«Қыз еркем, анасымен көркем»
Шараның мақсаты – қыз балалардың бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділікті жан-жақты дамытып, қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі арқылы қыз бала тәрбиесіне тән қасиеттерді бойына сіңіруде ананың алатын орынын көрсетті. Семинарға облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығының тәрбие бөлімінің жетекшісі Құралай Жарылғасова, аудандық білім үйлестіру орталығының директоры Жансая Молдажанова қатысты. Мектеп директоры Батырхан Тәжіғұлова семинардың ашылу рәсімін жасаса, үкіметтік емес ұйымдардан арнайы шақырылған аудандық «Азаматтық бастамасының» төрайымы Гүлсім Рамашова мектептегі қыз тәрбиесінде аналармен жүргізіліп жатқан жұмыстарға шолу жасап, сәттілік тіледі. Жоба авторы мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балхия Тұрысбекова «Қыз еркем, анасымен көркем» тақырыбындағы коуч-баяндама жасап, бұл жобаның тиімділігі мен қыз тәрбиесіндегі маңызын түсіндірді. Облыстық деңгейде ұйымдастырылып отырған семинарда әр секция өз тақырыптарын тарқатып, түсіндіріп, «Аспаз» секциясы ұлттық тағамдарды пісіруден, «Шебер қолдар» секциясы кесте тігіп, ши тоқу, ою салу мен пішу, тігу сияқты қолөнерден жауапты ата-аналар құрамы белсенді түрде шеберлік сағатын өткізді. Гүлдәрия Жолдыбаева жетекшілік ететін «Жауқазын» би секциясына қатысушы балалардың ата-аналары белсенділік танытты. Олар «Қамажай – қазақтың ұлттық биінің негізі» тақырыбында кеш ұйымдастырып, ата-ана жүргізіп, қыздарымен мың бұрала биде билеп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, бірі аталмыш тақырыпта «Қамажай» биі туралы зерттеу жобасын қорғады. Бидің қыз тәрбиесіндегі маңызы, сұлулық пен эстетикалық тәрбие беретін би өнерінің өзіндік тәрбиедегі рөлі осы секцияда тарқатылып 40 минутқа жалықтырмай сыйғызған сценарий аясында жүргізіліп өтілді. «Шебер қолдар» секциясында артық сөзі жоқ ісмерлердің ісіне қанық болдық. Бірі киім пішіп, бірі тігіп, бірі үтікпен ою жапсырып жатқан аналар мен ілгек қадаған, ине сабақтаған оқушыларға көзің сүйсінеді. «Бестемше» ойынын білесіз бе?
Ұлттық ойындарымыздан «Бес тастан» бастап, «Тоғызқұмалақ» ойындары да бастауыш сынып қыздарының қызыға ойнаған сәтіне куә болдық. Бізді қызықтырып, өзіміз де бұрын естімеген «Бестемше» ойыны туралы мектеп дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қуантхан ағайды әңгімеге тарттық: - «Бестемше» ұмыт қалған ойындардың бірі. Қазір жаңғырып, қайта ойналып жүр. Жарыстар да өтіп жатыр. «Тоғызқұмалақ» ойынына ұқсас, бірақ қысқа түрі. «Тоғызқұмалаққа» қарағанда сабақ арасында ойнауға өте жеңіл, тез аяқталатын қысқа ойын. Бұл ойын бірнеше комбинациялардан тұрады. Бұнда тұздық жоқ. Ойнаған адам өз қазанына жинайды. Бес кіші қазандықтардағы барлығы 25 таспен 2 ойыншы ойнап, жұп қылып алған қазандықтағы тастарды ойыншы өзінің үлкен қазанына салады, - деп ойын шартын түсіндірді ұстаз. Сонымен қатар, енді есін танып, есеп үйреніп жүргендерге де өте ұтымды ойын екен. Қайта жаңғырып жатқанына қуандық.
«Қарынбүрме» деген қандай ас?
«Аспаз» секциясы «Ас – адамның арқауы» тақырыбында Ақгүл ұстаздың жетекшілігімен ұлттық тағамдармен ақ дастархан жайып, ақпен қарсы алды. Секция ата-аналары қазақтың бауырсағынан бастап, құрт пен майын, қарынбүрме сынды ұлттық тағамдарын дастарханға арнапты. Секцияда ұмыт қалып келе жатырған ұлттық тағамдардың бірі «Қарынбүрме» жасалып, пісірілген түрінен дәм ұсынылды. 4- сыныпта оқитын Рзахмет есімді оқушының анасы Венера ұсынған «қарынбүрме» асының дайындалу жолын да сөзге тарта сұрап алған едік: - Менің отбасымда үнемі дайындайтын сүйікті «Қарынбүрме» асын арнайы жасап алып келдім. Бүгінде ұмыт болып бара жатырған «бүрмеқарын», «қарынбүрме» деп аталатын тағамды арнайы ұсынып отырмын. Әжелеріміз, аналарымыз жасайтын бұл тағамның ерекшелігі қарынға салынған ет көкөністер өз сөлінде піседі. Тағам асқазанға да ауыр тимейді. Қандай ет болса да бастысы семіз болғаны жақсы. Қарынға кезінде әжелеріміз жілік күйінде де салған. Көшпелі халық ретінде жақсы сақталып, сіңімді болуды ойлаған. Қарынға салып дайындалған «бүрмеқарынды» ауызын ине-жіппен тігіп, ортасына менің өз тәсілім түтікше салып кетем. Қайнаған уақытта үріліп, жарылып кетпеуі үшін. Әлгі түтіктен ауа шығады. Инемен тесудің қажеті жоқ, - деп өз асмәзіріндегі ұлттық тағамның жасалуымен бөлісті.
Достарыңызбен бөлісу: |