Кірме сөздер – бір тілден басқа тілге енген бөтен тілдің элементі (сөз, морфема, синтаксистік құрылыс т.б.).
Лексема – сөздің сыртқы тұлғасы, лексикалық бірлік. Сөздің синонимі ретінде қолданылады.
ХХІ ғасыр түбі бір түркі халқын еркін ғылыми ізденістер тұрғысынан қайтадан немесе жаңаша зерттеуді талап етіп отырғаны белгілі. Одан қазіргі заман тілтанымы да тыс қала алмайды. Сондықтан қай ел мен жерде, қандай жағдай мен күйде өмір сүріп жатқанына қарамастан, күллі түркілердің ортақ асыл қазынасы – түркі тілдері түркітану мен жалпы тіл білімінің ең тиімді методологиясы тұрғысынан түркі бірлігі мен интеграциясы аясында зерделенуі, қарастырылуы тиіс. Тіл білімінде түркі тілдерін әсіресе салыстырмалы аспектіде жан-жақты зерттеу толық шешімін тапты деп айта алмаймыз. Статистикалық тұрғыдан қазіргі түркі тілдерінің нақты саны (сөйлеушісі емес) қанша екенін дөп басып айту қиын. 1996 жылы Ресей Ғылым Академиясының Тіл білімі институты «Языки мира» сериясының бір томын түркі тілдеріне арнап шығарды [1]. 2002 жылы ҚР ҰҒА Тіл білімі институты оны қазақшаға аударып, бастырды [2]. Осы еңбекте 39 қазіргі түркі тілі жөнінде мақала жарияланды. Ал ежелгі және ескі жазба тілдер жөніндегі бөлімде 15 түркі тілі жеке қаралды. Демек, 39 қазіргі түркі тілі дегеніміз - әлі де қолданыстық қабілетін жоймаған тірі тілдер. Бірақ олардың функционалдық-коммуникативтік мүмкіндіктері әрқилы. Мысалы, қарайым тілін тұрмыстық қарым-қатынас деңгейінде тек егде жастағылар ғана қолданады, әдеби тілі жоқ. Барабы татарларының тілін жеке түркі тіліне жатқызу мәселесі толық шешілген жоқ, сондықтан татар тілінің диалектісі ретінде қаралады, жазба ескерткіштері жоқ. Қырымшақ тілін орыс тілі іс жүзінде қолданыстан ығыстырып шығарды. Қытайдағы салар тілі тек сөйлеу тілі ретінде, оның ішінде отбасында қолданылады, жазуы мен әдеби тілі жоқ. Сондағы сары ұйғыр тілінің жайы да салар тіліне ұқсас. Украинадағы урум тілінде сөйлеушілердің саны ХХ ғ. 80-ші жылдары 60 мыңнан асқанымен, ол тек тұрмыстық-сөйлеу тілі қызметін атқарады, әдеби тілі жоқ, білім тілі емес [1: 144, 254, 309, 328, 451]. Бірқатар түркі тілдерінің мемлекеттік тіл деген мәртебесі бар, қолданыс аясы кең, білім мен ғылымның тілі болып табылады. Ал қыпшақ тамырлысынан ең ірілері: қазіргі қазақ, татар, башқұрт тілдері. Дей тұрғанмен, түркі дүниесі үшін қазіргі түркі тілдерінің қай-қайсысын да жаңаша зерттеп, дамыту, қалпына келтіру аса маңызды бағыт болуы тиіс. Ол үшін, бірінші кезекте, өзара шектес мемлекеттераралық кешенді шаралар тұжырымдамасын жасап , жүзеге асыру қажет.
2. Сөз мағынасының өзгеруі, кеңеюі
Тіл – динамикалық құбылыс. Оның бойында үздіксіз болып отыратын процесс - лексика құрамының, сөз мағынасының өзгеруі. Тілдің дамып жетілу дәрежесі сөздің санымен емес, мәнімен таразыланады. Бүл тұста семасиология (грекше semasіа - мән, мағына +logos-ілім сөздерінен) сөздердің мағыналық құрылымын зерттеуді басшылыққа алады. Тіл тарихын зерделеуде семасиологияға сүйене отырып әрбір сөздің мән-мағыналарының өзгеруін диахрондық тұрғыдан, қазақ тіліне қатысты тарихи жазба ескерткіштер тілімен салыстыра қарастыру керек. Тілдердің дамуын, сол жолдағы нәтижелерін салыстыру арқылы бағалауға болады. Ал сөздерді салыстыру үшін не формаларында, не мағыналарында ортақтық, ұқсастық болу керек.
Семантика - көп мағыналы термин. Семасиологиялық термин ретінде оның екі жағы бар: 1) тілдік құбылыс ретінде тілдікемес құбылыстарға қатынасы, 2) мағынаның тілдің тарихымен шарттас эволюциялық өзгерісі.
Сөз мағынасының өзгеруінің, оның жаңа мағынаға ие болуының немесе бір мағынасын жоғалтып басқа мағыналық сипат алуының екі түрлі себебі бар: 1.Сөз мағынасының өзгеруінің тілден тыс немесе сыртқы себептері; 2. Тілдік немесе лингвистикалық себептер. Сөз мағынасының өзгеруі бір жақты, яғни сыртқы себептің әсерінен ғана деп, немесе тек тілдік ішкі процестерге ғана қатысты деп қарайтын ғалымдар да бар. Р.Барлыбаевтың пікірінше “сөз мағынасының өзгеруін бір себепке ғана байланысты қарау - тіл-тілдің фактілеріне қарағанда қолайлы көрінбейді. Өйткені сөз мағынасының өзгеруінің тілден тыс, қоғамдық жағдайға байланысты жағы да, тілдік процестерге, тілдік жүйеге байланысты жағы да бар көрінеді”.
Сөз мағынасының өзгеруі тілдің сапалық деңгейін арттырады. Өзбек тіліндегі сөздің семантикалық өзгеруін тіл дамуының ішкі факторына негіздеп зерттеген А.Матгазиев лексиканың даму жүйесін мынадай бағыттарда қарастырады: біріншіден, лексиканың материалдық тұрғыдан дамуы: жаңа сөздердің пайда болуы, көне сөздердің жоғалуы, екіншіден, сөздердің фонетикалық өзгерісі, үшіншіден, сөздердің семантикалық дамуы: мағынаның кеңеюі, мағынаның тарылуы, мағынаның түпкілікті өзгеруі.
Сөз мағынасының өзгеруі, тіл тарихының ұзын жолында дамуы мағынаның кеңеюіне, не тарылуына әкеп отырады. Сөздің сыртқы тұлғасы өзгеріске түспей-ақ бұрыннан белгілі мағынасының үстіне қосымша жаңа бір мағыналарға ие болуынсөз мағынасының кеңеюі деп атаймыз.
Тілдің лексика құрамының, ондағы сөз мағыналарының өзгерісі – тілде, үздіксіз болып отыратын процесс. Академик І.К.Кеңесбаевтың пікірінше “Сөз мағынасы өзгереді, дамиды: мағына аясы бірде кеңейе түсіп, бірде тарылады, түрлі бейнелі мағыналар үстемелеп, бірде сөз қолдану тәсілі толығып, бірде соны мағына туады, заман ағымына қарай, кей реттерде, сөз де, сөз мағынасы да мүлде жаңарады; сөйтіп сөздің семантикасы үздіксіз екшеліп отырады”. Заман озған сайын, адам баласының ұғымы да дамып өзгеріске ұшырайды. Мұның өзі жаңа сөздің туына немесе бұрынғы бар сөздің сыртқы тұлғасы өзгермесе де жаңа мағынаның қосылуына, үстемелеуіне жағдай жасайды.
3. Сөз мағынасының тарылуы
Тарихи, қоғамдық, әлеуметтік т.б. жағдайларға және салт-дәстүр, таным-түсініктегі өзгерістерге байланысты сөздің кейбір мағынасының қолданыстан шығып қалуын сөз мағынасының тарылуыдейміз. Сөз мағынасының тарылуы - сөз мағынасының кеңеюіне қарама-қарсы құбылыс. Мағынаның өзгеру процестерінің бір көрінісі. Бұл құбылыста тілдің даму барысында жүзеге асатын болғандықтан өзіндік ерекшеліктері мен заңдылықтары бар.
Сөз мағынасының тарылуы тіл-тілдің фактілеріне қарағанда, негізінен адам ұғымының жалпылықтан жалқылыққа қарай саралануынан, даралануынан, заттарды ажырата, айыра тани бастауынан мағына тарамдарының, тіркестерінің азаюынан туады.
Қазақ халқының өмір сүру дағды-дәстүрі, салт-санасы, ойлау, түсіну жүйесі өз тіліндегі әрбір сөзінен көрінеді. Академик І.Кеңесбаев былай дейді: “...Өмір шындығы тілдің лексикасы саласынан айқын сезіледі. Өйткені қоғам өміріндегі түрлі құбылыстар, тарихи кезеңдер белгілі бір лексикалық ұғыммен ұласып жатады... Халықтың белгілі бір дәуірдегі саяси, шаруашылық, мәдени тіршілігі де, адамның ішкі рухани дүниесі де, салты да тілдің дыбыс жүйесінен, сөз тұлғасынан, сөйлем құрылысынан гөрі, сөз мағынасынан айқынырақ білініп тұрады».
Сөз мағынасының тарылуы белгілі бір себептердің нәтижесінен туатын заңды құбылыс. Р.Барлыбаев сөз мағынасының тарылуының, я қолданыстан шығып қалуын басты себебінің бірі сыртқы фактор екенін дәлелдеп бірнеше жақсы деректер береді. Қазақ тілінде бұрын қолданылған би, болыс, сұлтан, сыңсу, башқұр, аяққап, жүкаяқ, бәдік сияқты сөздер өткен өмірдің тұрмыс-салтын, мәдениетін білдіреді. Қазақ халқының өмір сүру дәстүрінің өзгеруіне байланысты бұл сөздердің қолданылу аясы тарылды. Азамат соғысы кезеңінде қолданылған салғырт (азық-түлік салғырты) сөзі мүлде қолданыстан шығып қалды. Осындай қоғамдық құрылыстағы үздіксіз болып тұрған өзгерістердің әсерінен тіліміздегі бірқатар сөздердің бұрын білдіретін мағыналарының бірқатарынан арылуын сөз мағыналарының тарылуының сыртқы себебі деуге болады.
№8 практикалық сабақтың тақырыбы: Қазіргі түркі тілдерінің салыстырмалы лексикасы
Тапсырмалар:
1. Қазіргі түркі тілдерінің салыстырмалы лексикасы қорының зерттеу жайы.
2. Сөз мағынасының өзгеруі, кеңеюі
Достарыңызбен бөлісу: |