«Әбжәд есебінің» негізін құрайтын алғашқы сөзге әріптер кездейсоқ жинақталмаған, осы сөздің әріптеріне сәйкес келетін алғашқы төрт натурал сан басқа барлық сандардың кілті, есеп-қисап жүргізудің негізі деп саналған. Тағы бір көңіл аударарлық жайт, «Әбжәд есебі» бойынша әріптер жинағы ретінде топтастырылған сөздерде көбіне дауыссыз дыбыстар қатар келеді. Мысалы, «абжд», «қлмн», т.с.с. Ыңғайлылық үшін осы сөздерді айтқанда әріптік дыбысты харекелеу, яғни демеу үшін олардың арасына дауысты дыбыстар қосылып айтылады. Мысалы, «абж(а)д», «қ(а)л(а)м(а)н», т.с.с. Мұндағы жақша ішіндегі әріптер сандық мәндерді білдірмейді, олар осы сөздерді айтқанда әріптік дыбысты харекелеу үшін ғана қолданылады.
Сандарды «Әбжад есебі» бойынша таңбалау мұсылман халықтары арасында «жұмал» немесе «арками жұмал» деп те аталады. «Жұмал» сөзі қосынды, ал «арками жұмал» сөзі жұмал цифрлары деген мағынаны білдіреді. Бұл атаулар көп таңбалы сандардың аддитивтік тәсіл бойынша таңбаланатындығын көрсетеді.
«Әбжад есебі» мұсылмандық мектептерде жалаң түрде ғана оқытылмаған. Бұл мектептерде білім алып, әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосқан мұсылман ғалымдары оның терең сырларын меңгеру үшін ондаған жылдық өмірлерін сарп еткен. Осылайша олар әбжəдтың құпияларын ғылыми тілмен түсіндіру арқылы адамзаттың бүкіл әлем, жаратылыс туралы білім-түсініктерін кеңейтуге, тереңдете түсуге тырысқан. Мұсылман ғұламалары оны жалпы дүниені танудың кілті деп түсінген және әбжəд туралы білімдерін философияда, геометрияда және тағы басқа ғылым салаларында аса шеберлікпен қолданып отырған. «Әбжәд есебі» әсіресе, тарихи оқиғалардың мерзімін белгілеуде кеңінен қолданылған.
Сонымен, қорыта айтқанда, мұсылмандық дүниетанымның қайнар бұлағы, әрі қазақ халқының байырға математикалық мәдениетінің куәсі болып табылатын «Әбжәд есебі» - адамзаттың сан ғасырлар бойы жинақтаған үрлі білімдері негізінде шебер құрастырылған, терең философиялық және математикалық ой – жемісі. Ол – қазіргі заманғы цифрлар ойлап табылғанға дейінгі (ІХ ғ.) кезеңде мұсылман халықтары арасында кеңінен таралған және алфавиттік нумерацияға негізделген сандар арифметикасы. Қазақ арасында мұсылмандық мектептерде «Әбжәд есебіне» негізделген сандар математикасынан заман талабына сай жүйелі мағлұмат берілген. Мұны мұсылмандық мектептерде білім алып, тәрбиеленген қазақ ақындарының «Әбжәд есебі» туралы білімдерін айтыс жанрының аса қиын саласы – «жұмбақ айтыстарда» асқан шеберлікпен қолдана білгендігін аңғаруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |