129
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ
ұлтының мәдениеті, таным-түсінігі, салт-дәстүрлері, материалды,
рухани мұрасы адамға, адамзаттық құндылықтарға, адамдар арасындағы қарым-
қатынасқа, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған. Шығыстық мәдениеттің бір түрі болып
келетін қазақ мәдениеті адамның күні адаммен деген көзқараспен өмір сүреді.
Сондықтан қазақ халқы көпшіл, ағайыншыл, бауырмал, өзінен гөрі өзгенің
жайын жасап, өзгенің көңілінен шығуды көбірек ойлап тұрады. Бұл өз кезегінде
өзінің қамын жасау, өзгені ойлай отырып, өзінің қажеттіліктерін, өзінің жайлы
өмір сүруін қамтамасыз етуге лайықталған өмір сүру дағдысы.
Осыған орай қазақ мәдениеті КІМ, ҚАНДАЙ АДАМ деген сауалдар
арасында үнемі жауап іздеп жүретін болған. Сол себепті қазақ айналасындағы
адамдарды қандай сипатына қарай бағалаған, қандай сипатын анықтаған, себебі
қандай деген сауалды анықтау үшін қазақ тіліндегі мінез атауларын түгендеу,
тезаурусын жасау мақсатында осы зерттеу мақсаты айқындалып еді. Бұл зерттеу
қазақ тіл білімінде бұрын қарастырылмағандықтан бірден атауларды қазақ
мәдениеті тұрғысынан бағалай алмағандықтан,
алдымен мінез атауларының
сөзтізбесін жасап, екінші кезекте оларды жағымды-жағымсыз мінез атауларына
бөліп, үшінші кезекте бұл атаулар арқылы қазақ өз бойындағы қандай мінездерді
көбірек атауға ие болғанына қарай бағалау позициясын айқындадық.
Бұл бағытты лингвомәдениеттаным теориясының негізін салушы
Маслованың мәдениет категориялары – кеңістік, уақыт, тағдыр, құқық, байлық,
еңбек, ар-ождан, өлім болып келеді деген тұжырымынан және негізгі мақсат
адам туралы оның өз тілінен қалай көбірек білуге болатындығын көрсету,
өйткені тіл тек қарым-қатынас, ойды жеткізу және білдіру құралы ғана еместігін,
тілде әлемнің тұжырымдамалық бейнесі жасалатынын, адамды белгілі бір
ұлттың тасымалдаушысы ретінде түсіну қажеттігін, тіл барлық әрекеттерге
қатысатыны туралы айтқанын негіздеме ретінде алдық.
Ғалым көрсеткен лингвомәдениеттанымның бірліктері немесе нысаны
болып табылатын тұрақты тіркестер,
мақал-мәтелдер, атаулар, прецедентті
мәтіндер тілдің жаңа деңгейде дамуын, жетілуін көрсеткенімен, тілдің дамуына
мифологемалар мен архетиптер әсер етеді дегенмен, одан бұрын сол тілдегі
белгілі бір ұғымның тілдік таңбаларының аз-көптігін анықтау да атау беру
арқылы сол ұлт мәденитінің бағалауын анықтауға болады деген ойға әкелді.
Адамның қылығын, мінез ерекшелігін беретін тілдік таңбалардың көп
болуы – сол ұғымның, сол сипаттың жан-жақты айқын, қоғам мүшелері
санасында орныққан, бірауызды келіскен ұйғарымы болып табылады.
Қазақ тілінде жағымды мінезді таңбалайтын бірліктердің концепт
құрайтын себебі жағымды мінездің поэтикалық мәтіндерде, көркем
дискурстарда мадақталып кетуінен шығады.
Ал жағымсыз мінезді сипаттайтын бірліктер
тек лексика-семантикалық
топтарға ғана бірігетін себебі бұл қатардың тек атау түрінде ғана таңбаланып,
көркем мәтіндерде ойналмайтыны.
130
Жағымды мінезді танытатын концептілердің тілдік репрезентанттарын
көбінен азына қарай орналастырғанда былай болып шығады:
ақкөңілділік,
батырлық, ақылдылық, момындық, алғырлық, әдептілік, байсалдылық,
білімқұмарлық, шешендік, қайырымдылық, бауырмалдық, жомарттық,
ұқыптылық, намысқойлық, ағайыншылдық, әсершілдік, әзілқойлық, имандылық,
шыншылдық, жайлылық, шыдамдылық, жақсы, сыйымдылық, кеңпейілділік,
бірсөзділік, қонақжайлылық, еңбекқорлық жатады. Қазақ мәдениетіндегі
бағаланған мінез концептілері адамның руханани дүниесін, әсіресе ақылға,
сабырға, жомарттыққа, кеңпейілдікке байланысты болып келеді.
Қазақ тілінде жағымсыз мінез атауы жағымды мінез атауларынан көп болу
себебі қазақ халқының жамандықты, нормасыздықты,
қазақ мәдениетіне
жатпайтын теріс қылыққа атау бере отырып, жақсылыққа үндейтін тәрбиесіне
байланысты.
Жағымсыз
мінезді
танытатын
концептілердің
тілдік
репрезентанттарын көбінен азына қарай орналастырғанда былай болып шығады:
бұзықтық, ынжықтық, менмендік, тәкаппарлық, қыңырлық, сөзшеңдік,
әдепсіздік, мейірімсіздік, тұрлаусыздық, жеңілтектік, мақтаншақтық,
даңғойлық, кінәмшілдік, сараңдық, тексіздік, жалқаулық, ақылсыздық,
шолжаңдық, мазасыздық, ұрысқақтық, қулық, тойымсыздық, арамдық,
қызбалық, іштарлық, қыдырымпаздық, қорқақтық, салақтық, аңқаулық,
енжарлық, жалақорлық, өтірікшілдік, жағымпаздық, мансапқұмарлық,
ебедейсіздік, көрсеқызарлық, өзімшілдік, зарылдауықтық, берекесіздік,
надандық,
әділетсіздік,
мысқылшылдық,
тұйықтық,
нәсіпқұмарлық,
абыржығыштық, жанаярлық, ұмытшақтық, жалпақшешейлік, күмәншілдік.
Қазақ халқы өзіне емес, өзгеге қарым-қатынасына қатысты мінез
сипаттарын көбірек бағалайды. Қазақ мәдениетінде біреудің «мендік»
шекарасынан аспау, өзгені өзі тұрғысынан бағалау алдыңғы орында болады.
Қазақ құндылықтар жүйесінде орын алатын концептілер адам мінезіне қатысты
концептілер жүйесімен бірдей. Қазақ ұлтының жағымды мінез сипаттары
исламдағы көркем мінез сипатымен сәйкес келеді. Адамның табиғи болмысында
бар сапалар – шынайылық, салмақтылық, ақылдылық – қазақ мәдениетінде
бағаланатын сапалар.
Бұл нәтижелер қазақ тілтанымы мен лингвомәдениеттаным бағытындағы
тұжырымдар мен құрытындылар жасауда өзіндік үлесі болады. Қазақ халқының
аксиологиялық құндылықтарын анықтауда айтарлықтай көмек болатыны сөзсіз.
Сондай-ақ қазақ тілі лексикологиясы, семасиологиясы, сөзжасам, фразеология,
паремиологиясына зерттеулерге өзіндік үлес қосады. Қазақ тілінің төл сөздерден
тұратын сөздік қоры мен байлығының сапасын анықтауға көмектеседі. Қазақ
халқының
аксиологиялық
құндылықтарының
деңгейін,
адамтану,
адамсүйгіштік, елсүйгіштік қасиетін бағалауда маңызы жоғары болады деп
ойлаймыз.
Қазақ тіліндегі мінез сипаты атауларының тезаурусы құрастырылып, қазақ
халқы бағалаған
ұлттық мінез атаулары, қазақы мінез атаулары айқындалды.
Қазіргі қазақ сөйлеу тілінде күнделікті қолданылатын мінез атаулары
анықталды. Зерттеуге қосымша ретінде берілген жағымды, жағымсыз мінез