3. Цифрлық Қазақстан бағдарламасы - үлкен мүмкіндіктер.
Табысты бастауға барлық жағдай бар. Осыны түсінген Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасаудың қажеттігін айқындап берді. 12 желтоқсанда Үкімет тарапынан ұлттық компаниялардың, мемлекеттік корпорациялардың сарапшыларын, халықаралық консультанттарды тарта отырып әзірленген бағдарлама қабылданды. Онда бес стратегиялық бағыт бойынша нақты іс-әрекеттердің алгоритмі көрініс тапқан, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да маңызды бағыттардың барлығы қамтылған.
Бағдарламаны жүзеге асыру цифрлы технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады, сондай-ақ Қазақстан экономикасының принципті түрде жаңа траекториямен дамуға көшуіне қажетті жағдайларды туғызады.
Қазіргі таңда Қазақстанда оны табысты бастауға қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Цифрландырудың базалық деңгейі экономиканың барлық салаларында бар деуге болады, тұрғындардың 70 %-дан астамы интернетпен қамтылған. Электронды үкімет құрылып, табысты жұмыс істеуде.
Тағы бір маңызды тармақ кадрларға тіреледі. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда, ол бірінші кезекте жоғары оқу орындарына қатысты. Қазақстандық студенттер халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Ендігі уақытта еліміздің талантты жастарына өздерінің білімдерін өз Отанында кәдеге жаратуға даңғыл жол ашылады.
Бизнес-орта деген факторды да назарға алған жөн. Қазақстандық ірі және орта кәсіпорындар трансұлттық компаниялармен қатар цифрландыру элементтерін өнеркәсіптің түрлі салаларына енгізуге ниет білдіруде.
Индустрия 4.0 элементтерін енгізу. Сонымен бағдарламаның бес бағытына тоқталайық. Бірінші – экономика салаларын цифрландыру. Бұл дегеніміз инновациялық технологиялар мен интеллектуалды жүйелер экономиканың базалық салаларына енгізіліп, ол өнімділіктің өсуіне және халықаралық деңгейде бәсекелестіктің артуы арқылы экономиканың дамуына серпін беретінін білдіреді. Соның нәтижесінде шикізат саласындағы, оған қоса агроөнеркәсіп кешеніндегі отандық экспорттың ішкі және сыртқы нарықтағы өсіміне қол жеткізіледі, өз кезегінде аса ірі өндірістік компаниялардың капиталдануының артуына ықпал етеді.
Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс заттар интернеті (желіге қосылған сан алуан цифрлы құрылғылар), жасанды интеллект, роботтандыру сынды технологиялардың өндіріске енгізілуімен байланысты. Осы айтылғандардың барлығы салалардағы еңбек өнімділігі өсімін 2022 жылға қарай орташа есеппен 50 %-ға ұлғайтады.
Бүгінгі таңда бірқатар қазақстандық кәсіпорындар Индустрия 4.0 элементтерін қолданысқа табысты енгізуде, яғни менеджмент инновацияға инвестиция салудың қажеттігін түсінді деуге болады. Мұнай және уран кеніштеріндегі қанатқақты жобаларды жүзеге асыру аз уақыт ішінде электр энергиясы шығындарын, химиялық реагенттерді, көлік шығындарын оңтайландыруда маңызды нәтиже (10 %-ға дейін) көрсетті. ERG, «Қазцинк» ЖШС, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Астана РЭК», «Қазақмыс» корпорациясы сынды ірі кәсіпорындар осы бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастыруға әзір.
Бағдарламада ауыл шаруашылығына, бірінші кезекте, өнімді молайту мен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған нүктелік жер өңдеу енгізуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл фермерлердің егістік жағдайына, жердің сапасына, қоректік және зиянды элементтерге қатысты, жауын-шашын болуы сынды деректерді уақытылы алып отыруына мүмкіндік беріп, бұл еңбек шығындарын, тұқым себу уақытын, өнімді жинайтын мерзімді дұрыс есептеуге жол ашады.
Бірінші бағытты жүзеге асыруға отандық IT-компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттары атсалысатын болады. Бұл шара қазақстандық мамандарға өздерінің технологияларын іс жүзінде қолдану үшін жақсы мүмкіндік болып табылады. Осындай кооперацияның жарқын мысалы ретінде Өскемен титан-магний комбинатын тілге тиек етуге болады, аталған комбинат ҚБТУ және Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ бағдарламашыларының жобаларын өндіріске енгізіп келеді. Ал Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университеті болса «Қазцинк» АҚ кәсіпорындарында кафедра ашқан: университетте теориялық білім алған студенттер өз білімдерін өндірісте нығайтуда.
ҚазҰТУ базасында ЖОО оқытушылары, өнеркәсіптік кәсіпорындар өкілдері мен студенттер Индустрия 4.0 жобаларын жоспарлау мен жүзеге асыруға машықтанады.
«Paper free» принципі бойынша. Екінші бағыт – цифрлы мемлекетке өту. Бұл үдерісті суреттеу өте оңай: қағаз түріндегі құжат айналымын азайтып, халық пен бизнеске барынша аз мерзім ішінде қызмет көрсету. Оған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру арқылы қол жеткізіледі.
Біріншіден, 20 миллионға тарта анықтама алынып тасталады. Екіншіден, мемлекеттік органдар электронды құжат айналымына (анықтамалар мен ақпарат алмасу) өтеді. Үшіншіден, дербес ақпараттар азаматтардың – қызмет алушылардың келісімімен үшінші тұлғаларға ұсынылатын болады.
Әзірге мемлекеттік қызмет түрлерінің төрттен бір бөлігі ғана электронды форматта ұсынылады. «Paper free» принципі (толықтай қағазсыз үдеріс) бойынша мемлекеттік қызметтердің 80 %-ы тек қана электронды форматта ұсынылатын болады. Мекенжай анықтамасы, сотталмағаны туралы, жылжымайтын мүлікке қатысты және басқа да 30-ға тарта анықтама түрі жойылады. Бұл деректердің барлығы мемлекеттік органдар жүйелері арасында цифрлы түрде беріледі, сонымен қатар арнайы қорғалған режімде екінші деңгейлі банктерге, коммуналдық қызметтерге және басқа да мекемелерге қолжетімді болады. 2019 жылға дейін проактивті қызметтер (ХҚКО-ға баруды талап етпейтін) енгізіледі, олардың әрқайсысының 5 түрлі қызметі бар. Бүгінгі таңда ХҚКО-лар тарапынан жыл сайын 40 млн анықтама беріледі екен. Цифрландырудың арқасында үнемделетін бюджет қаражатын есептеу қиын емес, ол 33,5 млрд теңге шамасында болмақ.
Мемлекеттік органдардың ішкі үдерістерін автоматтандыруда, мысалы, стратегиялық және бюджеттік жоспарлауда, жер және минералды ресурстарды басқаруда, сондай-ақ импорттық-экспорттық операцияларды басқаруда айтарлықтай ілгерілеу болады.
Шешуші мәселелердің бірі еліміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға қатысты. Экспорттық-импорттық операцияларға «бір терезе» және интеллектуалды көлік жүйесі сынды жүйелерді енгізу адами факторларды азайтуға, барлық үдерістерді жеделдетуге және оның ашық болуына бағытталған.
Бір кездері Сингапур енді ғана еңсе тіктей бастаған тұста, оның теңіз порттары көршілес Малайзия, Индонезия сынды мемлекеттердің порттарына бәсекелестік тудыруға қауқарсыз еді. Алайда TradeNet жүйесін іске қосу арқылы сауда кәсіпорындары теңізден, яғни қашық жерден-ақ ресімдеу процедураларынан өтуге мүмкіндік алды, яғни портта тауарды физикалық тексеруді жүргізу жұмысы ғана қалатын болды. Осылайша кемелердің портта тұру уақыты еселеп қысқарды, сауда компаниялары Сингапурдың порттарын таңдауға көшті. Біз де дәл солай жасай аламыз.
Ауылдарға – интернет, мектептерге – бағдарламалау. Үшінші стратегиялық маңызды бағыттардың бірі – цифрландырылған Жібек жолын жүзеге асыру. Ол екі түрлі жолмен жүргізіледі – байланыс желілерімен қамтуды кеңейту және киберқауіпсіздікті күшейту.
Бірінші шара кең жолақты жаһандық желілерге қосылу инфрақұрылымын дамыту және қорғалған алмасу мәселесімен байланысты. Бұл орайда 1200-ден астам ауылдық елді мекенге мемлекет-жекеменшік әріптестігі схемасы бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Осылайша 2,1 млн-нан астам адам жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға техникалық мүмкіндік алады. Барлық аудан орталықтарында жаңа буындағы ұялы инфрақұрылым (4 G желісі, болашақта 5 G желісі) пайда болады.
Төртінші бағыт – адам капиталын дамыту. Аталған бағытта жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін Қазақстанда сапалы кадрлық әлеует құру қажет. Сол себепті бағдарламада орта, техникалық және кәсіби, жоғары білім беруде цифрлық сауаттылықты арттыру шаралары қарастырылған. Кезең-кезеңімен 2-сыныптан бастап «Бағдарламалау негіздері» пәні енгізіледі. Ал жоғары сыныптардағы бағдарлама роботты техника, виртуалды шындық, 3D-принтинг және басқа да пәндермен толығады.
Талантты жастарды дамыту және қолдау мақсатында қазірдің өзінде тұрақты түрде хакатондар, олимпиадалар мен конкурстар ұйымдастырылып, роботты техника мен бағдарламалау бойынша түрлі үйірмелер ашылуда. Елді мекендерде тұрғындар, оның ішінде жұмыссыздар сұранысқа ие цифрлық машықтарға оқытылатын болады.
Стартаптарды қолдайық! Сонымен бағдарламаның бесінші бағыты – инновациялық экожүйе қалыптастыру – Қазақстанда қолға алынған технологиялық стартап-жобалардың қатарын көбейту және оларды қапиталдандыру.
Инновациялық экожүйе қазіргі технопарктердің, венчурлық қорлардың, ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-лардың базасында, сонымен қатар жаңадан құрылып жатқан «Astana hub» технопаркінің базасында қалыптасатын болады. Бұл орта жаңа идеяларды, технологияларды, цифрлы шешімдерді шоғырландыруды, сондай-ақ шетелдерде IT-жобалармен айналысатын талантты қазақстандықтарды белсенді түрде тартуды қамтамасыз ететін болады.
Қарапайым тілмен айтар болсақ, бұл дегеніміз идеяшыл адамдардың – технологиялық кәсіпкерлердің батыл жобаларын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінгі таңда әлемдік IT-индустрияның алыптары – Apple, Google, Facebook – бұрын жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер болатын. Олар инновациялық экожүйеде жасалған жағдайларды тиімді пайдалана отырып, идеядан алып трансұлттық корпорация құра алды. Енді бізде де еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға әрі азаматтарға өз мүмкіндіктерін іс жүзіне асыруға зор мүмкіндіктер жасалады.
Бірінші кезекте бағдарламада халықаралық «Astana Hub» IT-стартаптар технопаркін құру қарастырылып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоба аясында дүние жүзінің технологиялық кәсіпкерлері мен мамандарын тартуға жағдай жасалады, осылайша біз әлемдік деңгейдегі IT мамандарын шоғырландыратын боламыз.
«Astana hub» резиденттері «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарын, атап айтқанда, ерекше еңбек және визалық режімдерді, ағылшындық құқық және халықаралық сот принциптерін пайдалана алады.
Компанияның ұлғаюына қарай оның қанат жаюына, бизнестің ауқымын кеңейтуге қолдау керек екендігі, яғни қаржылай қолжетімділік қажет болатыны белгілі. Алайда мәселе стартаптар туралы болғандықтықтан, біз қаржыландырудың жоғары тәуекелді қажет ететін түрі – венчурлық қаржыландыру туралы айтып отырмыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, стартаптардың шамамен 10-20 %-ы ғана табысты болады.
Сол себепті «Венчурлық қаржыландыру туралы» заңды әзірлеу қарастырылып отыр, ол әлемнің үздік тәжірибелерін Қазақстанда қолдануға мүмкіндік береді. Стартаптарға инвестиция салу мәдениетін дамыту мақсатында «Astana hub» аясында қазақстандық бизнес өкілдерімен жұмыс жүргізілуде. Көптеген бизнесмендер қазірдің өзінде бұл бағытқа назар аударуда.
Сонымен қатар жаңа да болса болашағы зор тағы бір бағыт – корпоративтік бастамалар. Бұл ірі бизнестің шағын және орта бизнес өкілдерімен, яғни дамудың бастапқы кезеңіндегі стартаптармен бірлесіп жұмыс істеуін білдіреді. Корпорациялар жұмыс барысында стартаптар тарапынан ұсынылатын қызмет пен тауар түрлерін қажет етеді. «Цифрлы Қазақстан» жаңадан іс бастаған кәсіпкер-инноваторларға корпорациялармен арада өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға жағдай туғызады.
Көріп отырғанымыздай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында шешуші ауқымды мақсат – инновациялық экономика қалыптастыру, 2050 жылға қарай бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу және қоғам мен өндірісті жаңарту, сол арқылы заманауи технологиялық әлемнен тысқары қалмау мақсатына қол жеткізуге қажетті бір-бірімен тығыз байланыстағы шаралар кешені қарастырылған. Бұл мақсаттың үдесінен көріну бүкіл қоғамның бас біріктіре отырып жедел әрекет етуін, аз уақыт ішінде серпінді түрде алға басуын қажет етеді. Уақыт күдік пен сенімсіздікті көтермейді, алға – цифрлы болашаққа қадам басу керек!
Достарыңызбен бөлісу: |