Бибіжамал біздің үйге пенде болып жарытпады. Шешем өлген соң, аз уақыттан кейін, ол Смағұл тәтем екеуі ажырасып кетті. Біздің үй енді кіл еркек тұратын үйге айналды.
Кіл еркек тұратын үйде ешқандай да береке тұрмайды екен. Түтін уақтылы түтемейді, кір жуылмайды, жыртығымыз жамалмайды... Әкем мен ағаларымның біреуісі тезірек үйленбесе, болмайтын болды.
Бұл жолғы кезек Сатылғандікі. Колхозда есепші болып істейтін мырзалауымыз. Солқылдаған жас жігіт, бұрын бұл тәрізді бұғалыққа басы ілініп көрмеген.
Бір күні аяқ астынан үйленді Сатылған. Нарынқол жақтан түнделетіп бір әйелді алып қашып келді. Аты Әлиман. Күйеуі қайтыс болған келіншек екен. Ерінің туыстары әменгерлік жолмен қайнағаларының біріне қоспақ болған. Әлиман оған көнбеген. Өзінен де гөрі жастау көрікті жігіт Сатылғанмен қол ұстасып, тартып отырған.
Әлиман ақылды да, мінезді, биязы жан еді. Жүріс-тұрысы өте сабырлы. Шешек шығып, шұбарлау болып қалған ақшыл өңі сұлу болмағанмен бір түрлі мейірбан, сүйкімді.
Қашып кеткен әйелдің соңынан бақан алып қуатын баяғы заман жоқ. Әркім сүйгеніне барады. Қостөбеге аман-есен жеткен соң, Әлиман біздікі болып қала берді.
Жоқты бар етіп, ұқсата білетін алтын саусақ әйелдер болады ғой, Әлиман соның нақ өзі еді. Ас жоқта, түтін түтетіп, ас пісіреді. Киім жоқта, бұрын іске аспай жатқан бірдеңелерді жаңартып, киім жасап береді. Ол келді де, біздің үйде бұрын болмаған береке, тазалық орнады. Оның өзімен бірге ала келген біраз төсек-орны, дүние-мүлкі де бар еді. Солар біздің жаман үйді мүлдем басқаша етіп жайнатып жіберді. Даладан кіріп келгенде мен талайға дейін, басқа бір үйге кіріп келгендей әсер алып жүрдім. Бұрынғы ыбырсыған көңілсіздіктің қарасы өшкен.
Үй-іші тап-таза болып жатқан соң әкем екеш әкем де сырттан аяғын тарп-тарп басып кіре бермейтін болды енді. Етігін тазалап сүртіп кіреді. Терге қорыншақтап, әзер шыққандай болады. Кешке қарай ұлтарақ-шұлғауларын, бұрынғыша пештің жан-жағына қоңырсытып жайын тастамайды.
Бұрын жоқ жез самауыр, азын-аулақ бүтін шыны шәйнек пайда болған біздің үйде. Таза дастарқан пайда болған. Бұлар да жеңгем алып келген мүліктер.
Жеңгемнің бипаз қолы тамақты да дәмді етіп істеуші еді. Ол қуырған арпа-бидай еш уақытта жалындамайды, бадырап әдемі қуырылады. Ол тартқан талқан ұндай майда әрі аппақ. Ол пісірген нан алмадай қып-қызыл. Сіз Әлиман жеңгемнің қолына бір уыс ұн, бір борша ет қана әкеп беріп, қараңызшы. Ол одан не істер екен. Бір үйдің іші лықа тоятын, дәмі ауыздан кетпейтін шикеспе істеп береді.
Жеңгем аз сөйлейтін, дауыс көтеруді білмейтін. Ақылға да, мінезге де бай адам еді. Киімді таза киінеді. Басындағы жаулығы, қашан көрсеңіздер де, шаңқандай аппақ. Көйлекті мол етіп, әрі ұзын киеді, үлкен көрсе, алдынан қия басып өтпей, иіліп, сәлем етіп тұрады.
Әлиман маған өз шешемдей қалтқысыз мейірбан еді. Бір үйге қыдырып барса, жетектеп ертіп алады. Дастарқанға қолым еркін жететін жерге, өзінің қасына отырғызады.
О, сіз жеңгемнің киім жамағанын көрсеңіз! Жыртық, киім оның қолынан өткенде бүтін киім болып шығады. Қайдан тапса да киімнің өз түсіне үйлесімді жамау табады. Ол жамаған жамау киімге бір түрлі сән беретін еді.
Кәдімгі ақ киізді сырып, ол маған әрі жеңіл, әрі жылы тамаша пима істеп бергені есімде. Аяқта бар-жоғы білінбейді, жұп-жұмсақ. Киіп алсаң, өз-өзіңнен жүгіргің келіп тұрады.
Тап-тұйнақтай әдепті келіннен именіп, әкем енді таңертеңгі шайға ауы мен бауы салбыраған дабы дамбалмен келіп отыруды және қойды.
Қайран ғана, Әлиман жеңгем!
Қайран демей қайтейін, біздің сорлы боп жаралған маңдайымызға ол да сыймады...
Әлиман жеңгем Сатылғаннан үш-төрт жас үлкен еді. Әрі бұрын күйеуде болған адам ғой. Біздің үйдің ел санатына қосылуын көре алмаған ішітар ағайынға енді бірінен-бірі қағып әкетуге жарайтын өсектің тозбас добы табылады. «Сатылған жігіт болмай жидіп қалсын! Осы елде қыз құрып қалғандай байы өлген қатынды алғаны несі? Өз теңі табылмағандай, сарықарын қатынды алып, не басына күн туды? Шеше ете ме?». «Е, Әлиманның көрпе-жастық дүниесіне қызыққаны да...». Ағатайымды ағаш атқа мінгізген осы тәрізді шақпа әңгімелер Қостөбеде ысқаяқ желдей есе бастайды. Ағайым қайда барса да құйын боп, алдын орап, жүргізбеуге айналады. Он екіде бір гүлі жаңа ашылған жас жігіт бұған, әрине, намыстанады.
Сатылғанның Әлиманға деген жылы қатынасы өзгере бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |