Баекеева айнур толыбаевна


ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТАУ-КЕН ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН, ОРЫС ТІЛДЕРІНЕ АУДАРЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет25/41
Дата07.10.2022
өлшемі6.11 Mb.
#462141
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   41
baekeeva a t -povtor phd (s sop pis)

2 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТАУ-КЕН ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН, ОРЫС ТІЛДЕРІНЕ АУДАРЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ




      1. 2.1 Қазақ тіліндегі тау-кен терминологиясының қалыптасуы мен дамуы


Қазақ тілінің тау-кен терминологиясының қалыптасуына бастама жасап, зор үлес қосқан академик Қ. Сәтбаев болды. 1960-1980 жылдары терминдерді жасау, қабылдау және бекіту барысындағы қызметпен негізінен Терминологиялық комитет (Терминком) айналысты. Мемлекеттік терминология комиссиясының (Мемтерминком) құрамында көптеген белгілі тіл мамандары қызмет атқарды (С. Бәйішев, Қ. Шәріпов, І. Кеңесбаев, Қ. Сағындықов, М. Балақаев, Ә. Қарағұлов, М. Қаратаев, Т. Мұсақұлов, О. Жәутіков, С. Аманжолов, Б. Бірімжанов, Ә. Сатыбалдиев, О. Құдышев, І. Жарылғапов, Ж. Смағұлов, Б. Қыдырбекұлы, А. Әбдірахманов, А. Бейсембаев, С. Байжанов, Х. Хасенов, Х. Тілемісов, Ә. Қайдаров, және т.б.). Мемтерминкомда қызмет атқарған қоғам қайраткерлері мен ғалымдар терминологияны біріздендіруге, сөздіктер жасау мен басып шығаруға тиісінше атсалысты.
Аталған комитеттің құзыретіне терминологиялық сөздіктерді шығару, жаңа терминдерді сұрыптап бекіту, жаңа терминдерді қабылдаудың ғылыми қағидаларын жетілдіріп біріздендіру, бекітілген терминдері ұсынып, оларды БАҚ құралдары арқылы насихаттау тәрізді қызмет түрлері кірді.
Терминологиялық комитеттің басшылығымен шығарылған пән және атау сөздіктері туралы, салалық терминдер туралы толығырақ алдыңғы тарауда қарастырдық. Бұл бөлімде қазақ тілінің тау‑кен терминдерінің жасалу жолдарына, Терминком бекіткен тау‑кен терминдеріне дәстүрлі тезаурустық сараптама жасау арқылы заман ағымына сай озық технологиялардың көмегімен терминологиялық сөздіктердің, яғни салалық терминдердің тезаурусының жаңа буынын құрастырудың әдіс‑тәсілдерін сипаттайтын боламыз.
Қазақ тілінің тау-кен терминдерін зерттеу ерекше маңызды болып табылады, себебі тау-кен терминологиясының терминологиялық базасының 60 жылдан астам уақыт бойы жүйелі және толыққанды толықтырылмағандығын атап өту керек. Оған себеп – Қазақстан Республикасының эволюциялық дамуы: көптеген тау‑кен ісі мен металлургия саласындағы кәсіпорындар ұзақ жылдар бойы ірі империя қызметін атқарып келген КСРО‑ның өндірістік дамуымен тікелей байланыста болды, ал КСРО ыдыраған соң тәуелсіз Қазақстанның өндірістік бағыты мұнай және газ саласына қарай ауыса бастады. Мұнай мен газ саласына шетелдік инвесторлар көптеп тартыла бастады, салалық аудармада мұнай‑газ саласының ағылшын‑орыс тілді аудармашыларына сұраныс арта түсті. Нәтижесінде Қазақстан экспортының 75%‑ын мұнай өнімдері құрады. Мұнай кен орындарыны түгелдей дерлік Қазақстанның қазақ тілді батыс аумақтарында орналасқан. Осыған байланысты мұнай‑газ саласындағы аудармалар қазақ тілінде жүргізіледі. Кеңес дәуірінде өндіріс салаларына қатысты терминология да құжаттар да қазақ тіліне аударылмай келсе, енді мұнай‑газ кен орындарының еліміздің батыс өңірінде жаппай игерулеріне байланысты, қазақ тіліндегі аударма тыс қалмады.
SOROS Қазақстан қорының дайындаған есептері негізінде (2006) әлемдік мұнай қорының түгесілуіне 50 жылдай қалғаны белгілі [260]. Ал ақпараттық технологиялар, машинажасау өндірісіндегі соңғы жаңалықтар мен технологияларға сүйенсек, түрлі технология жетістіктері металсыз жүзеге аспайды. Осылайша тау‑кен саласының әлеуеті жоғарылай түсуде. Тау‑кен ісі мен металлургия саласының мамандықтары Қазақстан Республикасының жаңа мамандықтар мен құзыреттерінің Атласының 2020 жылғы шығарылымында №1 болып басты мамандықтар санатында белгіленген [74].
Өндіріс саласына қатысты терминологиялық база Қ. Сәтбаевтың бастамасынан бері қарай көптеген жылдар бойы жүйелі әрі толыққанды біріздендірілмеді. Тәуелсіздік алғаннан бері ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, мұнай‑газ терминдері Қазақстанның Терминком дерекқорында жеке терминология ретінде қалыптаспай, терминжүйе ретінде қызмет жасайды. Мұнай және газ терминдері «Кен ісі және металлургия» терминологиясы саласының ішіне кіріктірілген.
Кен ісі мен металлургия саласының терминдері өткен ғасырда осы саланың қарқынды дамуы кезінде терминология ретінде қалыптасқанымен, аталған саладағы жаңа серпілістер, замануи технологиялардың қарыштап дамуы мен жаңа заман талабына сай қолданыста жүрген терминдер ресми түрде бекітіліп немесе жаңа терминдерді қабылдаудың тың принциптері қабылданбаған. Мысалы, тау‑кен саласында EPC-contract, JORC code, AMIRA code тәрізді халықаралық стандарттар, келісімшарттар мен кодекс атаулары аудармасыз ұсынылып, кең қолданыста жүр. Мұндай жағдайлардың орын алуына тағы бір себеп – 1990-жылдары көптеген металлургиялық комбинаттар жұмыстарын тоқтатып, құлдырау үстінде болды. Сондықтан тау‑кен ісі мен металлургия саласының терминдері біраз уақыт зерттеуден тыс қалды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейінгі соңғы жылдары тау-кен саласының дамуы жаңа серпінге ие болды. Көптеген металлургиялық зауыттар мен комбинаттар қайта жандандырылып, геологиялық барлау, кен өндіру және метал өңдеудің заманауи озық технологияларын қолдана бастады. Тау-кен терминдерінің жүйесі технологиялық процестер мен өңдеуге байланысты жаңа терминдермен толықтырыла бастады. Жаңа халықаралық терминдерді жүйелеу, жалпытүркі лексикалық қорына қатысты тілдік материалдарды құжаттау қажеттілігі туа бастады. «Самұрық‑Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» есебіне сәйкес қазіргі таңда кен ісі мен металлургия саласында тартылып отырған инвестициялардың 75%-дан астамы алыс‑жақын шетелдік елдердің еншісінде. Бұл дегеніміз тау‑кен саласындағы орнатылып жатқан халықаралық байланыс салдарынан тіларалық салалық аудармаға деген сұраныстың да өсуін көрсетеді. Бұған 2009 жылдан бері жыл сайын осы салада дәстүрлі түрде өткізіліп келетін «Astana Mining and Metallurgy Congress» Астана тау‑кен ісі мен металлургия саласының конгресі айқын дәлел болады [261].
Қазақ тілінің терминжасам жүйесінде орныққан және қалыптасқан сөзжасамның негізгі үш тәсілі бар: синтетикалық тәсіл, аналитикалық тәсіл және лексика-семантикалық тәсіл.
Қазақ тіліндегі тау‑кен терминдерінің қалыптасу жолдарын қарастыру үшін тау‑кен терминдерін жасалу жолдарына қарай мынадай түрлерге бөлеміз:

Терминжасам тəсілдерінің ішіндегі ең көп қолданыстағы жолы – қосымшалар арқылы сөз жасау тəсілі болып саналады. Тау‑кен терминдерінің ішінде сөзжасамның синтетикалық немесе морфологиялық тəсілі арқылы жасалған терминдер саны көптеп кездеседі. Агглютинативті немесе жалғамалы тілдерде морфологиялық тəсіл туынды сөздерді жасаудың ең негізгі, өнімді тəсілдерінің қатарынан табылады.
Сонымен аталған тәсілде екі тілдік бірліктің қатысуымен, яғни мағыналы сөз бен сөзжасамдық қосымша арқылы туынды сөздің пайда болуын мына формула арқылы көрсетуге болады (сурет 9):



Сурет 9 – Тау-кен терминдерінің терминжасамдық формуласы


Ескерту – Ш. Құрманбайұлының ұсынған кестесі негізінде жасалды


Жалғамалы тілдерде синтетикалық тәсіл туынды сөз жасауда негізгі тәсілдер тобына кіреді. Түркі тілдері, соның ішінде қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, синтетикалық тәсіл қазақ тілінде туынды сөз жасауда үлкен қызмет атқарады.


Жаңа терминдер жасауда тілдің түрлі амал-тәсілдері болғанымен, ең маңызды тәсілі ретінде күні бүгінге дейін А. Байтұрсынұлы ізін салып кеткен әдіске сүйенеміз. Тілдің ішкі заңдылықтарына сәйкес қалыптасқан жаңа терминдерді жалпы әдеби тілде бар сөздер негізінде жасау дәстүрлі түрде қолданылып келеді. Терминдену процесі сөздердің семантикалық өзгеруіне, жаңа мағыналардың пайда болуымен бірге, жеке, дербес сөздердің форманттарға айналуына да алып келеді.
Белгілі бір терминологиялық жүйеге енгізілетін жаңа терминологияны реттеу және біріздендіру жұмысының барысында нормативтік параметрлерге сай келетін терминдер іріктеліп, сарапқа салынады. Нормативтік параметрлерге мыналарды жатқызамыз: атаудың ұғым мазмұнына сай келуі; мейлінше терминнің көпмағыналылығын немесе жарыспалығын болдырмау, яғни бірмағыналыққа ұмтылу; термин-синонимдердің тек қажеттілерін қалдырып, синонимдер санын шектеу; терминді тілдік белгілеуде ұтымды форма жасау; терминнің қысқалық белгісін, жеңіл айтылуын қамтамасыз ету; жаңа терминдерді өздеріне тән терминологиялық өріс үлгілеріне сәйкес жасап енгізу.
Аталған талаптар қазақ тіліне өзге тілдерден аударылатын терминдерге қойылған. Тілімізде бар байырғы сөздердің есебінен терминқорды толықтыру кезінде немесе кез келген арнаулы саланың жаңа терминдерін жасау барысында белгілі бір үлгіні сақтаудың терминология үшін маңызы зор. Бұл ең алдымен терминологиядағы жүйелілікті бұзбау үшін қажет. Ал терминологиядағы жүйелілікті кейбір терминолог ғалымдар терминологияның басты қағидаты деп санайды [80; 81, c. 50].
Осы уақытқа дейін көбінесе шетелдік, соның ішінде, латын, грек тілдерінен енген терминдік элементтерді пайдалана отырып термин жасасақ, терминологиядағы жүйелілік сақталады деген пікір қалыптасып келді. Ал ұлт тіліндегі термин шығармашылығын дамытып, өз тіліміздің ішкі мүмкіндігін пайдалана отырып та ұлттық терминқорды жүйелі қалыптастыруға болатындығын ғылыми негіздеп, терминологияның практикалық жұмыстарын сол бағытта жүргізуге аса көңіл бөлінбей келді.
Салалық терминологиясы жүйеленген бірқатар тілдерде әр саланың өзіндік ерекшелігін, ұғымдар жүйесінің өзара байланысын дәл таңбалай отырып жасалған терминқорлары көп. Ұлттық терминқорлар мен көптілді терминдер базасын құрайтын тезаурустардың бұл түрлерін алдыңғы тарауда талдаған болатынбыз. Мұндай жүйеленген терминқор қалыптастыру үшін негізінен әр тіл өз тілінің қажеттілігіне қарай өзге тілдердің қосымшаларын, терминдік элементтерін пайдаланады.
Қазақ терминологиясында кеңестік кезеңдегі терминжасам қағидаларын дәстүрлі түрде қолдану қалыптасқан. Бұларға өзге тілдік элементтерді пайдалану, өзге тілде жасалған терминдерді дайын қалпында қабылдауды жатқызуға болады. Терминқордағы микро, макро, ультра, гидро, аэро, авиа, нео, контр, моно, анти, архи, транс, супер, гипер сияқты грек, латын негізді терминдік элементтер соның көрінісі. Терминтануда терминүлгі ұғымы кеңінен қолданылады. Терминүлгі деп сала терминдерінің белгілі бір қалыптасқан сөзжасамдық үлгі бойынша біртектес жасалуына негіз болатын үлгі немесе модельді атаймыз.
Жүйеленген салалық терминологияны қалыптастыруда сол саланың терминдерін белгілі бір сөз тудырушы морфемаларды немесе терминдік элементтерді пайдалана отырып жасау тәжірибесі бар. Бізде де кейбір арнаулы сала терминдерін жасауда соңғы жылдары біршама өнімді жұмсалып жүрген жұрнақтардың бар екенін аңғаруға болады. Мысалы, іс жүргізу саласында -ма, ‑ме, -ба, -бе, -па, -пе арқылы анықтама, хаттама, баяндама, мінездеме, мәлімдеме, көшірме, баянжазба т.б. Тіл білімінде ‑м, -ым, -ім арқылы айтылым, жасалым, жалғаным, естілім, сондай-ақ -уыш, -уіш арқылы бастауыш, баяндауыш сөздерінің жасалатыны белгілі.
Ғылым мен техника саласында кейінгі жылдары -қыш, -кіш, -ғыш, -гіш жұрнағы арқылы жасалған терминдердің молайғаны байқалады. Мәселен, ажыратқыш (выключатель, breaker), қыздырғыш (нагреватель, heater), араластырғыш (смеситель, mixer), үрлегіш (воздуходуховка, blower), вагонаударғыш (вагоноопрокидыватель, dumper), ағытқыш (расцепитель, releaser), оқшаулатқыш (изолятор, isolator), т.б. Бұл морфеманың көмегімен жасалған терминдер негізінен орыс тілінің ‑тель суффиксі және ағылшын тілінің ‑er, ‑or жұрнақтары арқылы жасалған сөздерге сәйкес келеді.
Біріншіден, мұнда бірізділік бар. Екіншіден, тіларалық сәйкестік сақталған. Ағылшын, орыс тіліндегі құрал саймандар, жабдықтар мен механизмдер атауларын жасауда жиі қолданылатын суффикс арқылы жасалған терминдер біздің тілімізде де дәл осындай мағына беретін жұрнақ арқылы туындыған. Үшіншіден, бұл морфема арқылы жасалған терминдер ықшамдылығымен, қолдануға қолайлығымен ерекшеленетіндігін айта кету керек.
Тілдегі термин шығармашылығының жандана бастауына байланысты кейбір терминдерді жасауға ғана қатысып, аса өнімділік таныта қоймаған жұрнақтарды пайдалану арқылы жаңа терминдер жасау үрдісі байқалады. Оған -уыш, -уіш арқылы жасалған талдауыш (анализатор, analyzer), жабдықтауыш (поставщик, supplier), жүктеуіш (погрузчик, loading machine), шоғырлауыш (концентратор, concentrator), шектеуіш (ограничитель, controller), кодтауыш (кодировщик, coder), есептеуіш (вычислительная, computational), сипаттауыш (описатель, descriptor) т.б. жатады.
Ұғым мазмұнын дәл беру тұрғысынан да, қосымшаларды мағынасына қарай пайдалану тұрғысынан да кемшіліктер жоқ емес. Бұл арада термин жасаушы сала мамандары терминжасамның лингвистикалық қырына, жүйелілігіне жете мән бермегені байқалады.
Терминжасамда сөздің лексикалық мағынасына тән реңктері мен мағына көлемін дәл ажырата білу оңайға соқпайды. Ал қосымшалардың ерекшеліктері мен грамматикалық мағына сияқты ұғымдарға сала мамандарының мән бере бермеуі жиі кездесетін жайт. Оған мысалды салалық терминологиялық сөздіктердің кез келгенінен кездестіруге болады, мәселен, тас ұсату, тас уату, тас ұнтақтау. Осыдан сөздік құру, термин жасау барысында басшылыққа алуға болатын әдістемелік, көмекші құралдар дайындаудың қажеттілігі туады.
Ағылшын және орыс тілдерінен енген сөздер мен терминдер құрамында кездесетін артикль (article), приставка (prefix) тәрізді аффикстер қазақ тілінде жоқ, сондықтан сөзжасам, терминжасам барысында қолданылатын негізгі тәсілдің бірі сөз тудырушы жұрнақтар арқылы термин жасау болып табылады. Бұл тәсіл арқылы туындап терминқорымызға енгізілетін терминдеріміздің тіліміздің табиғатына сай, терминге қойылатын талаптарға жауап бере алатындай тілдік тұрғыдан сауатты жасалуы үшін тіліміздегі сөз тудырушы жұрнақтарды жіктеп, оларды қалай дұрыс та ұтымды пайдалану керектігі нақты көрсетілуі тиіс.
Салалық терминдердің көп бөлігін құрайтын аударма терминдер қатарындағы варианттылық пен жарыспалық заңды құбылыс болып табылады. Мысалы, кен байыту, обогащение, enrichment және beneficiation; сталь, steel, болат және құрыш; жер қойнауы, недра, soil және subsoil; магмалық тау жыныстары, магматические породы, igneous rock, magmatic rock, pyrogenic rock, plutonic rock және т.б. мысалдарында бір тілдегі терминді басқа тілге аудару кезінде терминдер сөздігінің беретін варианттылығын көреміз (кесте 7).

Кесте 7 – Салалық терминдердегі варианттылық пен жарыспалық





Қазақ тілі

Ағылшын тілі

Орыс тілі

Кен байыту

Enrichment, beneficiation

Обогащение

Болат, құрыш

Steel

Сталь

Жер қойнауы

Недра

Soil, subsoil

Магмалық тау жыныстары

Igneous rock, magmatic rock, pyrogenic rock, plutonic rock

Магматические породы





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   41




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет