8.2.Блиц-сұрақтар
1. Атың кім?
2. Неше жастасың?
3. Қай көшеде тұрасың?
4. Үйдің нөмірі неше?
5. Пәтерің неше бөлмелі?
6. Өз бөлмең бар ма?
7. Бөлмеңде не бар?
8. Бөлмедегі ең ұнататын зат қай зат?
9. Оны саған кім сыйлады?
10. Сүйікті затыңды досыңа сыйлайсың ба?
11. Неліктен?
Мұндай сұрақтарды мұғалім өзінің өнертапқыштығына байланысты кез келген тақырыпта ойлап табуға болады. Бірақ тапсырманы міндетті түрде оңайдан күрделіге көшу әдісімен орындату қажет.
Мақсаты: Осы секілді жедел сұрақтар қою арқылы оқушыларды тез арада жауап беріп, ойын жүйелеп, нақты жауап беруге, бастысы ауызша сөйлеуге бағыт беру. Жеңіл сұрақтардан күрделі сұрақтарға көшу арқылы оқушылардың бойында өзіне деген сенімділікті туғызу, тілді үйренуге талпындыру.
Нәтиже: Оқушы бұл секілді тосын сұрақтарға жауап бере отырып, еріксіз, қызыға тапсырманы орындауға белсене кірісіп кеткенін байқамай да қалады. Оңайдан күрделіге көшу әдісі арқылы ол өзінің әр жауабына қуанып, одан әрі жауап беруге құлшысы артады.
ІІ. Топтық ойындар
1. Тіл үйренушілер екіге бөлініп, бірінші топ жуан сөздер, екінші топ жіңішке сөздер айтып жарысады.
2. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, “ОТАН” сөзінің құрамындағы әріптерден мүмкіндігінше көп сөздер құрап жарысады.
3. Тіл үйренушілер екі топқа бөлініп, «ӘДЕМІ» сөзіне мүмкіндігінше көп мағыналас сөздер тауып жарысады.
4. Оқушылар екі топқа бөлініп, берілген мәтіндегі сөздерді мүмкіндігінше буындарға тасымалдайды.
5.Тіл үйренушілер екі топқа бөлініп, бірінші топ адамның жақсы қасиеттерін, екінші топ жаман қасиеттерін айтып жарысады. Ойынды жүргізуші ол сөздерді тақтаға жазып отырады, соңынан барлығы көшіріп алады.
6. Аудитория екі топқа бөлініп, бір топ ілік септікті бір есім сөз айтады, екінші топ тәуелдік жалғауының ІІІ жағын қосып, сөз тіркесінің жалғасын айтады.
Мысалы: 1 топ: оқушының... –
2 топ: дәптері т.б.
7. Сөйлемдер тізбегі ойыны. Ойынды жүргізуге ыңғайлы болуы үшін оқушылар шеңбер бойымен бір-бірлерінің жүздеріне қарап отырады. Ойынды бастаушы адам ауыспалы осы және келер шақ формасын қатаң сақтай отырып, бір сөйлеммен бос уақытында не істейтіндігі жайлы айтады. Келесі адам алғашқының іс-әрекетін теріске шығарып (болымсыз тұлғаны қолдана отырып), өзінің немен шұғылданатындығы жайлы айтады. Осылайша ойын жалғаса береді. Кідіріп қалған адам ойыннан шығарылып отырады. Ең соңында қалған адам жеңген болып есептеледі. Мысалы: 1-адам: “Мен бос уақытымда тамақ жеймін”. 2-адам: “Ал мен тамақ жемеймін, қонаққа барамын” т.с.с.
8. Қағазға 1-топ мүшелері кез келген сын есімдерді, 2-топ әр түрлі (тұрмыстық заттар, дене мүшелері атаулары, әріптестерінің аттары) зат есімдерді жазып шығады. Одан кейін шетінен бір сын есім, бір зат есімнен оқи бастайды. Нәтижесінде түрлі күлкілі сөз тіркестері (сын есім + зат есім) шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |