ассамблея
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Ассамблея Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Оған этносаралық қатынастарды дамыту және нығайту жөніндегі жұмыстарды ведомствоаралық үйлестіру жүктелген.
2008 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы қабылданды, ол Ассамблеяның этносаралық қатынастар саласындағы қызметінің нормативтік құқықтық негіздерін анықтайды.
2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ассамблеяның және оның қоғамдық құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттіктері бекітілген Ассамблея туралы ереже бекітілді.
2018 жылы оның қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Ассамблеяның инфрақұрылымы нығайтылды, оны азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік жүйесіне кіргізу ісі жүзеге асты.
Ассамблея жанынан құрылған қоғамдық қорлар жұмыс істейді, көпфункционалды веб-портал дамуда, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Ассамблеяның депозитарийі құрылды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасы бойынша 2009 жылы Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды. Барлық өңірдегі жоғары оқу орындарының базасында ғылыми-сараптамалық топтар құрылды.
2011 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы құрылды. Ол ғылыми-сараптамалық кеңестің жұмыс органы болып саналады.
Ассамблеяның журналистер клубы құрылды. Өңірлерде оның балама құрылымдары жұмыс істейді.
Барлық өңірде Ассамблеяның қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестері құрылған.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2014 жылы Ассамблеяның атқарушы органы ретінде Қазақстан Республикасы Президенті жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Өңірлік деңгейде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелері жұмыс істеуде.
Қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің 56 тілінде таныстырылды және Қазақстан Республикасының шетелдегі елшіліктеріне таратылды.
ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары, Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығы, бірқатар елдің мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
2014 жылы Ассамблея мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің хатшылығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі қазақстандық модельдің бірқатар артықшылығы қалыптасты.
Біріншіден, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында адамдардың этникалық және діни наным-сенімінің әртүрлігіне қарамастан, азаматтық құқықтың тең болуын қамтамасыз ету тетіктері құрылып, жетілдірілуде.
Екіншіден, қазақстандық этностардың өз мүддесін білдіруі және іске асыруы жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады – Ассамблеяның Төрағасы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы.
Ассамблеяның жоғары органы – Сессияның шешімдерін барлық мемлекеттік орган қарауға міндетті.
Үшіншіден, еліміздегі Парламентте этностар мүдделерін кепілді түрде қорғау үшін Ассамблея Мәжілістің 9 депутатын сайлайды.
Төртіншіден, жалпы азаматтық қағидаттарға, жалпы рухани-мәдени құндылықтар мен жалпыұлттық тарихи санаға негізделген құндылық негізі қалыптасты.
Бесіншіден, Мемлекет Қазақстан халқының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін дамыту үшін барлық жағдай жасап, қолдау көрсетуде.
Алтыншыдан, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі азаматтық бастама және азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің сындарлы диалогы негізінде дамуда.
Жетіншіден, Қазақстанның қағидатты ұстанымы – этникалық мәселелерді саяси мақсатта пайдалануға жол бермеу.
Қазақстанда этносаралық қатынастар саласында көпшілік мақұлдаған нормалар енгізілді. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасында тиімді өзара іс-әрекеттер жүзеге асады. Ассамблеяның алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күш-жігері біріктіріліп отыр.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі әлемдегі ең табысты жобалардың бірі болып танылды.
Достарыңызбен бөлісу: |