Бердібек соқПАҚбаев



бет24/51
Дата09.04.2022
өлшемі280.24 Kb.
#456635
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   51
Balalyk\' shak\'k\'a saiakhat - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

Қаза




Шешемнің халі күрт түсіп кетті. Далаға әрең шығады. Төсегі қаңылтыр пештің түбіне жерге салынған. Күндіз-түні ыңыранып жатады да қояды. От жанғанда қаңылтыр пеш қызып кетеді де, терлейді. От сөнсе, тез суиды да, жаңа ғана былбырап терлеп жатқан анам енді тоңази бастайды. Сөйтіп, аса жайсыз жағдайда жат­қандықтан ауруына ауру жамала береді.
Шешемнің қойнында күндіз-түні жылаудан жағы сем­бейтін Тұрдыбек. Ауру ананың құр сүлдер шандыр ма­масын сүліктей қадалып сорудан ол да жалықпайды.­
Бибіжамал жеңгем, өзінің шектен шыққан ластығына қарамастан, Тұрдыбектен сондай жиренгіш. Баланың жөргек-жаялығын төсегінде ыңыранып отырып, шешем өзі жуып тазалайды.
Шешемнің халі төмендеген сайын үй ішінде үлкендер менен жасыруға тырысатын құпия бір әбігер кіре бас­тады. Олардың өзара күбір-сыбыры көбейді. Әңгіме­лерінің шет жағасын кейде құлағым шалып, естіп қалам. Шешем жөнінде сөйлеседі. Беті бері қарауы қиын еке­нін, қамсыз болмау керектігін айтады.
Жалқау, жайбасар әкем енді ширай бастады. Отын-суды дайындап, үй маңынан онша көп ұзамайтын болды, Шешемнің көңілін сұрауға келген әйелдер есіктен шығар-шықпастан-ақ ойындағысын айтып қалады. «Біт­кен адам». «Мал болмайды» дейді. Кім жөнінде екені белгілі. Әлгідей сұмдық сөзді естігенде жүрегім су етіп, ішіме бір қап үрей бір-ақ кіргендей болады.
Шешемнің өлетініне менің де көзім жете бастады. Жылаудан сілесі қатқан Тұрдыбек қалжырап, ұйықтап­ кетеді. Сол кезде шешемнің де бір сәтке көзі ілініп, үй іші тым-тырыс бола қалады. Мен аяғымды ұшынан ба­сып, апатайымңың қасына келем. Оның қайғы мен қасі­реттен, жанына батқан сырқаттан әбден жүдеп біткен, ал бірақ, дал қазір соның бәрінен де бірнеше минутке тыныштық тапқан жүзіне барлап қараумен болам. Өлім­ге бет алған адам қаңдай болады. Шынымен-ақ рас па өлетіні? Осыны байқағым, білгім келеді.
Шешемнің бір кездегі әдемі нұрлы жүзінде тек бозарған тері ғана қалған. Терінін ар жағынан сүйек көрі­ніп тұрғандай. Әдемі қыр мұрыны әрі жұқарып, әрі биіктеп өсе түскен. Кірпігінің талшығы да ұп-ұзын, сәл ғана ашылған қансыз-сөлсіз еріндері боп-боз. Екі көзі­нің алдына өлік таңбасындай сұп-суық болып көктаңдақ көлеңке жұққан. Мен өте-мөте осы көлеңкеден қор­қып, селк ете қалғандай болушы едім.
Үңіліп көп қарауға дәтім шыдамайды да, тағы да аяғымның ұшынан басып, дереу шегініп кетем. Ше­шемнің қу ағашқа ұқсаған арық денесі жұқалаң көрпе ас­тында бір түрлі ұп-ұзын боп, бейне бір жансыз денедей, созыла түсіп жатады.
Шешем өледі, менің күнім не болады деген ой күн­діз-түні басымнан шықпайды. Жетімдік, панасыздық өмір бетпе-бет келіп, шабайын деп тұрған қасқырдай сұмдық қорқынышты. Мен оған қандай қайрат көрсе­темін? Қалай қарсыласып, жан сақтаймын! Тіпті қарсыласа алам ба? Әлі өмір босағасынан сығалап қарамай жатып менің де біткен, құрыған жерім осы болғаны ма?
Жетім! Не деген суық та, жексұрын сөз!
Ауылда ол кезде қаза көп. Құдай тағала өзі жаратқан пендесінің асыл-асылдарын өзі таңдап әкетіп жатады. Бір күні менімен бірге оқитын Қаншайым деген қыздың шешесі өліп қалды. Үйлерінің іші у-шу. Ауыл адамдары жылап келіп жатыр. Абысын-ажындары үйге жетер-жетпестен дауыс салып, аз ауылды бастарына көтереді.
Топырдың арасымен әлгі үйге мен де бардым. Қаншайым қалай жылап жатыр? Не айтып жылап жатыр? Көрмекшімін. Ертең менің де анам өледі ғой. Сол кезде­ жөндеп жылай алмасам, масқара емес пе? Топырдың арасымен үйге кіріп, Қаншайымды іздедім.
Қаншайым шешесінің төсегінің үстінде екі бетін қолымен басып алып, етпеттеп жылап жатыр екен. Ма­ған бұл бірден ұнады. Тікеден-тік тұрып, немесе отырып, жұртқа қарап жылаудан бетіңді қолыңмен көміп алып жылау тиімді көрінеді. Е, жақсы болды, шешем өлгенде мен де өстіп жылайын деген оймен үйден шықтым. Әйтпесе, шешем өлгенде қалай жылаймын, не айтып жылаймын деп, уайым шегіп жүр едім.
Ноябрьдің іші. Қақаған қара суық. Жыртылған қа­ғаз тәрізді далада болар-болмас ағараңдап жатқан қар бар. Мектептен үйге қайтып келе жатырмын. Ойымда үйдегі бағана таңертең мен кетерде халі күндегіден де нашарлай, жөн тартып жатқан шешем, Сабақта отырып та мен шешемді ойлаумен болған едім.
Шешемді күтімілдеп жүрген үлкендердің қас-қаба­ғы да бүгін ерекше болатын. Талайдан күткен сұм­дықтары тақалғандай абыржысып, ауру адам шындап жөн тартқанда істейтін әрекеттер істеп жатқан. Көрші Киікбай ауылынан Жақай молданы шақыруға тездетіп адам жіберген.
Одан кейін не болғанын мен әзірше білмеймін. Өзім­мен өзім боп, міне енді мәңгіріп, балалардан бір оқшау келе жатырмын. У-шу бірдеңе естілмес пе екен дегендей өзіміздің үй жаққа елеңдеп көз тігемін. Әзірше тыныш секілді.
Үйге келдім. Біраз әйел-еркек жиналып қалған. Екі-үш шалдың ортасында көзі сұмдық жайнаңдаған Жақай молда. Біреулер шешемді қоршалап алған. Маған өте бір жат көзбен қарасады.
Жүрегім жаманшылық тақап қалғанын бірден се­зін­ді. Шүберек сөмкемді терезенің алдына елеусіз тастай­ беріп, дереу сыртқа шығып кеттім. Жаманшылықты көрмейін, оның басы-қасында болмайын, соңынан бір-ақ естиін дедім.
Жардың астымен Текестің суын жағалап келе жатырмын. Қайда барам, не істеймін, өзім де білмеймін. Тек тезірек үй маңынан ұзап кетсем, ешкімнің көзіне түспесем болғаны.
О, Текес! Жаным қысылып сасқанда мен саған ке­ліппін. Сендағы менің анамсың. Кішкентайымнан суы­ңа шомылып, жағаңда өстім. Істерге іс таппай зерік­кен­де, қолдан жасаған, жалмансыз тебен қармақпен балығыңды аулаймын. Сөйтіп, сенен ермек табамын, сенімен көңіл көтеремін. Аш, жалаңаш жүрсем де ауырмауым, берік болуым, Текес, ол-дағы сенің арқаң. Сенің қоймалжың лай суыңа түсе-түсе шынығудың арқасы. Жұрт:
Текестің суы арық емес пе!
Бердібек балық емес пе! –
деген сөзді бекер шығармаған.
Текес, сен мені балығыңмен асыраған, шынықтырған анам болсаң және бір мені осы жарық дүниеге алып келген анам үйде хал үстінде. Ол-дағы өзің секілді аяулым, қимасым еді. Сол асыл анам бұл дүниенің тізімінен сызылуға жақын жатқан секілді. Осы бір мен үшін тіл жетпес ауыр кезеңді мен оның шырағы жалп етіп сөнген шағын көзбен көріп, шыдай алар емеспін. Сондықтан да басым ауған жаққа қаңғып кетіп барам. Айналайын, Текесім, ол үшін сен мені кінәлама, кешір. О, ғажап! Адам мен табиғат бір-бірінің тілін түсінетін, бірімен-бірі ұғынысып, сөйлесетін кез болады екен. Жа­ғасына жырым-жырым мұз тұра бастаған Текес ме­нің басымдағы ауыр халді түйсінетін тәрізді. Менімен кәдімгідей тілдескісі келгендей мұз қабаққа жөңкіп келіп, ышқына соғылады. Мұздың үстіне асып шығып, құлдыр-құлдыр етеді де, қайта шегініп кетеді. Ағынның­ өз тілінде былдырлап, бірдеңе айтқандай болады. Не дейді? Не айтады? Ана тілін бала қалай да ұғады ғой. Текес ана, мен де сенің не айтып жатқаныңды білемін. «Мен осы өлкеге аты мәлім кәрі Текеспін. Мыңдаған жылдар бойында мал мен жанға, даланың аң-құсына сарқылмас сусынымын. Ғасырдан ғасырға созылған ұзақ өмірімнің ішінде менің көрмегенім қалған жоқ. Бәрін де көрдім, сендей жетімдердің талайының көз жасының куәсі болдым. Балапаным, егілме! Егілгенмен ештеңе өнбейді. Тірліктің осындай бет қаратпас сұрапыл заңы болады. Соған төтеп бере алғандар өмір кешеді де, төтеп бере алмағандар қаусап қалады. Одан да өзіңе-өзің берік бол. Сілкін де бекін!
Жый есіңді, балапаным! Қайт үйіңе. Ақымақ болма! Аяулы анашыңның шырағы мәңгілікке сөнетінін бі­ліп, өстемісің? Соңғы иек қағысына дейін, тым құры­са, көз алдында болып, қоштасып қал. Анаң сенің бұл сапардан енді қайтып келмейді. Сен оның аналық ме­й­ірбан жүзін енді қайтып еш уақытта да көре алмайсың.­ Өкінбей, кешікпей тұрғанда, қайт! Тезірек қасына жет шешеңнің! Өмірінің ең соңғы минутында, үзілетін шағында ол қалай да сені іздейді. Беркенім... Бердібегім қайда? Әкеліңдерші, көрсетіңдерші дейді. Өзегін жарып шыққан балапаны болғандықтан сенің иісіңді бір иіскеп, бетіңнен бір сүюді арман етеді. О дүниеге сенің жұ­пар иісіңді өзіңмен бірге алып кеткісі келеді. Ақымақ бала, сен осыны түсінемісің, сеземісің? Бойындағы ең соңғы тіршілік қуатын уысынан шығармай, анаң сен үшін, сені бір көріп, қоштасу үшін ажалмен арпалысып­ жатқанын білемісің? Қайт! Қайт үйіңе.
Қайғының қара дүлей жартасы үстіме қаңғыр-күңгір құлап келе жатқандай Текес ананың маған айтып жатқан ақыл-өсиеті міне, осындай еді.
Далада мәңгіріп, қанша қаңғырып жүргенім есімде жоқ. Бір кезде үйге қайттым. Өзіміздің үй жақтан жы­лаған дауыс күтіп, елеңдеп қараймын. Әзірше ештеңе естілмейді. Қазір, осы енді қазір естілуі керек, жүрегім оны анық сезеді де, үй жаққа жолағысы келмейді.
Қыстақтың су жақ шетінде өзіммен бірге оқитын Сыдықжан досымның үйі бар. Мен сонда келдім. Сыдықжанның әкесі де, шешесі де мейірбан жақсы адамдар.­
Мен бұл үйге былай да жиі келіп тұрамын. Сыдықжанмен ойнап, уақыт өткізіп қайтам. Нұрақын үйінде сауын бар. Ақ үзілмейді. Айран, сүт ішіп, ішегімнің бір сүйем жері ағарып қалғандай болады.
Сырт киімімді де шешпестен Нұрақын үйінде отырмын. Темір пештің арт жағында бір шөңке тұр екен, соған қалай болса солай жаншылып отыра кеттім.
Кенет есікті қатты жұлқып ашып, колхоз предсе­дателі Жәкібайдың әрі ерке, әрі сотқар баласы Тілеу кіріп келді. Әлдекімді іздегендей алақ-жұлақ етіп, мені көрді де:
– Ей, неғып отырсың? Шешең өліп қалды! – дегені.
Төбемнен шатыр етіп аспан құлағандай болды.
Әлгінде менің осында кіріп бара жатқанымды Тілеу көрген еді.
Отырған орнымнан қалай атып тұрғанымды біл­мей­мін. Аңырап есікке ұмтылдым. Біздің үй әлгі арадан көрініп тұрады, әрі жап-жақын. Есіктің алдына біраз жұрт жиналып қалған. Іштен жылаған дауыстар естіледі. Міне, енді енесінен айырылған боташа боздап келе жатырмын.
Есіктен кіре беріп оң жақ босағаға ши құрылып қалғанын байқадым. Өлікті соған салған екен. Аңыраған­ бойда шидің аузына ұмтылдым. Бірақ әлгі арада тұрған әйелдер жібермеді, ұстап алды. Сосын әнеугі Қанша­йым­ша жыламақшы болып, анамның ағаш төсегіне етпеттей барып құладым.
Өкіріп, бақырып жылап жатқандар, негізінен, өзі­міздің үйдің адамдары. Бибіжамалда дауыс дегенің бар-ақ екен. «Ойбой, жеңеше-ау! Басие, ақылшым-ау!» деп аңырағанда үні көктегі құдайға жетеді. Бөлменің дәл орта тұсында жерде отыр. Екі бүйірін балуан қолдарымен таянып алған. Тебіреніп, шын жылап отырғанымды көріңдер дегендей семіз бетінен сегіз тарам боп сор­ғалаған көз жасын, құдай үшін, сүртіп те қоймайды.
Сатылған ағайым Тұрдыбекті құшақтап, тікесінен-тік жылап тұр. Алты-жеті айлық жас нәресте аяқ асты нендей сұмдық болып қалғанын біле алмайды. Бас-басына шулағаны несі дегендей жан-жағына бағжаң-бағжаң қарайды.
Әкем арқасын қабырғаға тіреп, жүресінен отырып алған. Дауысын онша шығармай, пыш-пыш жылайды.
Даладан ойбай салып кірген әйелдер үй ішінде және азырақ ойбайлап жылаған болады да, қоя қояды. Сосын, біраз уақыт өткен соң сусып шығып кетіп, жаңадан жылап келетіндерге орын босатады.
Ертесінде шешемнің денесі ата-бабамыздың талай ұрпағы мәңгілік мекен тапқан Жауыртоғандағы бейітке апарып жерленді. Жол шетіне таман жаңа бір жас төм­пешік қабір пайда болды да, біраз күн арлы-берлі өткен жо­лаушының назарына шалынып, мұңлы ой салып жатты.­
Шешемнің басына қорған соғылған жоқ, ескерткіш тұрғызылмады. Бірдеңе қалқитуға бізде ешқандай да шама жоқ еді. Біздің қолымыздан келгені көзіміздің жасын көл етіп, жылау-сықтау ғана болды.
Мәңгілікке көз жұмар кезде шешем жанталасып мені іздепті. «Әлгі Бердібек қайда? Бердібек... шақы­рың­даршы» деп сандырақтап жатып, менің атымды атай беріпті. Алтын анамның дүниеден қайтар алдындағы бір ауыз лебізін ести алмағаныма күні бүгінге дейін өкініштімін. Хош бол, ғазиз анам!
...Қазекең де айтады-ақ: «Шешесіз жетім – шерлі жетім. Әкесіз жетім – арсыз жетім». Мен шерлі жетіммін.
Шерлі екенім рас. Қайтыс болған шешемді күндіз-түні ойлаймын. Өлу ол – мәңгі-бақи ғайып болу, жоғалу. Мен енді шешемді еш уақытта да көре алмаймын. Осыны ойлағанда іші-бауырым бір түрлі жидіп кеткендей болады.
Өлген адам мәңгілік өлмейтін болса. Арада он жыл ма, он бес жыл ма өткенде, тіріліп қайта қайтып келсе. Мен онда қайғының түпсіз шыңырауына құламас едім. Аяулы шешемнің қайтып келер мерзімін қалай да шы­дап, күтер едім. Басыма нендей ауыртпалық түссе де, төзер едім. Өзімді-өзім жұбатар едім.
Алтын анам енді он бес жыл түгіл, мың жыл өткен соң да қайтып тірілмейді. Мен бұны жақсы білемін. Сондықтан да өмірден қарманар сүйеніш таба алмаймын. Бәрі бітті, сөнді. Мен оның Беркенім деген аналық мейірбан сөзін енді еш уақытта да естімеймін.
Өзегімді өртеген ащы қайғы оңашада көзімнен моншақ болып, домалап-домалап кетеді. Бірақ ешкімге көрсетпеуге тырысамын.
Сөйтіп, жетімдік өмірді бастан кеше бастадым. Же­тім деген сөзде нендей суық мағына жатқанына мен бұрын зейін қоймайды екем. Шешем өлген соң енді білдім. Адамның ар-ожданын тілдеуге де дүниеде бұдан қатал, бұдан аяусыз сөз болмайды екен.
Үлкендер жетім екенімді аяушылықпен есіме салады. Ал балалар ұрсып қалғанда жетім деп боқтайды. Мен үшін екеуінің мағынасы бірдей. Аяп айтса да, ұрсып айтса да жетім деген сөз менің жүрегіме қанжар бо­лып қадалады. Дүниеде мен үшін бұдан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сап ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын.
Менің осы осалдығымды жаукес балалар өте жақсы біледі. Сәл шекісіп қалса, даяр тұрған өзге боқтық сөздің бірін де аузына алмай, «өй, әкеңнің аузың.. же­тім! Шешесін жалмаған қу жетім!» деп шыға келеді. Болды, мен өлдім, күйреп түстім. Бұдан кейінгі қарсылығым – ол арсыздығым.
Балалар, менің қымбатты, жас достарым! Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп, жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларыңда да бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар. Ұр, соқ, төбелес. Тіпті етінен ет кесіп ал. Ал бірақ әлгі­дей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аяусыз жазалаған бейшаранын адамшылық менмендігін жетім деген сөз бір­жолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   51




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет