1.2 Қазіргі аударматанудағы сандық технологиялардың дамуы мен цифрландыру жағдайындағы салалық аударма мәселелері
Цифрландыру жағдайындағы компьютерлік лингвистика мен компьютерлік аудармадағы автоматтандырылған сөздіктер мен тезаурустар автоматты семантикалық талдауды жүзеге асыру мақсатында қолданылады, өйткені мұндай тезаурустар тобы иерархиялық, синонимдік, антонимдік және ассоциативті қатынастарда ұйымдастырылған лексикалық бірліктерден тұратын онтология болып табылады.
Тезаурусты қолдана отырып, компьютерлік бағдарламалар сипатталып отырған белгілі бір пән саласындағы тақырыптардағы қатынастарды «түсінеді». Y. Gambier мен Т. Батураның пікірлерінше XX ғасырдағы тезаурустар алғашында ЭЕМ-нің негізгі функцияларына негіздеп машиналық аударма мақсатында [209] және ақпаратты іздеу мен жасанды интеллектінің білім базасын толтыру үшін қолданылды [210].
Цифрландырудағы ақпараттық технологиялар көздері күн санап қарқынды даму үстінде. Қазіргі жаһандану дәуірінде аудармашының қызметі мен аудармашыға қойылатын талаптар жаңа мәнге ие. Әлемдегі мәдени, экономикалық, техникалық, ақпараттық және технологиялық жүйелердің интеграциясының қарқынды дамуына байланысты Қазақстандағы қазіргі сала аудармашыларының қызметінің бұдан бірнеше жылдар бұрынғы аудармашы қызметінен айырмашылығы зор.
Біріншіден, соңғы жылдары аудармашы қызметінің формасы өзгерді. Егер осыдан 2-3 жыл бұрын кез келген саладағы компаниялардың штаттағы аудармашыларының болуы міндетті болып келді. Ал қазіргі таңда аударылатын салалық ақпараттың көлемінің кенеттен күрт өсуі немесе күрт азаюына байланысты, сонымен қатар Covid-19 әлемді шарпыған пандемияның әсерінен де компаниялардың фриланс аудармашылар қызметіне жүгінуі тиіс болып отыр. Ақпараттың жедел тарауы мен тез арада қажет болуына байланысты көлемді аудармаға тапсырыстар ұлғая түсуде. Мысалы, бұдан бірнеше жылдар бұрын штаттағы аудармашының құзыретіне жазбаша (Translation) да, ауызша ілеспе (Simultaneous Interpreting) және ауызша бірізді (Consecutive Interpreting) аударма да кіретін. Ал қазіргі таңда штаттағы аудармашы негізінен компанияның жазбаша аудармасына ғана жауапты және ірі іс-шараларды өткізуде арнайы құрылғылармен жабдықталған ауызша аударма қызметтерін ұсынатын аудармашылар тобы жұмылдырылады.
Екіншіден, соңғы жылдардағы ақпараттық және сандық технологиялардың ұдайы дамып отыруы себепті, штаттағы аудармашылардың ақпаратты аудару көлемі өзгерді. Аудармаға қойылатын нормативтік талаптардың қолданысы айтулы өзгерістерге ұшырады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің 2001 жылғы 24 желтоқсандағы №275-ө бұйрығына сәйкес [211], орыс тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен орыс тіліне жазбаша аударуға төмендегі кестеде көрсетілгендей талаптар қойылып келді. Дәлірек айтсақ, штаттағы аудармашы бір күнде аса қиындық туғызбайтын стандартты мәтіндердің 11 бетін, арнайы сөздіктер мен анықтағыштардан іздеуді талап ететін салалық мәтіндердің 9 бетін және салалық терминдерді нақтылау мақсатында мамандар кеңесін талап ететін салалық мәтіндердің 8 бетін аударуы қажет болды (кесте 4).
Кесте 4 – Қазақ-орыс тілдерінде жазбаша аударуға қойылатын уақыт пен көлемнің үлгілік нормасы
Аударма көлемі
|
Түпнұсқа мәтінінің ауырлығы
|
I мәтіндер тобы*
|
II мәтіндер тобы**
|
III мәтіндер тобы***
|
уақыт нормасы, сағат
|
1 баспа бет (2000 баспа белгісі)
|
0,727 сағат
|
0,879 сағат
|
1,000 сағат
|
Аударма көлемі, бет саны
|
1 баспа бет (2000 баспа белгісі)
|
11 бет
|
9 бет
|
8 бет
|
* – мазмұны жағынан аудармада аса қиындық туғызбайтын жалпы және арнайы мәселелер бойынша мәтіндер тобы;
** – арнайы сөздіктер мен анықтағыштардан іздеу мен тексеруді талап ететін салалық мәселелер бойынша мәтіндер тобы;
*** – арнайы сөздіктер мен анықтағыштардан іздеу мен тексеруге қоса, салалық терминдердің қолданысын нақтылау үшін арнайы мамандардың кеңесін талап ететін жаңа, тың мәселелер бойынша мәтіндер тобы.
Ескерту – Әдебиет негізінде құралған [211]
|
Бұл нормативтік құжат тек қазақ‑орыс тілдерінің аудармашылар қызметтеріне арналып, шетел тілдерінен қазақ немесе орыс тілдеріне аудару мәселелері ескерілмеген. Қазір заманауи технологиялары күн санап дамыған кезеңде озық технологиялар нәтижелері арқылы жасалатын аударма ісі қызметінде жазбаша аудармашы бір күнде бекітілген нормадан артық аударма жасауына мәжбүр.
Қазіргі таңда мұндай аударма нормаларына қойылатын талаптарды бекіту және басқа да кәсіби мәселелерді шешу саласында Қазақстанда «Кәсіби аудармашылар мен аударма компанияларының ассоциациясы» 2018 жылдың 19 шілдесінде құрылып, кәсіби бастамаларды көтеруде [212].
Жоғарыдағы нормативтік құжатта бекітілген 2000 баспа белгісі деген талаптың шығу тарихына үңілсек, мұндай талап ең алғаш баспалау машинасы шыққан кезеңнен басталған. Баспалау машинасы арқылы стандартты әріптер мен шрифтер бірегей интервалдармен орналастырылған. Сондықтан баспалау машинасының стандарты арқылы аудармашыларға белгі саны қойылды.
Ал қазір салалық аударма барысында тек қана шрифт, интервалдың әр түрлілігі ғана емес, техникалық және салалық мәтіндерде кездесетін түрлі таблица, диаграмма, графиктер, карталар, кестелердің қосымша бағдарламалар арқылы берілуі, сондай‑ақ жаңа, тың мәтіндердегі жаңа терминдердің туындауы және оларды аудару мақсатында әр пән саласының кәсіби мамандарының кеңесінің қажеттілігі аудармашының уақыттық нормасына да бірқатар өзгерістер енгізеді.
Сонымен қазіргі таңда Қазақстандағы салалық аудармамен айналысатын аудармашыларға талаптар алуан түрлі. Әдетте ірі компаниялардың өздерінің штаттағы аудармашылары болады және олар негізінен компанияның баспасөз бөлімімен тығыз байланыста болып, ресми сайт материалдары мен жаңалықтардың уақытылы аударылуына жауапты. Кей жағдайларда компанияда ірі көлемді аудармалар мен ілеспе аударма жағдайында фриланс аудармашылардың қызметіне жүгінуіне тура келеді, әсіресе қысқа мерзімде техника‑экономикалық негіздемелер немесе басқа да ауқымды, кең көлемді, қосымшаларымен қосқанда 1000 беттен асатын, бірнеше томнан тұратын техникалық құжаттарды аудару кезінде бірнеше аудармашылардың қосымша қызметін пайдаланады. Біріккен ұлттар ұйымының аудармашылары орта есеппен күніне 12-15 бетке дейін аударады [213].
Кейбір ірі компаниялар SmartCat, Trados тәрізді компьютерлік жасақтамаларды сатып алып, өз аудармашыларының аудару қарқынын жеделдетуге септігін тигізіп жатады. Дегенмен ондай бағдарламалық жасақтамаларды кез келген мекеменің алуына мүмкіндігі келе бермейді. Мұндай бағдарламалар салалық аударма кезінде кәсіби мәтіндерде кездесетін тұрақты терминдерді өз жадында сақтап, тұтас мәтін ішіндегі бір терминнің бірнеше нұсқамен берілуіне жол бермейді. Осы себепті аудармадағы барлық салмақ сала аудармашыларына түседі.
Кәсіби аудармашылардың бір күнде аударуға қойылатын талаптары заңды түрде әлі бекітілмеген. Мұның басты себебін аударматанудың басқа ғылымдарға қарағанда салыстырмалы түрде жас ғылым екенімен түсіндіреміз. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңдегі аудармашылар көбінесе бірнеше тілді жетік меңгерген кез келген сала мамандары немесе билингв, полилингвтер болды. Тек өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап аударма ісі мамандық ретінде қабылданып, кәсіподақтар мен стандарттар қарастырыла бастады.
Еуропалық Одақтың EU Translation Standard аударма стандарты [213] мен Ұлыбританияның UK Translation Standard аударма стандарттарының [214] мәліметтеріне сүйенсек, тәжірибелі аудармашы бір күнде 2000 сөз аудара алады. Ал редактор‑түзетушілердің нормасы бір күнде 4000 сөз. Мұны стандартты бетке аударатын болсақ, Еуропаның аудармашылары бір күнде шамамен 8 беттен аударуы тиіс.
Бұл стандарттардың ең соңғы нұсқалары 2015, 2016 жылдары шығарылған. Соңғы 2‑3 жылдың өзінде сандық технологиялардың қарқындап дамуының арқасында, машиналық және автоматтандырылған аударма күн санап қарыштап даму үстінде. Мұндай өзгерістер автоматтандырылған аударманың сапасына да өз әсерін тигізуде. Соның салдарынан аудармашылардың кәсіби құзыретіндегі аударма нормаларына да айтарлықтай өзгерістер еніп отыр. Ауқымды, кең көлемді құжаттарды аударуда аударма ісімен айналысатын мекемелер бірнеше фриланс аудармашыға бөліп бере алса, штаттағы аудармашылар күніне шамасынан артық аудармамен айналысуына мәжбүр болуда. Осы орайда, машиналық және автоматтандырылған аударма бағдарламаларына жүгініп, мәтінді редакциялау мүмкіндігіне ие болады.
Достарыңызбен бөлісу: |