Шудың тұрақты әсерінен адам организмінде патологиялық өзгерістер туындап шу ауруы деп аталатын кәсіби ауруға шалдығады.
Пайда болатын спектрінің сипаты бойынша шуды, ені бір октавадан асатын толассыз кең жолақты және спектрінде естілетін дискретті үндестерге бөледі. Бір жолақтағы дыбыс деңгейінің жоғарылауы келесі жолақпен салыстырғанда 10 дБ кем емес жағдайда, жиіліктің үш октавалы жолағындағы дыбыстық қысымдылығының дәрежесін өлшеу арқылы шудың үндестігі анықталады.
Уақыттық сипаты бойынша шу тұрақты және тұрақсыз болып бөлінеді. Шу көзінің әсер ету уақыты бойында дыбыс деңгейінің өзгеруі 5 дБ аспайтын шуды тұрақты шу, ал дыбыс деңгейінің өзгеруі 5 дБ асатын шуды тұрақсыз шу деп аталады.
Өз кезегінде тұрақсыз шулар келесідей болуы мүмкін:
тербелмелі - дыбыс деңгейі белгілі уақыт бойында үздіксіз өзгеріп отырады;
үзілмелі - шу көзі үзіліспен жұмыс істесе, әр үзіліс аралығындағы (1 секунд немесе одан жоғары) дыбыс деңгейі тұрақты болып қалса және бедерлік шу деңгейінен жоғары болса, дыбыс деңгейі белгілі уақыт бойында бірнеше рет бірден бедерлі шу деңгейіне дейін көтеріледі;
импулъсті - бір немесе бірнеше дыбыс импульс жинағынан тұрады, әр импульстің ұзақтығы 1 секундтан төмен, ал дыбыс деңгейінің ерекшелігі 10 дБ кем емес.
Адамдар шуды организмнің субъективті ерекшелігіне қарай және үйреншікті шудың бедері бойынша түрліше қабылдайды. Деңгейі 60 дБ төмен шу психикалық қоздыруға әкеліп соғады. Шудың қоздырғыш әсері, оның деңгейімен, спектрлік және уақыттық сипаттарымен анықталады. Үндес, жоғары жиілікті және импульсті шудың қоздырғыш әсері, бірдей деңгейдегі кең жолақты төмен жиілікті мен тұрақты шулардың қоздырғыш әсерінен жоғары.