Зерттеудің әдіснамалық негіздері. Жұмыстың ғылыми-теориялық базасы мен әдіснамалық негізі ретінде осы тақырыпқа қатысты әлемдік лексикография мен қазақ лексикографиясы салаларындағы Л.В. Щерба, В.П. Берков, Ж. Дюбуа, К. Дюбуа, А. Рей, Л. Згуста, П.Н. Денисов, В.В. Морковкин, Ю.Н. Караулов, Ш.Ш. Сарыбаев, Б.Қ. Қалиев, М. Малбақов, Р. Түсіпқалиева, т.б. ғалымдар тарапынан жазылған ғылыми еңбектердегі тұжырымды ой-пікірлер алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің басты мақсаты – жалпылама қолданымға арналып түзілетін, ортақ лексика-грамматикалық минимумға негізделген, құрылымдық бірліктер мен сөздік құрамдағы базистік лексиканы қамтитын шағын көлемді сөздік түзудің ғылыми-теориялық және практикалық негіздерін анықтау. Аталған мақсатқа жету мүддесі төмендегі міндеттерді шешуді талап етеді:
1. Оқу лексикографиясының әлемдік тәжірибесін қорыта отырып, оның жалпытеориялық мәселелерін бағамдау;
2. Отандық оқу лексикографиясы тәжірибелерін тұжырымдау;
3. Шағын көлемді оқу сөздіктерінің құрылымына қатысты ғылыми-теориялық әдебиетті зерделеу;
4. Шағын сөздіктің сөзтізбесіне алынатын лексикаға қатысты алғанда тілдік сананың лексикалық базасын құрайтын бірліктердің, құрылымдық сөздердің, жалпығылыми базистік сөздіктің құрамын анықтау;
5. Сөздік бірліктерді сөзтізбеге сұрыптап алуда басшылыққа алынатын ұстанымдар құрамын айқындап, олардың қызмет ету ерекшеліктерін көрсету;
6. Зерттеу нысанына сәйкес сөздік түрінің сөзтізбесіне алынатын тілдік бірліктердің сандық және сапалық құрамын айқындау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жұмыстың ғылыми жаңалығы ретінде ең алдымен қазақ тіл біліміндегі теориялық лексикография мәселелерінің қазақ лексикографиясы тәжірибесіне қатысты алғаш рет жүйелі түрде зерттелуін, екіншіден, біртілді лексикография саласындағы шағын көлемді оқу сөздігінің ғылыми-теориялық, құрылымдық мәселелерінің қазақ тілінде тұңғыш қарастырылуын, үшіншіден, қазақ тілінің лексикалық негізін құрайтын базалық лексика құрамын сөзтізбеде қамту мәселесінің қазақ тіл білімінде тұңғыш рет зерттеліп отырғандығын айту қажет. Осы зерттеме арқылы шағын оқу сөздігіне алынатын базалық лексика құрамын анықтауға мүмкіндік туып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |