Кен байыту немесе обогащение терминдері ағылшын тілінде enrichment және beneficiation деген екі мағынада қатар қолданылады, яғни абсолютті синонимді терминдер. Ал сталь және steel терминдері қазақ тілінде болат және құрыш деп бірдей қолданылады. Металдың бұл түріндегі синонимдердің болуы Қазақстан аумағында металл өңдеу мен балқытудың ежелден бері қолдана білгендігінің айқын дәлелі бола алады.
Жер қойнауы және недра ағылшын тілінде soil және subsoil; магмалық тау жыныстары мен магматические породы терминдері ағылшын тілінде igneous rock, magmatic rock, pyrogenic rock, plutonic rock деп түрлі синонимдері арқылы беріледі. Аталған мысалдардан металл немесе минерал атауларының негізі жалпытүркілік қазақ тіліне қарасты болса, технологиялардың дамуымен байланысты тілімізге енген терминдер өзге тілден калькалану арқылы жасалады деп пайымдаймыз.
Терминдердің варианттылығы мен жарыспалығын узуалдандыру қажет. Узуалдану процесі деп бір атаудың бірнеше варианттарының ішінен біреуінің іріктеліп, сол ұғымның болашақта атауы болатын вариантын таңдап алуды айтамыз.
Digital Library платформасында Zthes деректер схемасы негізінде құрастырған тау‑кен терминологиясының қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі басқарылмалы тезаурусында термин атауларын узуалдандыру процесі мейлінше жүзеге асырылды.
Сонымен ғылыми мәтіндерде, ресми құжаттарда вариантты немесе жарыспалы терминдердің мүмкіндігінше Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан бекітілген немесе ресми, ғылыми тілде стандартталған, сондай-ақ жазба тілде қолдану жиілігі жоғары, болмаса нормаға айнала бастаған нұсқалар ғана пайдаланылуы тиіс.
2.1.1 Терминком бекіткен «Кен ісі және металлургия» саласының терминдеріне дәстүрлі тезаурустық сараптама
Қазақстан Республикасының Терминологиялық комиссиясы (Терминком) ұсынған салалық терминдерді жүйелеу бойынша көптеген жұмыстар қазақ-орыс терминологиялық сөздіктерін қағаз бетіне басып шығару арқылы жүзеге асырылып келді. Салалық терминдерді тіл мамандары әрдайым дұрыс түсіндіре бермейді. Салалық терминдердің барлығы дерлік қазақ немесе орыс тілдеріне аударылған. Терминдердің аудармасы көбінесе дәл емес, әр түрлі синонимдер қатары орын алғандығы себепті аудармашының қызметінде семантикалық баламаны дұрыс түсінуді және таңдауды қиындатады.
Терминком ұсынған және бекіткен қазақ тілінің терминдерінің базасында барлығы 376343 термин орналастырылған (2018 жылғы мәлімет бойынша) // https://termincom.kz/. Терминком бекіткен салалық терминдердің ішіндегі «Кен ісі және металлургия» саласындағы терминдерге алдымен дәстүрлі тезаурустық сараптама жасадық.
Дәстүрлі тезауруста сөздіктер тек әріп тәртібі арқылы ғана орналастырылады. Termincom.kz сайтында орналастырылған барлық терминдер 31 томдық салалық терминдердің электрондық платформаға көшірілген нұсқасы болып табылады. Аталған сайт 2016 жылдан бері жұмыс жасайды.
Бұл терминологиялық базадағы тау‑кен терминдерінің жалпы саны – 11039 терминді құрайды, олардың ішінде қазақ тілінде жасалған терминдер саны – 5776 термин (52,32%), орыс тілі арқылы енген терминдер саны – 5263 термин (47,67%) (Қосымша А).
Жалпы сөздіктегі терминдердің ішінде орыс тілі арқылы енген терминдер көптеп кездеседі. Орыс тілінен енген терминдерге ұлт тіліндегі қосымшалар жалғану арқылы жасалған, яғни морфологиялық тәсіл өте жиі кездеседі.
Терминологиялық комитет ұсынған тау‑кен терминдеріне дәстүрлі тезаурустық сараптама жасау арқылы қазақ тілінің әліпбиіне қатысты біраз қосымша фактілерге қол жеткіздік. Мысалы, й әрпінен басталатын бір ғана термин йодты титан, немесе я әрпімен басталатын яшма, янтарь тәрізді терминдердің, ф, х, ц, э әріптерімен басталатын флотация, фильтрация, халцедон, цемент, цирконий, электролиз, экскаватор тәрізді терминдердің, сонымен бірге ч, ю әріптерімен басталатын бір‑бірден ғана кездесетін Чебышев әдісі, Юнг әдісі терминдері түгелдей дерлік кірме терминдер болып табылады.
Квантитативті әдіс арқылы жасалған дәстүрлі тезаурустық талдаудың нәтижелері төмендегі Гант диаграммаларында (Gantt chart) берілген (суреттер 10, 11).
Сурет 10 – Termincom.kz дерекқорындағы қазақ тілінде және орыс тілі арқылы жасалған тау-кен ісі терминдерінің пайыздық көрсеткіші
Ескерту – Автор құрастырған
Сурет 11 – Termincom.kz дерекқорындағы әріп тәртібі бойынша алынған терминдер санының пайыздық көрсеткіші
Ескерту – Автор құрастырған
Дәстүрлі тезаурустық талдау барысында қазақша-орысша тау-кен терминдері бойынша терминологиялық сөздіктердегі терминге қойылатын талапқа сай емес сөздердің көптеп кездесетініне көз жеткіздік. Терминге қойылатын талатардың бірі – терминнің көп варианттылығы мен жарыспалығына жол бермеу, яғни терминге бір мағыналықтың тән екені белгілі. Дегенмен Терминком бекіткен терминдердің ішіндегі кемшіліктердің бастысы – көп варианттылық пен терминдердің жарыспалығы. Аталған көп варианттылыққа тезаурустық сараптама жасау нәтижесінде мынадай көп вариантты терминдер анықталды (Қосымша Ә). Мысалы, кеуектілік және қуыстылық (пористость, porosity); қазу, игеру, жасау және әзірлеу (разработка, development), т.т.
Терминологиялық базаның дерекқоры мазмұнын талдау нәтижелері көрсеткендей, аталған көп вариантты терминдердің көпшілігін терминдерді жүйелеудегі кеткен салғырттық деп білеміз, себебі екі немесе үш нұсқалары берілген терминдердің бір ғана нұсқасын қалдыруға болады. Мысалы, айыру, үзілу, жарылу (порыв) немесе айырылу, үзілу (разрыв) мысалдарында порыв – жарылу (blast), разрыв – үзілу (gap) деп бір баламамен беруге болады. Волокна терминіне талшық баламасы қалыптасып, құлаққа да үйренісіп кетті, сондықтан нановолокны – наножіптер емес, наноталшықтар (nanofibers) деп қана аударылуы тиіс.
Ал ұсақтау, ұсату (дробление, crushing) мысалында екі нұсқа берілсе, крупное дробление, среднее дробление, мелкое дробление түрлері ірі ұсату (large crushing), орташа ұсату (medium crushing), майда ұсату (fine crushing) деген нұсқалармен берілген. Мұндай көп варианттылықты аудармашы автоматтандырылған немесе жазбаша аударма кезінде түзету мүмкіндігіне ие болса, ал машиналық аударма кезінде машина мәтін ішінде термин кездесетін әр сөйлемде, әр абзацта түрлі нұсқаларды таңдауы мүмкін. Кейбір жерлерде ұнтақтау нұсқасын пайдаланушылар да бар, алайда ұнтақтау – измельчение (grinding) мағынасына сәйкес келеді. Себебі кен өндіруде ең алдымен ірі ұсату, орташа ұсату, майда ұсату процестерінен өткен соң ғана ұнтақтау процесіне жіберіледі. Өз кезегінде ұнтақтау процесі де ірі ұнтақтау (крупное измельчение, large grinding), орташа ұнтақтау (среднее измельчение, medium grinding), майда ұнтақтау (мелкое измельчение, fine grinding) болып бөлінеді.
Қазақ тіліндегі тау‑кен терминдерінің сөздігін түзудегі келесі мәселе – орыс тілінен тура аудармасыз беру құбылысы. Аталған тау‑кен терминдерінің терминологиялық базасында мұндай терминдер көптеп кездеседі. Тау‑кен өндірісі, металл балқыту Қазақстанның территориясында бастау алып дамығанымен, көптеген технологиялар батыс елдері мен Ресейден келді. Осы себепті кен өндіруге қатысты технологиялардың атаулары өзге тілден енді. Сонымен қатар қазақ тілінің тау‑кен терминологиясының негізі өткен ғасырда КСРО кезінде қаланған. Осылайша орыс тіліндегі баламаларымен тура сәйкес келетін бірқатар терминдер тобын анықтадық (Қосымша Б). Мысалы, бадделеит, домна, дренаж, кронблок, цемент, шахта, т.б.
Сонымен дәстүрлі тезаурустық сараптама барысын қорытындылайтын болсақ, төмендегідей тұжырымдарға келеміз.
1. Қазақ тілі арқылы жасалған және орыс тілі арқылы енген сөздердің арасындағы терминдер санында қатты айырмашылық байқалмайды. Қазақ тілінде жасалған терминдер орыс тілі арқылы енген терминдерден сәл көп (Қазақ тілінде жасалған терминдер – 52,32%, орыс тілі арқылы жасалған терминдер – 47,67% құрайды).
2. Қазақ тіліндегі терминдердің көп варианттылығы мен жарыспалығы мәселесін біріздендіру қажет және екі немесе үш нұсқаның арасындағы тау‑кен саласына ең сәйкес келетін бір ғана нұсқаны қалдыру қажет.
3. Қазақ тілі мен орыс тілінің арасында тура абсолюттік сәйкес келетін терминдерді терминолог мамандар мен пән саласының мамандары арасында талқылау және қайта қарастыру керек.
4. Кен ісі және металлургия саласы бойынша терминологиялық сөздіктен түркі тілдер қабатына жататын терминдер таңдап алынды.
5. Синтетикалық тәсілге қарағанда аналитикалық тәсіл арқылы жасалған терминдер санының көбірек екені байқалды, әсіресе тіркесті терминдер өте жиі кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |