Бүгінгі күні білім беру жүйесінде оқушылардың шығармашылық әрекетін дамытуға, олардың оқу еңбегіне деген жағымды мотивациясын қалыптастыруға басты назар аударылуда.
Жұмыс барысында «қабілет» ұғымының мәні, оның теориялық аспектілері мен мектеп жағдайында шығармашылық қабілеттерді дамыту үдерісіне педагогикалық басшылық жасау мәселелері қарастырылды.
Шығармашылық тапсырмалар жүйесі тиімділігінің педагогикалық шарттарының бірі – тапсырмаларды орындау үдерісіндегі мұғалім мен оқушылардың өзара тұлғалық әрекеттестігі. Оның мәні - тура және кері байланыстың үздіксіздігі мен субъектілердің бір-біріне әсер етуінің үйлесімділігінде.
Шығармашылық әрекетті ұйымдастыру үдерісінде мұғалім мен оқушылардың өзара тұлғалық әрекеттестігі оқытуды ұйымдастыру формаларының үйлесуі, шығармашылық әрекет әдістері мен стилін таңдауға бинарлық қатынаспен түсіндіріледі.
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін қалыптастырудың теориялық негіздерін және педагогикалық шарттарын анықтай отырып, біз төмендегідей қорытынды жасадық:
Шығармашылық іс-әрекет деп біз оның нәтижесінде жаңа нәрсе жасалатын іс-әрекетті түсінеміз.
Педагогтардың практикалық тәжірибесін, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және шығармашылық іс-әрекетін белсендіру үшін бастауыш мектептегі оқу-тәрбие үдерісі мүмкіндіктерінің зор екендігін көрсетеді.
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту шарттарын қарастыру сабақ барысында оларды жүзеге асыру және дамыту жолдарын көрсетуге мүмкіндік берді. Біріншісі – оқу үдерісінде шығармашылық оқу міндеттерін қою және шығармашылық сипаттағы педагогикалық жағдаяттарды құру, сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық жұмысын ұйымдастыру. Екінші жолы - әдебиеттік оқу сабақтарында оқушыларды көркем шығармашылық әрекетке тарту.
Шығармашылық қабілеттерді дамыту критерийлері (когнитивті, мотивациялық-қажеттілік, іс-әрекеттік) анықталды, критерийлерге сәйкес даму деңгейлері сипатталған және диагностикалау құралдары іріктеліп алынған. Тәжірибелік-эксперимент жұмысы бастауыш сыныптарда шығармашылық тапсырмаларды пайдалану нәтижесінде эксперименттік сыныптардағы төмен деңгейдегі балалар саны азайғанын, жоғары және орта деңгейдегі балалар саны артқанын көрсетті. Бақылау сыныптарында өзгерістер болған жоқ. Екі сыныптың нәтижелерін салыстыра отырып, біз эксперименттік сыныптарда шығармашылық қабілеттердің даму деңгейінің жоғары екені жайлы қорытынды жасай аламыз.