Баекеева айнур толыбаевна


Салалық терминдерді аударуға арналған біртілді және көптілді тезаурустар



бет23/41
Дата07.10.2022
өлшемі6.11 Mb.
#462141
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   41
baekeeva a t -povtor phd (s sop pis)

1.2.2 Салалық терминдерді аударуға арналған біртілді және көптілді тезаурустар


Пән салаларындағы ақпаратты іздеу тезаурусын құрастырудың алғышарттары 1960-жылдардан бастау алады. Ол кездегі ақпараттар легінің қазіргі ақпараттар легінен біраз айырмашылықтары болатын, яғни құжаттардағы библиографиялық ақпараттар, рефераттар негізінен тек құжаттың мәнін ашатын кілт сөздермен шектелетін. 1980‑жылдары ақпаратты іздеу тезаурустарын құрастырудың ұлттық және халықаралық стандарттары жасала бастады [ISO, 1985, 1986].
Машина немесе компьютер көмегімен жасалатын салалық аударманың кез келген түрін атқаруда сөздіктер мен тезаурустың маңызы зор екендігін алдыңғы тараушада атап өттік. Сөздік қорлардың электрондық нұсқасы болмайынша, қазіргі таңда ешбір аударма дұрыс жүзеге аспасы анық. Осы уақытқа дейін жасалып келген сөздіктер мен қағаз бетінде басылған материалдардың мазмұнынын компьютер технологияларының деректер базасы көріп, тауып беріп немесе тани алмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, машина, яғни компьютерлік бағдарламалық жасақтамалар материалдардың тек сыртқы формасы мен салмағын ғана анықтай алады. Қағаз бетіне түсірілген салалық сөздіктерді шұғыл түрде электрондық басқарылмалы платформаларда құжаттап, біріздендіру өте қажет.
Тезаурус терминіне арналған анықтамалар баршылық. Тезаурустың аудармадағы маңыздылығы ақпараттық технологияның дамуымен бірге өзгеріп, дами түсуде. Амара‑коша (Amarakosha) мен Роже тезаурусынан (Roger’s Thesaurus) бастау алған тезаурустардың эволюциялық дамуы мен түрлері туралы «Information technologies applied in compiling multilingual thesaurus» деп аталатын мақаламызда толығырақ тоқталдық [239].
Біздің диссертациялық жұмысымыздың практикалық нәтижесі болып табылатын басқарылмалы тезаурусқа анықтама бермес бұрын, дәстүрлі түрде қолданылып келген және жаңа буын тезаурустарының анықтамаларына тоқталып өтейік.
Шетел тілінің қазіргі сөздігі: Тезаурус [грек. Thēsaurós, қазына, қор] дегеніміз 1) мәтіндерде кездесетін сөздердің мүмкіндігінше толық ұсынылған қоры, толықтай қоры тек өлі тілдер үшін ғана мүмкін; 2) лексикалық бірліктер арасындағы мағыналық, синонимдік, тектік‑түрлік қатынастарды және басқа да ерекшеліктерін көрсететін идеографиялық сөздік; 3) информатика саласындағы тезаурус толықтай дерлік жүйеленген мәліметтер жиынтығы, тезаурустың мақсаты – адамға немесе компьютерлік бағдарламаларға қажетті мәліметті тез табуға мүмкіндік береді [240].
Thesaurus.com сөздігі: 1. Тезаурус – сөздердің немесе пән саласы туралы ақпараттардың немесе арнайы ұғымдардың жиынтығы, сонымен қатар тезаурус – сөздер мен олардың синонимдік қатарының жиынтығы. 2. Тезаурус – сілтемелер мен ақпаратты іздеуге арналған құжаттар топтамасын ұйымдастыруда қолданылатын тақырыптардың немесе дескрипторлардың тізімі // www.thesaurus.com [241], аударма АБ.
Collins Dictionary сөздігі: Тезаурус – мағыналас сөздер топтастырылған анықтамалық // www.collinsdictionary.com [242], аударма АБ.
Dictionary.com сөздігі: 1. Онлайн Thesaurus.com тәрізді синонимдер мен антонимдер сөздігі. 2. Кез келген сөздік, энциклопедия немесе толық анықтамалық. 3. Репозиторий.
Компьютерге байланысты мағынада: 1. Компьютерде сақталған, тақырыптардың толық тізімінен тұратын, тиісті терминдерді қолдану арқылы ақпарат алуға болатын индекс. 2. Мәтін өңдеу мақсатында пайдалану үшін жадыда сақталған синонимдер мен антонимдер сөздігі // www.dictionary.com [243], аударма АБ.
ЮНЕСКО тезаурусы: ЮНЕСКО тезаурусы – білім беру, мәдениеттану, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, байланыс және ақпарат тәрізді пән салаларындағы құжаттар мен жарияланымдарды іздеу мақсатында қолданылатын басқарылмалы және жүйеленген терминдер тізімі. Тезаурус үнемі байытылып, жаңартылып отырады, тезаурустың көпсалалы терминологиясы ЮНЕСКО бағдарламалары мен қызметінің эволюциясын көрсетеді // vocabularies.unesco.org [244], аударма АБ.
Digital Library тезаурусы: Тезаурус – индекстеудің басқарылмалы тілі, ұғымдар арасындағы априорлық қатынасты нақты орнату үшін формалды ұйымдастырылған сөздік // http://db4.sbras.ru/elbib/data/show_page.phtml?13+2320 [118], аударма АБ.
Тезаурус – терминдердің, синонимдер мен антонимдердің мағыналық байланысын көрсететін жалпы немесе арнайы лексика қорының түрі. // http://db4.sbras.ru/elbib/data/show_page.phtml?13+2320 [118], аударма АБ.
Тезаурус – тілдің сөздік қорын толықтай көрсетуге бағытталған сөздіктің бір түрі. Тірі тілдерде тілдің сөздік қорын толықтай ашу мүмкіндігі болмаған жағдайда, тезаурусты ұғымдық жіктелім мен лексиканың стилистикалық стратификациясын көрсететін лексикалық топтар мен семантикалық өрістер түрінде тілдік жүйені білдіретін сөздік деп атайды. Тезаурус – сөздіктің жүйелік-идеографиялық түрі. Сөздіктердің түрлеріне ажырату принциптеріне сәйкес, тезаурус нормативті сөздіктер түріне жатады [245].
C. Ryan тезауруста барлық терминдер бір-бірімен байланысты жүйе болып табылатындығын айтады. Бұл пайдаланушыларға ақпаратты тез тауып қана қоймай, мағыналық, эквиваленттілік, иерархиялық және ассоциативті қатынастарды түсінуге көмектеседі деп есептейді [246]. Мысалы, Роже тезаурусында (Roget’s Thesaurus of English Words) ағылшын тілінің сөздері мен сөз тіркестері ұқсас ұғымдар мен идеялар бойынша түзілген.
Б. Добровтың пікірінше, тезаурус компьютерлік лингвистикада алдына мынадай мақсаттарды қояды [247]:

  • ақпаратты іздеу (Information Retrieval);

  • семантикалық веб (Semantic Web);

  • гетерогенді түрлі дереккөздерді интеграциялау;

  • ережеге негізделген машиналық аударма жасау.

Тезаурусқа берілген анықтамаларға талдау жасау нәтижесінде, заманауи ақпараттық технологиялар дамыған кезеңдегі салалық терминдер тезаурусын құрастыру арқылы, тезаурусқа мынадай анықтама бердік.
Сонымен біздің пайымдауымызша, аударматану тұрғысынан қарастырғанда, тезаурус – ақпараттық іздеу (Information Retrieval) кезінде әр пән саласы бойынша сөздер мен терминдерге толыққанды, түпкілікті ақпаратты бірнеше тілде бірдей беретін, машиналық аударма кезінде компьютерлік бағдарламалар тани алатын терминдердің интероперабельді жүйесі деп есептейміз (АБ, СТ).
Біз осы зерттеу жұмысымызда қарастыратын тезаурустың мағынасы жоғарыда аталған «Шетел сөздерінің сөздігінде» берілген мағыналарға ұқсас келетінін айтып өткіміз келеді.
Басқарылмалы электрондық тезаурустардың ішіндегі танымал тезаурустарға тоқталайық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   41




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет