Терминнің бірмағыналылығы. Терминнің бір арнаулы сала ішінде ғана бір мағынаны білдіруі, синонимдердің болмауы.
Термин мағынасының дәлдігі. Термин атаудың өзі белгілейтін ұғымды қамтып, ұғымның негізгі басты белгілерінің термин мағынасы арқылы берілуі.
Терминнің қысқалығы немесе ықшамдылығы. Бірнеше сөздің тіркесуінен тұратын көп сыңарлы терминді ұғым атауы ретінде қолдану қолайлылық туғыза бермейді. Тіл үнемділікті ұнатады. Тіліміздегі көптеген құранды тіркестердің, біріккен, кіріккен сөздердің пайда болуы, күрделі атаулардың ықшамдалуы осы үнем заңының талаптары. Терминологияда бұл талап үнемі орындала бермейді. Терминдер жүйесінде терминологиялық тіркестер жиі кездеседі. Терминнің көп құрандылығы оның кемшілігі емес, қайта ондай атаулардың ұғым мазмұнын дәл беру тұрғысынан артықшылықтары бар, термин мағынасының дәлдігі оның қысқалығынан маңызды деп санайтын ғалымдар да бар.
Терминнің тілдегі сөзжасам заңдылықтарына сәйкес келуі. Терминдер, негізінен, жалпы әдеби тілдегі атау сөздер сияқты ұлт тілінің сөзжасам тәсілдерін пайдалану арқылы туындайды. Салалық терминдердің көпшілігі әр саланың ғалымдарының, практик мамандарының қаламынан туындайды. Салалық мамандардың барлығы бірдей ұлт тілінің сөзжасам тәсілдерін, тілдік заңдылықтарды, дыбыстардың тіркесімі мен қосымшалардың жұмсалу ерекшелігін, сөздердің тіркесу қабілетін жетік біледі деп айту қиын.
Терминнің туынды сөз жасауға қолайлы болуы. Бұл талап терминнің ықшам болуы қажет деген талаппен үндеседі. Қазақ тілі жалғамалы тілдер қатарына кіретіндіктен, неғұрлым қысқа, ықшам атауларға сөз тудырушы жұрнақтарды үсті үстіне жалғау арқылы бір түбірден немесе негізден бірнеше туынды сөз, жаңа атау жасауға болады. Ал көп құрамды атаулар бұл талапқа жауап бере бермейді. Бұл талапты терминнің сөз тудыруға қабілеттілігі (деривациялық) деп атайды.
Терминде эмоционалдық пен экспрессиялықтың болмауы. Жалпы ғылым тілі бейнелілікті, образдылықты емес, әр ұғымды өз атымен атауды қажет ететін дәлдікті, нақтылықты қалайды. Сол себептен де ғылым тілінің негізін құрайтын терминдердің эмоционалдық тұрғыдан бейтараптық танытып, оларға экспрессияның болмауы талап етіледі. Терминге эмоционалдық пен экспрессия жат емес деп санайтын тілші терминологтар да бар.
Қазақстанның терминология саласына еңбек сіңірген жоғарыда аталған ғалымдардың терминге қатысты пікірлерімен келіспеу мүмкін емес, сондықтан терминдерді жасаудың ең негізгі өлшемдері дәлдік, қисындылық және жүйелілік болып қала бермек.
Термин туралы сөз қозғағанда, жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерін саралай келе терминология, терминжүйе, терминөріс түсініктеріне мынадай анықтама береміз.
Терминологияны белгілі бір терминдердің қалыптасқан, жүйеленген, біріздендірілген терминдерінің жиынтығы деп білеміз. Терминология өз кезегінде тілді жаңа лексикамен ұдайы толықтыра отырып, байытады. Терминология мынадай тілдік ерекшеліктерге ие:
синонимия (кен ісі, тау‑кен ісі);
антонимия (магнитті сепарация, магнитсіз сепарация);
градация (кен өндіру, кен ұсату, кен ұнтақтау);
тектік‑түрлік қатынастар (металл, қара металл, түсті металл, сілтілі металл, қорытпа, т.т.);
тұтас‑бөлшек қатынасы (металлургия, металлург) және т.б.
Салалық терминология деп арнайы ғылым, білім, қызмет немесе кәсіп саласына қатысты арнайы ұғымдардың, терминдер мен тіркестердің жиынтығы деп санаймыз. Мысалы, осы кезге дейін қазақ тілінің салалық терминологиясында қолданылып келген «Кен ісі және металлургия» салалық терминологиясының ішінен «Мұнай және газ» саласы мен «Тау‑кен ісі мен металлургия» салалық терминологияларын ажыратып қарастыру қажет.
Терминжүйе – арнайы пән саласын сипаттайтын теорияны ұсыну үшін әдейі таңдалған және арнайы жасалған терминдер, сөздер мен сөз тіркестері негізінде қолданылатын терминдердің жиынтығы. Бір саланың терминологиясында бірнеше терминжүйе болуы мүмкін, мысалы «Кен ісі және металлургия» саласында «Тау‑кен ісі», «Металлургия», «Мұнай және газ», «Геология», «Кен байыту», т.б. терминжүйелер қатар қызмет атқаруда. Мұндай тұжырымға біз тау‑кен терминдерінің көптілді тезаурусының рубрикациясын құрастыру нәтижесінде қол жеткіздік.
Достарыңызбен бөлісу: |