5-дәріс. Символизм ағымы
Жоспар:
Символизмнің қалыптасуы мен дамуы
Қазақ әдебиетіндегі символизм
1. Символизм (фр. Symbolisme) - өнердегі (әдебиеттегі, музыкадағы және кескіндеме өнеріндегі) ең үлкен ағымдардың бірі. Бұл шығармашылық эксперименттермен, жаңашылдыққа ұмтылумен, символдарды, яғни тұспалдауды, нысананы жұмбақтаумен және тылсым бейнелерді қолданумен ерекшеленеді. Бұл ағым Еуропада ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында, одан кейін Ресейдің әдебиеті пен өнерінде өріс алды.
«Символизм» термині алғаш рет француз ақыны жан Мореастың 1886 жылы «Фигаро» газетінде жарияланған «Le Symbolisme» атты мақаласында қолданылған (Бұл еңбекті манифест деп те атайды). Бұл манифест жаңа бағыттың негізгі принциптерін жариялады және ақынның немесе суретшінің нәзік көңіл-күйін білдірудің негізгі тәсілі ретінде символдың үстемдігі туралы ойлар неізделді. Символизмді ұстанушылар өздерінің эмоцияларында, армандарында, санасының түкпірінде және фантастикалық қиялдары арқылы жердегі тіршіліктің мәнін іздеді. Өйткені реалистер қоршаған әлемді әсем безендірусіз бейнелеуге, сол қалпында беруге тырысты. Ал ондай бейнелеуді қабылдамаған символистер бәрін жұмбақ пен мистицизмнің астарына салып, түрлі бейнелер мен белгілерді қолданды. Мәселен, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы символист-суретшілер романтизм дәуірінің поэзиясы мен әдебиетінен, әртүрлі аңыздардан, мифологиядан және библиялық мәтіндерден шабыттанып, терең мифтік, мистикалық және эзотерикалық мағынаға ие кейіпкерлер мен заттарға толы картиналарын салды. Осы бағыттағы суретшілер үшін ең танымал тақырыптар дін мен оккультизм, әртүрлі сезімдер мен эмоциялардың берілуі, махаббат, өлім, ауру және адамның әртүрлі көлеңкелі жақтары болды. Символистердің суреттері ең алдымен, терең философиялық мағынасымен ерекшеленді және нақты бейнені емес, автордың сезімдері мен эмоцияларын, тәжірибелері мен көңіл-күйлерін көрсетуге тырысады. Бұл стиль арқылы дүниеге келген суреттер белгілі бір формалар мен түстерді қолданудың арқасында емес, олардың мазмұны, ондағы тұнған терең мағынасымен ерекшеленді. Символистердің суреттерінде бейнеленген кейіпкерлердің бет-пішінінде ешқашан жағымды эмоциялар болмайтын еді. Бұл осы ағымның талаптарына байланысты еді. Символистер адамдарға айналасындағы әлемнің жетілмегендігі туралы ойды жеткізу маңызды болды. Полотнолардың артқы фоны әдетте бұлыңғыр және тыныш монохроматикалық түспен бейнеленді де, алдыңғы қатардағы сурет өте жалпыланған және қарапайым, ең кішкентай элементтерге шейін айқын контурлары байқалады. Суреттердің сюжеттік желісі жұмбақ пен мистицизмге толы, әр бөлшектің өзіндік символдық мәні бар, ол мұқият үңілуді және зерттеуді қажет етеді. Сурет өнерінің мұндай үлгілері адам ақыл-ойының тереңдігі арқылы алыс сапарға жібереді, белгілі бір көкжиектің болуын және өзінің сезімдері мен эмоцияларына сенуді талап етеді.
Символизм тек әдебиет, сурет өнерінде ғана емес сәулет өнерінде де салтанат құрды. Кез-келген архитектуралық құрылымның негізінде оның жасаушылары салған символдық мағына жатты. Көптеген ғимараттар мен құрылыстардың пропорциялары (грек және Рим храмдары, готикалық соборлар, вавилондық мұнаралар, Египет пирамидалары) олардың формаларының символдық мағыналарын білдіреді. Бұлар ғарыш кеңістігі модельдерінің жердегі проекциясы ретінде көрінді. Сәулет өнеріндегі негізгі белгілер – шексіздікті, аспанды, қозғалысты немесе күннің көтерілуін бейнелейтін шеңбер (Кельндегі үлкен әулие Мартин соборында, Санкт-Петербургтегі Исаак соборындағы күмбездер шеңбер түрінде), Үштаған –жердің символы және оның аспанмен өзара әрекеттесуі білдіреді.
Сондай-ақ, ғимараттардың қасбеттерінде бейнеленген әртүрлі жануарлар мен құстар (арыстандар, бұқалар, бір мүйізділер, екі басты бүркіттер) ерекше символдық мәнге ие. Бұл құбылыс зооморфизм деп аталады. Яғни қасиетті жануарларды құдайдың жердегі бейнесі ретінде бейнелеу, әр жануардың өзіндік мифологиялық мәні мен символдық мәні бар.
Ал саз өнері символизм эстетикасындағы әлемді түсіндіру тұрғысынан ғана емес, поэтикалық тұрғыдан да маңызды категориялардың бірі болып саналады. Тіпті өнерпазға өз ойын жеткізуге шексіз бостандық және тыңдаушыға шексіз интерпритация беретін жалғыз өнер түрі деп қарастыратындар да бар. Алайда, осы еркіндікке қарамастан, көптеген тыңдаушылар тек өз сезімдерімен шектелгісі келмейді, бірақ сазгердің шығармада «шифрлаған» мәніне бойлағысы келеді. Бетховеннің өзінің бесінші симфониясының төрт алғашқы нотасы «тағдырдың есікті қағуы» дегенді білдіретінін жеке мойындағаны сияқты құбылыстар көптеп кездеседі.
Мұны айтып отырған себебіміз симфолизм өнердің барлық саласында аса қуатты ағым ретінде әсер етті. Оның пайда болуына әсер еткен рухани және тарихи нақты жағдаяттар болғанын, сол арқылы символизм теориясын жан-жақты ашып көрстеу үшін оның өнер түрлеріндегі жалпылық қырларын ашып алу қажет.
Символизмнің шығуына буржуазиялық мәдениеттің дағдарысқа ұшырап, тарихи-әлеуметтік жағдайдың өзгеруі себеп болды. Символизм ағымында жазылған шығармалар шындықтан аулақтап мистикаға, декаденттік сарындарға бой алдырды. Адамның болмысының, қаһарманның дарашылдығын жақтады. Символист-суреткерлер рухани бостандыққа деген айрықша құлшыныстарын білдіре отырып, нақ осы шындықтан тылсым шындықты табуға тырысты, әлемнің идеалды мәнін, оның шынайы және мәңгілік сұлулығын түсінуге тырысты.
Символизмнің ең негізгі деген ерекшеліктерін санамалай айтсақ, олар мынадай:
қос әлем туралы идея (нақты әлем және басқа әлем);
символдардағы шындықтың көрінісі;
әлемді түсіну мен бейнелеуде түйсікке ерекше мән беру;
дыбысты жазуға түсіруді ерекше поэтикалық құрал ретінде дамыту;
әлемді мистикалық тұрғыдан түсіну;
мазмұнның жан-жақты поэтикасы (аллегория, меңзеу);
діни ізденістер («еркін діни сезім»);
реализмнен бас тарту.
Символист-ақындардың эстетикалық ұстанымдарының өзегінде «ақсүйектерге тән даралық», трагедиялық гуманизм, «бостан тұлғаға» деген жаңа көзқараста болу идеялары жатты.
Символизмнің негізі ХІХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Францияда қаланды. Олар: Поль Верлен (1844-1896), Артюр Рембо (1854-1891), Стефан Малларме (1842-1898) шығармашылықтары. Нақытырақ айтсақ, символизмнің алғашқы іргетасы 1871-1873 ж.ж. Париж Коммунасынан кейін қаланды. Кейінірек оны әдеби ағым ретінде теоретик Стефан Малларме өз деңгейінде қалыптастырды. 1886 жылы «Фигаро» газетінде «Символизм манифесті» басылып шықты. Верлен «Қарғыс атқан ақындар» очерктерін жарыққа шығаруы символизмге танымалдылық алып келді. Сол шақтағы символистер өздерін «қарғыс атқандар» деп атағаны да белгілі.
Француз оқырмандары 1886 жылғы Мореас манифесінің («Символизм манифесін» («Le Symbolisme») арқасында ХІХ ғасырдың 70 жылдардағы мәтіндер арқылы бұрынғыдан бөлек жаңа поэзиямен танысты. Ол кездегі француз мәдениеті бір-бірімен қайшыласқан ағымдар мен бағыттарға толы еді. Яғни оқырмандардың бір парасы романтизмді төбесіне көтеріп, Виктор Гюгоның шығармашылығын биікке көтеріп жатқан, оқырман қауымның келесі бір бөлігі Эмиль Золяның натурализміне тамсанып жатқан. Ал сол шақта әдебиетте қалыпқа сыймайтын, таңқаларлық, жұмбақ кейіпкерлер, тылсым құпияларға бай образдар пайда болды. Ондай образ жасаушыларды сыншылар декаденттер деп атай бастады. Мұндайлық нышандар оқырманның жаңа буынын айрықша өзіне баурап алды. Олар символистер еді. Символистер қалыпты әдеби мансапқа немқұрайлы қарады, 1886 жылға дейін олардың көптеген мәтіндері мүлдем басылмады. Бірақ олар кәсіби сынға алаңдамады да. Олар үшін ақын – сиқыршы, жұмбақ пен оны болжайтындар арасындағы делдал. Патриот-сыншылардың біразы символистерді «солтүстік» ықпалына, яғни неміс, скандинав және орыс әдебиеттеріне мойынсұнған, солардан келген идеалистік тұманға алданып, қастерлі латын мұрасынан бас тартқандар деп айыптады.
Француз символизмінің эстетикасы символды «айтылмаған нәрсенің» құпиясына жақындаудың негізгі құралы ретінде қолданумен байланысты. Француз поэзиясындағы символдың ерекшедігі нақтылықтан абстрактілікке ұмтыла отырып, «көрінетін, естілетін, сезілетін, дәмін татып көре алатын нәрседен идея туралы әсер қалдыру» (Метерлинк).
Француз символизмінің тікелей ізашары романтизм болды, оның табиғатында символдық көзқарас жатыр. Колридж үшін поэзия – «заттардың құпиясын ашу қабілеті». Новалис үшін «поэзияда мистикалық көптеген байланыс нүктелері бар. Бұл аянмен берілген ерекше, жұмбақ сезім». Табиғатты неміс романтиктері шексіздіктің символ ретінде қабылдайды. Еуропалық символистерінде ақынның қызметі орфикалық дәстүрде түсіндіріледі: ақын – пайғамбар, «Құдай аузымен сөйлейтін жан». Мәселен, Француз ақыны Дж. де Нерваль өзіне армандаушы және сиқыршы ретінде қарады, оған «ғаламның құпиясы» қол жетімді. Француз символизмінің эстетикасы қарапайым заттардың астарында ғаламат құпия бар деп біледі. Оны шешу құдыреті тек өнерге, әсіресе музыка мен поэзияға тән. С.Малларме «Поэзиядағы құпия» (1896) атты мақаласында «поэзия – әлемді түсінудің ең жоғарғы формасы», десе, В. Э. Мишель «Өнердегі эзотеризм туралы» (1891) деген еңбегінде «поэзия дінге етене жақын, ақынға Құдайдың құдіреті берілген» деп тұжырымдады. Яғни, материядан рухты биік көретін романтизмде символистік әдебиеттің негіздері қаланды. 1886 жылы Ж.Мореас монифест жариялағаннан кейін «символизм» термині XIX ғасырдың аяғындағы поэзияның бүкіл қабатына сіңіп кетті. Ол символистік шығармалардың мазмұны мен формасы мәселелерін қамтитын эстетикалық бағдарламаны тұжырымдады. Мореас символизм дәстүрін А. де Виньидің өлеңдеріне, У. Шекспирге, мистиктерге апарып тірейді. Өз замандастарынан Ш.Бодлерді жаңа поэтикалық қозғалыстың шынайы ізашары ретінде қарастырады, Маллармеге «жұмбақ және айтылмайтын сезімді ашқан», П. Верленге «өлеңнің қатал қалыптарын бұзғандығына» ерекше назар аударады. Оның негіздеуінше символизмдегі ең басты ерекшелігі – өзіндік Идеяны ешқашан ашпау. Осылайша, символизмде табиғаттың суреттері, адамдардың іс-әрекеттері, барлық нақты құбылыстар өздігінен көріне алмайды: мұнда олардың түпкі идеяларымен жасырын туыстығын анықтауды мақсат еткен тіндер ғана көрінеді».
Өздерін символистер деп атайтын санайтын – Рене Гиль, Т.Корбьер, Л. Тайад, Г. Кан, Ж. Лафорг және т. б. – француздық символизмінің даңқын асырған – Ш. Бодлер, П. Верлен, А. Рембо және С. Малларменің тәжірибелерін жүзеге асырды.
Жалпы, еуропалық символизм сол шақта үстемдік етіп тұрған реализм мен натурализмге ашық қарсылықтан пайда болды. Француз жазушысы Жозефен Пеладан «реализм толығымен күйреуі керек» деді. Өйткені бұл сол кезеңдегі көңіл-күй ауаны еді. Еуропа ол кезде түрлі «үкімдерді» естіп те жатыр еді. Мысалы, Ницшенің «Құдай өлгені», Шпенглердің «Батыс күнінің батуы», Койренің «Ғарыштың жойылуы», Гегель мен Кожевтің «Тарихтың аяқталуы» туралы идеялары жариялады. Символистер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын өтпелі дәуір ретінде қарап, содан кейін руханилықтың күшеюіне әкелетін «жан үстемдігі» салтанат құруы тиіс деп білді.
Символизм ағымын ұстанушылар өздеріне теориялық тірек ретінде немістің идеалистік философтары А.Шопенгауэр, Э.Гартман, Ф.Ницше еңбектерін алды. Ал ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында орыс поэзиясында кең қанат жайды. Бұл кезең орыс әдебиетінің «күміс ғасыры» ретінде белгілі. Франциядан тараған символизм ағымы Ресейде А.Блок, В.Брюсов, Д.Мережовский, Ф.Сологуб, К.Бальмонт сынды ақындар шығармашылығы арқылы кең өрістеді. Олар өздерін Батыс Еуропадағы символистермен байланыстырғысы келмей, орыс символистік мектебінің өкілдері ретінде Фет, Тютчев және Фофановтарға жүгінді. Яғни, символизмнің отаны еуропалық әдебиет екенін мойындағысы келмей, тамыр-тектерін өз топырағынан іздеуге тырысты.
Зерттеушілер орыс символистерін екі буынға бөледі: «аға буын» өкілдері – Д. Мережковский, А.Добролюбов, З. Гиппиус, К. Балмонт, Н. Минский, Ф. Сологуб, В. Брюсов; «кейінгі буын» жас символистері – А.Блок, А. Белый, Вяч. Иванов, С. Соловьев, Ю. Балтрушайтис және т. б.
Бұл кезеңде орыс өнерінде философиялық материализмнен, реалистік эстетикадан бас тартқан декаденттік идеялық-көркемдік бағыттар күш алып еді. Көркемдік дүниетаным ретіндегі декаденттіктің типтік белгілері –шындыққа, адам санасының объективтілігіне сенбеу, қас-қағым сезімдер мен мистикаға ұмтылыстар.
Орыс әдеби символизмінің тарихы бір уақытта Мәскеуде және Петербургте қалыптасқан екі әдеби ұйымнан бастау алады. Батыс философиясы (Ницше, Шопенгауэр) мен Еуропалық символистер шығармашылығына ортақ қызығушылық негізінде Мәскеуде өлеңтану мен поэтиканың символистік студиялары ашылды. В.Брюсовты, К.Бальмонтты, символистік «Весы» журналының шығарушысы Ю.Балтрушайтисті индивидуализм, эстетизм, өнердің қоғамдық мәнін жоққа шығару идеялары біріктірді. Петербургтегі символистер тобының философиялық-эстетикалық ұстанымдары Мәскеудегі топ символистерінің ұстанымдарынан өзгеше болды. Бұл топқа З.Гиппиус, Д.Мережковский, Н.Минский кірді. Оларға В.Розанов жақын болды. Мәскеулік топтың «таза эстетизміне» олар өздерінің «діни қоғам»идеясын қарсы қойды. Олар үшін символизм әдеби мектеп қана емес, дүниетаным категориясы болды. Аталмыш кезеңнің тоқсаныншы жылдары Петербургте Мережковскийдің жетекшілігімен «неохристиандық» «Новый путь» (1903-1904) журналы басылып шыға бастағанда, олардың оқшаулықтары анық білінді. Бұл журнал «неохристиан» - әдебиетшілердің басын біріктірді. Екі топ көп ұзамай бірігіп, ортақ әдеби бағыт ретінде бас көтерді.
2. ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясына символизмнің қазақ айтарлықтай ықпалы болғаны Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеевтің шығармалары арқылы көрінеді. Ол елемеуге болмайтын құбылыс еді. Тіпті 1940 жылы шыққан Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» атты оқу құралында ұлттық әдебиетіміздегі символистік үрдістерді айналып өте алмағаны байқалады. Ол аталған екі ақынның көп өлеңдері символистік эстетика принциптеріне сай екенін атап өтеді. Осы арқылы символизм ағымына ұлттық әдебиеттануында тұңғыш толыққанды теориялық сипаттама береді. «Символизмнің философиялық негізі Платоннан басталған абсолюттік идеализммен және о дүние бар деген діншілдік мистикамен байланысты. Олар адамның нағыз жан түкпірінде екінші бір дүние бар; сыртқы реальный дүние о дүниенің елесі; бұл дүниенің сол екінші дүние арқылы білуге болады; бірақ, ол екінші дүниенің сырын дәл білуге болмайды, оны жорамалдап сезуге болады, сондықтан ақынның шығармасы да сол жасырын дүниеге жорамал, символ түрінде жазылу керек дегенді негізге алады. Ақындар да қайғы, қиял дүниесін, адамның жеке дарашылығын дәріптей жазды, негізгі тақырыбы өлім, махаббат, таза сезім суреттері, табиғаттың күңгірт сағымы болды...Революцияға қарсы шыққан Мережковский, Бальмонт, Мағжандар «өлімді» «жын-сайтан», «қорқытты» жырлап, жылап-сықтап сары уайымға түсті» (Ысмайлов Е. Әдебиет теориясының мәселелері: оқу құралы / қазақша кириллица әрпіне түсірген және беташар сөзін жазған Ж.Мәмбетов. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – Б.101-102.) Әдебиет зерттеушісі А.Шәріптің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты монографиясында қазақ символизіміне арналған тарау бар. Қазақ поэзиясындағы символизмнің орны жайлы А.Шәріп: «Бір қызығы, Еуропа символизмі жарты ғасырға жуық қом жинаса, оның Ресейдегі жаңғырығы жүзжылдықтың ширегіндей уақытқа созылыпты; ал қазақ поэзиясындағы өткінші жаңбырдай бұл құбылыс қас-қағым сәтте маңайын көкке малшындырып, тынысты тазалап, қат-қабат құнарын қалдырып кетті. Қазақ символизмі аяғынан тік тұра бастаған заматта, Еуропа мен орыс символизмі толысу, тіпті тоқырау сатыларын өзегінен түгел өткеріп, «жасарын жасап» үлгерген еді. Сондықтан Мағжан мен Бернияз өз шығармашылықтарында атышулы әдеби ағымның кемелі мен кемшінін, өміршеңі мен өтпелісін саралап-сұрыптап пайдалану мүмкіндігін иеленді. Ең бастысы, қазақтың мәдениет бақшасына символизмнің туын тіккенде, оны ұлттық поэзияның ілгерідегі үздік үлгілерімен табиғи будандастыру, терең байланыстыру міндетін мойынға артты» - деген тұжырымы бар (Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея – Алматы: Білім, 2000. –Б.21). Яғни, Мағжан мен Бернияз осы әдеби ағымдағы өздерінің жолдарын тауып, өзіндік дара стильдерінде көрсете білді.
Ғалым Е.Тілешов Мағжан ақынының символизмге баруының жоғарыда көрсетілген себептерден басқа бірнеше себептерін атап көрсетеді: «Жұмабаев – өлеңнің сыртқы түріне үлкен мән берген мәдениеті жоғары ақын. Ол символистік шығармаларына дейін-ақ романтикалық шығармаларында өлеңнің түрі саласында бірқатар ізденістер жүргізген, яғни ақынның бұл бағыттағы суреткерлік тәжірибелері символизм тұсында кеңейіп, мақсатты түрде жүзеге асырыла бастады. Символизм Мағжанның осындай ізденістерін одан әрі күшейте түсті деуге болады. Ал символизмнің әдеби ағым ретіндегі ерекшелігінің бірі - форманың келістілігі мен кемелділігі. Екіншіден, оның романтик ақын болуы да символизміне әсер етті. Символизмнің теориясы мен тарихын зерттеушілер оның романтизммен байланысын атап көрсетеді. Тіпті ХХ ғасыр басындағы орыс әдебиеттануында оны неоромантизм деп атағандар да бар. Романтизм секілді символизмнің де негізінде дүниені идеалистік тұрғыдан қабылдау, бейнелеу жатыр. Субъективтік, дарашылыдық, өз дәуіріне көңілі толмай уайымға салыну, трагедиялық күйлерге түсу романтизмге қалай етене жақын болса, символизмге де жат бола қоймайтын белгілерден саналады. Үшіншіден, Мағжанның дүние дидарын трагедиялық кескінде қабылдау бейіміне – оның жеке өміріне де үлкен ықпал жасады. Ақын тағдырындағы ауыр оқиғалар, олардың ақын жүрегіне салмақ түсіруі, лирикасындағы жан-жарасын бейнелейтін сәттерді тереңдетіп жіберді. Кезінде Мағжанның сыншылары теріс түсінікке айналдырған ақын өлеңдеріндегі уайым, мұң, әсіресе, осы тұста қалыңдай түсті. Ол суреткердің ойынан тапқан, қиялдан жасаған әлемі емес - Мағжанның өмірінен өрілген шынайы тебіреністері еді» (Тілешев Е. Суреткер және көркемдік әдіс. – Алматы: «Арқас», 2005. – Б.100).
Ақынның символистік өлеңдері негізінен 1920 жылдардың басында туды. Зерттеушілер Мағжанның символизм ағымына еліктеп жазған жиырмаға жуық өлеңі бар деп есептейді. Атап айтқанда, «Толқын», «Адастым», «Жазғы жолда», «Сең», «Шолпы», «Қайың», «Қысқы жолда», «Мені де, өлім, әлдиле», «Жан сөзі» т.б. Қаламгердің символға құрылатын шығармаларының негізі табиғат лирикасының үлесінде. Табиғат көріністерін құпиялау, жұмбақтау нысанына айналдыру сынды поэтикалық тәжірибені жүзеге асады. Мағжанда әлем символистерінің, осы ағымды ұстанған орыс ақындарының әсері болғандығы танылады. Мысалы, К.Бальмонттың «Толқын» өлеңі мен М.Жұмабаевтың «Толқын» туындысының арасындағы терең үндестіктерді символизмге тән эстетика ерекшеліктерімен түсіндіруге болады. Бальмонт:
Набегает, уходит, и снова, светясь, возвращается,
Улыбается, манит, и плачет с притворной борьбой,
И украдкой следит, и обманно с тобою прощается, –
И мелькает, как кружево, пена во мгле голубой.
О, волна, подожди! Я уйду за тобой!
О, волна, подожди! Но отхлынул прибой.
Серебристые нити от новой Луны засвечаются,
Все вольней и воздушней уплывшему в даль кораблю.
И лучистые волны встречаются, тихо качаются,
Вырастает незримое рабство, я счастлив, я сплю.
И смеется волна: «Я тебя утоплю!
Утоплю, потому что безмерно люблю!», - деп сиқыр толқынның сыңғыр күлкісімен тұңғиығына батырып жіберетінін, бірақ адамның іңкәрлігі толқынға бір басылмайтынын, қатер мен махаббаттың еркін қойындасып кететінін жырласа, Мағжан:
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны – күлгені,
Күлгені оның – өлгені,
Жылай, күле өледі.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын тынады,–
деген жолдар өзіне ынтыққанды ыстық құшағына алып тұншықтырарын, мазақ етерін меңзейді. Толқын образында өмір философиясы да, замана толқыны да астарланады. Бальмонттың толқындарындай асау, адуынды болмаса да қазақ ақынының өлеңінде өзермелі дүниедегі адам тағдыры, тіпті тұтас ұлт тағдырының құбылып тұрған уақытпен, дәуір өзгерістерімен де астастырады. Бұл өлең сиволизмнің нағыз бабына келген шағында, дәлірек айтсақ, 1899 жылы жазылған Адольф Реттенің «Кеменің ізі» атты өлеңін еске салады. Ол шығармада да сол кездегі буржуазиялық қоғам дағдарыстарын кеменің дауылға ұрынып, ақыры күйреп тынатынымен астарлайтын.
Сондай-ақ, орыс әдебиетіндегі ірі символист-ақындардың бірі Д.С.Мережковский «Дети ночи» деп аталатын өлеңіне М.Жұмабаевтың «Пайғамбар» өлеңі жауап ретінде жазылғанын, ондағы символистік ұстанымдарды да зерттеуші Б.Қанарбаева таратып жазды (Қанарбаева Б. Мағжан символист.– Алматы: Экономика, 2007. – 288 б.). Расында да алдағы келе жатқан зауалдар мен қатерлерді астарлап көрсету үшін өздерін Пайғамбарға балайтын тәсіл әлем символистерінің көпшілігіне тән еді.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтедi,
Ой артынан ойлар келiп кетедi.
Түн баласы көр көзiнен жас төгiп,
Күншығыстан бiр пайғамбар күтедi...
Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi,
Туа сала жалынменен мен жуғам.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.
Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар, –
деген жолдардан мистикалық образдар арқылы көркем ойлау сипаттары анық байқалады. Бұл өлең арқылы қазақ әдебиетіндегі мистикалық сарын толықтай орнығып, символизмнің орны одан сайын айқындала бастады.
Символизмге тән бейнелілік, ойдың тым астарлы мәнде ұсынылуы, суреттілік, адамның рухани бостандыққа ұмтылушылығы, сол арқылы абсолютті идеяға құлшынысы қазақ әдебиетін идеялық-эстетикалық жағынан байыта түсті. ХХ ғасыр басындағы поэзияда Мағжан арқылы танылған пішіндік жаңалықтарда да символизмнің олжасы аз емес. Символизмдегі дыбыс сиқырларын өлеңмен беру, әуезділік пен үндестік қазақ өлеңін тың ізденістерге бастады.
Астарлау мен ишара, айтар ойды әдейі бұлыңғырлатып ұсыну бейнешіл ақындардың ышғармашылық принципі. В.Брюсов айтқандай, «белгісіздікті күту, кектену, көзсіз құмарлық, ащы өкініш пен ыза, терең ойға берілу, шулы ортадан өздерін оңашалау арқылы жанына тыныштық іздеу» қай символистерге тән ерекшеліктер. Мұндай сипаттар Мағжан Жұмабаевтан кейінгі қазақ әдебиетіндегі символизмнің тағы бір көрнекті өкілі – Бернияз Күлеев. Ақынның «Өзім», «Сүйгеніме» өлеңдері, «Жорық» поэмасы, т.б. шығармаларының Мағжан өлеңдерімен үндестігі байқалады.
Осы ағымның қазақ әдебиетінде алар орны айрықша. ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы символизмді тек Мажан мен Берниязбен шектемеу керектігі айтылып келе жатыр. Бұл кезеңдегі символизмнің сарыны Шәңгерей Бөкеевтің шығармаларында кездеседі. «Шәңгерей қазақ әдебиетіндегі бірінші дарашыл ақын, өлеңдерінің көпшілігінде-ақ дарашылдықты жырлады» (Қ.Жұмалиев). Жәңгір ханның немересі Шәңгерей француз тілін жақсы меңгергендіктен Шарль Бодлер, Поль Верленнің шығармаларымен таныс болғандығы да айтылады (Б.Қанарбаева). Оның «Таудағы тас ұяда», «Жалғаншы, жарық дүние!», «Ол күндерді тапсырдым», «Бұл дүние панилығын етеді екен» сынды өлеңдерінде мистика мен аллегория, екі дүние арасындағы байланыс, сол арқылы алдағы күнді болжау, торығу сезімдерінің жұмбақтап берілу үлгілері бар. Мұндай сарын Мақыш Қалтайұлының «Айна», «Аурулықта», «Алтынға» сынды өлеңдерінен де танылды.
Бейнешіл ақындар деп танылған символизм ағымына іш тартушылар Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеев көтерілген биіктен көріне алмағанын да айтуымыз қажет. Әсіресе Мағжан ХХ ғасыр басы қазақ поэзиясындағы символизмнің үздік өкілі ретінде қала бермек. Десек те, әдебиетімізде символизмнің ағым ретінде бой көрсетуі қазақ поэзиясының мүмкіндігін, көркемдік-бейнелілік қуатын танытты. Бұл әлем әдебиетіндегі көркемдік тенденциялардың ұлттық топырақта өрістей алғанын көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |