Бағдарламасы бойынша шығарылды Құрастырған және алғы сөзін жазған Қанипаш Мәдібаева Қанайұлы Ш. Қ 34



Pdf көрінісі
бет34/40
Дата09.10.2023
өлшемі3.79 Mb.
#480227
түріБағдарламасы
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   40
c4931a4236cbca7eb8f0c9b977a1b666

Темірхан Тебегенов
ШОРТАНБАЙ
1
Сол түні жас ақынның көпке дейін ұйқысы келмеді. Көз 
алдына төңкерілген зеңгір аспанмен астасқан көгілдір бояу-
лы күмбездерінен, әсем өрнекті, қабырғаларынан қасиетті 
жазулардың қуаты сезііп тұратын Әзірет Сұлтан кесенесі 
көлденеңдей берді. Жұма сайын осы қасиетті ғимаратқа кіріп, 
әулие бабасына арнап дұға оқитын. Ортадағы тайқазанға 
тау етіп, мүсәпірлерге қайыр-садақасын беріп қайтқаннан 
кейін бойын бір ерекше жеңілдік билейді. Осы ғимараттан 
үнемі үлкен әсер алып, Алланың құдіретімен тыныстаған 
адамзаттың ғажайып тіршілігі туралы ойға шоматын-ды. 
Таң алдында көзі ілініп кетіпті. Түсінде Шортанбай екі 
қолын жайып, Құл Қожа Ахмет Йассауи әулиеден бата тілеп, 
тізерлеп отыр екен. Адамның өңіндегі істері, санасында 
жүрген ойлары, сөздері түсінде жанды суреттей бейнеленетіні 
мәлім. Міне, Шортанбай да түсінде әулие бабасының өзіне 
өлеңмен бата беріп тұрғанын көрді, ақын бабасына қосыла 
күбірлей жөнелгенін өзі де аңғармады.
Шортанбай түсінде аян беріп тұрған әулие бабасының 
«Даналықнамасындағы» осы жыр жолдарын күбірлеп жатып 
оянып кетті...
Ақылмен жетімдердің көңілін аула,
Мұстафадай жетім іздеп елді қаула.
Дүниенің қызығынан қашық болып,
Одан безіп дариядай тастым, міне...
Шортанбай жастайынан мұсылманша білім алды. 
«Құранды» меңгергеннен кейін ол Құл Қожа Ахмет 
Йассауидың «Даналықнамасын» («Диуани хикмет»), Ах-
мет Иугінекидің «Ақиқат сыйын» («Хибат улхақайық»), 
Сүлеймен Бақырғанидың «Хакім атасын» оқыған. Бұлардан 
сусындай жүріп сопылық-ойшылдық, діндарлық поэзияның 
негізгі сипаты исламның қасиетті қағидаларын арқау ете 
жырлаушылық екенін ұқты.
1
Тебегенов Т. Шортанбай //«Ана тілі». 6 мамыр, 1993 ж.


336
Сопылық-діндарлық поэзияның өкілдері адамдық өмір-
дің қайшылықты, тартысты алуан сырларына терең бой-
лай жырлайды, адамгершілік асыл сапалар мен өмірдің 
көлеңкелі жақтарына сыншыл көзбен үңіліп, ойлы, тағылым-
ды түйіндеулер жасайды. Бағзы замандық ұлы ойшыл-
дардан бастау алған бұл сарын ХVІІІ ғасырда Түркістан 
төңірегіндегі ақындық әдебиетте ерекше байқалды. Шындық 
атаулының мәңгілігін мойындауды ту еткен діндарлық поэзия 
дәстүріндегі ақындар осы өмірдегі әділетсіздіктерді паш етіп, 
о дүниелік ғұмырды пәнидегі қайшылықты құбылыстардың 
ең ақырғы әділ сарапшысы етеді. Демек, сопылық поэзия – 
ең алдымен пәлсапалық, ойшылдық ағым.
...Таңертең оянған Шортанбай көрген түсін еске алып біраз 
отырды. Содан соң: «Япыр-ай, ақын бабам аян берді-ау! 
Менің мұсылманшылық білімімді аңсап, сусап отырған халық 
бар. ендеше кең байтақ сахарадағы дарқан пейілді қазаққа 
құдайдың, Мұхаммед пайғамбарымыздың қасиетті дінін 
үйрету, бойларына сіңіру мен үшін де абыройлы міндет қой. 
Имандылық қағидаларын өлең-жырларына арқау етіп, адам-
затты тәрбиелеуді мұрат тұтқан ойшыл бабаларым Құл Қожа 
Ахмет Йассауи, Ахмет Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғанидың асыл 
істерін жалғастыруым керек!» – деп түйді ол ойын.
Шортанбай осы сәтте бұл ізгі мақсатын жүзеге асыру 
үшін, әрине, Түркістан төңірегінен гөрі мұсылманшылыққа 
зәру аймақтарға баруы жөн екендігін түйсінді. Өткен жаз-
да Қарқаралы округының аға сұлтаны Жамантай төренің 
немере інісі Тәуке баласы Құсбек төре осы жаққа келген. 
Арыс танбап әулие бейітінің жанында түнеп, әзірет Сұлтанға 
мұсылманшылық мінәжатын жасаған Құсбек төре Қарнақ 
қыстағында тұратын Шортанбайды өзі үйге кісі жіберіп, ар-
найы шақыртқан-ды. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен түр-
ік халықтары мұсылмандарының екінші Меккесіне келіп 
қайту – қасиетті парыз. Әсіресе, төре тұқымдары бұл 
парыздың орындалуына айрықша ықыласты. Оның үстіне 
бұл жерде қазақ ұлысының ұлы хандары жерленген. 
Құсбек төре сол жолы Шортанбаймен біраз әңгімелескен. 
Ол Қарқаралы аймағына, өзінің аулына Шортанбайдың 
мұсылманшылықтың тамыр жаюына басшылық етуін 
қалайтынын айтып, сол үшін Шортанбайдың ауылына көшіп 


337
келуі туралы ұсыныс та жасаған. Шортанбай ойланып көруге 
уәде етіп қала берген-ді.
Дәм-тұзы бұйырып тұрған жердің өзіне тартатыны рас. 
Әулие ақын бабасы аян бергеннен кейін-ақ жас жігіт Шор-
танбай Қарқаралы өңіріне аттануға бел буды. Сөйтіп, ізгі ой-
лар жетектеген молда әрі ақын Шортанбай бір айдан кейін 
қарт Қаратаудан Қарқаралыға кетіп бара жатқан сауда 
керуеніне ілесіп, жолға шықты. Сөйтіп, Түркістан жанындағы 
Қарнақ қыстағында 1818 жылы дүниеге келген Шортанбай 
ақын ХІХ ғасырдың орта шенінде Сарыарқаның Қарқаралы 
дуанындағы іргелі ру, Арғын ішіндегі Қаракүсен Кеней 
аталығы ауылдарына ат басын тіреді.
Шортанбай Сарыарқаға келгеннен кейін оның шығарма-
шылық өмірбаянының негізгі, ең айшықты беттері бас-
талды. Осылайша ақындығын мұсылманшылық дін на-
сихатына арнаған ақын енді тек Қарқаралы округының 
Бес ата деген жеріне ғана емес, жалпы аймаққа, қазаққа 
әбден белгілі адамға айналады. Бұл – әрі Кенесары хан 
бастаған ұлт-азаттық қозғалысының от-жалыны дүрілдеп 
тұрған кезі. Шортанбай Сарыарқаға келгенде бүкіл қазақ 
даласындағы батырлардың, ақын-жыраулардың дені Кене-
сары мен Наурызбай бастаған қасиетті күрестің бел ортасын-
да жүрді. Әйгілі керейт Нысанбай жыраудың Кенесарының 
жорықтарында жүріп шығарған толғаулары да Шортанбайға 
осы кезде белгілі болған-ды.
Сонымен, өмірі қазіргі Жезқазған облысының Шет ауданы 
жерінде өтіп, 1881 жылы қайтыс болып, осы жерде жерлен-
ген Шортанбай ақындығына Сарыарқа саңлақтары Біржан 
сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Мәди, Жанақ, Шөже, 
Орынбай, Кемпірбай және т.б. арқалы өнерпаздардың игі 
әсері тигені анық. Жұлдыз атаулының бәрі де маңындағы 
қалың шоғырымен бірге көрінетін. Шортанбай қазақ елінің 
бірнеше аймақтарына тән жыраулық, ақындық ерекше-
ліктерді бойына сіңіріп қалыптасты.
Сарыарқадағы ақындық ортамен қоян-қолтық араласқан 
Шортанбайдың үлкенді-кішілі айтыстары оның атағының 
алысқа жайылуына себепкер болды. Ол айтыстарда да Шор-
танбай ақындығындағы діндарлықтың халықтың қасіретті 
тағдырына арналған азаматтық-пәлсапалық, ойшылдық 


338
сипат тармен ұштасатыны айқындалады. Көлемі әр түрлі 
«Шортанбай мен Орынбай», «Шортанбай мен Шөже» айтыс-
тары оның осы жанрдағы шеберлігін де жан-жақты байқауға 
мүмкіндік береді. Яғни ежелгі түріктік жазба әдебиеті дәс-
түрінде қалыптасқан Шортанбайдың Сарыарқаға келген соң 
ауызша суырып салма ақындық өнерден де етене нәр алғаны, 
оның суырып салма ақындық қырының да қуаттылығын мо-
йындауымыз керек. 
Оның азаматтық-ақындық қасиеттерін өз тұстастары аса 
қадірлеп, құрметтеген. Мысалы, Шөжемен болған айтысы-
ның толық нұсқасы сақталмаса да, бізге жеткен үзінділерінен-
ақ әрі сыншыл өткір тілді, әрі бірін-бірі қадірлейтін сый-
лы дарындардың шарпысуын танимыз. Шөженің төмендегі 
шумағы-ақ осы ақиқатты терең аңғартпай ма:
Шортеке, ел сыйлаған пірім едің,
Сенімен айтысуға тұрып едім.
Басқадай қу соқыр деп кемсітпедің,
Басқа ақын тап өзіңдей ірі ме еді?!
«Шортанбай мен Асан бұғы айтысы» – қалжың ай-
тыс. Шортанбай мұнда да адамзатқа қанағатшылдықпен, 
қарапайымдылықпен өмір сүру қажеттігін, жылтыраған дү-
ние-мүлкіне қызыққан тойымсыздықтың тозаққа апаратын-
дығын толғайды.
Жамантай төре аға сұлтандықтан түскенде орнына Тәуке ба-
ласы Құсбек төре сайланады. Құсбек төре аға сұлтан болып 
тұрған кезде Шортанбайдың шеберлігі шыңына жетіп, ақындық 
даңқы аймағына кең жайыла түседі. Шортанбайдың Құсбек 
төренің ең сыйлы адамдарының санатында екенінің бір көрінісін 
оның Орынбай ақынмен айтысынан да көреміз. Айтыс Құсбек 
төренің ордасында өтеді. Оны ұйымдастырушы – Құсбектің 
өзі. Атағы Орта жүзден асып қазақ даласына танылған ақын 
Орынбай Кертағыұлымен (1813-1890) өткен бұл айтыс екі 
ақынның кезектесе отырып, бір-бір шумақтан жауаптасуы-
на құрылған. олар бір-бірінің ел арасындағы абырой-беделін 
сыйлаудан арыға бармаған. Елінің, аймағының атынан 
сөйлеу – дәстүрлі тәсіл. Екі ақын да ауыл, ағайын арасының 
бүтіндігін, ауызбіршілігін ойлайтын азаматтық биік бітімде 
көрінеді.


339
Сарыарқаның ақындық ортасымен тығыз араласып 
жүрген осы жылдары Шортанбайдың ауызша суырып са-
лып та, жазып та шығарған толғау, арнау өлеңдері мол. 
Оның өлеңдеріндегі мұсылмандық парыз, адамгершілік, 
имандылық тақырыбындағы ойлар ақынды қоршаған ортаны 
жақсылыққа бастап, тәрбиелеуге үлкен ықпал еткен. Мысалы, 
ол «Атамыз – Адам пайғамбар», «Адамның жалған дүниесі» 
атты толғауларында адамгершілікті жеке адам мен қалың 
көпшілік арасындағы қарым-қатынас аясында алып өрген. 
Құдайдың, пайғамбардың ізгі қасиеттерін адамгершілік 
тәрбиесінің өзекті желісі етеді. «Атамыз – Адам пайғамбар» 
толғауындағы мына жолдар осы айтылғандарға айғақ болса 
керек:
Жаббардың екі болмайды,
Әмір қылған жарлығы.
Ақын дін жолының ізгілігін айта келіп, адамдар 
ортасындағы, пендешілік қарама-қайшылықтардың сипатын 
да дәл бейнелейді:
Ісің түссе жаманға,
Жағаңнан алар сорыңа...
Жолдас болсаң жақсымен,
Қолың жетер Қырымға.
Текті құс қарар қырымға,
Ит айналар жырымға,
Бәлеқорлар қызығар,
Бір қалаштық тиынға...
Халқын әділдікпен басқарған кемеңгерлердің ор-
нына сырты бүтін, іші түтін қуыс кеуделердің келіп, елді 
аздырғанына күйзелген ақынның күйінішін төмендегі жол-
дардан тағы аңғарамыз:
Қасиет кетті төреден,
Әділдік кетті билерден.
Абырой кетті әкімнен,
Қайын енесі ас ішпес,
Қабағын түйген келіннен.
Жалғыз құдай болмаса,
Енді үміт жоқ өзгеден.


340
Кенесары ханның ордасы. Орданың қақа төрінде отырған 
ханның салмақты, сұсты келбетіне ешкім де тіктеп қарай ал-
майды. Бүгін мұнда хан кеңесі өтпекші. Кенесары ханның 
кеңесіне кезінде ханның, халықтың құрметі мен сеніміне 
кіргендер ғана енгізілген еді. Мысалы, олар – хан інісі Нау-
рызбай батыр, Шұбыртпалы Ағыбай батыр, қыпшақ Иман 
Дулатұлы (Амангелді батырдың атасы), Шоқмар би, Сайдақ 
қожа және т.б.
Хан кеңесі басталар алдында Ағыбай батыр Кенесарыға 
бүгін өзінің жігіттерінің Жамантай төре ауылының бір топ 
кісілерін жол үстінде тоқтатқанын, оның ішінде белгілі Шор-
танбай ақынның да бар екенін айтады. Жамантай мен Құсбек 
төрелердің өзіне қосылмағаны, ермегені – Кене ханды қатты 
мазалайтын, сол Жамантай мен Құсбектердің ордасындағы 
ақын, дін насихатшысы Шортанбайдың атағына сырт-
тай қанық Кенесары оны өзінің көргісі, тыңдағысы келетінін 
білдіреді.
Шортанбайды Хан кеңесінің бір мүшесі ордаға алып 
кірді. Әрине, өздеріне ермеген ауылдың ақынына ордадағы 
отырғандардың бәрі салқын қарайды. Ұшқан шыбынның 
ызыңы естілерліктей тыныштық. Кене ханның бір әдеті алдына 
адам алып келгенде, осылайша үнсіз қалатын. Ол келгендер-
мен тек жанындағы серіктерін сөйлестіріп қойып, олардың 
сырын үндемей тыңдап отырып, білгісі келетін.
Үнсіздікті шұбыртпалы Ағыбай батыр бұзды:
– Шортеке, хан иеміз сіздің осы біздің бәрімізге ортақ 
қасиетті ісімізге қатыспау себебіңізді білгісі келеді.
Шортанбай денесін тіктеді. О баста көңілдері жарасып, 
кейіннен қамқорлығын көрген, дәм-тұзын татқан Жамантай 
мен Құсбектен ажырау оған енді қиын. Өзіне толық еркіндік 
беріп қойған сол ортаның ықыласты қалпынан бөліне алмай, 
бірақ іштей Кене хан бастаған күрестің жеңіске жетуін тілеген 
ақын көңілі алай-түлей болып жүретін. Шортанбайдың 
саңқылдаған үні хан ордасының ішін кернеп кеткендей бол-
ды:
– Мен адамдардың ұрыспай, қағыспай, бейбіт өмір 
сүруін тілеушімін. Кәпірлерге ырық бермеу үшін халық 
Құдайдың, Мұхаммед пайғамбарымыздың ұлы қағидаларын 
басшылыққа алса екен. Қолға қару алған бұл соғысқа 


341
сіздермен қатарласып қатыса алмауымның мәнісі осы! Мен 
Кене хан мен оның төңірегіндегі батырлар ерлігін жоғары 
бағалаймын. Құдайым батырларымыздың қасиетті істерін 
желеп-жебей берсін!
Кенесары үндемеген қалпы, орнынан қозғалған да жоқ, 
бірақ Шортанбайдың сөзін тыңдап отырып, жүзіне қан 
жүгірді. «Бәсе, өзім де сезіп ем... Қазақ жерінің әр қиырында 
осылайша өзі сіңіскен ортасынан бөлініп шыға алмай жүрген 
талай-талай игі жақсылар бізге тілеулес болып жүр ғой!» – 
деп ойлады ол. 
Шортанбайдың даусы енді тау қыранының үніндей 
саңқылдап естілді:
Сары аттың оқ тиіпті жілігінен,
Батырдың сауға алалық ілігінен.
Ту ұстап заманында міндің тұлпар,
Қасымның айналайын сідігінен.
Кене аға, жазда ауылмын, күзде ауылмын,
Қайталай салсаң тұйғын жез дабылмын.
Аспанда ұшып жүрген Сіз – бидайық,
Алдыңда ала мойын қырғауылмын.
Жарасқан жауларыңа салқын сазбын,
Халқымнан тілім мүкіс, өзім азбын,
Аспанда ұшып жүрген Сіз – ақтұйғын,
Алдыңда ала мойын қоңыр қазбын.
Осы шумақтарды суырып салып айтқан ақынның жүзіне 
Кенесары сәл барлай қарады да:
– Ақынды еліне дұрыстап аттандырыңдар! – деді. Бірнеше 
кісі қаумалаған Шортанбай ақын сыртқа ширақ шықты. Хан 
кеңесі осыдан кейін ғана басталды.
Шортанбайға бір ауыр тиген оқиға – Кенесары 
ханның өлімі. Бұл жағдай халқының еркіндігін аңсаған 
Шортанбайға да жаман әсер етті. Сондықтан да ол Ке-
несары мен Наурызбайдың ерлік істерін әрі жоқтай, әрі 
дәріптей жырлады. Ақынның «Көз көрген қазақ баты-
ры» жыры – Кенесары хан мен Наурызбай батыр туралы ар-
нау жоқтау мазмұнындағы толғау. Шортанбай Кенесарының
Наурызбайдың халқының бостандығы, тәуелсіздігі үшін ар-


342
палысып, бастарын өлімге қиған ерлік, батырлық, мәрттік 
өнегелерін дәріптей, мақтаныш сезімімен жырлайды:
Көз көрген қазақ батыры,
Алысқа кеткен дабыры.
Хан Кенедей ер қайды?
Шейіт боп біткен тағдыры!..
Наурызбай төре ер еді,
Өн бойы өнер, сері еді.
Күркіреп солар тұрғанда
Қазақты жау жеңбеді.
Хан Кене арадан кеткен соң, «орысқа қазақ қараған» за-
ман басталып, енді Алладан жәрдем тілеумен күн кешкеннен 
басқа амал қалмағанын айтып, ақын мұңды, шерлі сырын 
ағытады:
Ынсапсыз екен бұл кәпір,
Жеріңді алды, малды алды.
Пәлесі жоқ салмаған...
1854 жылы патша өкіметі Қазақстан жерінде біраз әкім-
шілік-территориялық өзгерістер жасады. Сол өзгерістердің 
бірі – Қазақстанның шығысында Семей облысының құрылуы 
еді. оның құрамына Семей, Зайсан, Қарқаралы, Павло-
дар, Өскемен округтары енгізілді. «Қарқаралы округын-
да алғашқы жылдары 14 болыс (20 мың түтін, 60 мың ер 
адам) болса, кейін оған 4 болыс тағы қосылғасын ол 18 бо-
лыс, 147 ауылдан құралды. 1868 жылы Қарқаралы окру-
гы таратылып, оның орнына Семей облысына қарайтын 
Қарқаралы үйезі құрылды. Округ басқармасы приказдарға 
қарады. Приказ құрамы 3 орыс, 2 қазақ заседательден 
тұрды. Отаршылдықпен билеп-төстеу жүйесінің осылай-
ша шырмай бастаған зымиян, сұмдық қалпын көкірегі ояу, 
көзі ашық Шортанбай елден ертерек таныды. Жердің, елдің 
билігі сырт көзге жергілікті ұлт өкілдеріне берілгенмен, негізгі 
шешім айту тек қана патшалық әкімдердің қолында екенін 
көрді. Сондықтан да аға сұлтандық, болыстық, старшындық, 
ауылнайлық биліктерді иеленуші қазақтар бірте-бірте орыс 
әкімдердің қас-қабақтарын баққан жағымпаз, жалтақ 
мүсәпірлерге айналды. Баяғы Қасым ханның қасқа жолын


343
Есім ханның ескі жолын, Абылайдың ақ жолын сақтайтын 
хандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды билер жолы бірте-бірте 
өше бастады.
Шортанбай 1868 жылдың қысында өкпесіне суық тиіп ау-
ырып шықты. Ал, жасы елуден асқан 1870 жылдары Шор-
танбай халқының жағдайы мүшкілденіп, рухани азып-тозып 
бара жатқанын көріп, мүжіле түсті. Жаралы жанына өкпе 
ауруының асқынғаны қосылды. Яғни өмірінің соңғы жыл-
дары халқының қасіреті мен өзінің өкпе сырқаты екі жақтан 
меңдеткендіктен, бұл ақынның қайғылы, зарлы толғаулар 
төккен кезеңі болды. Енді ақын Арқаның әгші, күйші, 
өнерпаздары бас қосқан сауық-мерекелі мәжілістерінен 
де қол үзіп, Құдайға бірыңғай күндіз-түні құлшылық етуге 
көшті. Көп жылдар бойы дәм-тұздары жарасқан Жамантай 
төреден рұқсат сұрап, Бұғылы-Тағылы тауындағы Аюлы-Ақсу 
өзенінің жағасын мекендейтін Сарым руының беделді ада-
мы, шешен Жанғұтты бидің аулына біржолата көшіп барды. 
Шортанбайдың ышқынған жан күйзелісі, жан айқайы сынды 
жырлары қазақ даласындағы өзі тектес Дулат, Мұрат, Әубәкір 
сынды зар заман ақындары өлеңдерімен үндесіп жатты.
Әлі есімде, 1969 жылдың наурыз айы... Қазақ әдебиетінің 
тарихынан сабақ өтіп жатыр. Он тоғызыншы ғасырдағы 
ақындар поэзиясын әңгімелеп тұрған ұстазымыз Әуелбек 
Қоңыратбайұлының бет әлпетіндегі ерекше бір ажарла-
ну, толқудың нышаны байқалды. Ол дәрісхананың сәл ашық 
қалған есігін мұқият жауып келді де, даусын сәл бәсеңдете, 
қоңыр үнмен сөзін жалғастырды:
– 1927 жылы Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Әдебиет та-
рихы» атты кітап жазып, ұлттық сөз өнерімізді толыққанды 
танудың шынайы жолын салып еді. Шортанбай ақынның 
«Зар заман» деген толғау жырының тақырыбын ілгері-кейінгі 
ақындар шығармащылығының жүз жылдық тарихына ортақ 
желі етіп алуға болатынын ұлы Мұхаң сол кітабында атап 
көрсетті...
Әуекең осы арада әсерлене айтып тұрған сөзін кілт үзіп, 
он тоғызыншы ғасыр әдебиетіндегі ақындық толғау, айтыс 
өлеңдерінің жаңалық ерекшеліктеріне шұғыл ауысып кетті. 
Ауық-ауық есік жаққа, маңайына күдіктене қарап қояды. 
Екінші курста оқитын қыз-бозбала – біздер ұстазымыздың сол 


344
сабақтағы әрі әсерленіп, әрі күмілжіп, маңайына күдіктене 
қарап тұрып айтқан сол сөздерінің мәнісіне, әрине, кейін көз 
жеткіздік.
Біздер әдебиетіміздің тарихына арналған оқулықтардан 
кешегі күндерге дейін Дулатты, Шортанбайды, Мұратты, 
Нысанбайды, Бұдабайды және т.б. ұлтжанды әрі діндар 
ақындарымызды тұтас тұлғасында таппай, оларға сырт-
тай берілген, жадағай «феодалдық сананы уағыздаушы 
керітартпа ақындар» деген жала бағаны ғана оқып келдік. Ал 
ұстаз Әуекеңнен сол бір жылдары естіген, Шортанбай және 
онымен сарындас ұлтжанды ақындар хақында жазылған 
ғұлама ғалым, суреткер жазушы Мұхтар Әуезовтің сол 
«Әдебиет тарихы» оқулығы бүгінгі ұрпақтың қолына енді ғана 
тиді.
Ұлы Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінің тарихындағы бір 
ақындық мектептің өкілдерін «Зар заман ақындары» деп 
атаған себебін былайша түсіндірген екен: «Зар заман де-
ген – ХІХ ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман 
халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, ірі 
ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай 
жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен 
өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман ақындары» 
деген ат қойдық» (Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: 
Ана тілі, 1991. – 192 б.). бұл пікір – Шортанбай ақынның 
әдебиетіміз тарихындағы бір дербес мектептің көшбасысы 
екендігінің айқын дәлелі.
Шортанбайдың «Зар заман», «Келер заман», «Бір наси-
хат айтайын» атты толғаулары – азаттықты, бостандықты 
сүйген өр мінезді халқымыздың отаршылдық бұғауына шыр-
матылып жатқан кездегі ауыр ахуалының айнасы. Жасыл 
жайлауларынан, асқар шыңды тауларынан, орман-тоғайлы 
белестерінен, мөлдір өзен, көлдерінен, тілінен, дінінен жалпы 
ұлттық-этностық рухани келбетінен айырыла бастаған қазақ 
халқының тап сол ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы шынайы 
қалпын Шортанбай сол кезде-ақ былайша дәл суреттепті:
Мынау азған заманда
Алуан-алуан жан шықты.
Арам, араз хан шықты,


345
Қайыры жоқ бай шықты.
Мініп көрер күші жоқ
Сауып ішер сүті жоқ
Ақша деген мал шықты.
Кедей қайтіп күнін көрер деп,
Сол себептен қорқамын!
Қазақ мемлекетін қалыптастырған қазақтың дербес 
халық, ұлт ретіндегі тәуелсіздігін нығайту үшін ерлік жасаған 
еңбек еткен Есім, Қасым, Тәуке, Абылай, Кенесары сын-
ды хандарымыздың, Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміздің 
көсемдік, азаматтық, батырлық істерін жалғастыратындар 
жоғалды. Олардың орнына отаршылдықтың зымиян саяса-
тымен уланған, тек қу құлқынын ғана ойлайтын жуан қарын 
тоғышар, марғау, көркеуде орысшыл әкімсымақтар тарих сах-
насына шықты. Әрине, бұлар тарих көшінің майда өкілдері. 
Бірақ ел тағдырын шешкен, шешіп келгендер солар ғой. Орыс-
шыл әкімсымақтардың кесапатымен жүзеге асқан рухани және 
экологиялық зардаптардан халқымыздың қазір де сергелдеңге 
түсіп отырғаны – тарихи шындық. Міне, осындай жағдай, 
сұрапыл шындықтар бастамасы Шортанбай толғауының 
мазмұнынан сол кездің өзінде-ақ көрініс тауыпты:
Асылы асқан замандай,
Шөп сұйылды жердегі.
Құс таусылды көлдегі,
Бай таусылды елдегі.
Жалғыз шақпақ сыймады,
Кисе қара белдегі.
Ақынды қазақтың отаршылдар әкелген зиянды дағдылар-
ды тез қабылдап, төл дін, ұлттық әдет-ғұрыптан ажырай бас-
тауы да қатты күйіндірді.
Шошқаның етін қақтаған,
Құбылаға бақпаған.
Атасының жанындай,
Арақты ас қып сақтаған.
Жақсыны қабылдау бар да, жаманды қабылдау бар. 
Жандарал, майыр, старшын, болыстар билейтін ресейлік 
патшалық жүйені қабылдаған ел ағалары мансапқорлық, 


346
күншілдік, бақталастық жолға түсті. Бас көтерер азамат-
тарымыздың басым бөлігі ұлт, халық тағдыры туралы ой-
лаудан қалды. Демек, ақын зары – қазақтың елдік, ерлік, 
азаматтық, ағайыншылық тұтастығына кезінде түскен 
сызаттарға ғана ашыну, қайғыру емес, сол заманнан баста-
лып кейінгі күндерге дейін созылған отаршылдық саясаттан 
әбден уланған қазақтың бүгінгі мәңгүрт, селсоқ қалпына да 
айтылған сын деп білсек жаңылыспаймыз.
Қысқасы, «Зар заман» толғауының әдебиетіміздің тари-
хындағы үлкен орнын осындай ірі әлеуметтік, мазмұндық 
көркемдік қуат белгілесе керек.
Шортанбай шығармаларын жинаушылардың бірі, ақын 
туралы пьеса жазған Кәмел Жүністегі тапсырған мұралардың 
ішіндегі («Жұлдыз» №12, 1992, 130-134 бб.) «Келер заман» 
атты толғау – осы «Зар заман» толғауымен үндес, келелі ту-
ынды, 143 жолдан тұратын бұл толғауда да халқымыздың 
тайғанақ тағдыры терең бейнеленеді.
Түсі сары, көзі көк,
Дінсіз келіп, билейді,
Түбінде сонан табасың...
Сегіз қанат кең ақ боз үйдің қақ төрінде Шортанбай 
ақын жатыр. Жанары жаутаңдып, түңлігі жартылай ашылған 
шаңырақтың күлдіреуіштерінің аржағынан көрінген зеңгір 
аспан көгіндегі қазбауыр бұлттарға ойлана көз тігеді ол. 
Ақшулан қазбауыр бұлттар баяу қозғалып, кең аспанның 
қиыр шетіне қарай дамылсыз көшіп барады. Жоталанған 
бұлттар көші, бәлкім, ақынның атамекені, туған жеріндегі 
Қаратауға қарай беттеп бара жатқан шығар.
Осы соңғы айларда науқасы меңдей түскен Шортан-
бай еріксіз төсекке таңулы. Ара-арасында әлсіреп жат-
са да, толғақты ойларын қағазға да түсіретін. Әрине, жасы 
егде тартқан, әрі ауру жеңе бастаған ақынның жырларының 
көбінесе халқына, замандастарына, кейінгі ұрпаққа арнау, 
қоштасу, аманат айту сарынында болып шығатыны өзінен-
өзі түсінікті. «Қалықтаған сұңқар ем» толғауы, халыққа 
арналған («Тыңдаңыз, жұртым, сөзімді»), жастарға арналған 
(«Ендігі туған балалар!»), үлкендерге арналған («Үлкендер, 
саған айтайын!») өлеңдері, міне, осының көрінісі. Ақын 


347
өмірмен қоштаса отырып, халқының жас-кәрісіне болашақ 
ұрпақтардың азып-тозбауына қам жеу керектігі жөнінде уағыз 
айтады, келер күндерден қорқып қауіптенсе де, үміттене 
толғайды:
Ақырет қамын іздеңдер,
Жалған бетті кезбеңдер.
Кісі ақысын алмаңдар,
Аузыңа харам салмаңдар.
Дүние жиып өткен жоқ,
Бізден бұрын пайғамбар.
Сөз айтайын, үлкендер,
Әлің келсе Меке бар
Артық дәулет біткендер!
Қазақ әдебиетіндегі жеке бір ірі арна – абайта-
ну ғылымын қалыптастырған Мұхтар Әуезов ұлы Абай-
ды да жеке-дара алып бағаламай, ұлттық сөз өнеріміз 
тарихындағы әдеби дамудың біртұтас аясында қарастырып, 
оны қазақ әдебиетінің жаңа үнді, сыншыл, сыршыл ақындары 
қатарында атайтыны бар. атап айтқанда, ол 1933 жылы 
жазылған «Шортанбай шығармалары» деген мақаласында 
былай деп жазады: «Шортанбай шығармалары ХІХ ғасырдың 
60-70-жылдарында көп шыққан бір ағынды көрсетеді. Та-
рихи, қоғамдық жағынан алғанда бұл түрдегі әдебиет 
шығармалары ХІХ ғасырдың алғашқы жарымында болған 
үлгілерден басқаша боп, өзгеріп кетеді. Өз тұсында болған 
қоғамдық, таптық, шаруашылық өзгерістердің нәтижесі 
әдебиетте бір Шортанбай емес, осының тұстасы болған 
Мұратты, кейінірек қалыптанған Абайды, тағы басқаларын 
да – бұрынғыдан басқаша, ерекше сарынмен жырлауға 
бейімдетеді» (М.Әуезов, 20 томдық, 15-том, 280 б.). Демек, 
Шортанбай да – қазақ әдебиетінің үлкен бір биігі, Абаймен 
сарындас үлкен тұлға екенінің басы ашық.
... Таң атып келеді. Жанғұтты бидің ауылына көшіп келгелі 
денсаулығы нашарлай берген ақын алпыс үш жыл бойы өзі 
ортасында болған мынау пәни жалғаннан бақилық дүниеге 
аттанар күннің де жақын екендігін сезеді.
Осы күндері оның соңғы өлеңі ұрпақтарына арнаған ама-
нат жыры да дүниеге келіп еді.


348
Жүйрік пенен жорғаңды,
Өзің бір мініп, жебеле!
Жалаңаш болып жауға шап,
Ажалдан бұрын өле ме!
Ноқталы басқа бір өлім,
Өлмей де адам жүре ме!
Қатын-бала қамы үшін,
Қарсы бір шап та, мылтық құш,
Құр жабырқап жүдеме!..


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   40




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет