәйкестенген түпақырғы бірлік болып табылады және өмірдің нәтижесінің бірден-бір куәгері тәрізденіп тұрады. Бұл «Ғарыш синтезисі» шындап келгенде, ең соңғы бірігу мен тамамдалудың және Ұлы Бірліктің метаморфозасы. Бұл тек адам жаны ғана емес, тұтас әлемнің соңғы болмыссыздығындағы ғарышқа ыдырау дегенді де қамтитын тәрізді.
Екінші нұсқалы мағынасында экспликацияласақ, жер асты патшалығы көп жағдайда зұлымдық әлемі, себебі, өлімнің, нақтырақ айтқанда, өлі дененің тұрағы да осы – жер асты. Өлім үрейі мен қорқынышынан, қайғысы мен мұңынан, жеңілместігі мен қайтымсыздығынан ол зұлымдыққа баланған, жер асты қараңғылығы мен тіршіліксіздігі (өсімдіктер, жер бетіндегі хайуанаттармен салыстырмалы түрде алғанда) арқылы үрейлі және жауыздық әлемі ретінде таңбаланған. Ал жер беті қуаныш пен қайғының, әсемдік пен ұсқынсыздықтың, қайғылылық пен күлкіліліктің бірлігінің әлемі болса, Ғарыш қайтадан асқақтық пен бейтараптылық, «рухтың мәңгілік тыныштық әлемі» болып құрылады. Осы алгоритмді бақсылар оңтайлы пайдалана білген. Ендеше, қайтадан батыстық ойтаным парадигмасы бойынша (басқалай мүмкіндік қиындау болып тұр), біз Жер астының әсіреқайғылылық-түпқайғылылық (гиперсубстанционалдық трагедия) әлем және Ғарыштың абсолютті асқақтық болып тағайындалғандығын байыптай отыра, екеуінің аралығында, Жер Бетінде: қайғылық-асқақтық, күлкілілік-әсемдік, ерлік пен төмендік т.б. категориялық ұғымдардың шынайы өмір келбетінің тұтастандырылған жиынтығы жатырғандығын ұсынатын тікқиманы (вертикальді) тани аламыз. Бұл тікқиманың үш әлемдік тұғыры метафизикалық эстетика тұрғысынан алғанда, «Бейболмыс (Жер асты) – Болмыс (Жер беті) – Өзге болмыс (Ғарыш)» ретінде өрнектеледі де, сайып келгенде, осы дүниеге келіп тоғысады. Демек, «тылсым дүние» жарыспалы әлем деген мағынада қолданылған сыңайлы, ол жер астында да, бетінде де, ғарышта да – «Бар» дегенге келіп саятын іргелі ұғым.
Түркі халқының өлі табиғаттағы тау архетипінің қадірінің деңгейімен қатар қойылатын деп те айтуымызға болатын тірі табиғаттағы маңызды эстетикалық нышандардың бірі – Көк бөрі. Бұл орайда, оның тотемдік діни қырынан гөрі эстетикалық рухына тоқталу біз үшін маңызды. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңрісі бар» деген тым көне пайымдаудың мазмұны, оның КӨК бөрі деп аталуы белгілі бір деңгейде, Тәңрімен арабайланысын паш етеді. Сондықтан оның асқақтығы, жалпыдан жекеге қарай ойыссақ, таза өмірмәнділік мағынасы арқылы қайта тұжырымдалады. Бөрінің дала кезген, кей сәттерде жалғыз жортқан кейпі мен қатал дала табиғатына бейім қайсарлығы сайып келгенде, ғұн-түркілік рухты қалыптастырып шығаруда маңызды бір түрткіге айналды десе де болады. Осы бөрілік мінез бейне мен тіршілік болмысын тұтастай өзіне көшіре алған байырғы ататектеріміз бірнеше жылдар бойы әлемге танымал түркілік рухты паш етіп келді.
Қасқырдың көшпенділік өмір салты мен туыстық төтемдік белгісі бірігіп, тұтас арналас сипаттағы бейнені әйгілейді. Қасқыр далада жалғыз жортуы арқылы – әлемде де жалғыз, оқшауланған, үнемі шынайы қатал өмірмен бетпе-бет кездеседі, оған үнемі «шекаралық жағдайлы» өмір тағайындалған. Бұл сипаттар шындап келгенде, «даладағы жалғыз жортқан атты қазақтың» бейнесіне сәйкестеніп, әсемдік-асқақтықты елестетеді және төтемге еліктеудің үлгісін ерікті-еріксіз түрде жасап бере алады.
Қазақ өрнектерінің ішіндегі орталық бейне деп те айтуымызға болатын нақыштардың бірі – «қошқар мүйіз» деп аталатын ою. Бұл – бүгінгі күні де халқымызда Қазақ ұлтының руханияттық «бренді» ретінде әйгіленіп жүр. Бұл образда да қаһардың мазмұны сұлулықтың формасымен келіп түйіседі. Жалпы алғанда, тым көне әлемдік мистериядағы мүйіз фетиші қазақ халқында да – жігер мен қуаттылықтың, күш пен намыстың, қару мен айланың т.б. ұғымдардың тұтастандырылған жиынтығы ретінде концептуалданады.
Сондықтан қошқар мүйіз, бір қырынан, осы айбарлылық пен қаһарды рәміздейтін образ болса, екінші бір қырынан, әсемдік пен сұлулықты қамтып жатады. Барлық мүйіздерді шақша, пышақтың сабы сияқты тұрмыстық бұйымдарда қолданады. Ал қошқардың, арқардың мүйіздері өзінің басқалардікіне ұқсамайтын оратылған ерекше көрінісі арқылы диалектикадағы шиыршықталған (спираль) дамуды елестетеді, олай болса, оның формалық бейнесіндегі ою да қозғалыс пен өркендеуді, шарықтау мен өрлеуді ниеттеуден туған болуы ықтимал деп болжамдай аламыз. Халқымыз шиыршықты дамудың диалектикалық заң екендігін ұғынбаған да шығар, бірақ, басты мәселе – осындай кейіптегі эстетикалық дүниетанымның өзіндік парадигмасын өздігінше байыптағандығында болып отыр. Мысалы, күнделікті тұрмыста қолданылатын ақ пен қара кезектесіп келетін ала арқан қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі заңының мазмұнын сипаттауға келіп саяды. Бұл да дүниені көркемдік тұрғыдан игерудің ұлттық бейнесі болумен қатар, екінші бір қырынан практикалық, үшінші бір қырынан философиялық мағыналы құбылыс болып келеді.
Келесі кезекте, адамды кейіптеудің бейнелеріне шолу жасай отырып, оның жалпы адам болмысынан гөрі этникалық келбетті адам ерекшелігіне назар аударылғандығына тоқталып өтуді мақсат тұтамыз. Торсықтың өзі жорықтарда, алыс сапарларда, шаруашылықта әсіресе, аттылы адам қолданатын ұлттық бұйым. Оның ер мүсіндік формасы – түркі-қазақ ұрпағы мен адам ресурсының ішкі мінез бейнесіндегі ержүректілікпен, рухшылдықпен келіп үндесе алады. Демек, ол жай ғана ер адам бейнесі емес, түркінің өршіл рухты ұлдарының келбеті. Сондықтан, қолданылу аясы да осыған келіп саяды. Себебі, аттылы жорықтағы, алыс сапардағы адам үнемі өлім мен өмірдің арасындағы «шекаралық жағдайлы» кейіпте болады. Осы шекаралық жағдайда қолданылатын торсық, адамның ішкі психологиялық болмысымен келіп түйіседі. Ендеше, торсық арқылы түркі ұлы өзінің рухын таниды, қайталайды, өзін-өзі бірегейлендіреді, қайтадан ашады. Мысалы, торсықтың тіпті үйдегі болсын, жай ғана көрінісі соғыс жағдайындағы немесе бейбіт кездердегі аса төзімділікті, тәуекелшілдікті қажет ететін – Жорықпен психологиялық ассоциация берген, ол шыңдалу мен өзін-өзі ер намыстылыққа баулудың немесе есіне түсіріп отырудың түрткісі болған деп айта аламыз. Керісінше редукцияласақ, торсық жай ғана адам емес, толыққанды, денелі, алып тұлғалы әскери тұлғаны көшірмелеуден туған көркемдік таным образы. Ендеше, ол күнделікті тұтынатын бұйым, сәт сайын кездесетін айғақ болғандықтан, келесі кезекте, жас ұрпақты осындай рухта тәрбиелеудің визуальді құралы да қызметін атқарған. Осыған орай, ұлттық дүниетанымдағы дүниеге ер бала келу қуанышының неліктен қыз балаға қарағанда басымдау болғандығын туындатуымызға болады. Себебі, ер бала бұл тұста, туыстық жағынан ұрпақ жалғастығының кепілі болуы қырынан емес, потенциалды әскер ретіндегі қоғамның бағалы ресурсы ретінде қадірленуіне байланысты болып келеді. Жаугершілік замандағы ұрыстардағы шығындалған әскердің орнын толтыру, қалың қолдың сан мен сапасының бірлігін қамтамасыз ету, сайып келгенде, ерлік пен елдіктің тұғырлылығын сақтау қашанда әскери тұлғалардың жетіспеушілігін (дефицитін) тудырып отырды, міне, дүниеге ер бала келу қуанышының мәні, «шекесі торсықтай ұл туды» деген мақтаныш пафос таза өмірмәнділік экзистенция болумен қатар дала эстетикасының экспликациясы болып табылады.
Екіншіден, ол жалпы көшпелі өмірдегі қолданылатын практикалық бұйым. Сондықтан, торсық көшпеліліктің де рәміздік бейнесі деп айта аламыз. Торсықты ойлап табу, оны пайдалану әрине сол көшпенділік өмір үшін қажетті болғандықтан шығарылғандығы түсінікті. Үшіншіден, торсық қилы заманда, әсіресе, шөл қысқан сәттерде талайлардың өмірін сақтап қалған ыдыс немесе бір торсық сусынға зар қылып өлімге алып келуге себепші де болған құбылыс. Міне торсық концептісіне, халқымыздың таза осындай өмірмәнділік экзистенциялары сіңірілгендіктен, ол өздігінен қастерлі бұйым. Сайып келгенде, осының бәрі торсықтың тек жай ғана адам мүсініне еліктеудің үлгісі емес, көшпелі өмірдің нақты ассоциациялық бейнесін білдіретін таза эстетикалық құрал екендігіне көз жеткізе аламыз.
Сайып келгенде, осыдан «бұндай дүниені көркемдік тұрғыдан игерудің экспликацияларының бүгінгі күнгі мәдени-әлеуметтік маңызы неде, болашақ ұрпақтарды тарихи эстетикалық танымнан сусындатудың практикалық қырлары қандай» деп туындаған өмірмәнділік сауалдардарға мынадай жалпылама жобаларымызда ұсына аламыз: интеллектуальді ұлт қалыптастыру арнасында ұрпақтардың руханияттық пен эстетикалық танымын молайту, еңбек қоғамына негізделген өзіне сенімділік тұғырды тарихи негіздер бойынша паш ету, отаншылыққа тәрбиелеуде ұлттық рухты ерлік пен әсемдік категориялары арқылы бекітіп берудің тәсілдерін ұсыну т.б. Мысалы, бұл зерттеудің ұлтжандылық пен елінсүйгіштікті қалыптастырудағы өзіндік қарларын былайша таратып айтуымызға болады.
Ұлтжандылық сана, олай болса, бүгінгі күні өткенді зерделеумен, оны сезімдік тұрғыдан терең түйсінумен қатар, оған сүйсіну, тұшыну, қайтадан рәміздеу-образдау, сүйтіп, ішкі дүниенің рухани тебіренісін сұлуландыру, оны тарихи таныммен үндестіру-үйлесімдендіру арқылы толыға түседі. Осы орайда, түркі-қазақ халқының дүниені көркемдік тұрғыдан игерудің образдары мен үлгілерінің жалпы бағдарлары емес, экспликациясының бүгінгі ұрпақ санасына әсер етуде өзіндік бір ықпалды арнасы бар екендігін басшылыққа алуымыз керек. Бұл экспликациялар табиғи-эволюциялық, қажетті-мәнді тұрғыдан архетиптерді оятуға келіп түйісіп қана қоймайды, себебі, ол бейсана тұңғиығына негізделген, сонымен қатар эстетикалық сана деңгейіне келіп тоғысатындығына да байланысты болып шығады.
Жалпы әрбір халық үшін оның өткені кейінгіге қастерлілік болып сабақтасуы тиіс. Осы қастерлілікті түйсінген сана түркілік рухтың да қастерлігін түйсінудің жеке жағдайларына қарай өтеді. Мысалы, «Көк Түркілік - Көк Бөрілік» рухтың кейінгі ұрпақ үшін рухани-эстетикалық қажеттілік екендігін терең байыптай білген ХХ ғасырдағы ақындарымыздың бірі – М. Жұмабаев болатын. Ол поэзияның көркемдік тәсілдері арқылы көне образдарды жаңа образдармен бере білді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет