Интернет көздері:
1. https://library.ksu.kz/-ҚарУ ғылыми кітапханасы
2. https://webirbis.ksu.kz – электронды каталог
3. https://rep.ksu.kz/-ҚарУ репозиториі
4. http://rmebrk.kz/ - Республикалық халықаралық электронды кітапханасы
5. https://elibrary.ru–Ғылыми электронды кітапхана
6. https://www.scopus.com Скопус
3-дәріс. Ағымдардың әдеби бағыт, көркемдік әдіс категорияларымен арақатынасы
Жоспар:
Әдеби ағымдар және әдеби бағыт
Әдеби ағымдар және көркемдік әдіс
1. ХХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап бұрынғы кеңестік әдебиет теорияшылары әдеби ағым-бағыттар мәселесін анағұрлым кең ауқымда талқылап, олардың теориясы туралы көзқарастарды бір ізге түсіріп, ортақ тұжырымға келуге деген ұмтылыстар байқатты. Сөз өнерінің даму сатылары бойынша Реннеснстан кейін келетін классицизмді ең алғашқы, әрі толық түрде қалыптасқан әдеби бағыт деп таныған Г. Поспелов: «Әдеби бағыттар қайбір елдегі және дәуірдегі жазушылар тобының белгілі бір шығармашылық бағдарламаға бірігіп, сол бағдарламаның басты ережелеріне сай шығармалар тудыру негізінде пайда болады. Бұл – жазушылардың әдеби туындыларына үлкен шығармашылық ұйымдастырушылық тәртіп пен аяқталғандық дарытады», – деген болатын (Поспелов Г.Н. Теория литературы. – Москва: Высш. школа, 1978. –С.134). Н.А. Гуляев та өзінің «Әдебиет теориясында»: «Жазушылар өз шығармашылық қызметтерінің теориялық негіздерін түйсініп, оны өздерінің манифестерінде, бағдарламалық баяндауларында жария еткенде, жақтастарымен бірге өздерінің эстетикалық ұстанымдары үшін күресте ғана әдеби бағыттар туралы сөз қозғауға болады» деген пікірінен бұл ғалымдардағы көзқарас бірлігін, бір-бірінен алшақ кетпеген пайымдауларды танимыз (Гуляев Н.А. Теория литературы. –Москва: Высш. школа, 1977. –С.190-191). Сөз өнерінің тарихи даму жолындағы ірі-ірі әдеби ортақтықтарға «көркемдік жүйе» деген терминді пайдалануды ұсынған және оған арнап көлемді еңбектер жазған И.Ф. Волков «...көркемдік жүйелердің ішінде қалыптасатын басқа сипаттағы ұйымдасушылықты біздіңше әдеби бағыттар терминімен атаған дәлірек сияқты. Жазушылар шығармашылығындағы көркемдік мазмұнның ортақ типі суреткердің адам болмысының жоғарғы мәнін немесе оның қайғысы мен қасіретін қай тұрғыдан көруіне байланысты. Басқаша айтқанда, көркемдік бағыттың негізгі көрсеткіші – көркем шығармалардың идеялық-эмоционалдық бағыттылығы мен пафосы», – дейді (Волков И.Ф. Литература - как вид художественного творчества. – Москва: Просвещение, 1985. –С.126). Зерттеушінің «көркемдік жүйелер» теориясында әдебиеттегі бірнеше ортақтықтар мен бірліктерге тоқталады. Оның дәлелдеуінше, әдеби бағыт пен ағым көркемдік жүйенің ішіндегі мазмұндық қасиеттеріне қарай айқындалатын ортақ сипаттар, ал стиль мен әдіс көркемдік мазмұнның құрылымын танытатын ортақ белгілер. Бұлардың барлығын көркемдік жүйелер біріктіреді. Бірақ әдеби үрдістің заңдылықтары мен ерекшеліктеріне арналған көптеген еңбектерде «жүйе» сөзі әр түрлі семантикалық реңкте қолданылып, өзінің терминологиялық тұрақтылығын жоғалтып жүргені де жасырын емес. Жүйе ұғымы ең алдымен, белгілі бір тұтастықты құрайтын, бір-бірімен байланысы бар бірнеше элементтердің жиынтығын білдіреді. Сондықтан да В.Е. Хализев әдеби үрдістегі жүйелік бастауға күман келтіре отырып: «Алайда мұндай фактілерді әсіре бағалаудың керегі жоқ: көркем шығармалар бәрінен бұрын бір-бірінен тәуелсіз түрде пайда болады. Элементтері жеке-жеке шығармалар болып табылатын әдеби үрдістегі ортақ сипаттар шектеулі мөлшерде ғана жүйе құрай алады. Сондықтан да, әдебиеттану адында «жүйе деп, шын мәніндегі жүйе емес құбылыстарды» қарастыру қаупі туады», – деген түйін жасайды (Хализев В.Е. Повторяющееся и неповторимое в литературном процессе.//Литературный процесс. Сб.под.ред Г.Н. Поспелова. – Москва: Изд. Московск. университета, 1991. –С.127).
Расында да, идеялық тұрғысы, әдісі жағынан бір-біріне жақын қаламгерлер өздерінің шығармашылықтарындағы үндестіктерді байқамауы мүмкін. Тарихи дамудың ең алғашқы кезеңдерінде суреткерлер өздерінің шығармаларын саналы түрде белгілі бір бағытқа, әдіске бағындырды деп айта алмаймыз. Тек кейін ғана, эстетикалық теория қалыптасып, нақты тәжірибеге айналған шақта ғана әдеби бағыттар дүниеге келді. Содан барып, көркем ойлау типі жағынан жақын жазушылар белгілі бір бағытты құрай бастады. Десек те, олардың идеологиялық ұстанымдары бір арнаға тоғысқан жоқ. Яғни бір бағыттың ішінде эстетикалық, қоғамдық-саяси көзқарастарына қарай үндесетін қаламгерлер болады. Осындай идеялық-эстетикалық бірліктің негізінде әдеби ағымдар дүниеге келді. Біз жоғарыда келтірген француз романтизмінің ілгерішіл және консервативті болып бөлінуі ағымға тән белгілеріне байланысты.
Әдебиеттегі доминанттық қуатқа ие болған бағытты басқа бір бағыттың алмастыруы кезеңінде болатын текетірестер, күрестер бір бағыттың ішіндегі ағымдардың ортасында да жүріп жатады. Олардың күресі поэтика мен стилистиканың нақты бір мәселелері төңірегінде, өнердің мазмұндық сипаты, идеалдары, қоғамдағы орны сияқты эстетиканың негізгі мәселелері ауқымында болады. Мысалы, орыс әдебиетіндегі декабристер поэзиясын алып қарайық. Олар поэзиядағы жоғары азаматтық идеялар мен сезімдерді талап ете отырып, Жуковскидің элегиялық поэзиясына қарсы шықты. Я болмаса, өздерінің идеялық-эстетикалық мұраттары сәйкеспеуі салдарынан болған Байрон мен Шеллидің Колридж бен Саутиға мақсатты түрде қарсы тұруы т.б.
ХҮІІ ғасырдан бастап адамзаттың әдеби дамуы тарихында белгілі бір бағдарламаға біріккен әдеби бағыттар пайда болды дейміз. Ал өз шығармаларын ешқандай бағдарламаға бағындырмаған, бізге мәлім әдеби бағыттардың ешбіріне жатпайтын қаламгерлер де болатыны анық. Яғни, бір бағыт үстемдік етіп тұрған елдің әдебиетінде ол бағытқа кірмейтін, шығармашылық тұғырнамалары бөлек суреткерлер өмір сүруі әбден мүмкін. Романтизм дәуіріндегі қайсы бір ірі суреткер классицист немесе сыншыл реалист, реализм дәуіріндегі кей жазушы романтик немесе натуралист болуы мүмкін. Мысалы, француз классицизмі дәуірлеп тұрған шақта Ш.Сорель, П.Скаррон, А.Лесаж сынды қаламгерлер авантюралық-плуттық романдар жазды. Бұларды классицист деп, немесе басқа бір бағыттың өкілдері еді деп айту қиын. Алайда мұндай жазушылар бір бағдарламаның аясына бірікпегенннің өзінде, олардың шығармашылығынан да идеялық-көркемдік ортақ сипаттар көрініс берді. Г.Поспелов классицизм дәуіріндегі орыс әдебиетінде де бөлек ұстанымдағы М. Чулков, М. Комаров, И. Новиков, А.Попов, А. Аблесимов, А. Измайлов т.б. қаламгерлердің болғанын, танымдық мақсатта оларды да белгілі бір әдеби-теориялық атау төңірегіне жинақтау қажет деп санайды. «Қандай да болмасын елдегі және дәуірдегі біртұтас әдеби бағдарламаға біріккен жазушыларды айқындау үшін әдеби бағыттар терминін сақтау, ал тек идеялық-көркемдік ортақтықтары бар жазушылар тобын әдеби ағымдар терминімен атау дұрыс болар еді», – дейді ол (Поспелов Г.Н. Теория литературы. – Москва: Высш. школа, 1978. –С.136).
Асылы, бір бағдарламаны мойындаған жазушылардың сол бағдарламаға қатысы салыстырмалы түрде, яғни бағдарлама шарттарын әр түрлі түсініп, әр түрлі қолдана береді. Сондықтан да бір бағыт бірнеше ағымдардың басын біріктіре алады. Әдебиет теорияшылары жиі тілге тиек ететін классицизм бағыты өкілдерінің ішінде Р. Декарттың рационалистік философиясының дәстүрінде рационалистік-азаматтық ойды дамытқан Мальерб, Корнель, Расин, Буалолар бір ағымды құраса, сенсулистік (латынша «sensus» – сезім, сезіну; Танымның негізі – сезінуде дейтін түсінік) дәстүрді нығайтқан Гассенди, Лафонтен, Мольерлер басқа бір ағымға жол салды. Бірақ бұл суреткерлердегі антикалық үлгілерге еліктеу жағынан, драматургияда әйгілі «үш бірлікке» (уақыт, орын, әрекет бірлігі) белгілі бір мөлшерде қатысы болуы тұрғысынан олардың бір бағыт өқілдері екені айғақталып тұрады.
Әдеби ағымдар табиғатын таныту барысында орыс зерттеушісі Ф.М.Головенченко бұл әдеби-теориялық категорияға біздіңше, біршама толық түсінік берген сияқты. Ол: «Жазушылар тобының белгілі бір ағымға қатысы стильдерінің бірлігі айқын болған жағдайда, олардың ашуға ұмтылған тақырыптарының ішкі байланыстары мен сәйкестіктері, идеялық тұрғысы, жасаған характері, образдары, оларды мүсіндеудегі ұстанымдары, типтендіруі, көркем баяндау тәсілдеріндегі үндестіктері көрініп тұрғанда ғана анық және талас тудырмайды», – деп қорытады (Головенченко Ф.М. Введение в литературоведение. – Москва: Высш. школа, 1964. Б.296). Қарап отырсақ, ғалымның ағымға берген анықтамасында көркемдік әдіске етене белгілер араласып жүр. Оның да өз мәнісі бар. Зерттеушінің «әдеби ағым – нақты бір көркемдік әдістің сатысы, фазасы, даму формасы... Әдеби ағымнан әдебиет дамуының белгілі сатысындағы көркемдік әдістің тірі құбылысын байқауға болады. Осыған орай әдеби ағымдарды көркемдік әдістің қалыптасуы, өркендеуі, шарықтауы және құлдырауы сияқты кезеңдері арқылы шектеу керек» деген сөзінің де жаны бар.
Ұлттық әдебиеттердің тарихы көрсетіп бергендей, өздерінің қоғамдық-саяси және идеялық-көркемдік ұстанымдары әртүрлі ағымдарды құраған суреткерлер топтарының арасында кереғарлықтар мен ашық тартыстар болмай тұрмайды. Сондықтан да әдеби ағым бір-біріне идеялық-эстетикалық ерекшеліктеріне қарай жақын қаламгерлердің бірлігі ғана деп түсіну - келте, жадағай түсінік. Бұл кейде қаламгерлердің еркінен тыс та бола беретін, әдеби үдерістің ішкі заңдылықтарын танытатын құбылыс. Содан барып, біз әдеби ағымдардың тарихын көркемдік бағыттан бұрын қарастырамыз. Өйткені бағытты қалыптастырушылар шығармашылық бағдарламаға, эстетикалық ұстаным-талаптарды сақтауға үндеп, өздерінің іс-әрекеттерін саналы түрде жоспарласа, ағымдарды түзуші суреткерлер тіпті өздерінің шығармашылық туыстықтарының арқасында «бір терінің пұшпағын илеп жүргендерін» сезінген де жоқ. Бұл, әрине, көркемдік дамудың ертедегі сатыларына қатысты. Демек, ұлттар әдебиетінде классицизмге дейін нақты қалыптасқан бағыттар болмағанымен, әр түрлі ағымдар қашан да болған.
Бағыттар мен ағымдар тұрғысынан Еуропа әдебиеті біршама толық әрі ауқымды қарастырылды. Зерттеушілер ондағы ағымдардың тарихын б.д.д. Ү ғасырға апарады. Көне грек әдебиетінің классикалық дәуірінде, аттикалық демократия кезеңіндегі драматургияда авторитарлы-мифологиялық ағым өзінің аристократияға қарсы идеяларымен стихиялы болса да бірнеше суреткерлерді үндестіріп отырды. Одан бұрынғы құл иеленуші аристократия тұсында Мигерлік Феогонид, Спарталық Тиртей мен Алкман, Фивалық Пиндар өздерінің лирикаларында азаматтық әуенді басты сарынға айналдырып, бір ағымды жасақтаса, Алкей, Сапфо, Анакреонт лирикасында махаббат сарындарын жоғары бағалай отырып, алдыңғылармен көркемдік-идеялық сипаты жөнінен қабыспайтын басқа ағымды қалыптастыра алды. Міне, көне дәуірдің өзінде ортақ идеялар мен ортақ эстетикалық құндылықтар біріктіре алған тенденциялардың өзін ағым деп қарастыруға дәлелдер жеткілікті.
Ағымдар табиғаты жаңа дәуірді айтпағанның өзінде орта ғасыр әдебиетінде мейлінше анығырақ көріне бастады. Оның бәрін осы еңбектің аясында тізбектеп шығу мүмкін емес. Айтпағымыз - әдебиет тарихын қарастырудың ғылыми тәжірибелерінен анық болғандай, әдеби ағымдар көркемдік бағыттардан ерте көрініс берген құбылыс екендігі. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің көне бастауларындағы, түркілік дәуіріндегі ағымдар сипатын анықтау қажеттілігі сезіледі. Ұлттық әдебиеттануда көне түркі әдебиетін «әдеби үдерістің басты қаһармандары – жанрлар» (Бахтин) жүйесінде қарастыру басым сипат алып келді. Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне келгенде әдеби ағымдарды назарға алу тіптен қажет. Өйткені даму, кемелдену жолында әрбір тарихи кезең рухани саланың алдына шешуге тиісті мәселелер ұсынып отырды. Халық өмірінің күрделі оқиғаларымен байланысты белгілі бір тақырыптық желілер, идеялық сарындар төңірегіне топтасулар болды да, нақты бір идеялық-эстетикалық принциптер ұлттың рухани-мәдени дамуының ұзақ уақытында үстемдік құрды.
Әдеби үдерістің ортақ белгі-сипаттарынан туындайтын бағыт пен ағым ұғымдары бір-бірінен толық ажыратылып болды деп айта алмаймыз. Біздің көрсетіп отырғанымыз – ұғымдардың анағұрлым көзге анық шалынатын айырмашылықтары. Әлемдік әдебиеттану ғылымының тарихында бір ғана романтизм ұғымына қатысты «романтизм дәуірі», «романтизм әдісі», «романтизм бағыты», «романтизм ағымы» деген сияқты терминдік қолданыстар үнемі кездесіп отырады. Натурализмді әдебиеттанушылар біресе бағыт ретінде, біресе ағым ретінде түсіндіреді.
Қазақ әдебиеттануында бағыт пен ағым теориясы әредік сөз етілгенімен, жан-жақты қарастырылмай қалды. Әдебиет теориясына арналған еңбектерде аталған ұғымдарды бір-бірімен алмастыра қолдану, терминологиялық анықсыздықтар кездесіп жатады. Бүгінгі күнге дейін біз басшылыққа алып келген әдеби бағыт пен ағым, көркемдік әдіс теориясына арналған еңбектер негізінен Еуропа елдерінің әдебиеті бойынша жасалғанын үнемі қаперден шығармауымыз керек. Кеңестік дәуірдегі аталған әдеби категориялар төңірегінде өрістеген теориялық ой-пікір Франция, Италия, Германия, Испания, Ұлыбритания, Ресей елдеріндегі көркемдік дамудың мысалдарына әсіре жүгініп отырды. Өйткені бұл елдердің әдебиет тарихындағы ортақ сипаттар анағұрлым анық бедерленіп отырған-тын. Бұл елдерде пайда болған бағыттар мен ағымдардың классикалық түрлері бар да, олардың басқа елдердің әдебиетіне таралған аналогтары немесе ұқсас құбылыстары бар. Әрине, бұдан Еуропа құрлығына жатпайтын елдер әдебиетінде бағыттар мен ағымдар кездеспейді деген қорытынды шықпауға тиіс.
Алайда қазақ әдебиеті сияқты даму сатыларында өзіндік ерекшеліктері мол әдебиетте бағыттардың «типологиялық ұқсас» түрлері «классикалық формаларға» қарағанда анағұрлым кең мағынаға ие екенін де атап өткіміз келеді. Неге десек, бағыттар мен ағымдардың «классикалық формаларындағы» көркемдік-эстетикалық принциптер ұлттық топыраққа келіп орныққанда сол ұлттың тарихи-мәдени ерекшеліктеріне, әдебиетіндегі дәстүрлік негіздерге сай синтезделеді. Сондықтан да әлем әдебиетіндегі белгілі бағыттар мен ағымдардың бәрін ұлттық әдебиетімізден таза күйінде кездестіреміз деу қателік болып шығар еді. Біз адамзаттың көркемдік дамуы мен ұлттық әдебиет арсындағы байқалмай қалмайтын ортақ сипаттарды әдеби дамудың жалпы заңдылықтарына жатқызғанымызбен, ұлт тарихындағы, қоғамдық санадағы ерекшеліктерді, әдеби-мәдени дәстүр өзгешеліктерін үнемі естен шығармағанымыз игі.
Батыс әдебиеттануында әдеби бағыт және ағымды схоластикалық ұғымдар ретінде қабылдамайтын көзқарастар да жеткілікті. Мысалы, Р.Уеллек пен О.Уоррен бірнеше халықтар әдебиетіндегі үндестіктерді, шығармашылық бағдарламалар мен манифестерге негізделген сәйкестіктерді «кезең» ұғымымен белгілеуді ұсынады (Уэллек Р., Уоррен О. Теория литературы. – Москва: Прогресс, 1978. – 325 с. )
Әдебиеттанушы М.Бахтин ғалымдарды әдебиеттің кезеңдеріне баға беруді әдеби бағыттардың ролін көтере беруден сақтандырады. Оның дәлелдеуінше, әдеби үдерісті бағыттардың тар шеңберінде қарастыру кезінде жазушылар шығармашылығын айқындайтын негізгі аспектілер ашылмай қалады. Өйткені ол әдеби үдерістің негізгі сипаттарын сараптауда жанрларға басымдық бергенін білеміз.
Көріп отырғанымыздай, әлемдік әдеби контексте бағыттар мен ағымдарды әдеби үдерістегі бірнеше халықтардың сөз өнеріне тән ортақ белгілерді айқындаудағы жетекші роліне аса сақтықпен қарайтындардың қатары молаюда. Қазір әдеби бағыттар мен ағымдарды әдебиет заңдылықтарының схемасын жасау үлгісі ретінде ғана қарайтын (оның өзі батысеуропа елдерінің әдебиетіне қатысты) көзқарастар бой көтеріп келеді деп айтуға негіздер табылады. Алайда, мұның бәрі белгілі бір ұлттық әдебиет шеңберіндегі бағыттар мен ағымдардың алатын орнына көлеңке түсіре алмайды. Ұлттық әдебиеттегі бағыттар, әсіресе, ағымдар сол ұлттың көркемдік дамуының аса айқын белестері және әдебиет заңдылықтарының жүзеге асуының нақты көрсеткіштері. Осы арқылы біз ұлт әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерімен қатар әлемдік әдебиетпен шендесетін қырларын анықтап, әдебиетіміздің даму сатыларына талдаулар жүргізе аламыз.
Сонымен, әдеби ағымдардың өзара айырмашылықтарына қатысты жоғарыда айтылған мәселелерден ортақ тұжырымдар шығарайық:
Біріншіден, әдеби ағымдар әдебиеттің ертедегі сатыларынан бастап байқалатын, бағыттардан бұрын пайда болған сөз өнерінің ортақ сипаттары;
Екіншіден, әдеби бағытқа қаламгерлерді бағдарламалық-эстетикалық тұтастық топтастырса, әдеби ағымға дүниетанушылық қырлары, тарихи-әлеуметтік мәселелерге қарым-қатынасы, оны шешу жолдарындағы идеялық- көркемдік концепциясы ұқсас қаламгерлер жатқызылады;
Үшіншіден, бір бағытты құрайтын бірнеше ағымдар болады да, керісінше әдебиеттің нақты бір кезеңінде үстемдік етіп тұрған бағытқа жатпайтын, олардың шығармашылық бағдарламаларындағы ереже-талаптарды ұстанбайтын тәуелсіз ағымдар да бола береді;
Төртіншіден, әдебиттің даму жолында көркемдік әдісті қалыптастыратын әдеби ағымдар бар. Яғни, көркемдік әдістер де бірнеше ағымдарды біріктіре алады. Мысалы, реализм түрлі белгілеріне қарай ағымдарға да, бағыттарға да бөлінеді.
2. Әдеби ағымдар мен бағыттар болмысын көркемдік әдіс болмысымен тығыз байланыссыз қарау мүмкін емес. Өйткені қандай да бір ағымдар мен бағыттар белгілі бір әдістердің негізінде қалыптасады немесе оларды толықтырып, түрлендіріп отырады. Шығармашылықтарын ортақ әдіске сай жасайтын қаламгерлердің бар және болғанына әдебиет тарихынан қанықпыз. Дегенмен де, көркемдік әдісі жағынан бір-бірімен жақындасатын жазушылар өмір құбылыстарын іріктеу, тақырып таңдау, шығарма образдарын мүсіндеу және типтендіру, өзінің қолайына жағатын жанрлық түрлерге жүгінуі сияқты т.б. өзгешеліктеріне байланысты да шоғырлана алуының нәтижесінде ағымдар мен бағыттар дүниеге келіп отырды.
Жазушыларды көркемдік әдіске тек идеялық ұстанымдар ғана емес, әдеби шығармашылықтың ең жалпы принциптері біріктіреді. Сондықтан да аталған ұғымдардың арасының шекарасын анықтап алу қажеттілігі толығымен шешімін тапты деп айта алмаймыз. Өкінішке орай, біздің бұл орайдағы теориялық зерттеулеріміз ұлттық әдебиетті нақты-тарихи тұрғыдан алып зерттеуден көп кешеуілдеп қалды. Реализмді, романтизмді, сентиментализмді, символизмді т.б. бірде әдіс, енді бірде бағыт, ағым немесе стиль деп олардың нақты қай категорияға тиесілі екенін анықтап беруде әлі де көп кедергілер, тұманды жақтар мол. Бертінге дейін реализмді бір ғалымдар – көркемдік әдіс, біреулері – шығармашылықтың типі, келесісі - өмірді бейнелеудің айрықша принципі, тағы бірі – көркемдік жүйе деп түсіндіріп келеді. Зерттеушілер өз ыңғайларына қарай аталған терминдерді түрліше анықтап, түрліше қолданып жібереді.
А дамзат баласы жасап келе жатқан эстетикалық ой тарихына көз жіберсек, әдіс туралы пікірлер өте ерте уақыттан бері әредік айтылып келе жатқанын аңғарамыз. Тіпті Сократ пен Аристотель заманында аталған ұғым болмаса да өнерде кездесетін әр түрлі көркемдік әдістер туралы ой сілемдерін байқауға болады. Бертін келе көркемдік әдіс категориясы әдебиеттанушылық білімдер жүйесінде мықтап орнығып қалды да, әдебиеттану ғылымының терминологиялық аппаратында аса ауқымды орын алды. Әйтсе де, тұрақты ғылыми түсінікке айналуына, оның шынайы табиғатына берілетін анықтамалардың біркелкі болмауы бұл ұғымының мызғымастығына нұқсан келтіріп отырды. Тіпті ХХ ғасырдың аяғына қарай бұл категорияның қажеттілігіне күман келтірушілер де табылып жатты. Көркемдік әдістің аяқталған концепциясының дәйектелмеуі себепті теориялық сәйкессіздіктерге жол беріліп алынды. Мұндай кепті «стиль» ұғымының айналасынан да көруге болады.
Әдеби үдерісті зерттеушілер тарапынан қолданылып келе жатқан әдіс пен стиль сияқты теориялық ұғымдардың бір-бірінен ажыратып көрсетуге болатын ерекшеліктері хақында бірнеше көзқарастар бар екені белгілі. Зерттеуші П.А. Николаев «Көркемдік әдіс туралы, оның ұғымдық ауқымы» деген деген еңбегінде: «Әдіс пен стильді зерттеудің анағұрлым өнімді тірегі – ғылыми түсінікте баяғыдан орныққан мазмұн мен түрдің арақатынасы негізінде қарастыру... Осы жерде әдістің – мазмұнға, стилдің – түрге жататыны айғақталады. Біріншісі – көркем игеру принципі, екіншісі бейнелеу принципі», – дейді (Николаев П.А. О творческом методе: обьем понятия. // Творческие методы и литературные направления. – Москва: Изд-во МГУ, 1987. – С. 4). Әрине, мазмұн мен пішіннің өзара бірлігі, мазмұнның өзіне лайықты пішінді қажетсінетіні, шығармашылық шеберханада әуелі мазмұнның пайда болатыны, пішінге қарағанда мазмұнның приматтық қасиеті туралы дәстүрлі тезистерді жоққа шығаруға болмайды. Ғалымның дәйектеуге тырысып отырғаны әдіс пен стилдің ең тереңде жатқан терминологиялық белгілері емес, олардың арасындағы негізгі айырмашылықты айқындаудағы ұстанатын мәселелер. Бұл жерде мазмұнның бірнеше пішіні болатынын, мазмұнға қарағанда пішіннің өзгергіштігін еске алсақ, әдісті – мазмұнға, стильді – пішінге жатқыза қарастырудың негізі жоқ еместігіне көз жете түседі. Әдіс қаламгердің көркем туындысының мазмұны нақты бір форма иеленбей тұрғанда да алғышарттық қасиетке ие. Сонымен, ол – шығарма мазмұнының белгілі бір жағына айналады. Басқаша айтқанда, көркем шығарманың мазмұны – әдістің өзін көрсету формасы.
Әлбетте, көркем шығармашылықтағы мазмұнды әдіспен теңестіруге, мазмұн дегенде тек қана әдісті елестетуге болмайтыны анық. Мәселе мазмұн ауқымына кіретін тақырып, идея, проблематика сынды т.б. қалыпты классификацияны бұзу емес. Бұл жерде шығарманың қандай мазмұндық қасиеті әдіс қалыптайтыны немесе әдіс ретінде қабылданатынына назар аудару қажет. Олай етпейінше біз белгілі бір әдісті құрайтын, әртүрлі бейнелеу принциптерін ұстанатын әдеби ағым-бағыттарды санамалап көрсете алмаймыз. Әдісті көркемдік ойлаудың белгілі типі дәрежесінде алып қарағанда ғана әдеби бағыттардың, ағымдардың дәстүрлі байланыстарын көре аламыз.
Қаламгерлердің айнала шындығын көркемдік тұрғыда игеру барысында көркем ойлаудың ең жалпы деген екі типі байқалады. Мысал ретінде Абай мен Мағжанның табиғат лирикасында жазған екі өлеңін алып қарайық. Абай өзінің атақты «Күз» өлеңінде жадыраған жаздан кейінгі мезгілдің объективті суретін жасайды. «Түсі суық сұр бұлтты», «жерді басқан дымқыл тұманды», «жапырағынан айрылған ағаш, қурайды», «жабырқаңқы тартқан ауылды» т.б. бейнелей отырып, еңсені езіп тұратын табиғаттың сұрғылт тартқан шағын барынша қанық бояуымен ұсынады. Бұл жерде ақын табиғат суреттерін өзінің ішкі дүниесінің жағдайымен қоса өруді басты мақсаты етіп алмаған. Ал Мағжан болса, басқаша жолды таңдайды. «Күзді күні» өлеңінде ақынның негізгі ден қойғаны – күздің сұрқай бейнесін дәл беру емес, өзінің көңіл күйін, жан дүниесіндегі аласапыранды, ішкі мұңды жеткізу.
«Есіл жазым өтті!» - деп,
«Бәйшешегім кетті!» - деп,
Санадан жүз сарғайып,
Қасіреті мол жас зайып
Қараңғы ұзын түндерде
Үстіне қара жамылып,
Күрсініп жер жылайды.
...Жастық өтіп, қартайып,
Қан сары су боп сарғайып,
Сүмбіл шашым қуарып,
Алма жүзім суалып,
Мен де сорлы бір күні
Қоштасармын өмірмен...
Өлмей мәңгі кім қалар?!
Бұл өлең жолдарында сыртқы сурет, яғни объективті шындық көрінісі аз. Шығарманың мазмұны лирикалық тұлғаның ішкі әлемін ашуға барынша жұмылдырылған.
Біріншісі – Абайға тән шығарма мазмұнының объективті шындыққа негізделуі, көркемдік ойлаудың реалистік типі де, екіншісі – Мағжанға тән, жалпы романтик-қаламгерлерге тән объективтіліктің субъективтілікке жұтылып кету құбылысы – романтикалық ойлау типі.
Алайда шығармашылық үдерістегі көркемдік ойлаудың ролін тым әсірелеп жіберуге тағы болмайды. Көркемдік ойлау өмір шындығын игеруге қажетті алғышарттар жасай алғанымен, суреткердің болмыстағы терең қатпарларға бойлау, оны қорыту, көркем ұсыну дарынының негізгі көрсеткіші бола алмайды. Таланттары деңгейлес, көркем ойлау типтері бір-бірімен сәйкес бірнеше қаламгерлердің шығармашылық практикада әр түрлі нәтижелерге қол жеткізіп жататыны да сондықтан.
Көркемдік ойлаудың белгілі бір типіне бірнеше дүниетанымдар тоғысуының нәтижесінде бірнеше көркемдік әдістер мен әдеби ағымдар дүниеге келіп отырады. Қоршаған дүниені реалистік тұрғыдан игеру барысында Қайта өрлеу реализмі, ағартушылық реализм, сыншыл реализм, социалистік реализмдер пайда болды. Ал романтикалық дүниетаным мен романтикалық ойлау типінің қабысулары әдебиеттегі романтизмді тудыруымен қатар символизм, футуризм, сюрреализм, сентиментализмдерге, декаденттік өнердің түрлі формаларына т.б. өмір берді. Көркемдік әдіс өзінің тұрақты және тарихи өзгермелі қырларымен белгілі. Көркемдік ойлаудың реалистік және романтикалық ойлау типтері ішінара бір әдістен екінші бір әдіске көшуі, ауысуы үрдісі романтизм мен реализмнің тарихын құрайды. Яғни реалистік ойлау типіндегі сыншыл реализм, ағартушылық реализм, социалистік реализмдердің идеялық-эстетикалық ерекшеліктері болғанымен өмірді бейнелеудегі ортақ принциптері сақталады. Сол сияқты романтизмнің ішкі ағымдары: ілгерішіл (немесе төңкерісшіл) және консервативті, ғалымдардың кейінгі жіктеулері бойынша универсалды, тарихи, байрондық, гротескілі-фантастикалық, элегиялық, діни, фольклорлық, әлеуметтік-утопиялық т.б. романтизмдер – романтикалық ойлау типінің ұстанымдарынан тым шығандап кетпейді.
Әдістің түп негізі – дүниетаным. Қоршаған әлем мен адам қарым-қатынасының қандай да бір заңдылықтары әдістің бастау көзі бола алады. Мысалы, белгілі бір қоғамдық заңдылықтарға сәйкес өмірді көркем игерудің жаңаша принциптері пайда болады. Әдіс түзуші обьективті факторлармен бірге субьективті негіздер де аса маңызды. Бір дәуірдегі бір көркемдік әдістің үстемдік құруы, бірнеше жазушылардың шығармашылықтарына тән бірегей көркемдік әдістің болуы, біріншіден, олардың баршасына ортақ объективті-тарихи заңдылыққа, екіншіден, тарихи қалыптасқан ортақ қоғамдық сана мен қызметке байланысты.
Көркемдік әдістің теориялық мәселелері әлі де толығымен шешіліп бітті деуге негіздер аз. Қазіргі таңда әдісті әдебиеттанудың басқа категорияларымен ішінара байланыста зерттеу қолға алына бастады. Кейінгі уақыттарда көркемдік әдісті мансұқтаушылық пікірлер жиі-жиі айтылып қалып жүргені жасырын емес. Бірақ өнер мен әдебиеттегі жалпы заңдылықтарды ашуда, көркемдік даму жолындағы жеке қаламгерлердің алатын орнын дұрыс бағалауда әдістің маңызды орнын жоққа шығаруға болмайды. Әдіске сай теріс пікірлердің дүниеге келуінің басты себебі – бұл ұғымға байланысты аяқталған және толық теориялық тұжырымдаманың жоқтығы.
Біз көркемдік әдістің табиғатын танытатын негізгі-негізгі деген белгілеріне тоқталып өттік. Саралай көрсететін болсақ, көркемдік құралдар жүйесіндегі басқа категориялардан бөлектеп тұратын әдістің басты-басты белгі-сипаттары мынадай:
Біріншіден, әдіс қаламгерлердің идеялық-көркемдік концепциясының тіні болып табылады;
Екіншіден, мазмұн мен түр элементтерінің қарым-қатынасында алып қарағанда, көркемдік әдіс – мазмұнның негізгі мәселесі. Алайда әдістің түрге әсер еткіштік күші жоққа шығарылмайды;
Үшіншіден, бірнеше қаламгерлердің белгілі бір әдіс аясында топтасуына олардың дүниетанымдық қырларындағы сәйкестіктер басты рольдердің бірін атқарады;
Төртіншіден, әдісті тануда суреткердің көркем мазмұнды түзетін объективті фактор мен субъективті фактордың қарым-қатынасы аса маңызды. Яғни, жазушының болмыстың жалпы заңдылықтарын игеру деңгейі мен өзінің жеке қоғамдық санасынан туындайтын идеялық-эстетикалық принципіне орай өмір шындығын таңдаудағы, оны бейнелеудегі ұстанымы айқындалады;
Бесіншіден, көркемдік ойлау типтері – әдісті туғызатын басты факторлардың бірі. Көркемдік ойлаудың ұқсас типтері – қаламгерлерді бір әдістің төңірегіне топтастыруға негізгі себеп.
Сонымен қатар, көптеген ғалымдар негіздеген «көркемдік әдіс қоғамдық-тарихи дамудың белгілі бір кезеңдеріне байланысты пайда болатыны» турасындағы көзқарас ұлттық әдебиеттануымызда әбден орнығып қалды. «Көркемдік әдіс нақтылы бір тарихи жағдайларда пайда болады. Яғни қандай да бір көркемдік әдісті ұстанған суреткерлерді идеал жайындағы түсінік, сол идеалға сәйкес келетін (немесе керісінше) қаһармандар типі, соған орай туындайтын сюжет мәселелері біріктіреді. Қоғамдық-тарихи жағдайлардың алуан түрлілігі көркемдік әдістің де алуан түрін туғызады» деген тұжырым ең кейінгі деген теориялық еңбектерімізде де айтылды (Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі.– Алматы:ҚАЗақпарат, 2000.–Б.143).
Жалпы, кеңес әдебиеттануында осы мәселе жайында, яғни әдеби-тарихи үдерістегі әдіс пен ағымдардың, бағыттардың ара-салмағы төңірегіде әр түрлі көзқарастар болғанын аңдаймыз. Әсіресе кең тарағаны деп мына екі ұстанымды айтуға болады: Біріншісі – әдіс пен бағытты бір-бірімен тығыз байланыста қарап, әдісті бағыттың негізі, бағытты қалыптаушы фактор деп қарастыру. Мұндай көзқарасты жақтаушылар А.Н. Соколов, И.Ф. Волков, Л.И. Тимофеев, Ю.И. Суровцев т.б. болды. Олардың концепциясы бойынша, әрбір әдеби бағыттың өзіне тән көркемдік әдісі болады да, қандай да бір әдіс белгілі бір бағыттың ауқымында өмір сүреді.
Екіншісі – Г.Н. Поспелов негіздеген көзқарас. Ол әдіс пен бағытты бір-бірінен айыра қарастырады. Ғалымның пікірінше әдісте қаламгерлердің өмірді бейнелеуінің белгілі принциптері бар, ал әдеби бағыттар белгілі бір елдердегі және түрлі дәуірлердегі нақты бір әдеби бағдарлама айналасына біріккен жазушылар тобы. Демек, бұл категориялар – поэтикалық шығармашылықтың бір-бірінен бөлек жатқан қырлары. Сондықтан да Г.Поспелов үшін әдіс пен бағыттардың қарым-қатынасы нақты емес. Оның дәлелдеуінше, әдеби бағыттар – тарихи қайталанбайтын құбылыстар. Ал әдіс болса, түрлі дәуірлер мен халықтар әдебиетінде, түрлі бағыттар мен ағымдар ішінде қайталануы мүмкін.
