Тақырып 3.4. Ойлаудың басқа психикалық үдерістермен байланысы.
Ойлаудың түйсік пен қабылдаумен байланысы.
Ойлау мен зейін. Ойлау мен ес.
Ойлау мен сөйлеудің дамуы, қалыптасу барысындағы биологиялық және әлеуметтік жағдайлардың рөлі. Сөйлеу мен ойлаудың пайда болып, біртіндеп қалыптасуын тек биологиялық жағдайлардан емес, ең бастысы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи факторлардан іздестіруіміз қажет. Ой мен тіл адамзат қоғамының тарихи дамуының, олардың іс-әрекетпен айналысуының, еңбек құралдарын жасап, пайдалана білудің нәтижесі.
Сөз жүйесінің алғашқы бастамасы қалыптасып келе жатқан қоғамдық және еңбек қатынастарының дамуына қызмет етуі қажет еді. Сөз дамып келе жатқан ойлау үрдісінің барлық функцияларын жүзеге асырып оның сыртқы көрінісін бейнелеуі қажет болды. Көптеген лингвистердің пікірі бойынша, ең алдымен, белгілі бір іс-әрекетті түйсіну, яғни сөйлеудің дамуында бірінші етістіктіктің түбірлері пайда болды. Сол сияқты, сөздер ғылымда ортақ еңбек үрдісінде атқарылған жұмыстар кезіндегі айтылған дыбыстардан құралған деген гипотеза пайда болды. Бұл гипотеза бойынша, алдымен етістіктердің іс-әрекеттің белгілі бір түріне сәйкес болатын түбірі пайда болған да, кейіннен сөз бен сөйлемдердің басқа мүшелері пайда болған. Неміс антропологы М.Мюллердің гипотезасының мәні осылай еді. Дәл осындай жолмен қоғамдық еңбек үрдісінде бірте-бірте ақыл-ой қалыптасқан болу керек.
Сонымен қатар, іс-әрекетке қарағанда, объектіні айқындап белгілеу маңыздырақ. Олай болса, зат есімдік түбір, аз мөлшерде болса да, етістіктік номинациямен қатар қалыптасуы қажет болды. Алғашқы қоғамдағы ойлаудың жүйелі болмауы, түсініктердің кең мағынасын білдіре алған жоқ. Дегенмен, бірте-бірте тілдің сөздік құрамы ұлғайып, оның операциялық аумағы, яғни тілдің белгілі түсініктер арасындағы қатынастарды неғұрлым дәлірек білдіретін бөлігі дамып, жетіле түскендігін сенімді айтуға болады.
Адамдарда түсінікті сөз сөйлеудің қалыптасуы адамды жануарлардан ажыратудың негізгі де шешуші үрдіс болды. Өйткені, сөздің пайда болуының нәтижесінде жануарларда жоқ түрлі функцияларды атқаратын адам миының үлкен жарты шарлары түбегейлі өзгерді. Бас миының әрбір жарты шарларының ерекшеленіп мамандануы жөнінде көптеген ғалымдар, америкалық нейрофизиологтар Р.У.Спери, Дж.Е.Боген, және М.С.Газзанигалар қыруар ғылыми жұмыстар жасады. Ең алдымен адамның сол көзі мидың оң жарты шарымен, ал оң көзі сол жарты шармен байланысты екендігі дәлелденді. Осыған қоса сол жақ жарты шар рационалдық қызметке де жауап беретіндігі анықталды. Ол есептеу, сөз сөйлеу, ережелер мен түрлі үрдістерді есте сақтаумен тікелей байланысты. Оң жақ жарты шар эмоцияларды басқарады. Ол дыбыстар, музыка, ерлер мен әйелдер дауыстарын ажырата білуге мүмкіндік береді. Осы екі жартышарлардың бірі зақымданған жағдайларда бұндай адамдардың екеуі бір-бірінен тіпті өзгеше екі түрлі болмыстағы индивид болып көрінеді.
Мидың үлкен жартышарларының функционалдық ерекшеленуі тұқым қуаламайды және адамның жаңа туылған кезінде байқалмайды. Алайда кейбір ғалымдардың пікірінше, адамның тез сөйлеп үйрену қабілетін қамтамасыз ететін тұқым қуалайтын механизмдер болуы мүмкін. Жануарлар миының үлкен жарты шарларының қабығы функционалдық жағынан жіктелмеген. Кейбір ғалымдар адам мен жануарлар арасында тек сандық ерекшеліктер ғана бар деп тұжырымдайды. Дегенмен, бұл пікірді жоққа шығаратын фактілердің бірі маймылдарды сөйлеуге үйретудің ешқандай оң нәтиже бермегендігі.
Ойлаудың қалыптасу процесі Энгельстің «Маймылдың адамға айналу процесіндегі еңбектің рөлі» деген еңбегінде көрсетілген. Энгельс адамның еңбек әрекетінің заттар мен құбылыстар арасындағы қабылдаудан жасырын ерекшеліктер мен өзара байланыстарды танудағы маңызын ашып көрсетті. Еңбек адамның алда атқарылатын әрекетті жоспарлауды, оның нәтижелерін бақылап отыруды талап етті. Еңбек адамды құрал жасауға мәжбүр етті. Еңбек адамдарды бірлесіп әрекет жасауға итермеледі, қарым-қатынас құралы – сөздің пайда болуына әсер етті. Еңбек адамның өзін-өзі саналы түрде тануына жол ашты. Әрине, қазіргі заман адамның ойлауының дамуы адам санасының ұзақ тарихи қалыптасуында өткен барлық кезеңдерін қайталап өтпейді.
Сөйлеу мен ойлау үрдістері эволюциясының негізгі факторларының бірі адамның әлеуметтік-еліктеу қабілеті деп саналады. Еліктеу мен ойлау қабілетінің негіздері адамның балалық шағында (5-6 жасында) қалыптасады. Бұдан кейінгі кезеңдерде қалыптасып біткен адам баласынан толыққанды қоғам мүшесін жасау өте қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады.
Ойлау тарихы адамның пайда болып, дамуының тарихымен байланысты. Ойлау – қоғамдық-тарихи қалыптасқан адам миы қызметінің жемісі. Ойлау мен тіл өзара терең байланыста, тіл – адам ойлауының құралы. Адам ойы сөз арқылы өрнектеледі, сөздің ар жағында ой жатады. Сөз бен ойды теңестіруге болмайды, алайда сөзсіз ойлау іске аспайды, ой айтылмай, үнсіз тұншығады. Ойды үнсіз іштегі сөз деп, тілді дыбысталған ой деуге болады. Ойлау тек табиғи тіл арқылы ғана емес, жасанды тілдер (мысалы, абстрактылы математика тілі немесе нақтылы-бейнелі “өнер тілі”) арқылы да іске асады. Ойлау күрделі тарихи-әлеуметтік құбылыс болғандықтан, оны зерттеумен көптеген ғылымдар – психология, логика, таным теориясы,лингвистика, кибернетика, физиология, т.б. шұғылданады. Философияда ойлау белсенділігі, логикасы туралы мәселелер қарастырылып, оның ақиқаттылығының өлшемі зерттеледі. Бұл мәселелер философия тарихында әр түрлі тұрғыда (материалистік және идеалистік, рационалистік және эмпирикалық, априорлық және апостериорлық, диалекттік және метафизикалық, т.б.) зерделеніп, ойлау жөнінде әр түрлі ілімдер орын алған. Ойлау тек адамға ғана тән қабілет ретінде оның шынайы адами болмысының қайнар көзі әрі басты құралының бірі, адам еркіндігінің мүмкіндігі мен шындығының кепілі болып табылады.
Сөйлеу мен ойлаудың даму кезеңдеріне әсер ететін әлеуметтік фактор – еңбек болса, адам эволюциясы – биологиялық фактор болып табылады.
Ой тәсілдері. Ойлау әрқашан анализ және синтез процестерінен басталады. Анализ дегеніміз – ой арқылы түрлі заттар мен құбылыстардың мәнді жақтарын жеке бөліктерге бөлу. Ал синтез болса заттар мен құбылыстардың әртүрлі қасиеттері мен белгілерін біртұтас жасау, біріктіру. Анализ бен синтез қарама-қарсы ойлау тәсілдері болғанымен, олар бір-бірімен тығыз байланысты және бір кезде орындалады. Тек ойлау құбылыстарының кейбір кезеңдерінде ғана алға не анализ, не синтез шығады. Мысалы, оқыған кезде жекелеген әріптер, сөздер не сөйлемдер бөлінеді. Бұл анализ арқылы болады. Онан соң әріптер – сөз, сөздер сөйлем құрайды. Диагноз қою аурудың белгілеріне анализ жасаудан басталады. Дәрігердің клиникалық ойлауында анализ бен синтез тұтастай орындалады.
Ой кезеңдерінде анализ бен синтезден басқа салыстыру бар. Салыстыру әдісі – танымның әмбебап логикалық тәсілі. Ол арқылы белгілі бір сипатты белгі бойынша зерттелетін нысанды‚ құбылыстарды салғастыру жолымен олардың теңдігі немесе айырмашылығы анықталады. Заттар салыстыру арқылы танылады. Жоспар‚ алдыңғы кезең‚ ұқсас объект – салыстырудың негізгі түрлері‚ жетістіктерді немесе ықтимал залалдарды бағалаудың критерийлері.
Ойлау операциясының күрделі түрі – абстракция мен жалпылау. Жалпылау – ортақ белгілері мен қасиеттерінің арқасында заттар мен құбылыстардың ойлау кезіндегі біріктірілуі. Жалпылау арқылы заңдар, ал медицинада аурулардың топқа бөлінуі пайда болады. Негізгі белгілерінен ауруды біліп тануға болады.
Абстракция — жеке мақсатқа қатысты ақпаратка жұмылдырылған және басқа ақпаратты ескермейтін көзқарас. Абстракция (лат. abstractio) - шартты немесе «идеал» денелерді қарап, нақты дененің қосалқы қасиеттеріне көңіл аудармай оңайлатылған схема арқылы олардың терең негізін, мәнін таный білетін әдіс. Абстракты ойлау алуан түрлі құбылыстарды түсінуге, олардың заңдылықтарын ашуға көмектеседі.
Абстракцияға қарама-қарсы процесті нақтылау деп атайды. Нақтылау – абстракциялық ұғымды соған сәйкес келетін жеке ұғымдармен түсіндіру. Нақтылау абстракцияға қарағанда ұғымды көрнекі етіп түсінуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылған анализ бен синтез, салыстыру мен жалпылау, абстракция мен нақтылық ойлаудың негізін құрап, ұғым пайда болады.
Ұғым – адамның санасында заттар мен құбылыстардың жалпы және негізгі сапасы мен қасиеттерінің бейнеленуі. Ұғым әлемді бейнелеудің жоғарғы формасы. Мұның себебі ол заттар мен құбылыстардың жалпы заңдылығын бейнелейді. «Ұғым – мидың жоғарғы нәтижесі, материяның жоғарғы нәтижесі».
Достарыңызбен бөлісу: |