Сары ат міндім, сазға түстім
Нарынқолда бесінші оқимын. Тәтем аттас Смағұл дейтін адамның үйінде жүрем. Смағұл әйелі мен екеуі ғана. Зайыбының пұшпағы қанамаған. Баласыз. Құдай баланы сұраған адамға бермейді, сұрамағанға береді. Бала өсіруге мүмкіндігі барларға қуаныш етіп берудің орнына, мүмкіндігі жоқтарға масыл етіп, қайғы етіп беріп, пендесінің ызасын келтіреді.
Смағұл мен Үлмеке бір жас иісті аңсап жүрген адамдар. Жасы қырықты орталаған Смағұл ғажап шаруақор, еңбексүйгіш. Бір кезде, шекара бойы құтырып тұрған заманда, комотрядқа қызмет еткен, бандымен талай атысып, шабысқан. Содан бір көзі кемтар болып қалған. Орысша жақсы сөйлейді, гармонь тартып, жыр жырлайды. Мінезі қыздай, ақ көңіл, ашық Смағұлды халық жақсы көреді, сыйлап «Смаш» деп тұрады.
Смаш бір кезде менің Сатылған ағайыммен төс соғыстырып дос болған адам екен.
Сатылған бұл кезде мұнда емес, Текесте. Осыдан он бес шақырымдай, МТС-та нұсқаушы – бухгалтер болып қызмет істейді. Жұмыс сабымен ол мұнда жиі келіп тұрады. Астында түйедей қызыл ат, былғары базар ер-тоқым, мойнында сумка. Айдарынан жел ескен бақытты комсомол жастың біреуі болған да қалған тағы да. Бір түстес қоңыркөкшіл матадан өзіне шақ етіп әдемі китель, галифе шалбар тіккізіп киген. Келген сайын ол маған қағаз-карындаш ал деп, бес-он сом ақша беріп кетеді.
Жүрген үйім мені ауырлайтын жандар емес. Смаш өзі Нарынқолдан Сүмбеге почта тасиды. Бір қонып, қайтып келеді. Сосын екі күн демалады, яғни, өз шаруасын істейді. Қолынан қазынаның ат-шанасы үзілмейді. Мұнда кімде ат, шана болса, тұрмыс сонда (отын әкелу, шөп әкелу, т.б.).
Осы Нарынқолда Смағұл жасады дейтін бес-алты үй бар. Бір үйді жасайды да, біраз уақыт кіріп отырады, сосын сатып жіберіп және бір үй салады.
Оны және сатады. Жоқ, саудагерліктен емес. Бірінің орны, бірінің анаусы, бірінің мынауысы ұнамай қалады. Ұнамаған үйді сатып, ұнайтын жаңа үй салып ала қою еңбекқор Смағұл үшін пәлендей бас қатыратын қиын шаруа емес.
Үлмеке Смағұлдан бетер ақ көңіл жайдары жан. Екеуі біріне-бірі тауып қосылған. Әттең, не керек, балалары жоқ. Әйтпесе, біреуіне біреуі қыңқ деместен өмірден нағыз бақытты өтетін абзал жандар.
Баланың жоқтығын Смағұл көбірек уайымдайтын тәрізді. Сондықтан ба, ол ішуді тәуір көруші еді. Бірақ салынып ішпейді, оған онда уақыт та, мұрша да жоқ.
Күні бойы шаруа істеп шаршаған Смағұл кешке қарай жуынып, тәуір киімдерін киеді.
– Сен қайда барасың? – дейді Үлмеке.
– Дүкен жаққа барып, шылым әкелмесем, шылымым таусылып қалды.
Смағұл дүкен жаққа күнде бармайды, ал барса, сау қайтпайды. Оны Үлмеке жақсы біледі.
– Әлгі біреулерің кездесіп, тағы да ішесің ғой? – дейді Үлмеке.
– Ішпеймін.
Бұл сөзді Смағұл әйелінің бетіне туралап қарамай, бостау етіп айтады. Өзі де сенбейтін тәрізді.
– Көрермін ішпегеніңді.
Смағұл кетеді. Тез қайта қоймайды, кешігеді. Ол кешіккен сайын Үлмеке мазасыздана бастайды.
– Беркен, барып байқашы әлгі ағаңды. Бір жерде мас боп, тырайып жатпасын.
Міне, мен Смағұлдың соңынан келе жатырмын. Кең көше, жүргінші аз. Магазиндерге жақындап қалғанымда, бұрыштағы үйдің қалқасынан Смағұл шыға келеді. Әменде дұрыс киілетін қалпағы артқа қарай шалқайып кеткен, аяқ басқаны да бір түрлі. Тайғанап, жығылмайын деп, мұздың үстімен келе жатқан адам тәрізді. Әбден жақындамайынша ол мені көрмейді, алысырақтан көрсе де танымайды. Әбден бетпе-бет кеп тірелгенде, сонда бір-ақ көреді.
– Әкетей, қайда барасың, маған келе жатырсың ба? – дейді. Мені Үлмеке жібергенін бірден біліп, қолтықтап алады.
– Міне, өзім де келе жатырмын, әкетай.
Смағұл ішіп алып желіккенді білмейді, одан бетер мейірімді, жұмсақ болып кетеді. Екі сөзінің бірі «әкетай». Кішкентай қоңыр көзі жұмылып, қияқ мұрттары жыбырлап күлімсірей береді.
Қарсы кездескен адамдардың бір де біреуі Смағұлмен амандаспай өтпейді. Мінезді, жұртқа сүйкімді Смағұлдың арақ ішіп алғаны оларға бір түрлі қызық секілді. Смағұл бәрімен де иіліп, ең бір бауырмал жылы сөздерін айтып амандасады. Оның осылайша көңілденіп, шалқып жүруі тек осы жұрттың арқасы тәрізді.
Үйге жақындаған кезде Смағұл тоқтап, шылым тұтатады. Бұрқ-бұрқ сорып, бет алдын қаптап кеткен түтінді қолымен олай-бұлай сермеп қуады. Ілгері қозғалмас бұрын маған:
– Әкетай, қазір маған әпкең ұрсады ғой, ә? Әлгі Сұлтанғожа кездесіп, аздап ішіп алдым, – дейді. – Ал сен үлкейгенде ішпе. Арақ, ол білесің бе... Ішпе. Ұқтың ба? Вот, солай. Шылым да тартпа...
Смекең есік алдына келе бере дауыстайды:
– Үлмеке, әй, Үлмеке! Қайдасың? Сен қазір маған ұрсасың ғой, ә?! Мен аздап ішіп қойдым.
– Аздап ішкенің осы ма? Теңселіп әзер тұрсың. Енді шешін де, жат. Жатып, демал.
Смағұл жатпайды.
– Беркен, менің гармоным қайда, әперші? Гармоньды иығына іледі де, бөлменің қақ ортасында түрегеп тұрып, әуелі дар еткізіп, құлаштап тартып қалады. Сосын басын оң жағына қисайтып, он саусағы мәймеңдеп, жартылай қазақша, жартылай татарша тілмен жырлай жөнеледі:
Сары ат міндім, сазға түстім,
Сары ат салқын болсын деп.
Қалам алып, хат жазамын,
Душлым аман болсын деп.
Достарыңызбен бөлісу: |