Сонымен, көркемдік әдіс және әдеби бағыт, ағымдардың қарым-қатынасы хақындағы екі түрлі ұстанымда да оларды «нақты-тарихи» немесе «типологиялық» белгілеріне қарай анықтауға тырысушылық байқалады. Бұл дәйектемелердің екеуінде де рационалдық негіз жоқ емес. Аталмыш көзқарастардың бір тоқтамға келетін тұсы – әдеби бағыттардың нақты тарихи құбылыс екендігі. Мұндай пікір тоқайластығы күрделі проблеманы шешудегі аса маңызды қадам еді. Ал әдіс турасына келгенде ғылыми ой-пікірлер екі түрлі бағытта өрістеді. Бір ғалымдар (И.Ф.Волков, Л.И.Тимофеев және т.б.) оны нақты-тарихи, басқалары (П.А. Николаев, Г.Н. Поспеловтар) типологиялық сипатқа ие ұғымдар ретінде дәлелдеді.
Бұл тұжырымдардың қайсын алып қарасақ та, оларды бір-бірін жоққа шығаратын тоқтамдар деп айтуға болмайды. Қайта бір-бірін толықтыратын концепциялар дегеніміз дұрысырақ. Шығатын қорытынды: әдіс – типологиялық та, нақты-тарихи да құбылыс. Өйткені типологиялық ерекшеліктер әдістердің бастау көзі, іргетасы болып, өмір шындығын бейнелеудің жалпы принциптері бойынша бірнеше әдістердің басын біріктіре алады және әр түрлі әдеби ағым-бағыттарда қайталана алады.
Әдеби бағыттың көркемдік әдістен басты айырмашылығы – мынау: бағыт – нақты-тарихи мәнді білдіретін, әрқилы тарихи жағдайларда пайда болатын, алдын ала дайындалған шығармашылық бағдарламаға негізделетін және мақсатты түрде нақты бір теориялық-эстетикалық ұстаным астына біріккен жазушылар тобы. Бағыттың әдеби топ, әдеби мектеп сияқты ұғымдарға сәйкесетін тұстары болғанымен, бағыттың оларға қарағанда ауқымы анағұрлым кең. Бағыт көбінесе қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-тарихи қажеттіліктер тоғысында туып, ол қажеттіліктер өз актуалдылығын жоғалтқанда бірге жоғалып отыратын қасиетке ие. Дәуірдің жаңа идеялық эстетикалық сұраныстарына сай басқа бағыттар мен ағымдар дүниеге келеді де, үстем бағытты ығыстырып шығармай қоймайды (Еуропа құрлығында көктеген классицизмді сентиментализмнің алмастырғаны сияқты). Әдеби бағыт ұғымы бірқатар зерттеушілерге әр тараптағы елдердің даму сатыларын, ұлттық ерекшеліктерін ашып көрсетуде маңызды рольдердің бірін атқарды. Сонымен бірге бірнеше елдер әдебиетіндегі ортақ белгілерді көрсетуге септігін тигізді.
Әдіс болса тарихи алуан жағдайларда пайда болып, әр түрлі ағымдар мен бағыттар туғыза береді. Шығарма авторының өмір құбылыстарын образды игеру арқылы қайта түлету ерекшелігі оның таңдаған әдісіне тікелей қатысты. Бағыт пен ағымда бірнеше жазушылардың көркемдік-идеялық ұстанымдары алдыңғы қатарға шықса, кейбір әдістер жекелеген қаламгерлерге ғана тән болуы да мүмкін. Бұл дегеніміз әдіске тарихи нақтылықпен қатар типологиялық та мағына үстейді. Өйткені әдіс категориясы – әрекеттік категория. Қандай да болмасын әрекеттің өзіне тән әдісі болады. Мысалы, адамның танымдық әдістері, практикалық әдістері, ғылыми жобалау әдістері, практикалық әдістері т.с.с.
Ал әдеби ағымдар мен әдіс арасындағы байланысқа келетін болсақ, бір әдістің, әдеби бағыттың аясында біріккен қаламгерлер түрлі ағымдарды қалыптастыра алады. Мысалы, Мағжан шығармашылығында романтизмнің бірнеше ағымдарын көруге болады. Олар: ілгерінді романтизм, әлеуметтік-консервативті, элегиялық-философиялық, діни-өсиетшіл, индивидуалдық романтизмдер. Суреткерлер ағымға негізінен, әлеуметтік-идеологиялық ұстанымдардың ұқсастығы арқылы бірігеді.
Көркемдік әдістің қалыптасып, әдебиетте жетекшілікке ие болуы жолында ағымдар ортасында бір-бірін терістеу, я болмаса шығармашылықтың поэтикалық мәселелері бойынша шарпысулар болып тұрады. Қазақ әдебиетіндегі реализмнің қалыптасу жолындағы Абайдың «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырауларға» қойған эстетикалық талабының түпкі себептерін әдеби үдерістегі заңдылық – барлық елдердің әдебиетінде бола беретін ағымдар арасындағы тартыстардан іздегеніміз абзал. Бұл жерде халықшылдық-дәстүршілдік ағым мен жаңа реалистік әдебиетке бет түзеген ағартушылық-демократтық ағымдардың бетпе-бет келуін таныр едік.
Достарыңызбен бөлісу: |