Терминөріс ұғымына берген А. Реформатский [201, 202], А. Суперанская [203], Ш. Құрманбайұлының [80, б. 50; 204] пікірлерімен келісе отырып, терминологиялық өрісті белгілі бір пән саласы терминдерінің сол салаға тиесілі терминдерінің қолданыс аясы деп түсінеміз.
Қазақ тілінің салалық терминологиясын аудармадан ажыратып қарау мүмкін емес, себебі ғылым мен техника саласының терминдері түгелдей дерлік өзге тілдерден енген немесе өзге тілді терминдерді аудару арқылы жасалған. Ғылыми‑техникалық аударма негізінде қалыптасқан салалық терминологияның даму кезеңдерін зерттей отырып, терминжасам, терминдердің қалыптасуы, оларды біріздендіру, реттеу мен ұдайы жетілдіру жұмыстары мемлекеттің тіл саясатына сәйкес жүргізіліп отырғанын көреміз. Осы орайда қазақ тілінің салалық терминологиясы аудармамен байланысының нәтижесінде дәстүрлі 4 кезеңінен өтіп, 5-ші жаңа кезеңге аяқ басып отыр.
Қазақ лексикасының терминдену процесінің дәстүрлі төрт кезеңі анықталған [80, б. 141].
I кезеңде, яғни XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың 10-шы жылдары аралығындағы кезеңде терминологияны қалыптастырудың ғылыми алғышарттары жасалды.
II кезеңде 1910-1930 жылдар аралығында салалық терминдер жүйесі алғаш рет жасалып, қазақ тілінің ұлттық ғылыми терминологиялық негізі қаланды.
III кезеңде 1930-1990 жылдар аралығында ұлттық терминология ғылыми сипатқа ие болып, дербес ғылым ретінде дамыды.
IV кезеңде 1990 жылдардан бергі кезеңде қазақ терминологиясы ғылыми тұрғыда дамып, жетіліп, ғылыми ізденістер жасалды.
Қазіргі сандық технологияның дамыған дәуірінде, терминологияны, соның ішінде салалық терминологияны пәнаралық бағытта зерттеудің жаңа кезеңге өту қажеттілігі туып отыр. Осы орайда терминдерді компьютерлік бағдарламалардың көмегімен мәліметтер базасына әр сала мен пәні бойынша жіктеуді, оларды сала бойынша біріздендіріп, терминдер сөздігінің жаңаша кешенді формасын құрастыруды міндеттейтін жаңа V кезеңді айырықша атаймыз.
1.1.1 тараушада әлемдегі және Қазақстандағы төртінші индустриялық революцияның 2016 жылдан басталғаны туралы атап өткен болатынбыз. Аталған V кезең 2015-2016 жылдардан бастау алады деуге толық негіз бар. Осы жылдардан бастап эмпирикалық тәсіл бойынша қазақ тілінің салалық терминдерін жүйелеу, біріздендіру мен электрондық базаға орналастыру жұмыстары қарыштап жүзеге асырыла бастады // Termincom.kz [117]. Бұл электрондық қорда терминдер негізінен қостілді аударма аясында жүзеге асырылды. Қазіргі таңда тек терминдер ғана емес, емле және құжаттама мәселелері де электрондық дерекқорларға негізделе бастады // emle.kz, sozdikqor.kz, qazlatyn.kz, Қазақ тілінің Алматы корпусы [205-208].
Осы диссертациялық жұмысымыздың практикалық мақсаты болып табылатын тау-кен терминдерінің басқарылмалы тезаурусын құрастырудың алғышарттары Новосібір мемлекеттік университетінде 2015-2016 жылдары қалыптаса бастады. Қазақ тілінің терминдер корпусын біріздендіріп жүйелеу мақсатында РҒА СБ, Новосібір мемлекеттік университетінің Есептеу технологиялары институты (А. Федотов) мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Ақпараттық технологиялар кафедрасы (Ж. Тусупов, М. Самбетбаева) бірігіп жасаған басқарылмалы тезаурус жобасына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Аударма теориясы мен практикасы кафедрасы (С. Тажибаева, А. Баекеева) тау-кен терминдерінің тезаурусын құрастыру жобасы 2017 жылы басталды. Ақпараттық жүйелер бойынша кеңес беруші М. Самбетбаеваның жетекшілігімен жасалған тезаурус жұмысы туралы толығырақ келесі тарауда айтатын боламыз.
Сонымен қазақ тілінің пән салалары бойынша терминологиясының даму процесінің кезеңдерін қостілді және көптілді салалық аудармамен байланысы арқылы өрбуін қарастырдық. Нәтижесінде терминологияны тіл білімі, аударма ісі және пән саласының тоғысуы арқылы жаңа бір бесінші кезеңін бастан кешіруде деп есептейміз. Қазақ терминологиясының дамуындағы әрбір кезеңге жасалған SWOT‑талдауын көруге болады (кесте 3).
Кесте 3 – Қазақ тілінің терминологиясының даму кезеңдеріне SWOT-талдау
Қазақ тілінің терминологиясының даму кезеңдері
|
Кезеңдер
|
Strengths
Артықшылықтары
|
Weaknesses
Кемшіліктері
|
Opportunities
Мүмкіндіктері
|
Threats
Қаупі
|
I кезең
XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. 10‑жылдары
|
Ғылыми терминологияны қалыптастырудың алғышарттары жасалды
|
Көптеген терминдерді аударуда қателіктер жасалды
|
Терминология алғаш рет дербес ғылым ретінде дамып, орасан зор мүмкіндіктер ашылды
|
Өзге тілдің (орыс тілінің) басымдылығы
|
II кезең
1910-1930 жылдар
|
Салалық терминдер жүйесі алғаш рет жасалып, қазақ тілінің ұлттық ғылыми терминологиялық негізі қаланды
|
Көптеген терминдерді топтастыруда қателіктер жіберілді
|
Салалық терминдер жүйесі салалық терминологияның келешегіне орасан зор мүмкіндіктер ашты
|
Өзге тілдің (орыс тілінің) басымдылығы
|
III кезең
1930-1990 жылдар
|
Ұлттық терминология ғылыми сипатқа ие болып, дербес ғылым ретінде дамыды
|
Салалық терминдерді топтастыруда қателіктер жіберілді
|
Ең алғаш қазақ терминологиялық комитеті ашылып, болашақ терминологияға айқын жол ашылды
|
Өзге тілдің (орыс тілінің) басымдылығы
|
IV кезең
1990‑2014 жылдар
|
Қазақ терминологиясы ғылыми тұрғыда дамып, жетіліп, ғылыми ізденістер жасалды
|
Терминдер тек дәстүрлі түрде кеңес дәуірінің салған ізімен зертелді
|
Терминдер көптілділік жағдайында зерттелді
|
Өзге тілдің (орыс тілінің) басымдылығы
|
V кезең
2015-2016 жылдардан бері қарай
|
Цифрландыру, сандық технология жағдайында қазақ терминологиясының қалыптасуы мен жетілуіне бағытталған ғылыми, салалық ізденістер жетіліп, қазақ тілінің электрондық корпусын құрудың алғышарттары жасала бастады
|
Цифрландыру талаптарына ілесе алмау, электрондық дерекқорлардың халықаралық стандарттарға сай жасалмауы
|
Қазақ тілінің электрондық дерекқорлары құрастырылды (termincom.kz, emle.kz, sozdikqor.kz, qazlatyn.kz, Қазақ тілінің Алматы корпусы), автоматтандырылған аударма мен қазақ тілінің корпусын құру алғышарттары жасала бастады
|
Өзге тілдің басымдылығы қаупінен арылу
|
Ескерту – Автор құрастырған
|
Мұнда әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктерін, артықшылықтарын, мүмкіндіктерін талдай келе, кемшіліктері мен қаупі анықталып, біз ұсынып отырған V кезеңнің қажеттіліктері мен айырықша мүмкіндіктері туралы келесі тараушада баса айтатын боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |