Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- қазақ лексикографиясындағы «оқу лексикографиясы», «оқу сөздігі» атауларының орнына терминдік мәнде «тілүйренім лексикографиясы», «тілүйренім сөздігі» атауларын қолданған жөн;
- 4000 бірліктен тұратын шағын оқу сөздігінде қазақ тілінің лексикалық негізін құрайтын базалық лексика толық қамтылуы қажет;
- қазақ тілінің лексикалық негізі - инвариант қызметін атқарады;
- базалық лексиканы қамтитын біртілді оқу сөздігіне алынатын лексикалық бірліктер құрамы үш бөліктен құралады (құрылымдық сөздер, ең жиі қолданымдағы лексикалық бірліктер, ең басты тақырыптық сөздер);
- құрылымдық сөздер - тілдегі лексикалық негіздің өзекті бөлігі;
- біртілді шағын оқу сөздігінің сөзтізбесіне тақырыптық топтар құрамындағы негізгі атаулардың мүмкіндігінше толық қамтылуы қажет;
- сөздіктің барлық түрінде де дидактикалық интенция басым болады.
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеудің теориялық тұрғыдан маңыздылығына қатысты қазақ лексикографиясында шағын көлемді біртілді сөздік түзудің ғылыми-теориялық негіздерінің айқындалып отырғандығын атауға болады. Ұсынылып отырған еңбекте сөз болатын теориялық мәселелер таяу болашақта елімізде түзілетін шағын сөздіктердің ғылыми негізде құрастырылуына мүмкіндік тудырады. Сонымен бірге, қазақ лексикографиясында шағын жанрларда жасалатын біртілді сөздіктердің сөзтізбе құрамы мен құрылымының теориялық мәселелерін анықтауға, жалпы оқу лексикографиясы теориясы мәселесінің қазақ тіл білімі негізінде зерделенуіне өзіндік үлесін қосады.
Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеуде қазақ тіл білімінде тұңғыш рет қазақ тілінің лексикалық негізіне бағдарланған біртілді шағын оқу сөздігінің сөзтізбесін түзудің құрылымдық ерекшеліктері анықталып отыр. Мұның өзі зерттеудің болашақта жасалатын шағын сөздіктерді құрастыру ісінде басшылыққа алынатын көмекші құрал қызметін де атқара алатындығын білдіреді. Зерттеудің нәтижелерін қазақ тілін еліміздегі өзге тілді азаматтарға, шетелдіктерге үйретуде, жалпытілдік және салалық лексикалық минимум сөздіктерін құрастыруда, қазақ тілінің өзге тілді азаматтарға арналған оқулықтары мен оқу құралдарындағы сөздіктерді, салалық минимум сөздіктерін жасауда қолдануға болады. Сонымен бірге, зерттеу нәтижелерін қазақ лексикографиясы бойынша, лексикографияның тарихына, теориясы мен практикасына байланысты арнаулы курстарда пайдалану мүмкіндігі болады.
Достарыңызбен бөлісу: |