Білім беру бағдарламасы: «6В01701 Казахский язык и литература»


-дәріс. Әдебиеттегі модернистік ағымдар типологиясы



бет7/18
Дата17.04.2024
өлшемі319.59 Kb.
#499029
түріБілім беру бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18
multi-463 x392119109 (1)

4-дәріс. Әдебиеттегі модернистік ағымдар типологиясы


Жоспар:
1. Модернизмнің қалыптасуы туралы концепциялар
2. Қазақ әдебиетінде модернистік ағымдардың қалыптасуы

1. Ұлттық әдебиетімізді әлемдік үдерістен бөліп қарай алмаймыз. Өйткені, қазақ әдебиеті де бүкіләлемдік көркем ойдың бір бөлшегі. Демек, дүниежүзілік әдеби үрдістен сырт тұра алмайтынымыз белгілі жайт. Жаһандық әдебиеттегі ортақ бағыттар мен ағымдардың ұлттық әдебиетіміздегі орнын саралап, қазақ әдебиеті мен әлемдік әдеби үдерістердің байланысын анықтау – әдебиеттанушылардың зерттеуіндегі өзекті мәселелер.


Философияда, әдебиетте модернизмнің туу кезеңі туралы пікірлер әр түрлі. Еуропаның қоғамдық ғылымдарында әсіресе философияда модернизмді Ф.Бекон, Р.Декарт, Дж.Локк есімдерімен тығыз байланыстырады. Модернизмнің ХХ ғасырда пайда болғаны туралы айтылып жүр. Ондай пікірлерді ұлттық әдебиеттанушыларымыздың тарапынан да байқауға болады. Мысалы, профессор А.Ісімақова: «Модернизмнің туған жылы да белгілі – 1910, Вирджиния Вулфтың айтуы бойынша сол жылғы күз. Философтар модернизмнің басталуын Гегель, Кант, Вольтер, Декарт, Руссо, Паскаль еңбектерінен табуды ұсынады. Бірақ бұлар модерн деп атаған құбылыс көркемдік модернизмнен басқаша», – деген пікір білдіреді (Ісімақова А.С. Асыл сөздің теориясы. – Алматы: Таңбалы, 2009. –Б.62). Десек те модернизм тарихына азын-аулақ көз жүгіртсек, ол тек әдебиет емес, сондай-ақ кино, театр, музыка, мүсін, сурет, дизайн, сәулет өнеріне де тиесілі екенін көреміз.
Модернизм (итал. modernismo, лат. modernus – жаңа, қазіргі) – XX ғасыр басында рухани сана дағдарысы кезінде пайда болған философиялық-эстетикалық ағымдардың жиынтық атауы. Модернизм негізінен философиялық ой толғамдардан тамыр алады. Сол себепті еуропалықтар үшін бар өнердің бастауы философия болды. Өйткені оларда дін өзінің қызметін шығыстағыдай атқарған жоқ. («В Европе преобладает философское стремление, в Азии религиозное». Дрэпер). Яғни, қоғамдағы жаңалықтарға дін түрткі яки ұйытқы бола алмады. Қайта өрлеу дәуірінің түрткісі – рационализм (ақылға қонымдылық) болса, модернизмнің түрткісі – иррационализм (ақылға қонымсыздық) екені белгілі. XV ғасырдан рационализмге қатты ден қойған Еуропада XIX ғасырдан бастап иррационализмге қарай ойысты.
Модернизм – өнер қайраткерлерінің әлемдік қақтығыстарға, адамзат дамуындағы дағдарыстарға деген көзқарастарын білдірді. Ең алдымен, «modern» сөзі «қазіргі (жаңа) кезең» деген мағынаны білдіреді. Оның екі мəндік мағынасы бар: біріншісі қазіргі кезең «қазіргі кезең талабына сай», екіншісі модернге, яғни модернизмге. Өз кезегінде «модерн» терминімен мəдени құбылыстардың ауқымды тобы белгіленді. Тар мағынада, «модерн» ұғымы деп ХІХ ғ.-ХХ ғ. басындағы көркем-əдебиеттік қозғалыс түсінілді. Ал кең мағынада «модерн» ұғымы Жаңа дәуір (Modernity) деп аталған белгілі бір дəуірге сəйкес келген тарихи кезеңді айқындайды. Бұл дəуір Антикалық жəне Ортағасыр дəуірінен кейін келді. Осы екі дəуірдің жиынтығы «Pre-modernity» (ілкі модерн) деп аталады. Модерн тарихи дəуір ретінде модернизм деп аталған ерекше философиялық жəне ғылыми көзқарастар ұстанымдар арқылы анықталды. Өкілдері – Бэкон, Декарт, Ньютон, Гегель, Маркс жəне т.б. Бұл көзқарастың негізгі идеясы – адамның ақыл-ойының əлемді нақты объективті заңдылықтарға бағынатын, біртұтас жүйе деп қарастыру мүмкіндігіне деген сенім, сондай-ақ табиғат пен қоғамның негізгі заңдылықтарын табу тарихи прогреске əсер етіп қана қоймайды, сонымен бірге əлемді соған сəйкес қайта құруға мүмкіндік береді деген сенім.
«Постмодерн» термині пайда болмас бұрын тарихи сахнада ең көп талқыланатын өзекті мәселе модерн еді. Бірақ ол «постмодернизмнен» мүлде басқа арнада қарастырылды. Модерн, біріншіден, эстетикалық модернизм туғызған және классицизм қабылдаған классицизм\модернизм (немесе классика\модерннің) қарама-қарсылық тұрғысынан қарастырылды. Классицистер «классиканың қазіргі заманғы мәдениеттің бастауы» деген концепцияны алға тартып, модернизмді көбіне «тарихтың көбігі», кеңестік лексикондағыдай «капитализмнің шіри бастаған сатысы» деп бағалайтын; ал модернизм болса «классиканы» әбден біткен әрі керексіз заттардың жиынтығы деп сынайтын. Олар модернизмнің шығармашылық, төңкерісшілдік, прогрессивті, болашаққа ұмтылысын алға тартты. Ал қазіргі постмодернизм классика мен модерннің қарама-қарсылығын жалған, алдамшы жағдай ретінде қарастырады.
Екіншіден, модернизм өнердің классикалық қағидаларын теріске шығарып келген жаңа көркемдік құбылыс ретінде қарастырылады. Сондықтан модернизмнің туындауын ХІХ-ХХ ғғ. деп тауып жүр. Көркем модернизм өз дәуірінің әлеуметтік және саяси мәселелерінен бас тартты деуге болмайды, керісінше, модернистік ағымдар төкерісшілдік саяси қозғалыстарда да бой көрсетті, алайда олар болмысты өзгертудегі жетекші рөлді өнерге бергендіктен қиялшылдық басым болды.
Осы күнде постмодернизмнің пайда болуымен қатар модернизмге баға беру мәселесі де түбегейлі түрде өзгерді. Егер ертерек кезеңдерде (1960-шы – 70-ші жж. басы) постмодернизм көбіне, ең алдымен, көркем өнер, әдеби және архитектуралық стилдермен байланысты болса (егер Х. Бертенске, И. Хассанға, Ч. Дженске ден қойсақ), көп ұзамай ол мәдениет пен қоғамның басқа да салаларына тарады. Модернизм постмодернизмді тек көркем өнердегі ағым ғана емес, белгілі бір мәдениеттің, қоғамның дамуындағы жеке тарихи кезең ретінде көрсетті. Постмодернистер басты назарды өнерге аударып келсе де, олар өнердің қоғамдағы түбегейлі өзгерген мәртебесін негізге ала отырып, саясаттың эстетизациялануының және өнердің саясаттануының, «өнердің өмірге бет бұруын» (Бодриар), бұрындары «өнер» мен «өмірді», «мәдениет» пен «табиғатты», жасандылық пен табиғилықты бөліп келген шарттылықтардың бұзылуын зерттеді.
Модернизмге баға берудің және анықтаудың қиындығы зерттеушілердің осы терминге әртүрлі мағына беретіндіктерінде жатыр. Оны біресе өзіне тән әлеуметтік және мәдени институттары бар жаңа қоғамдық формация деп бағалайды, біресе оны өзіне тән құндылықтары, көріністері және нанымдары мен сенімдері бар мәдениет түрі деп көтермелейді; біресе сананы, ғылымды және білімді жоғары қоятын прогрестің, жаңашылдықтың, заманауи және т.б. түсініктерін ту еткен түр деп түсінеді.
Негізінен алғанда модерн дәуірі тарихтың белгілі бір кезеңі ретінде феодализм дәуірінен немесе аграрлық қоғамнан бөлек. Модерн капитализммен жиі теңестірілуде. Әйткенмен кейінгі немесе кемелденген капитализмде модерн капитализмнің жалғасы ма, жоқ әлде жаңа сатыға – посткапитализмге өтуді танытатын аралық кезең бе деген сұрақтар да пайда болды. Мұндай көзқарас модернизмнің уақыттық «хронологиялық» ауқымын түбегейлі түрде өзгеруге мәжбүр етті. Басында оның пайда болуын ХІХ – ХХ ғасырларға, одан кейін индустриалдық төңкеріс дәуіріне (ХІХ ғ. ортасы), сонан соң Ағарту дәуіріне (ХVIII ғ.), кейінірек, Жаңа дәуірдің басталуы мен капитализмнің туындау кезеңіне (XVІІ ғ. басына) апарса, бұл күнде оның басталуын көбіне Қайта өрлеу дәуірімен байланыстыруда.
Модернистік эстетикада қандай да бір өзгерістер әлеуметтік апат деп қабылданды, жаңашылдық неге апарып соғары белгісіз, ол жаңашылдықтар қалыптасқан тәртіпті бұзатын қауіпті жағдай деп қарастырылды. Модернизмде (капитализмде), Маркс айтқандай, дүниенің бәрі қозғалысқа түседі, өзгермелі болады. Адамдар үйреншікті мекендерін тастап, тәуір тірлік іздейді. Бұл жаңалықтар адамдардың әлеуметтік және эмпирикалық тәжірибесін, сезімдері мен дүниетанымын түбегейлі түрде өзгеріске түсіреді. Көптеген зерттеушілер тілге тиек ететін Маршалл Берман анықтағандай «Модерн болу дегеніміз билікті, өсуді, біздің өзіміздің және әлемнің өзгерісін қалайтын, қолда бардың бәрін қиратуға бейімділік. Модерндік жағрапия мен этникалықтың, тап пен ұлттың, дін мен идеологияның барлық шекараларын бұзып өтеді; бұл тұрғыда модернити бүкіл адамзатты біріктіреді деп айтуға болады. Бірақ бұл оғаш бірігу, бөлінгендіктің бірлігі; ол бізді тұрақты дезинтеграция мен жаңаланудың, күресу мен қарама-қарсылықтың, екіұдайылық пен азаптың иіріміне тартып алады» (Berman M. All That is Solid Melts Into Air. – New York, - 1982).
Энтони Гидденс модернитидің модернге дейінгі әлемнен басты өзгешелігін дәстүрдің қуатына, өткенмен байланысына, әлеуметтік тәртіпке негіздеген болатын; модернити өткеннен қол үзуді өзінің конститутивті қағидасы ретінде қарастырады. Яғни, тұрақты түрде жаңару, өткеннен (көнеден) бас тарту. Өткеннен ажырау, алдыңғы қатарға уақыттың, бұрынғының және қазіргінің (сондай-ақ болашақтың) үздіксіз байланысындағы уақыт пен тарих мәселесін шығарады. Уақытты сезіну мен бұрынғының бірігуіндегі тарихи сезім өзгерді. Ең алдымен, бұл сезімді Гамлеттің ауызына «уақыттың жібі үзілді...» деген сөзді салып берген модернист Шекспир жеткізді.
Модернизмнің салыстырмалы түрдегі алты түрлі сатысы бар. Бірінші, гуманизм, урбанизм және перспективизмге екпін жасалған (XIV-XVғғ.) ренессанстық модернизм; екінші, белсенді кәсіпкерлік, әлем мен мәдениеттің кәсіпкерленуіне және индивидуализмге акцент жасаған капиталистік модернизм; үшінші, ағартушылық модернизм немесе осы мәселені қарастырушы Хабермас айтқандай, сананы, ғылымды және білім беруді биік ұстаған «модернистік жоба»; төртінші, машинаны, техниканы және техникалық рационализмді ту еткен индустриалды-техникалық модернизм; бесінші, бекзаттық және бұқаралық мәдениетттерді ажыратып, тоқтаусыз тәжірибе жасаған эстетикалық модернизм; алтыншы, медиа қатынас-байланыстарға және жоғары технологияларға бет бұрған кейінгі немесе жоғарғы модернизм. Соңғы саты модернизм мен постмодернизм шегараларын тым-тым жақындатады. Әрбір саты алдыңғы қатарға өздерінің ерекшеліктерін шығарады, сондықтан бүгінде модернизм жайлы сөз қозғау оңай емес.
Белгілі әдебиет теоретигі М.Н.Эпштейн «модерн» түбірінен тамырланатын екі үлкен айырмашылығы бар ұғымды ажыратып берді:
«1) модернділік – орта ғасырдан бастау алып немесе («modernity» немесе орыс терминологиясымен сәйкес «жаңа уақыт») қайта өрлеу (ренессанс) дәуірінен басталып, ХХ ғасырдың ортасына дейін жалғасқан, жарты мыңжылдықты қамтыған бүкіл әлем тарихындағы үлкен дәуір;
2) модернизм («modernism») – модерн дәуірін аяқтайтын жарты ғасыр өмір сүрген ХІХ ғасырдың аяғына дейін жалғасқан немесе бірінші дүниежүзілік соғыстан 1950–1960 жылдарға дейін созылған, белгілі бір мәдени кезең» (Эпштейн М.Н., Постмодерн в русской литературе: Учеб.пособие для вузов.– Москва: Высш. шк., 2005. С.472).
«Модерн» терминінің мағынасын талдауды аяқтай келе, оны талдаудың тағы бір нұсқасына тоқтала кеткен жөн деп санаймыз. П.Козловский «модерн» ұғымын талдаудың нұсқасы көп деп есептейді. Дегенмен де, «модерн» ұғымы туралы ғалымдарымыз түрлі пікірде екенін жоғарыда атап өттік. Көптеген зерттеушілеріміз модернді жеке бір тарихи кезең деп қарастыруға болмайды, оны өзінің бастауын Ежелгі Грециядан алатын, христиандық дəуірден өтетін, сөйтіп толық көрінісін Жаңа Заманнан табатын тарихи жоба деп қарастырған жөн деп санайды. Осы тарихи, яғни дүниетанымдық жүйені Хабермас айтқандай, «модерннің жобасы» деп айтуға болады, – деп, оның (Хабермас жобасының) мынадай сипатты белгілерін көрсетеді:
- шындықтың алуан түрлілігін, бірыңғай негізден шығаратын əлемнің әмбебап бейнесін жасауға ұмтылу;
- осы негіздер туралы адамның ақыл-ойының абсолюттік білімге қол жеткізе алатындығына сенім білдіру;
- осы білімді шын мəнінде толығынан жүзеге асыруға ұмтылу;
- осындай жүзеге асыру адамның ізденіс бағытын ұлғайтуға əсер етеді деген сенім;
- адамзат дамуының біртіндеп дамитындығына деген сенімділік, бұл жерде қазіргі өткен дəуірден, ал болашақ бүгінгіден үстем болады дегенді білдіреді .
Модернді тарихи жоба деп қарастыру көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі жəне бұл ұғымның мағынасының көптігін көрсетеді. Сондай-ақ модернді осылайша түсіну, модернистік тенденциялармен қатар антимодернистік түсініктердің бар екенін де білдіреді. Мысалы, Жаңа Заманда модернистік көзқарас үстем болған тұста де Сад, Ницше, Джойс т.б. тұлғаларды өмірге әкелді.
Жоғарыда келтірілген көзқарастар алуандығы модернизм мен постмодернизмнің қарым-қатынасы жайлы сауал қазіргі заманғы философияның және мәдениеттанудың әлі жүйеленіп бітпеген мәселелер екенінің көрсеткіші. Ал, жалпы «модерн» дәуірінен кейін өмірге келген «постмодерн» дəуірінің туу тарихы туралы да пікірталастар көп. Бүгінгі таңда дүниежүзілік әдебиеттануда, философияда, лингвистикада, мәдениетте және жалпы өнер атаулыда өзекті мәселе болып отырған «постмодернизм» ұғымы әдебиетке қашан енді және әлемде «постмодернистік» көзқарас қашан пайда болды, «постмодернизм» термині пайда болған кезде «модерн» мен «постмодерн» дәуірлерін бөлетін хронологиялық шекара қайда деген сауалдарға жауап берудің өзі қиындық тудыруда.
Қайшылыққа толы пікірлерді бір ізге түсіріп жүйелер болсақ, модернизм теориясының жалпы деген принциптері турасында мынадай тұжырымдар жасауға болады:

  • әлемдік әдебиет контексінде модернизм эстетикалық доктрина ретінде алдыңғы дәуірлердің рухани құндылықтары мен дүниетанымдық қырларын жаңаша парықтаудан барып дүниеге келді.

  • дәстүрлі эстетикалық ұстанымдарды басқаша екшеудің мысалдары ретінде еуропалық әдебиетте импрессионизм, символизм, жаңа драма, кубизм, имажизм, футуризм, экзистенциализм т.б, мектептер мен ағым-бағыттар пайда болды.

  • еуропалық модернизм дүниежүзілік соғыс сияқты адамзат көшіндегі ауытқулар мен әлеуметтік-тарихи дағдарыстар тұрғысында белең алып, әлем келбетін, өмір шындығын танытуда өз потенциалын тауысып біткен позитивизмге қарсы тұрудан басталды.

  • модернистер өз дәуірлерін ірі тарихи жаңарулар мен түбегейлі өзгерістердің кезеңі деп қарады.

  • алғаш тәжірибе түрінде енгізіліп, кейін теориялық тұрғыдан негізделген «сана ағымы», А. Бергсонның интуиция және сана өзгерістері мен өмір құбылыстарының ұқсас жағдайларын сабақтастыру, З. Фрейд пен К. Юнгтың адам әрекетерін санадан тысқары қарастыратын психоанализ хақындағы концепциялары модернистер үшін айрықша маңызға ие болды.

Тұжыра айтқанда, модернизмнің басты мақсаты – мәдениетті «модернизациялау», яғни «жетілдіру». ХХ ғасырдың басындағы авангардтық ағымдардың ұстанымдарын алып қарасақ, барлығының да мәдениетті жетілдіру проблемасын көтергенін байқар едіңіз. Алайда, модернизм де біркелкі емес, ала-құла, көптеген мүдде, көзқарас, эстетикалық теориялардың қақтығысынан тұрады.
2. Көркемөнердегі қандай да болсын бағыт, ағымдар өзіне дейінгі шығармашылықтағы философиялық негіздер мен көркемдік-эстетикалық принциптерді қайта қарау негізінде туып отырды. Әлемдік әдебиет контексінде модернизм эстетикалық доктрина ретінде алдыңғы дәуірлердің рухани құндылықтары мен дүниетанымдық қырларын жаңаша (французша «moderne» сөзінің «жаңа», «жаңашыл» ұғымын беретінін ұмытпайық) парықтаудан барып дүниеге келді.
Модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері жөнінде ой сабақтап келе жатқан ғалым Б. Майтанов бұл эстетикалық құбылыстың ұлттық сөз өнеріміздегі белгілерін ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастайды. Ол: «Сәл ертерек дәуірге көз салсақ, модернизм мен постмодернизмге хас мәтін құрамының байлығы мен әркелкілігі М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Бүркіт аңшылығының суреттері», Ж. Аймауытовтың «Елес», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсы», С. Ерубаевтың «Менің құрдастарым», С. Сейфуллиннің «Біздің тұрмыс» шығармаларынан мол аңғарылады. Аталған туындылардағы интертекст, реминисценция, аллюзия көріністері өмір шындығын қалыптағы реалистік баяндаудан гөрі оны қабылдаушы субъектімен арақатынаста, жан-жақты танытуда зор нарративтік роль атқарды. Модернистік прозада шарықтап дамыған сана ағымын суреттеу өнері М. Әуезов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев мәтіндерінде ұлттық дәстүр сілемдерін қалыптастырды, – дей отырып, – Поэзияда символизм мен импрессионизм көріністері, прозада экзистенциализм мен экспрессионизм (фрейдшілдік сарын) эстетикасына тән белгілер күрделі дүниетанымдық, көркемдік ізденістерге мұрындық болғанын жоққа шығару қате», – деген маңызды тұжырым жасайды (Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар // «Қазақ әдебиеті» газеті, 2004. №43. – Б. 8-9.]. Ғалымның ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы әдеби даму ерекшеліктерін модернизммен қиыстыруы – жарқ-жұрқ еткен «измдер терминдеріне» қызығу емес, әдебиеттегі болған нәрсені, ақиқат құбылыстарды нақты дәлелдермен алдыға тартатын, әбден көз жеткізген теориялық толғамдар. Зерттеуші модернизмге тән әдеби-танымдық құбылыстың жалғасын 1960 жылдардан бергі прозаның айтулы ерекшелігі, стильдік доминанты тұрғысында қарастыруының да бұлтарыссыз дәлелдері жеткілікті. Ол «жылымық» жылдары бос қалған рухани кеңістікті толтыруға асыққан О. Бөкей, Р. Тоқтаров, С. Мұратбеков, М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, Ә. Тарази, Қ. Ысқақов, А. Нұрманов, Д. Досжанов, Р. Сейсенбаев, М. Қабанбай т.б. жазушылардың шығармаларындағы жаңа образдар мен өзгеше бейнелеу сипаттарды, жаңаша таным мен бөлекше ойлау жүйелерінің орныққанын саралай келіп, «әлемдік ауқымдағы соңғы мәдени-танымдық, эстетикалық қозғалыстарға үн қату, олармен ортақтасу тілегінен туындап, тебіндеген модернистік поэтика заңдылықтары қазақ прозасында да өзіне тиісті өріс тауып, әдеби-көркемдік, интеллектуалдық даму игіліктерін жаңа құндылықтармен жаңғыртуы заңды», – деп табады.
Модернизмнің қазақ әдебиетінде әр түрлі ағымдар арқылы көрінісін монографиялық тұрғыда зерттеу нысанына айналдырған ғалым Т. Есембеков болатын. Зерттеушінің «Драматизм және қазақ прозасы» (1997) атты еңбегі бұрын біржақты мансұқталып келген модернизмнің ұлттық проза поэтикасынан алатын лайықты орнын айғақтаған алғашқы көлемді еңбек ретінде бағалы. Бұл мәселені әдебиеттанудың драматизм сияқты күрделі категориясы арқылы жан-жақты қарастырған ол ХХ ғасырдың алғашқы бөлігіндегі прозада бедер танытқан экспрессионизм, импрессионизм, экзистенциализм құбылыстарын анықтап берді. Көркем шығармашылықтағы М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезовтерден тамыр тартқан модернизм үдерісінің ХХ ғасырдың 60-80 жылдар прозасына әкелген ықпалына да қатысты «ХХ ғасырдың катаклизмдерінің ішінде ғұмыр кешкен адамды тұтастық күйінде қарау – драмалық қазақ прозасының соңғы онжылдықтардағы негізгі бағыты. Авторлар мұнда модернистік деп аталатын поэтиканы қолдана бастайды (тәмсіл, сана ағымы, түс, фантастикалық суреттер мен образдар, бөлшектенген сананың метафорасы ретіндегі қос жарылу)» сипаттағы құнды тұжырымдар жасады (Есембеков Т. Драматизм и казахская проза.– Алматы: Ғылым, 1997. Б.220). Сонымен қатар Т. Есембеков зерттеуінен кейін жыл аралата шыққан А. Исмақованың «Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль» (1998) зерттеу еңбегінде қайта оралған Алаш қаламгерлерінің туындыларындағы экзистенциалистік проблематика, қазіргі қазақ прозасындағы фольклорлық фабулаларды, аңыздық-ертегілік сюжеттердің жаңаша түрлендіру – неомифологизм сияқты модернистік әдебиет принципі жөнінде мәнді байламдар жасады.
1960 жылдардан бастап қайта өріс ала бастаған қазақ модернизмі маркстік-лениндік эстетикаға көзсіз берілуден бас тартудан, тоталитарлық сана үстемдігінен арылуды ойлай бастаудан, «жарқын коммунизмге бет алып бара жатқан» өз қоғамдарының болашағына шүбә келтіруден барып күш алды. «Жылымық» кезең рухани кеңістікте біршама еркіндіктер, қоғамдық ойға өзгеше сарындар енгізуі нәтижесінде әдебиеттің де құрсауы босап, идеялық-эстетикалық жаңа сапалар көзге ұра бастады. Көркем әдебиет ендігі кезде адам болмысына деген жаңа көзқарастарға сорап салып, жеке адамның аңсарына, оны рухани-психологиялық феномен биігінен көруге, адамның ақиқат құбылыстармен қатынасын жаңа философиялық критерийлер арқылы бажайлауға ден қойды. Мұндай сапалық өзгешеліктер көркем шығарманың бейнелеу құрылымдарына да әсер етпей қалған жоқ. Мұны ХХ ғасырдың 60-80 жылдар әдебиетін таразылаған көп зерттеушілеріміз айтып келе жатыр. Дәл осы шақта әдебиетке тың серпін ала келген жаңа буынның пайда болуы, олардың дүниетанушылық, стильдік-көркемдік ерекшеліктері туралы біршама зерттеулер жазылды.
Сондай мысалдардың бірі – 1963 жылы «Жұлдыз» журналының беттерінде өрістеген полемикалық мақалалар. З. Серікқалиевтің «Сын және жаупкершілік» (№2), Қ. Ысқақовтың «Сырлассақ қайтеді?» (№2), «Еліктеу ме, мұқтаждық па?» (№5), әсіресе А. Сүлейменовтің «Түр туралы бірер сөз» (№4), Ә. Кекілбаевтың «Дәстүр мен дәуір» (№6), О. Сүлейменовтің «Қаһарманым хақында» (№6), Жайсаңбек Молдағалиевтің «Жарайды сырласайық» (№6) мақалалары әдебиеттің жаңа парадигмалары мен дәстүрдің ролі турасында болды. Полемикалық сипат алған бұл мақалаларда өскелең әдебиетке биік талаптар қоя білетін сыншылдық ойға жаңаша тұғырнамалар керектігі, қалыптасып келе жатқан жаңа буынның ізденіс өрісін бағдарлай отырып, олардың туындыларындағы кейіпкер болмысы, сюжеттік арқаулар, форма, дәстүр сілемдері мен жаңа стильдік бедерлер т.б. сөз болды. А. Сүлейменовтің «Түр туралы бірер сөз» мақаласында авторлық баяндау стиліне қатысты, түр мен мазмұн сынды ауқымды әдеби-теориялық категорияларға маңыз берілді.
Оны сыншылар да қуаттады.Ә. Бөпежанова: «Қазақтың жаңа прозасы туралы әңгіме 90 жылдар бедерінде ғана толымды сөз бола бастады. Ал, бұл прозаның тарихы ХХ ғасырдың 60 жылдарынан басталатыны белгілі. Бұл – мәдени-рухани кеңістікке 60 жылдағылардың шыққан кезең – қазақ әдебиетіне модернизмнің келуі еді...»,-дейді (Бөпежанова Ә. Өнер – жеке тәжірибе. // «Алтын Орда», 2003.01. №2).
Модернизм әдебиетінің ұстанар басты принциптерінің бірі көркем шығарма тінін сана ағымына орайластыру десек, мұндай сипат 1960-80 жылдардағы қазақ прозасында анағұрлым басымдыққа ие болды. Мұндай үдеріс әсіресе, Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, О. Бөкей, А. Сүлейменов, Қ. Ысқақов, А. Нұрманов, М. Мағауиндердің стильдік бағдарына тән еді.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары социалистік реализм принциптерінің дағдарысқа ұшырауы рухани құндылықтарды қайта салмақтауға деген сұраныстар туғызды. Түбегейлі өзгерістерге деген қажеттілік қазақ әдебиетінде бөлекше эстетикалық ахуал қалыптастырды. Оны «постсоциалистік реализм эстетикасы» деп атауға болады. Өйткені бұрын қоғамдық идеал, әлеуметтік-саяси фон, кеңес адамына тән болуға тиісті делінетін мінездер мен әрекеттерді суреттеу сынды тенденциялар жетекшілік етсе, енді жеке адамды рухани феномен деңгейінен қарап, оның болмыспен қарым-қатынасы хақында жаңа концепциялар жасалды. Бейнелеудің, жаңа көркемдік танымның өзгеше жүйесін әкелген модернизм адам тұлғасын жаңаша тану ұмтылыстары нәтижесінде орнықты. Мұны қазақ прозасының идеялық тұрғысынан, образдар табиғатынан, баяндау үдерісінен, тілдік-бейнелілік бітімдерінен қиындықсыз аңғаруға болатын еді.
Қазақ прозасындағы модернизм өзіне дейінгі көркемдік даму бағдарын қайта қарастырудан, кеңестік жүйе адамдары сүйенген рухани құндылықтарды терістеуден құнарланды. Ұлттық әдебиеттегі модернизмнің иедеялық көркемдік сипаттары мынадай ерекшеліктермен көрінді:

  • Жазушылар үшін нақты өмір шындығын танытудан гөрі өмір туралы таным-көзқарастар маңызды болды. Олар адам мен әлем қарым-қатынастарын байыптауда заттар мен құбылыстардың эмпирикасынан тыс мазмұнға да көңіл аударды;

  • Ұлттық прозамыздағы модернистік ағымды құраған жазушыларда өмірді, өмір шындығын хаос, абсурд дүниесі ретінде суреттеу басымдық иеленді;

  • Әдебиетке жатсыну сынды күрделі философиялық мәселенің енгізілуі адам тұлғасын иррационалдық тұрғыдан көрсетуге себеп болды. Прозада адам бейнесін социумнан ажыраған, тегінен, айналасынан, қоғамнан жатсынған кейіпкерлер арқылы бейнелеу үрдісі байқалды;

  • Модернистік әдебиеттің «сана ағымы» концепциясына иек артуы, прозалық шығармалардың құрылымдық жүйесіне бірқатар өзгешеліктер алып келді. Автордың субъективті позициясынан өрістейтін толассыз ой ағындары мен кейіпкердің күрделі монологтары сюжет ролін мейлінше төмендетті. Сана ағымы поэтикасына сәйкес шығарманың композициялық бітімінде, образдар мінездері мен әрекеттерінде логикадан тыс бұрылыстар, шартты суреттер белең алып отырды;

  • Шындықты субъективті тұрғыдан игеру туындылардағы әдеби ойын элементтерінің айқын көрініс беруінен аңғарылады;

  • Модернизм рационалистік ойлау стереотиптерді батыл түрде бұза алғандығының айғағы – миф пен мифологиялық реминисценциялар кең түрде пайдаланыла бастады. Шығармашылықта архетип-кейіпкерлер, мифологизм элементтері, аңыздық сюжеттердің адам болмысының қарама-қайшылықты табиғатын ашу үшін, бүгінгі күннің рухани мәселеріне тереңдеу үшін қолданылуы неомифологизм ағымын қалыптастырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет