4. Марганец (ІІ) хлоридінің тетрагидраты (MnCl2.4H2O).
Кәрлен ыдысқа (тартқыш шкафта!) 25 мл 36% тұз қышқылын құйып, оған ақырын араластыра отырып, ұнтақталған 2,5 г марганец (ІІ) оксидін салыңдар. Реакцияны аяқтау үшін, қоспасы бар ыдысты су жылытқысында қыздырыңдар. Содан кейін салқындатылған ерітіндіні асбест мақтасы арқылы сүзіп, кәрлен табақшаға құйып, су жылытқысында құрғағанша буландырыңдар.
Түзілген марганец хлоридінің кристалогидратының құрамында судың қанша молекуласы бар?
Құрғақ қалдықты 2000С-ға дейін қыздырыңдар. Неліктен? Алынған заттың түсіне көңіл аударыңдар. Масса суығанда, оны сумен шайып, ерітіндіні механикалық қоспалардан тазарту мақсатында сүзіңдер.
Ерітіндіні 50-600С температураға дейін қыздырып, темір иондары (аммоний тиоцианатымен) жойылып кеткенше аз-аздан марганец карбонатын қосыңдар. Түзілген темір гидроксиді тұнбасын бөліп алып, сүзіндіні алғашқы кристалдар пайда болғанша буландырып, оны келесі тәулікке дейін қалдырып қойыңдар. Түзілген кристалдарды Бюхнер құйғысымен сорып, ылғал күйінде ықпаланған тығыны бар ыдысқа салыңдар. Еріген затты айырып алғаннан кейінгі сұйықтықты тағы да буландырыңдар. Марганец хлоридінің судағы және спирттегі ерігіштігін зерттеңдер. Оның ауадағы оттекке әсерін анықтаңдар. Алынған заттың марганец (ІІ) тұзы екендігін дәлелдеңдер. Реакция теңдеулерін жазыңдар.
5. Сусыз марганец (ІІ) хлориді. Марганец хлориді тетрагидратының аздаған бөлігін кәрлен табақшаға салып 600С температурада қыздырыңдар. Кристаллизацияланған суда тұздың балқуын зерттеңдер. MnCl2.4H2O қандай температурада балқиды? Мұнда қандай кристаллогидрат түзіледі? Сусыздандырылған тұзды қайықшаға салып, түтікті пеште құрғақ сутек хлориді ағынында 7000С температурада 1 сағат бойы қыздырыңдар. Пешті көлбеу орналастырып, түтік ұшына аллонж және қабылдағышты қосып қойыңдар. Алғашқыда қабылдағышта сұйықтық бөлінуі мүмкін (қандай?). Ондай жағдайда қабылдағышты ауыстыру қажет. 1500С температураға дейін қыздырылып, балқытылған сусыз марганец (ІІ) хлоридін келіде ұнтақтап, ықпаланған тығыны бар ыдысқа салыңдар. Марганец хлоридінің судағы және спирттегі ерігіштігін зерттеңдер. Оның ылғал қатысындағы ауадағы оттекке әсерін тексеріңдер. Зерттеліп отырған заттың марганец (ІІ) тұзы екендігін дәлелдеңдер. Теория бойынша шығымын есептеңдер. Реакция теңдеулерін жазыңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |