Білген жөн:
1) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-іс жүргізу кодексі (144 бап);
2) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (86-1және 355-1 баптары);
3) «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
4) «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
5) «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
6) 2009 жылдың 14 наурыз № 330 «Арнайы әлеуметтік қызметтердің кепілдендірілген көлем тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы;
7) «Тұрғындарды әлеуметтік қорғау саласындағы арнайы әлеуметтік қызмет стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 26-б бұйрығы (ҚР Әділет Министрлігінде 2009 жылғы 25 ақпанда № 5566 тіркелген);
8) «Казахстанская правда» газетінің 2010 жылғы 5 мамырында жарық көрген нөміріндегі «Тұрмыстық зорлық-зомбылық - жеке бастың мәселесі емес» мақаласы - www.kazpravda.kz/c/1273028497/2010-05-05.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «тұрмыстық зорлық-зомбылық», «тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болсаңыз» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
87. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан жапа шеккендер не істеуі тиіс?
Құқық қорғау органдарының негізгі қызметі заң мен тәртіптің сақталуын қадағалау, қылмыспен күресу, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Дегенмен, азаматтардың құқық қорғау органдары қызметкерлерінен жапа шегетін жағдайлары да кездесіп жататыны белгілі жағдай.
Көптеген азаматтардың басында, әсіресе көп кездесетін жағдай қылмыс туралы арызды тіркеуден заңсыз бас тарту болып табылады. Әрі осы бас тартумен бірге жапа шеккен адам құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан да қысысм көреді. Сондай-ақ қылмыстық іс қозғаудан заңсыз бас тарту және іс жүргізгенде кедергілер жасау жағдайлары да көп орын алады. Полиция қызметкерлерінің күдіктілерді немесе қылмыскерлерді ұстап алған кездерінде соққыға жығуы, жауап алу кезінде ғана емес, «жедел әңгімелесуде» де көрсетілетін психологиялық қысым және дене жарақаты сияқты жағайлар қалыпты оқиға болып кеткелі қашан. Осындай қысымды тек күдіктілер ғана емес, жапа шеккендер де, куәгерлерде көреді. Жалған дәлелдер келтіру және басқа да өрескел процессуалдық кемшіліктердің орын алуы да полицияның әдеттегі ісі болып кеткені жасырын емес.
Полициядан зардап шегетін азаматтардың санатын анықтап бөліп айту қиынға соғады. Өкінішке қарай, кез келген азамат – күдікті, куәгер, зардап шегуші, құқық қорғау органы қызметкерінің көзіне түсіп қалған кез келген өз жолымен кетіп бара жатқан адам өзіне қатысты осындай іс-әрекеттерге тап болуы мүмкін. Көбіне зардап шеккізу, соққыға жығу, қорлау фактілерін жапа шеккендердің өздері жазып жатады. Медициналық мекемелер дене жарақаты фактілерін жазып алады, дегенмен, зардап шегушіге кімнің дене жарақатын салғанын жасырып қалуға тырысады. Әрі азаматтардың көптеген бөлігі құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен көрген құқайын жасырып қалуға тырысады, өйткені құқық қорғау жүйесінің қайта маңынан жүргісі келмейді. Азаматтар өзін жан-жақты қорғалған тұлға ретінде сезіне алмайды және әділдікке жету мүмкіндігіне сенімін жоғалтады. Кінәлілерді жазалап, шеккен зиянының есесін қайтарып, әділдікке жететін адамдар ілуде біреу ғана кездеседі. Солай десек те, құқық қорғау органдарында істейтін кінәлілерді жауапқа тарту мүмкіндігі өте жоғары. Ол үшін жапа шеккен адамның әділдікке жетуге деген нық сенімі мен құқық қорғаушылар ұсынатын тиісті құқықтық көмек керек. Ынта мен құқықтық қолдау болса, кінәлілердің белсенді қарсы әрекетіне қарамастан құқық қорғау органдары қызметкерлерін жауапкершілікке тарту өте тиімді болуы әбден мүмкін.
Егер құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соның ішінде прокуратура қызметкерлері сізге қатысты қандай да бір қылмыс жасаса немесе Сіздің арызыңыз бойынша шара қолданудан бас тартқан болса, өз құқығыңызды қорғау туралы өтінішіңізді ішкі істер органдарына, қаржы полициясына, ұлттық қауіпсіздік комитетіне, прокурорға немесе сотқа тапсыруыңыз керек.
Егер Сіз іс бойынша қабылданған процессуалдық шешіммен келіспейтін болсаңыз немесе егер сіздің жеке бас құқықтарыңыз бен бостандықтарыңызға прокурор, тергеу және жауап алу органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей зиянын тигізген болса, сотқа шағымдануға құқылысыз.
Арыз-талапты қылмыстық істі жүргізген орган орналасқан аудандық сотқа Сіз келіспейтін шешіммен танысқан сәттен бастап он бес тәулік ішінде немесе прокурордың өтінішті қанағаттандырудан бас тартуы туралы хабарламасын алған соң осындай мерзім ішінде немесе прокурорға берілген өтініш бойынша жауап келмегеніне он бес тәулік толған сәттен бастап бере аласыз.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.mvd.kz/ - ҚР Ішкі істер министрлігінің сайты;
2) www.supcourt.kz/ – ҚР Жоғарғы сотының сайты;
3) www.minjust.kz/ru/node/15899/ - «Құқық қорғау органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сілтеме.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «құқық қорғау органдарынан зәбір көрсеңіз», «құқығыңыз тапталып жатса» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
88. Мемлекеттік органдардағы жемқорлық әрекеттерінің куәсі болғанда не істеу керек?
Жемқорлық – қызметтік лауазымды пайдалана отырып, оны жеке мүддеге пайдалану. Жемқорлық, әсіресе мемлекеттік органдарда қауіпті. Тәжірибе көрсеткендей, жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесін бұзады, экономиканың дамуына шектеу қояды, әсіресе экономика саласында ұйымдасқан қылмыстың өсуіне мүмкіндік береді.
Алайда, көп жағдайда азаматтардың өзі лауазымды қызметкерлердің осындай қадамға баруына себепші болады. Сондықтан да, заң бойынша «алушыға» ғана емес, «берушіге» де жауапкершілік артылған.
Мемлекеттік құрылымдардың қандай әрекеттері жемқорлыққа жатады?
-
Басқа мемлекеттік органдар, мекемелердің жұмысына заңсыз жолмен араласу;
-
Қызметтік лауазымды пайдалана отырып, жеке басының не туыстарының материалдық қызығушылықтарын қанағаттандыруға байланысты мәселелерді шешу;
-
Мемлекеттік қызметке заңда белгіленбеген басымдықтарға ие болып өту және өсу;
-
Шешімді дайындау мен қабылдау барысында біреуге заңсыз жолмен басымдық беру;
-
Кәсіпкерлік қызметті не басқа табыс әкелетін саланы жүзеге асыруда заңда белгіленбеген кез келген әрекетпен көмек көрсету;
-
Мемлекеттік қызметті жүзеге асыру барысында алынған ресми жариялануға жатпайтын ақпаратты жеке мүддеге пайдалану;
-
Заңда жариялауға рұқсат етілген деп бекітілген ақпаратты беруден бас тарту, оны кешіктіру, жалған не толық емес ақпарат беру, заңда жариялауға тиістігі бекітілмеген ақпаратты жеке және заңды тұлғалардан талап ету;
-
Жоғары тұрған ресми тұлғаларға қызметтік емес ілтипат көрсету не сый жасау (әдепті және қонақжайлылық бойынша жалпы қабылданған нормаларға сәйкес символикалық ықылас көрсету, символикалық кәдесыйлар тарту, сонымен қатар, ресми және хаттамалық шараларды өткізуді қоспағанда);
-
Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңдық мүдделерін қанағаттандыруға тосқауыл болу;
-
Мемлекеттік немесе осыған теңестірліген қызметі үшін жеке тұлғалар мен мекемелерден ақшалай, қызметтік және басқа формада сый алу.
Прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары, салық, кеден және шекара қызметі, қаржы және әскери полиция жемқорлық заң бұзушылықтарды айқындау, тоқтату, ескеру және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартумен айналысады. Сіз аталған органдарға жемқорлық қылмысы мен әкімшілік заң бұзушылық жөнінде өтінішпен шағымдана аласыз. Белгіленген мерзім ішінде сіздің өтінішіңізге жазбаша жауап келеді, өтінішіңізді қарастырудың қорытындысы жария етіледі.
Есте сақтаңыз! Егер сіз жемқорлықпен күресте жәрдем көрсететін болсаңыз, онда сізге қол сұғылмаушылыққа байланысты мынандай мемлекеттік кепілдіктер тағайындалады:
-
егер сіз жемқорлық заң бұзушылық фактісі бойынша хабарлассаңыз немесе жемқорлықпен күресте жәрдемдессеңіз – онда мемлекет қорғауында боласыз;
-
егер сіз жемқорлықпен күресте жәрдемдессеңіз, онда сіз туралы жеке ақпарат мемлекеттік құпия болып есептеледі, тек прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары, салық, кеден қызметі, шекара полициясы мен соттың сұрау салуы бойынша ғана жария етіледі. Бұл ақпарат жария етілсе, заңда бекітілген жауапкершілікке тартылады;
-
егер Сіз жемқорлықпен күресте жәрдемдессеңіз, қажет жағдайда, жемқорлықпен күресті жүргізіп жатқан органдар сіздің жеке қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етуі керек.
ҚР Экономикалық және сыбайластық жемқорлықпен күрес Агенттігінде жемқорлық фактілерін хабарлайтын тұлғаларды қорғау департаменті жұмыс жасайды. Қажет болса, тұлғаларды қорғау барысында құпия іс жүргізуге, олардың мекен-жайы, тегін, мен тіпті бет-әлпетін өзгертуге де мүмкіндік бар.
Жасалған жемқорлық заңбұзушылық жөнінде сіз Экономикалық қылмыстар мен жемқорлықпен күрес Департаментінің сенім телефоны - 144, сонымен қатар, әр мемлекеттік органдардағы сенім телефондары арқылы хабарласа аласыз.
Жоғарыда аталған кепілдіктер жалған ақпарат берген тұлғаларға көрсетілмейді.
Мұны білген жөн (оқып шығыңыз):
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.zholpolice.kz/kk/corruption/responsibility/ - «Пара берушілердің жауапкершілігі» мақаласы;
2) www.finpol.kz – Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің сайты.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «сыбайлас жемқорлық», «жемқорлықпен күрес» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
89. Егер полиция сіздің құқық бұзушылық туралы өтінішіңізді қабылдаудан бас тартса не істеу керек?
Сіздің үйіңіздің кіреберісіне үнемі кіріп жүретін «нашақорға» болмаса өзінің музыкасымен Сіздің еркін демалуыңызға кедергі келтіретін көршіңізге арызданғыңыз келді. Сіз полицияға арызыңызбен келгенде, олар оны қарағысы келмеді. Бұл жағдайда не істеу керек?
Қылмыстық іздестіру органдары, оның ішінде полиция да кез келген жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс (заң бұзушылық) жайындағы хабарламаны немесе арызды қабылдап, тіркеп және қарастыруға міндетті. Яғни, егер сіз полиция қызметкеріне арыз немесе хабарлама тапсырсаңыз, ол оны қабылдап қарастыруға міндетті.
Арыз қабылдануы үшін оны дұрыс рәсімдеу қажет, дәлірек айтқанда: тегіңізді, атыңызды, әкеңіздің атын, мекен жайыңызды, байланыс құралыңызды көрсетіп, арызданып жатқан жағдайдың мән-жайын баяндауыңыз қажет.
Арызды өткізгеннен кейін, қолыңызда арыздың тіркелгендігінің дәлелі қалуы қажет. Бұл туралы өтініштерді есепке алу кітабындағы тіркеу нөмірі бар талон немесе сіздің қолыңызда қалған өтініштің көшірмесіне қабылдаған адамның қойған қолы куәландырады.
Полицияның өтінішіңізді қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Егер өтінішіңізді қабылдаудан бас тартқан жағдайда, ішкі істер органдарының қызметкерінің әрекетіне арыздануыңызға сөзсіз негіз бола алады. Қалалық, аудандық ішкі істер органдарының (полицияның) бөлімшелерінде «прокурор кабинетінде» деген атаумен прокуратура қызметкелерінің кезекшілігі ұйымдастырылады. Олардың міндеті қылмысы жасырудың алдын алу. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты арызбен сонда барыңыз.
Сіз одан да жоғары прокуротураға немесе сотқа бара аласыз. Қандай жағдайда да заң сіздің жағыңызда, сондықтан өз мүддеңізді қорғауға қорықпаңыз!
Пайдалы сілтемелер:
1) www.mvd.kz/_ - Ішкі істер министрлігінің сайты;
2) www.forum.zakon.kz/lofiversion/index.php/t1779.html - Қазақстандық құқықтық форум;
3) www.info-tses.kz/red/article.php?article=12323 – «Инфо-Цес» газетіндегі «Как достать полицейских своим заявлением?» мақаласы.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «полиция арызыңызды қабылдамаса», «полицияға арыз беру» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
90. Жол-көлік оқиғасына ұшырап қалған жағдайда не істеу керек?
Әрине, мұндай апатты ешкімнің басына бермесін деп тілейміз. Әйтсе де, көлік оқиғалары айналамызда бұрынғыдан да жиі орын алып жатқанын бәріміз де байқап жүрміз. Тіпті кейде мұндай оқиғалар жол ережесін бұзбауға тырысатын, сақ адамдардың басына да түсіп жатады.
Егер Сіздің басыңызға дәл осындай жағдай тап келсе, яғни ЖКО-ға ұшырасаңыз:
-
Тез арада көлікті тоқтатыңыз (тұрған орныңыздан қозғалмаңыз).
-
Апаттық жарық дабылқаққышты қосып, апаттық тоқтау белгісін қойыңыз (жанып-өшіп тұратын қызыл фонарь).
-
Жәбірленушілерге дәрігер келгенге дейінгі медициналық көмек көрсету шараларының мүмкіндігін қарастырыңыз.
-
Жедел-жәрдем шақырыңыз (шұғыл жағдайда жәбірленушіні жолдағы көлікке салып жіберіңіз, егер мүмкіндік болса, өз көлігіңізбен жақын маңдағы емдеу мекемесіне апарыңыз, өз тегіңізді, көлік нөмірін жаздырып, жеке куәлігіңізді көрсетіп, оқиға орнына қайта оралыңыз)
-
Ішкі істер органына хабарлаңыз (немесе ұялы телефоныңыздан 112 нөміріне хабар беріңіз)
-
Оқиғаға куә болғандардың аты-жөндері мен мекен-жайларын жазып алып, ішкі істер органының қызметкерлерінің келуін күтіңіз.
-
Егер басқа көліктердің қозғалуына мүмкіндік болмса, жүретін жолды босатыңыз.
-
Жүретін жолды босату және жәбірленген адамды өз көлігіңізбен ауруханаға жеткізу қажет болған жағдайда, алдын ала куәлардың қатысуымен машинаның жағдайын, орналасуын, жол көлік оқиғасына қатысты заттарды белгілеп алыңыз. Олардың сақталуы үшін барлық мүмкіндікті қолдануыңызға тура келеді, сондықтан да оқиға орын алған жерді айналып өтуді қамтамасыз етуіңіз керек.
-
Егер ЖКО барысында жәбір көрген адамдар болмаса, жүргізушілер өзара келісім нәтижесінде түсіністік тапса, алдын ала оқиға сызбасын құрастырып, жақын маңдағы жол полиция бекетіне не болмаса ішкі істер бөлімшесіне барып, оқиғаны рәсімдеп, қол қояды.
Сонымен, ЖКО-ға ұшырап қалған жағдайда салқынқандылықты сақтау аса маңызды екенін естен шығармаңыз. Ең бірінші кезекте полицияны, сақтандырушыларды, егер қажет болса, жедел жәрдемді шақыру керек.
Бұдан кейін, куәлардың координаттарын, апат орнын суретке (ең болмағанда ұялы телефонға) түсіру керек және жол полициясы қызметкерлерін күтіңіз. Олармен ақырын, асықпай сөйлесу керек. Бос қағаздарға, толтырылмаған хаттамаларға ешуақытта қол қоюға болмайды.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.emer.kz/survival/methods/index.php/ - төтенше жағдайлар кезінде аман қалу әрекеттері бойынша әдістемелер мен нұсқаулықтар;
2) www.beregiavto.kz/forum/topic_28 - «Что делать при ДТП?» мақаласы.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «жол-көлік оқиғасы», «жол-көлік оқиғасы орын алса» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
91. Кәмелеттік жасқа толмаған бала жоғалып кетсе не істеу керек?
Жазғы демалыс басталысымен ауылға ата-әжесіне жол тарпаған балалар қалада қалып, таңнан қара кешке дейін далада жүреді. Балаңызға жақсы көретіндігіңіз бен ол кешіксе уайымдайтыныңызды алдын ала түсіндіріп, айтып қойыңыз. Бала кешігіп жатса әрі одан хабар болмаса, сіз тынымсыз терезеден қайта-қайта қарап, балаңызды іздейсіз. Алайда уақыт өтіп жатыр, дала қараңғыланғана бастағанда ғана, сіз балам қайда екен деген сұраққа жауап іздеу әрекетін бастайсыз. Алдымен сіз оған «қазір, осыдан келсінші» деп ыза боласыз. Сосын «ең бастысы үйге аман-есен оралса екен» деп тілеп, оны кешіруге дайын боласыз.
Алайда баланы іздеуді бірден бастау керек. Бір сағатқа кешіксе болды, іздеуді кешіктірмеу керек. Үйіне баруы мүмкін таныстарыңыз бен туыстарыңызға хабарласуыңыз керек. Алайда өз үй телефоныңыз арқылы емес, көршінің телефонынан хабарласыңыз, өйткені үй телефонына баланың өзі хабарласуы не қайғылы оқиға хабарлануы мүмкін. Үй телефонының қасында біреуді қалдырып кетіңіз.
Алдымен сізге таныс орындарда балаңыздың бар-жоғын анықтаңыз. Мәйітхана, аурухана, тағы басқа осындай орындарға хабарласуға асықпаңыз: сізді адамдар түсінбей қалуы да мүмкін.
Мысалы, Астанада қайғылы оқиғаларды тіркеу Бюросына хабарласа аласыз (телефон нөмірін анықтама қызметі немесе ІІД сайтындағы телефонға хабарласып біле аласыз – http://www.ast.dvd.mvd.kz/). Бұл бөлімше қала бойынша жедел түрде ақпарат жинап, жоғалып кеткен туыстарын іздеп жүрген азаматтарға жауап беру үшін арнайы құрылған. Бюрода ақпарат үнемі жаңарып отырады, сондықтан күніне 2-3 рет хабарласу керек.
Ал балаңыз әлі де үйге оралмаса және барлық телефон шалуларыңыз нәтижесіз болса, үй телефонына бір кісіні кезекшелікке қойып, өзіңіз баланың жоғалуы жөніндегі өтінішіңізбен полицияға барыңыз. Өтінішке оның жоғалғанға дейінгі ең жақын уақытта түсірілген фотосын жабыстырып, бойы, салмағы, негізгі белгілері туралы ақпарат беріңіз.
Есте сақтаңыз! Осы шаралар бала жоғалып кеткен алғашқы сағаттарда жасалу керек.
Егер әлі де болса бала оралмаса, онда ресми іздестіруге қоса өзіңіздің іздестіруіңізді жасаңыз. Ол үшін балаңыздың бет-әлпеті толық көрінетін фотосы, жоғалып кеткен киімінің сипаттамасы бар хабарландыруларды жоғалған балаңыз жүруі мүмкін жерлерге жабыстырып шығыңыз. Хабарландыруларды неғұрлым көп жасасаңыз, онда соғұрлым оны адамдардың көру мүмкіндігі артады, Сонымен қатар, хабарландыруды интернетке де орналастырыңыз.
Одан кейін сіз балаңыздың фас, профиль, 3/4 бұрылып тұрған, толық бойымен түскен (оның мінезіне тән кейіпте), сонымен қатар жоғалған бала киген киімнің фотолары немесе суретінің (түрлі-түсті болғаны жақсы), жинағын жасаңыз. Егер фотолар ескі болса, онда фотограф көмегіне жүгініңіз. Осы фотоларға қоса баланы көрген азаматтарға немесе ұрыларға арналған мәтінді (орталық не кабельдік) телеарнаға апарыңыз. Фотосуреттер мен киім бейнесі не үшін керек? Егер арада үш тәулік өткенін ескерсек, сіздің балаңызды көрген адам түрлі фотоларға қарап, өзі мән берген киімдеріне көре отырып, есіне тез түсіре алады (зерттеушілердің айтуынша, бесінші тәуліктен соң адам ақпараттың 25% ғана есте сақтайды екен).
Уақыт өтіп жатыр, ал полициядан «іздеп жатырмыз» деген сөзден басқа нәтиже жоқ болса, және олардың іздестіру ісімен толық айналыспай жатқандығына сенімді болсаңыз, онда жоғары тұрған мекемеге шағым-өтініш жазып, істі бақылауға алуды талап ете аласыз. Және міндетті түрде, не істелмегенін, ненің жеткілікті дәрежеде жасалмағанын ашып көрсетіңіз.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.detki.kz/kids/karapuz/poterya/ - «Ребенок потерялся» мақаласы;
2) www.dulat.kz/book_shkola_vyjivaniya.shtml - «Школа выживания, или 56 способов защитить ребенка от преступления» мақаласы;
3)www.ug.zanmedia.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1886:2010-08-25-05-15-32&catid=61:1&Itemid=5 – «Алгоритм поиска» мақаласы.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «балаңыз жоғалып кетсе», «бала жоғалса не істеу керек» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
92. Көршілеріңіз шулап, түнде тыныштық бермесе не істеу керек?
Сіз пәтер сатып аласыз, уақыт өте келе ол үйде тұруға мүмкін еместігіне көз жеткізе бастайсыз. Терезе астында футбол ойналып, көршілеріңіз қатты музыка тыңдайды, астыңғы қабатта иттің ұлығаны естіледі.
Шу ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Біріншісіне музыкалық құралдар, тұрмыстық музыкалық аппаратура, адам мен жануарлардың дауысы жатады. Ал сыртқы шуға автокөліктің гуілі мен дыбыстық белгілер, мекемеден тыс жұмыс жасап жатқан агрегаттар дауысы мен тағы басқалар жатады.
Шулы көршілерді сабасына түсіру оңай емес, алайда олармен сөйлесіп көруге болады.
Тыныштық орнату бойынша жұмыс мына кезеңдерден тұрады.
1. Егер көршіңіз түнде шулап, ұйқы бермесе, шулауды тоқтатуын (телефон арқылы) өтіну, куәгерлердің (көршілер) көзінше жағдайды түсіндіру.
2. Егер нәтиже болмаса, онда жергілікті полиция бөлімшесіне (телефоны сізде міндетті түрде керек) хабарлама жіберу.
3. Полиция жасағы айналадағы адамдарды сыйлау керектігі жөнінде түсіндіру шараларын өткізеді. Тұрғын үй орын-жайларды пайдалану ережелерін сақтамау бойынша хаттама жасалады, одан соң хаттама әкімшілік комиссияға жолданады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлік жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзу - ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға - екі, лауазымды адамдарға, жеке кәсiпкерлерге, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (333-бап. Тыныштықты бұзу).
4. Алайда, полиция жасағы кеткеннен кейін де, өз дегендерін жасайтын көршілер музыкаға қайта басады. Полиция келетін күні тынышталып, ал олар кеткенде, жағдай қайтадан қайталанып отыратын оқиғалар көп. Осындай жағдайда көршілердің әрекеті ұсақ бұзақылық деп танылады. Ондай жағдайда қоғамдық тәртіпті бұзу мен азаматтардың тыныштығы туралы акт жасалады. Аталған құжатқа көршілес пәтер тұрғындары қол қояды. 2 пәтер тұрғынының қолы жеткілікті.
5. Акт құрастырумен қатар, қоғамнық тәртіп бұзушылықтың уақыты мен орны жазылған арыз дайындау керек.
6. Арыз бен актіні шақыртумен келген полиция жасағына тапсыру.
7. Полиция қызметкерлері өз кезегінде, қоғамдық тәртіп бұзушылық туралы хаттаманы толтыруы керек.
8. Егер көршіңіздің «өш» алу ниетінен қорықсаңыз, полицияға өтінішіңізді жеткізе аласыз. Ондай жағдайда көршіңізге қорғау ұйғарымы шығарылады. Ол не? Ол арқылы көршіңізге сіздің өз еркіңізден тыс қарсы кездесу, қудалау, іздеу, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынады. Қорғау ұйғарымы он күнге жасалады. Осы уақыттан кейін сіздің өтінішіңіз бойынша прокурор рұқсатымен оны тағы 30 тәулікке ұзартуға болады. Оның бәрін полицейлер өздері жасайды. Сізден тек өтініш қана қажет.
9. Балама шаралар ретінде дыбыстық оқшаулау шарасын ұйымдастыру керек.
Мұны білген жөн (оқып шығыңыз):
«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 қаңтар N 155 Кодексі (330 бап «Ұсақ бұзақылық», 333 бап «Тыныштықты бұзу»).
Пайдалы сілтемелер:
www.base.spinform.ru/show.fwx?Regnom=1156 - әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «көршіңіз түнде маза бермесе», «түнде шулап, маза бермеу» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
93. Ұялы телефоныңыз ұрланса не істеу керек?
Біреуге хабарласу мақсатында, қалтаңызға қолыңызды салып, ұялы телефоныңызды іздей бастасаңыз, ол орнында болмай шықты. Ұялы телефоныңызды қай жерге қойғаныңызды еске түсіріп, басқа жерлерді қарап шығасыз. Алайда ол іс-түссіз жоқ болып кетті. Жоғалған телефонды табудың мүмкіндігі бар.
Көпшілігіміз осындай бір сәтті өмірімізде бастан өткерген шығармыз. Алайда осындай жағдайда ұялы телефонды қайтару үшін не істеу керек екендігін бәрі бірдей білмейді. Дабыра етпесеңіз (паника), оны қайтару мүмкін екен.
Біріншісі. Ұялы телефоныңыз ұрланса, алдымен жылдам өзіңіздің ұялы байланыс операторымен хабарласу керек. Ол сіздің ұрланған телефоныңыздағы SIM-картаны істен шығару үшін, яғни қаскүнемге сіздің есепшотыңыздағы ақшаңызды жұмсауға жол бермеу үшін керек.
Егер сіз сыртқы қоңырауларға шектеу жасасаңыз, онда өзіңіздің есепшотыңыздың сол күйінде қалатынына сенімді боласыз. Сосын өз нөміріңізге хабарласуыңыз керек.
Алайда әр үш минут сайын хабарласу ыңғайсыздық тудырады, сондықтан, осындай шаралар қолдану керек.
1) ұялы телефоны бар танысыңызды тауып алыңыз;
2) оның телефонында SMS-хабарландыруларды жеткізу жөнінде есеп беру қызметінің бар-жоғын анықтаңыз;
3) танысыңыздан нөміріңізге хабарландыру жіберуін және хабарландыру жеткізу туралы есеп беру қызметін қолдануды сұраңыз.
4) Сіздің телефоныңыз қосылған кезде танысыңыздың телефонында хабарламаның жеткізілуі туралы мәлімет шығады. Одан кейін ол сізге хабарласып, телефоныңыздың жұмыс істеп тұрғанын хабарлайды;
5) одан кейін хабарласып телефоннан жауап беруін күтіңіз.
Екіншісі. Оқиға болған жерде жазбаша өтінішпен ішкі істер органына (ІІБ) шағымдануыңызға болады. Неғұрлым жылдамдатсаңыз, соғұрлым полицейлердің жұмысы жемісті болады. ІІБ-ге шағымданған кезде, болған оқиғаның мән-жайын (орнын, уақытын, себеп-салдарын) ашып айтыңыз, қылмыскердің белгілерін айтып беріңіз.
Үшіншісі. Өтінішке сай телефон құжаттарының көшірмесі болу керек (ұялы телефонның IMEI-коды, сериялық нөмірі, телефон құжаты көрсетілген кепілдік талоны беріледі).
Анықтама: телефонның IMEI-коды – ол сериялық нөмір, 15 саннан тұрады және телефон, кепілдік талоны, телефон қорабында көрсетіледі.
Төртіншісі. Егер, ішкі істер органына өтініш беріліп, бір ай көлемінде телефоныңыз табылмаса, онда сізден ұрланған телефонның IMEI-коды туралы мәліметтің www.mvd.kz сайтында бар-жоқтығын қарап, телефоныңыз іздестіріліп жатқанын тексеріңіз.
Адамдар телефонды жоғалтып алу менің басыма келмейді деп ойлауы мүмкін, ал ондай жағдай бола қалса, адырап қалатынымыз шындық. Сондықтан сіздің назарыңызға келесі ұсыныстарды ұсынамыз.
Пайдалы кеңестер:
-
Күдік тудыратын жерлерден және құжатсыз (криминалды болуы мүмкін) телефондарды алмаңыз. Осылайша сіз қылмыстық жолмен табылған заттың өтуіне жәрдемдесесіз. Ондай зат сізден бәрібір тәркіленеді, сонымен қатар, сізге оны алу фактісі бойынша түсініктеме беруге тура келеді. Ақшалай өтемақының да болмайтыны түсінікті.
-
Ұялы телефон алғанда, қорабы мен құжаттарын сақтап қойыңыз. Ал қорапта бірегей IMEI-кодтың болуын ескеріңіз.
-
Құжаттағы IMEI-кодты шын мәніндегісімен салыстырыңыз. Ол үшін телефоныңызда *#06# теріңіз, дисплейіңізде IMEI-код шығып тұрады. Бұл код кепілдік талоны мен телефон қорабындағы кодпен сәйкестігін тексеріңіз.
-
Егер телефоныңызда сәлемдемені редакторлау мүмкіндігі (телефонның қосқанда шығатын бетті өзгертудің мүмкіндігі) болса, онда «Егер сіз осы телефонды тауып алсаңыз, онда мына телефонға хабарласыңыз (Сіздің байланыс телефоныңыз), сыйақы беріледі» немесе – «Менің телефоным - XXX-XX-XX"деген жазуды жазып қойыңыз. Ондай жазуды телефон ішіндегі батарея астына орналастыруға болады.
-
Далада тауып алған телефонды қайтару-қайтармау сіздің моральдік-этикалық қасиеттеріңізге байланысты. Алайда ұрланған телефонды сатып алғандағыдай, мұнда да мәселелер туындау мүмкін.
-
Егер сіздің телефоныңызда керекті ақпарат сақталса, онда компьютер не ноутбукта оның резервтік көшірмесін жасаңыз. Телефонда құпия ақпаратты сақтамаңыз немесе барынша қауіпсіздік сақтау шараларын қолданыңыз.
-
Ең бастысы - ұрлау қаупі бар жерлерде, әсіресе адам көп жүретін көлікте, кезекте абай болыңыз.
Пайдалы сілтемелер
http://www.mvd.kz/index.php?p=phone – Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігі (мәзірдегі «Криминалды телефон» бөлігі, ұрланған және криминалды телефондар базасы.)
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «ұялы телефоныңыз ұрланса», «ұрланған ұялы телефонды іздеу» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
VIII ТАРАУ. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР
94. Сел мен су тасқыны кезінде не істеу керек?
Су тасқыны, негізінен жиі немесе ұзақ жауған жаңбырдан, қар мен мұздардың тез еруінен; теңіз суының тез еріп, жағалаулар мен өзен салаларына қалыптағыдан тым көп мөлшерде ағуынан; су қоймалары мен бөгендерді судың бұзып кету жағдайларынан, табиғи және жеке адамдардың кінәсінен де туындап жатады.
Мұз құрсаулары мен тау өзендерінің сағасынан шығуы кезінде ғана су тасқыны бір мезетте өтуі мүмкін. Ал басқа жағдайларда су басу қаупінің алдын алуға немесе дер кезінде қауіпсіздік шараларын қолдануға мүмкіндік бар.
Тұрғылықты жерлердегі су тасқыны қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көбінесе, оның алдын алу шараларына байланысты болады. Жергілікті жер жағдайын, күн райының ерекшеліктерін және тарихын білген жағдайда су басу қаупін, оның қандай жерлерге дейін жететінін дәл тауып болжау қиын емес. Сонымен қатар гидрологиялық болжамдарға даүнемі назар аударып отыру қажет.
Егер сіз өзіңізді жекелеген қаупсіздік шараларымен қамтамасыз еткіңіз келсе:
-
Су толқынының бірінші соққысында-ақ құлап қалмайтын, мықты баспаналар мен жайлар тұрғызуыңыз;
-
Барлық отбасы мүшелерін жүзуге үйретуіңіз;
-
Жеке қайығыңыздың болуы (дұрысы екеу: біреуі-кәдімгі, ал екіншісі-үрлемелі);
-
Жақын маңдағы ең биік нүктемен таныс болуыңыз;
-
Жақындап келе жатқан апат жөнінде хабар беру жолдары мен тәсілдерін білуіңіз керек.
Егер сіз су басу аймағында қалған болсаңыз:
-
Үйдегі газ, электр көздерін және суды өшіру; жанып тұрған пешті сөндіру;
-
Үйдегі қымбат әрі бағалы заттар мен бұйымдарды жоғарғы қабатқа немесе шатырға шығару;
-
Терезелер сынбау үшін және үйге қалқып жүрген қоқыстар кірмеу үшін бірінші қабаттағы терезелер мен есіктерді тақтаймен немесе фанермен мықтап шегелеп жабу;
-
Үй жануарлары тұрған қоралардың есігіндегі ілгектерді ашып қою керек.
Су тасқыны аяқ астынан болған жағдайда, ең алдымен жылы әрі су өткізбейтін киім, көрпе, тамақ алыңыз және тұрғылықты жердің тарихында ешқашан су алмаған биік жерге шығыңыз. Егер ондай жер жоқ болса, онда қайықты және басқа да жүзіп шығуға болатын нәрселерді дайындаңыз.
Су тасқыны басылған соң үзілген немесе салбырап тұрған электр сымдарынан, бүлінген газ құбырларынан сақтану керек. Үйге кірмес бұрын оның су екпінінен кейін қандай жағдайда екенін білу қажет, құлауға шақ тұрған үйге кіру-қауіпті. Тасқын судан тауып алынған тамақтарды және сол судың өзін де пайдалануға болмайды.
Сел – бұл қысқа мерзімді, лай мен тас араласқан, таулы жерлерде болатын су тасқыны. Олар еріген қар мен мұздың, жауын-шашынның салдарынан тау өзендерінің тасуы негізінде болады. Қазақстанның таулы аймақтарындағы сел тасқындары жылдың жылы мезгілдерінде (мамыр-қыркүйек) болады.
Сел тасқынының биіктігі 10-20 метрге дейін барады. (жекелеген жағдайларда 40-50 метрге дейін жетеді), жылдамдығы тау өзендерінің жылдамдығына жақын (3-5 м/с артық). Сел тасқынынан аман қалу мүмкін емес, сондықтан сел қаупінің алдын алу шараларына үлкен мән беріледі.
Сел қаупінің белгілері:
-
Сел қаупі басым аймақта нөсер жаңбырдың жиі жаууы;
-
Ауа температурасының тез әрі ұзақ уақыт жылы болуының салдарынан таудағы көлдердін суға толып, сел қаупі бар өзендердің тасуы;
-
Көлдегі су деңгейінің тез төмендеуі немесе оның бетінде өзен дамбысын бұзатын қуыстың (воронка) пайда болуы.
-
Көл дамбысын бұзуға әкеліп соғатын жер сілкінуі.
Жақын қалған және міндетті түрде болатын сел басу қаупінің белгілері:
-
Теңіз-мұздақты кешендерде су жиналуын дәлелдейтін, сел қаупі бар арналарда судың тоқтап қалуы немесе бірден азаюы;
-
Сел қаупі бар арналардың жоғарғы жағында селге тән дауыс- гуілдің пайда болуы;
-
Селмен бірге төмен құлдилаған тастардың әсерінен жердің дірілдеуі;
-
Селдің алғашқы толқынынан пайда болған лас шаңнан тұратын бұлт пайда болуы;
-
Сел алдында жауатын таза емес, лай жауын.
Сел қаупі бар ауданда өзіңді қалай ұстау керек:
-
бұқаралық ақпарат құралдарының таудағы жағдай туралы хабарламаларын үнемі тыңдап отыру;
-
сел қаупі бар аймақтың жоғарғы бассейнінде үздіксіз нөсер жаңбыр жауса, қауіпті аймақтан кету;
-
жылжып келе жатқан сел ағынына 50-70 м-ден жақын бармау;
-
жартастар мен тік жарлардың жанына жақын тұрмау, сел жүру кезіндегі жердің дірілінен тас немесе жартас құлауы мүмкін;
-
сел қаупі бар арналарда жүргенде адамдардың арасы 20-30 м. аралықтың болуы;
-
сел қаупі бар арналарға жақын жерлерге, өзен дамбыларына немесе олардың астына дем алуға, шатырлық лагерлер орнатуға болмайды;
-
сел басу белгілерін байқаған жағдайда тез арада қауіпті жерден аулаққа, биік тау қатпарларына кету;
-
сел жүріп кеткен соң оның арнасына түспеу, артынан тағы бір сел толқыны болуы мүмкін;
-
сел жүріп өткен арнаға түскенде және онымен жүріп келе жатқанда аса сақ болу, әсіресе сел жырып кеткен жерлер өте қауіпті;
-
теңіз-мұздақты кешендерге сел қаупі жоқ кезде ғана, дұрысы жылдың ең суық кезінде барып, оның үстінде жүрген дұрыс;
-
көлдегі дамбылармен, мұз кесектерімен немесе қар көшкінінің бетімен, келесі бетке өтуге талпынбау.
Пайдалы сілтемелер:
www.emer.kz/survival/povedenye_pry_chs/index.php/ - «Төтенше жағдайлар кезінде өзін-өзі ұстау» жөніндегі тұрғындарға арналған жаднамалар.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «сел», «су тасқыны» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
95. Аптап ыстықта өзіңізді қалай ұстау керек?
Аптап ыстықта адамның дене температурасы 37,1ºС-ден жоғары немесе 38,8ºС болады. Бұл денсаулыққа қауіпті. Адамның жылулық шекті күйі ұзақ уақыт бойғы және қатты ысу кезінде пайда болады, нәтижесінде күн өтіп, жүрек жұмысы нашарлауы мүмкін. Адамның ысып кетуі мынадай белгілерден байқалады: терінің қызаруы, кілегей қабықшаларының құрғауы, шөл. Адам есінен танып, тынысы тарылып, жүрегі тоқтауы мүмкін.
Құрғақшылыққа (аптап ыстыққа) қалай дайындалуға болады? Қосымша су құюға арналған ыдыстар алып, оларды суға толтырып қойыңыз. Аптап ыстыққа арналған киім, тұрмыстық электр құралдарын (желдеткіштер, кондиционерлер) дайындап қойыңыз. Егер сіз ауылдық жерде тұрсаңыз – онда бастырма, сәкі, құдық жасаңыз, терезеге қалың перделер іліңіз. Мүмкіндігінше, электртұрмыстық құралдарының жұмысын қамтамасыз ететін автономды электрэнергия көзін сатып алыңыз. Суды ысырапсыз пайдаланыңыз. Аптап ыстық кезінде өзіңіз шара қолдана біліңіз және отбасы мүшелеріне үйретіп қойыңыз.
Құрғақшылық кезінде не істеу керек? (аптап ыстықта). Жоғары температураның әсер етуінен сақтаныңыз. Ашық түсті ауа өткізетін киім (мақтадан жасалған), басыңызға міндетті түрде баскиім киіп жүру керек. Есіңізде болсын, күнге күйген теріден тер бөлінбейді және ол салқындатылмайды. Асықпай жүріңіз, негізінен көлеңкеде болуға тырысыңыз. Сыра не басқа алкогольді сусын түрлерін ішпеңіз, бұл ағзаның жалпы жағдайын нашарлатады. Аптап ыстық кезінде сізге қосымша тұз қолдану бойынша дәрігермен кеңесіңіз. Жылу әсер етсе, көлеңкеге немесе желге шығыңыз, душқа түсіп, асықпай көп мөлшерде су ішіңіз. Күн өтуден сақтану үшін денеңізді суытуға тырысыңыз. Егер қасыңыздағы адамдардың бірі есінен танып қалса, онда көмек көрсетіңіз (жүрегін уқалап, қолдан тыныс алу жасаңыз).
Егер сіз күн ыстықта жұмыс жасасаңыз. Кондиционер астында отыруға болмайды. Кеңсеге терлеп кірген бойда кондиционер астына барып отырсаңыз, кем дегенде мұрныңыз пысылдауы мүмкін, әйтпесе, радикулит пен пневмонияға шалдығасыз. Тіпті ең ыстық деген күннің өзінде кондиционерді 18 градустан төмен түсіруге болмайды. Ең тиімдісі – дала мен ғимарат ішіндегі температура айырмашылығының 10 градустай болғаны.
Көп жұмыс істеуге болмайды. Көп адамның демалысты жазда алатыны бекер емес. Өйткені ыстықта жұмыс жасау ыңғайсыз. Ауа температурасының 26 градустан әрі қарай әр градусқа жоғарылауы адамның жұмыс жасау қабілетін шамамен 10 пайызға төмендететіні дәлелденген.
Қоғамдық көліктерге мүмкіндігінше мінбеуге тырысу керек. Жабық кеңістікте оттегінің жетіспеушілігі байқалады. Нәтижесінде адам есінен танып, басы айналады, гипертониялық күйзеліс жағдайлары болуы мүмкін. Сондай-ақ ыстықта, қысқы суыққа қарағанда түрлі жұқпалы аурулар тез тарайды.
Егер Сіз автокөлік жүргізушісі болсаңыз. Жолға өзіңізбен бірге салқындатылған сусындар алып жүру керек. Дене ысып, өзіңізді нашар сезінсеңіз, онда көлеңкеге тоқтап, демалып алыңыз.
Автокөліктен шығып, далада жүре тұрыңыз, сол уақытта көлігіңіздің барлық терезелерін ашып қойыңыз. Өзіңізді жақсы сезінгеннен кейін ғана көлік айдауды жалғастырыңыз. Балаларды ешқашан жабық көлікте қалдырмаңыз.
Жолда қолайсыз жағдайларға тап болмайын десеңіз, мынадай кеңестерді есте сақтаңыз: көлікте салқындатқыш немесе климат-бақылау болса, оны ағзаңызға суық тигізбейтіндей ысырапсыз пайдаланыңыз, саяжайға немесе қала сыртына демалуға шығыңыз, аптап ыстықта мойынға дымқыл орамал тағып алуға да болады, ысып кетсеңіз онда су алдына тоқтап, қолыңызды шынтағыңызға дейін салқын сумен жуыңыз, жеңілденесіз, көлікті көлеңкеге қойыңыз, қозғалтқыштың салқындауын қадағалаңыз, ең бастысы – таза радиатор; антифриздің температурасы термометр сызығының қызыл сызығынан аспауын үнемі қадағалаңыз.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.emer.kz/survival/behaviour/zasuha.php/ - «Засуха и сильная жара» мақаласы;
2) www.lookinfo.net/2007/06/10/kak_pravilno_vesti_sebja_v_zharu.html - «Как правильно вести себя в жару» мақаласы;
3) www.live4speed.ru/intresting/post/36 - «Как правильно вести себя в жару в автомобиле» мақаласы.
Интернет арқылы іздеу. Сіз интернет арқылы бұл тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «аптап ыстық», «аптап ыстық кезінде не істеу керек» және т.б. кілт сөзді теру керек.
96. Алғашқы медициналық көмек қалай көрсетіледі?
Адам қайғылы жағдайға кез келген жерде: үйде, көшеде, жолда, көлік апаттары кезінде немесе т.б. ұшырауы мүмкін. Көбінесе адамдар алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі білімінің жоқтығынан жанындағы адамдарға, кейде тіпті туысы, танысы немесе досына көмек көрсете алмай жатады.
Алғашқы медициналық көмектің негізгі мақсаты – адам өмірін құтқару. Ең бастысы – алғашқы секундтарда дұрыс әрекет етуге үйрену, дәрігерлер келгенше апатқа ұшыраған адамның өмірін сақтап қалу. Келесі кеңестер өзіңізге, жолдасыңызға басқа да көмекті қажет ететін кез келген адамға алғашқы көмекті дұрыс көрсете алуға септігін тигізеді.
Ең алдымен адамды қайғылы жағдай болған жерден алып шығыңыз, оның өміріне қауіпті жағдайды (талып қалу, бастырылып немесе қысылып қалу, қан тоқтамау) жойыңыз; жарақатының қандай дәрежеде екенін, көлікпен немесе жаяу тасымалдауға келетін-келмейтінін көріңіз; қауіпсіз, медициналық көмек көрсетуге қолайлы жерге апарыңыз; алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз.
Көз қарашығының жарық сезгіштігін анықтау тәртібі. Бас бармақпен үстіңгі қабақты көтеріп, қарашыққа қараңыз. Егер қарашық жарық түскеннен кейін де үлкен күйінде қалса, онда ол жарықты сезбейді деген сөз. Қараңғы кездерде қарашықтың жарық сезгіштігін электр қолшамының көмегімен байқауға болады.
Ұйқы артериясындағы тамыр соғысын байқау тәртібі. Төрт саусағыңызды жарақаттанған адамның мойнына қойыңыз. Саусақтарыңызды кеңірдек пен мойын бұлшық етінің ортасына қойып, тамыр соғысын байқау үшін аздап батырыңқыраңыз.
Қолдан немесе аяқтан қан ағатын (капилярлық немесе тамырлық) болса, зақымданған жерді таза дәкемен қаттырақ байлаңыз (бастырып байлау) немесе лейкопластырьдың көмегімен мақта-дәкеден бірнеше қабат етіп жасалған тампон қойыңыз. Алайда жарақатты өте қатты байлап тастауға да болмайды (қан жүрмей, мүше көгеріп қалуы да мүмкін). Бастырып байлау кішірек артериялардың қанауын тоқтатады.
Артериялық қанау кезінде артерияны қолмен басып тұрады, қан тоқтатушы жгут көмегімен немесе қолды не аяқты бүгу арқылы тоқтатады. Артерияны қолмен немесе жұдырықпен басқан кезде қан бірден шамамен 10-15 минутқа тоқтап қалады, содан соң қол шаршап, қысым әлсірей бастайды. Сондықтан артериядағы қан тоқтай салысымен қан тоқтатушы жгутты пайдаланыңыз. Жгутты жалаңаш денеге байлауға болмайды. Адам терісі қатпарланбай, тегіс болуы керек, жгут байланатын жерді орамалмен немесе дәкемен ораңыз. Жгутты аяқ немесе қолдың астынан алып, үстіне қарай байлаңыз, алғашқы екі байламды қатты етіп, үшіншісін тартпай сәл ғана байлаңыз. Егер қан тоқтамаса, жгутты алып, қайтадан одан да жоғарырақ жерден байлаңыз. Байлауыңыздың қаттылығы қанды тоқтатуға болатындай, бірақ мүлдем қан жүргізбей тастамайтындай болуы керек. Жгутты байлап болған соң жгут салынған уақыт, құтқарушының аты-жөні, лауазымы жазылған қағаз қыстырып қоюды ұмытпаңыз. Жгут әдетте 1,5 - 2 сағатқа ғана, ал суық күндері 0,5 - 1 сағатқа қойылады. Ал әрбір 30 - 60 минут сайын жгутты босатып отыру керек, яғни бірнеше минутқа босатып, сол кезде жгуттың жоғарғы жағынан саусақпен басып отыру керек, жгут тұрған жердегі ізге ақырын ғана массаж жасау керек. Жгутты 2 сағаттан артық ұстауға болмайды.
Фабрикалық жгут болмаған жағдайда оны қолда бар нәрсемен (резина түтік, галстук, белдік, белбеу, орамал, бинт және т.б.) алмастыруға болады, тек сым темірді қолданбаңыз.
«Ауыздан ауызға» тәсілімен өкпеге жасанды түрде ауа жіберу:
1) Оң қолыңызбен аурудың иегінен, саусақтарыңыз оның жағын ашатындай астыңғы ернін төмен тартып ұстаңыз;
2) Сол қолыңызбен мұрнын қысып, аурудың басын артқа қарай шалқайта ұстаңыз және осы қалыпта дем жібергенше ұстаңыз;
3) Еріндеріңізді аурудың ерніне қатты басып, оның ішіне қарай қатты дем шығарып, үрлеңіз. Үрлеу жиілігі минутына 18-20 рет.
Екінші рет үрлегеніңіз нәтижесіз болса, бірден жүректің тұсына массаж жасауға кірісу керек.
Жүрек тұсына массаж жасау. Жасанды демалдырудың алдында басты артқа шалқайту арқылы жоғарғы тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету керек.
-
Иықтың астына орама қою (киімдерден оралған);
-
Саусақты матамен орап алып, аурудың аузын ұйыған қан, сілекей және басқа да заттардан (сынған тіс, тіс протездері) тазартыңыз. Алақаныңызды бас бармағыңыз аурудың иегіне немесе ішіне қарап тұратындай етіп орналастырыңыз;
-
Салмағыңыз кеудеге түсетіндей етіп орналасыңыз да қолыңызды тік ұстап, жүрек тұсына массаж жасауды бастаңыз; аурудың кеудесін 3-4 см-ге дейін салмағыңызбен басып, көтеріңіз, минутына 80–100 рет жиілікте жасай беріңіз;
-
Әрбір келесі басуды тек кеуде қуысы орнына келген соң ғана жүзеге асыру қажет.
Жан сақтауға қатысушы адамдар қанша болса да, кеуде қуысын басу мен үрлеудің ең тиімді қатынасы 30х2 болуы тиіс.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.emer.kz/survival/methods/index.php/ - төтенше жағдайлар кезінде аман қалу әрекеттері бойынша әдістемелер мен нұсқаулықтар;
2) www.1st-aid.ru - «Правила оказания первой медицинской помощи» мақаласы.
Интернет арқылы іздеу. Сіз интернет арқылы бұл тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «алғашқы медициналық көмек», «алғашқы медициналық көмек көрсету» және т.б. кілт сөзді сөздерді теру керек.
97. Қар көшкіні кезінде өзін-өзі құтқару жолдары
Қыс мезгілінде жолға шығар алдында ауа-райы болжаушылардың хабарын тыңдап, ауа-райы өзгерістерін ескеріңіз. Жолға шығар алдында ауа-райын біліп алыңыз. Боран адамдардың өміріне өте қауіпті.
Қарлы бұрқасынға автокөлікпен тап болған кезде көлікті тоқтатыңыз, тоқтаған жеріңізді ашық түсті матамен белгілеңіз. Автокөліктің жалюзиін толығымен жауып қойыңыз, қозғалтқышты радиатор жағынан жабыңыз. Көлікті желге қаратып орналастырыңыз. Жанармайды үнемдеңіз, пешті үздіксіз қоспаңыз. Автокөліктің қар астында қалу қаупі туындағанда сіздің салон ішінде қамалып қоймауыңыз үшін есіктердің бірін белгілі бір уақыт сайын ашып, жиналған қарды итеріп тұрыңыз. Қар астында қалған автокөлікте қатты жаурасаңыз да қозғалтқышты қоспаңыз. Қозғалтқыштың жұмысы кезінде бөлініп шығатын газдар автокөліктің салонына жиналады, ол сіздің өміріңізге ең сұрапыл аяздан да қауіпті.
Кез келген жүргізушіге қыста қажет болатын заттар мыналар: терезе жууға арналған қатпайтын сұйықтық – бұл сұйықтықты қысқы дөңгелекке ауысқаннан бастап өзіңізбен бірге алып жүру керек; шынжырлар сізге қалың қардан шығуыңызға көмектеседі. Қалың қардан шыққаннан кейін оларды алып тастаған дұрыс, өйтпеген жағдайда дөңгелекке зақым келтіруі мүмкін; шығыр немесе сапер күрекшесі – екеуі де сіздің қардан шығуыңызға көмектеседі; жылы көрпе, аяқ киім және басқа да киімдер жылынуыңызға септігін тигізеді.
Егер жылынғыңыз келсе сыртқа шығып, түтін шығатын түтікшенің алдын газ көліктің астына емес ауаға тарап кететіндей етіп қардан тазартыңыз. Шығар алдында беліңізді жіппен байлап алыңыз. Өйткені, адам өзінің үйінен немесе көлігінен шыққанда қарлы боранның салдарынан бағытынан адасып, сенделіп мерт болған оқиғалар көптеп кездеседі.
Егер Сіздің көлігіңіз жолда өшіп қалса, саспаңыз, бағытыңызды, тұрған орныңызды, елдімекенге дейінгі қашықтықты және сол сияқты жайларды байқаңыз. Егер сіз көмек күтпек болып шешсеңіз ұйықтамауға тырысыңыз. Одан әрі жүруге шешім қабылдасаңыз жолдың жиегімен жүріп отырыңыз, өйткені онда қар аз болады және бағытты ұстауға көмектеседі.
Тәжірибе көрсеткендей бірінші адамның беті, қолы, аяғы үсиді. Санаулы минуттар ішінде қатты үсік шалуы мүмкін. Көбіне үсу байқалмай қалады. Сондықтан құлақтың, мұрынның, иек, бет ұштарының аяқ астынан ағара бастағанын байқасаңыз жаныңыздағы адамдарға бұл туралы айтыңыз.
Егер сіз қатты боранда жаяу қалсаңыз, қар басқан айдалада қардан қорғаныш жасауға еш мүмкіндік болмаған жағдайда, биік, мықты тұрған заттың ығына тығылып, қарды тоқтаусыз жан-жаққа лақтырып, аяқ астындағы қарды таптап тұру керек. Осылай біртіндеп бораннан жіңішке ор- қорғаныш пайда болады.
Қиын жағдайда құрғақ қардың астына түгелдей кіруге болады, ол үшін жылы киімдерді киіп, арқаңызды желге қаратып, полиэтилен пленканы немесе ұйықтайтын қапшықты жамылып, қолыңызға ұзын таяқ алып өзіңізді қардың жабуына мүмкіндік беру керек. Бұл жағдайда, кез-келген уақытта қардың құрсауынан шығып кету үшін қармен толтырылған ауа кіретін тесікті таяқпен үлкейтіп отыру керек.
Боранды тұрған күйде күтуге болмайды. Ерте ме кеш пе бағыттан айырылып, шаршайсыз, ал демалуға отырғанда үсіп қалуыңыз мүмкін.
Қар-қорғанышқа отырар алдында бағытты біліп, анықтап алу керек. Егер сіз ашық жерде болсаңыз, аяқ астына елді мекенді бағыттайтындай етіп тірек тастаңыз, бұл кейін қарды қазып бағытты анықтау үшін қажет. Мұндай белгіні қар қорғаныштың ішіне де тастауға болады.
Есте сақтаңыз: қарлы боран кезінде биік қарлы үйінділердің себебінен жергілікті жер сыртқы көрінісін өзгертуі мүмкін, егер сіз бағытты алдын ала біліп алмасаңыз, кейін білу қиынға соғады.
Пайдалы кеңестер:
www.emer.kz/survival/povedenye_pry_chs/index.php/ - «Төтенше жағдайлар кезінде өзін-өзі ұстау» жөніндегі тұрғындарға жаднамалар;
Интернет арқылы іздеу. Сіз интернет арқылы бұл тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «қар көшкіні», «қар көшкіні кезіндегі іс-қимыл» және т.б. кілт сөздерді теру керек.
98. Улы газбен уланғанда не істеу керек?
Улы газ – иісі жоқ уландырғыш газ, оны көру немесе иісі арқылы тану мүмкін емес және одан адам бірнеше минут ішінде-ақ өліп кетуі мүмкін.
Улы газ кез келген отынды, мысалы, газ, мұнай, керосин, ағаш отын немесе көмірді жаққанда шығады. Әдетте, от жағатын құрал (мысалы, пеш) дұрыс жұмыс істеп және пайдаланылып тұрса, қауіпті емес.
Улы газ дем арқылы ішке кеткенде:
-
қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетеді;
-
миға орны толмас зақым келтіруі мүмкін;
-
жүрек ауруы бар адамдардың кеуде тұсы ауыруы немесе жүрек қысылуы мүмкін.
Улану белгілері:
-
бұлшық еттердің әлсіреуі;
-
бас айналу;
-
құлақ шуылы;
-
жүрек айну;
-
құсу;
-
ұйқы келу; кейде, керісінше, аз уақытқа белсенділіктің артуы; соңынан, жүру тепе-теңдігінің жоғалуы, теңселу;
-
сандырақтау;
-
елес қуу (галлюцинация);
-
есінен тану;
-
талу;
-
кома және тыныс алу орталығының семуінен болған өлім. Тыныс алу тоқтағаннан кейін де жүрек біраз уақыт соғып тұруы мүмкін. Кейде адамдардың осындай уланудан кейін 2-3 аптадан соң ғана қайтыс болғаны туралы жағдайлар да болған.
Улы газбен уланғанда улы газдың келуін тоқтатыңыз; жапа шегушіні таза ауаға шығарыңыз; жатқызыңыз, тыныштандырыңыз да таза ауамен дем алдырыңыз (газетпен желпіңіз, желдеткіш немесе кондиционер қосыңыз);
Егер зардап шегуші есінен танған болса, жүрегіне жабық массаж жасаңыз және жедел жәрдем келгенше немесе есін жиғанша жасанды демалдырыңыз.
Есіңізде болсын, зардап шегушіні қауіпті аймақтан шығару кезінде, алдымен өзіңіздің қауіпсіздігіңізді, өзіңіз уланып қалмауды ойлаңыз. Ол үшін тез қимылдау керек және қол орамал немесе дәкемен мұрынды байлап алу керек.
Ең көп тараған көздері — бұл газ және май пештері, ағаш пеші, газ құралдары, бассейндердегі жылыту құралдары және қозғалтқыштар, жанып біткен газ шығарушы құбыр. Пештегі жарықтар, мұржалардың толып қалуы, бітеліп қалған құбырлар – бұлар улы газдың тұрғын үйлерге, бөлмелерге тарауына әкеліп соғады. Пешке таза ауаның жеткіліксіздігінен де үй ішіне улы газ жиналып қалуы мүмкін. Үйдегі бөлмелердің тар болуынан ауа алмасуы нашар болады да, улы газбен улану қаупі күшейе түседі.
Улы газбен улануды болдырмау үшін:
-
ешқашан, тіпті, есіктері ашық болса да, қозғалтқышы қосулы машинаны гаражда қалдырмаңыз;
-
генераторды ешқашан үйде, гаражда, жертөледе (подвал) қоспаңыз. Ашық құрған терезе, есік немесе желдеткіш үйдегі улы газды ШЫҒАРА АЛМАЙДЫ.
-
генераторды далада қосқан күнде де оның ашық терезе мен есіктің қасында тұрмағанына көз жеткізіңіз;
-
ағаш көмірді үйде, палаткада, машинада немесе гаражда ешқашан жақпаңыз;
-
ешқашан білмей, дағдыланбай және құралсыз от жаққыш құралдарды орнатпаңыз және қолданбаңыз;
-
ешқашан газ плитасын, пісіру шкафын немесе кептіру құралын бөлмені жылыту мақсатында қолданбаңыз;
-
ешқашан пісіру шкафының түбіне фольганы қоймаңыз, себебі ол газдың қалыпты жануына кедергі келтіреді;
-
ешқашан желдетілмейтін газ құрылғысын жабық бөлмеде немесе жатын бөлмеде пайдаланбаңыз.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.emer.kz/survival/methods/index.php - төтенше жағдайлар кезінде аман қалу әрекеттері бойынша әдістемелер мен нұсқаулықтар;
2) www.polismed.ru/f-a-gaz-intoxic-post001.html/ - «Первая помощь при отравлении угарным или бытовым газом» мақаласы.
Интернет арқылы іздеу. Сіз интернет арқылы бұл тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru сияқты жүйелерде «газбен улану», «газбен уланбау үшін не істеу керек» және т.б. кілтті сөздерді теру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |