Мүтәліп Қыраубаев пен Қали Шыңғысов
Мүтәліп:
Көпшілік, сәлем берем бәріңізге,
Кемел жас, терең ойлы кәріңізге.
Мереке Алпыс жылдық келді, міне,
Сол болмақ жырымыз бен әніміз де.
Бүгін той болып отыр сәніменен,
Шығып тұр бұл өлеңнің бәрі менен.
Көпшілік рұқсат ет мен айтайын,
Манаптың жаңағы айтқан әніменен.
Ақыны, аманбысың, Қармақшының,
Жүрсің бе, қатарында көп жақсының?
Екеуміз екі ауданның ақыны едік,
Мен сенің әріптесің болмақшымын.
Сөйлесейік көп алдында келгеннен соң,
Жырлайық әділдіктің қорғап шыңын.
Ауданның жетістік пен кемшілігін
Алдына жайып жұрттың салмақшымын.
Алпыс жыл мерекесі құрметіне
Қолыма домбырамды алмақшымын.
Алпыстың шықтың, халқым, асқарына,
Қонып тұр бақыт құсы бастарыңа.
Жайдарлы, жарқын жүзді қазағым бар,
Үйреткен үлгі-өнеге жастарыңа.
Өлеңім толқын болып аспанға атты,
Арналған өздеріңдей достарыма.
Құрметтеп, дос қуансын табысты айтып,
Дариядай бақытымның тасқанына.
Елімнің ен байлығы арта бермек,
Партия, үкіметім басқаруда.
Қаз тұрған кеше ғана жайлау еді,
Қараңдар, қарыш қадам басқанына.
Жер жүзі таң қалады осы бүгін,
Қазақтың талай белден асқанына.
Шығардық уран, темір, мұнай, көмір,
Алтын, мыс жарқыраған тастарым да.
Әдейі арнап тұрмын бұл сөзімді
Бақытта өздеріңдей достарыма.
Әр елдің бар қанатты көп ұлдары,
Сәлем алып, бізден ұшар аспанына.
Жол сілтеп келешекке бағыттап тұр,
Партия күндіз-түні қастарында.
Космонавт бізден ұшып, бізге қонған,
Бірнеше ай шарықтаған аспанында,
Көсемнің жүз он жылдық мерекесі,
Тойланып жер жүзінде жатқанында
Оныншы бесжылдықтың қорытындысы,
Шабытпен еңбек еткен жастары да.
Жеңістің отыз бес жыл толуына
Бейбіт ел қуанышпен шаттануда.
Алдымда ХХҮІ съезі бар партияның,
Жер жүзі құлақ қойып тоқталуда.
Айтпады Манап неге, мен таңғалдым,
Облыс сахнасын ашқанында?
Елім бар бейбіт өмір сүріп жатқан,
Ерім бар кеудесіне орден таққан.
Жерім бар ел байлығы қойнауында,
Дарияның ортасынан шалқып аққан.
Француз болсын мейлі, испан, латын,
Біледі барлығы да қазақ атын.
Бас иеді, көре қойса құрметтейді,
Туысқан, бауырластай болар жақын.
Адам жоқ танымайтын айта қойсаң,
Әуелбек ағамыз бен Асқар ақын.
Себебі, даңқы шыққан бұл кісілер,
Жер-жердің көріп жүрген ғаламатын.
Көпшілік, табыстарың шарықтасын,
Ән мен күй осындайда қалықтасын.
Қарт ақының ортаңа шықты бүгін,
Сөйлеуге екі сағат жалықпасын.
Табиғаттың маған берген қасиеті,
Білемін, өлең айтсам тарықпасын.
Қалижан, аманбысың, замандасым,
Сөзі өткір, ойы терең ақ алмасым.
Қашаннан озып жүрген озық едің,
Тап бүгін атың қалай шаба алмасын.
Деген бар топта сөйлер шешен кісі,
Шын ақын неге сөзді таба алмасын?
Есімім Қыраубаев Мүтәліппін,
Өз жайын әріптесім хабарласын.
Айтысып көп ішінде тұраннан соң,
Бұл өлең саған да сын, маған да сын.
Қолыңа домбырасы тие қойса,
Білдің бе, ағаң өлең таба алмасын?
Сырдария ауданынан келдім бүгін,
Өлеңім – арнайтұғын соған жырым.
Айтысып енді екеуміз кез келіп қалдық,
Сайрасын бір азғантай қызыл тілім.
Қай уақытта шабыс болмай, табыс болмас,
Айтайық сол табысты енді бүгін.
Қали:
Мүтеке, біраз жайды баяндадың,
Күшіңнің салып бәрін аянбадың.
Намысын қорғап облыс, ауданның да,
Ақынсың аралаған ой орманын.
Бәріміз Сыр бойының ақынымыз,
Сыр бойы қастерлеген ата ұлымыз.
Айтыссақ айтысамыз кіммен тағы,
Оған жетер, білеміз, батылымыз.
Бұл істе менің-дағы үлесім бар,
Еңбекте қарқын бермес үлесім бар.
Санамда коммунистік қоғам болса,
Аузымда Лениндей ұлы есім бар.
Айт десең, ақын інің айта алады,
Мықтылық осындайда байқалады.
Ауылымда Қасымтайдай ерлерім бар
Ерлігін Маресьевтің қайталайды.
Тәйімбет ешбір жаудан қорықпаған,
Сазайын жаудың беріп соғымдаған.
Ауданда ерлерім көп, оу, Мүтеке,
Бесжылдықты төрт-ақ жылда орындаған.
Ақындар ел намысын көп жырлаған,
Айта алам ол ерлерді бір ғалам деп.
Омар мен Балқы Базар, Кете Жүсіп,
Мақтанам жерлесім деп Тұрмағамбет.
Дүрлерден даңқы шыққан тәлім алдым,
Жырымды жыр күмбезден жонып алдым.
Осындай айтысқа да келгенімде,
Мен неге сөз таба алмай қамығармын.
Дауысым сол дауысқа қосылмай ма?
Мүдірмей кездессек те тосын жайға.
Ақын аға, өнерде сайысайық,
Мүдіріп тоқтап қалма осындайда.
Мүтеке, айып етпе мақтанды деп,
Бар сырын мына інің ақтарды деп.
Ал, енді жүлде алған ақынсың ғой,
Құрулы шап еткізбе қақпанды тек.
Бәрібір қақпаныңнан сескенбеймін,
Сізбенен осы жолды кезсем деймін.
Кездескен кемшілікті осындайда,
Өзіңмен ақылдасып шешсем деймін.
Мүтәліп:
Ақын ба әділ сөзге тоқтамаған,
Ақынның айтқан сөзі хатта қалған.
Шырағым, байқауымша айтап тұрсың,
Ауылыңда өлеңіңді жаттап алған.
Қуанып қиялдан сөз тапқаныңды,
Мақтандың айтып өлең жатқаныңды.
Және де уайым қылып сен отырсың,
Аяққа құратұғын қақпанымды.
Ақынның айтқан сөзі өткір алмас,
Шын ақын ойдан өлең таппай қоймас.
Қашаннан қасиеті ақындардың
Бір сөзі бір сөзіне шығар жалғас.
Ал енді ол сөзіңді қоя тұрып,
Ауданыңның табысын айтпай болмас.
Қали:
Осындай топ алдында басқалардың,
Өзімді бой көтеріп баптағанмын.
Сыныңды айта берші, ақын аға,
Мен неге жасқанамын, сақтанамын.
Колхоз бар Аманкелді атындағы,
Ол өзі алыс емес жақын маңы.
Шопаны сол совхоздың Түймебай бар,
Бізге айтып бар жағдайын қатырғаны.
Базаркүл жұбайы оның Батыр ана,
Барғаның ол жерге де мақұл, аға.
Анаға көп жағдайлар жасалмапты,
Шығарда білген дұрыс, сахнаға.
Ауданың алыс емес осы жерден,
Қаланың байқалады көшіне ерген.
Сізді іздеп барғанымда мас боп жүрген,
Жүре алмадым аяқ алып есіл ерден.
Бар екен жол бойында,
Ол өзі исполкомға таяу ғана.
Мастарды «қайда екен?» деп іздей қалсаң,
Табасың көп ұзамай жаяу ғана.
Көре кет барсаң егер тазалықты,
Күл-қоқыс орталықты, базарыңды.
Қайтсін байғұс, тілшілер бұл жайыңды,
Газетте «Ақтайға ашық хат» жазылыпты.
Айт десең, ақын аға, айта берем,
Найзамды ұштаймын да, қайта кірем.
Қақпанды шап еткізем деп отырсыз,
Жасың үлкен болса да, «байқа» - дер ем.
Мүтәліп:
Өлең бе мынау сөзің далбаса ма,
Өлең деп айтқаның бұл жараса ма?
Өлең емес екендігін ақын білер,
Көпшілік мұны тон деп санаса да.
Екі ақын сөйлеп сөзге таласады,
Қалидың әңгімесін байқадың ба?
Мен қалдым естігенде тамашаға.
Дастарханда айтатын өлең екен,
Көпте емес айтатұғын оңашада.
Көріп тұр кемшілікті көзім дейсің,
Ақындық айтып тұрған сөзім дейсің,
Өзіңді өзің қанша көтергенмен,
Сен маған шын ақын болып көрінбейсің.
Айтайын ауданыңды мақтан көрген,
Қанша сен мақтасаң да семірмейтін.
Аурумен қыра жаздап биыл бәрін,
Бұзауы көп өліпті сиырлардың.
Қайда жөнге салатұғын ұйымдарың?
Өткен жыл емес сірә, биыл бардым.
Совхозға «Жаңа қала» барып көрдім.
Көрерсің көп қызықты мұнда келсең,
Бар қойы қырылып тұр топ-тобымен.
Қайтер едің сол мініңді айтып берсем?
Шабамын рұқсат берсе ұзаққа әзір,
Баласың қашқанменен тұзақтағы.
Көргенмін мен айтысып талайлармен,
Кетпеген қашып менен ұзап бәрі.
Ал, ауданың кей уақытта мақтанады,
Кей ақын Мүтәліптен сақтанады.
Өзіңнің айтуыңша ол кінәсі,
Осындай көпшілікте кек болады.
Домбыра бар ағасынан сақтанғанмен,
Әйтеуір, сен секілді тоқталады.
Ау, осымен біз айтысты етсек тамам,
Көпшілік жүріңіздер, есен-аман.
Біріңнен жасым кіші інің едім,
Болармын біреуіңе үлкен ағаң.
Қай уақытта шалықтасын табыстарың,
Таймасын тақыр мұзда ешбір тағаң.
Халыққа өлең айтқан ақын едім,
Шығарсың Мүтекеңді шамалаған.
Мүтәліп Қыраубаев пен Әбілхан Маханов
Мүтәліп:
Жүрсіз бе денсаулықта, халқым, аман?
Жастар мен ақыл дария, қартым, аман?
Әуелі өздеріңе сәлем бердім,
Барсыз ба көңілі шат, жалпың, аман?
Бас иіп үлкендерге, жасты сыйлау,
Ұнайды Отанымның салты маған.
Осындай көпшілікте домбыра алып,
Ақын ба ойдан сөйлеп шалқымаған?
Халық – сыншы қай уақытта баға берер,
Ақынға жүрек керек қой толқымаған.
Өткен бір оқиғаны айтайыншы,
Халқым берсін рұқсат жалпы маған.
Бір кезде ойран қылса жоңғар-қалмақ,
Болыпты қазақ жерін жаулап алмақ.
Еріксіз күң мен құлға айналыппыз,
«Елім-ай, жерім-ай» деп жүрдік зарлап.
Қайғының қиыншылық күнін кешкен,
Зар жылап елін айтып, мұңын кешкен.
Қолына найза, шоқпар, қылыш алып,
Қара халық өз тарихын өзі шешкен.
Хан, төре, бай, мырзаға қарамай-ақ,
Батырлар жауға аттанып дүбірлескен.
Қан төгіс талай қырғын болған екен,
Өмірі ұмытылып, шықпайды естен.
Жылында мың жеті жүз отыз бірде,
Орыспен құшақтасып қостық ірге.
«Орыссың, қазақпын» деп жікке бөлмей,
Достасып бауырлас боп кеттік мүлде.
Екі жүз елу жылға толды, міне,
Отырмыз атап өтіп бүгін күнде.
СССР алпыс жылға жаңа келді,
Қалады кім қосылмай бұл дүбірге.
Ал, халқым, қос мерекең құтты болсын,
Қуаныш бола берсін күнде-күнде.
Заманым социалды алтын күнім,
Көрген ел шаттанбай ма күннің нұрын.
Құттықтау айтсам егер артық болмас,
Елімнің еске алып шындық жырын.
Мың алғыс аналарға, ұмытпаймыз,
Өсірген тәрбиелеп қызын-ұлын.
Қай уақытта Ана деген қасиетті,
Соларға арналады менің жырым.
Аралдың ақиығы құрдасымсың,
Бір жылда бірге туған жолдасымсың.
Берейін өлең айтып енді алдыңда,
Көңілің қызыл гүлдей бір ашылсын.
Әбеке, жағдай қалай, жүрсің бе аман?
Ауылыңмен есен-сау ма, бала-шағаң?
Менімен айтыспаққа келіп тұрсың,
Қуанып бәрінен де қалдым соған.
Арал мен Сырдария жарыстасым,
Білемін жарысқан соң қалыспасым.
Ортақпыз облыстың байлығына,
Демеймін ауылың шалғай алыстасың.
Облыс нашар болып қала қойса,
Әбеке, сенімен мен намыстасым.
Бұл айтыс – табыс пенен кемісті айту,
Демейді «қабақ түйіп, жаға ұстасын».
Әр ақын сөз кезегі келген кезде,
Шамасы жеткенінше қарыштасын.
Айтарсың менен кейін ретіңменен,
Аралың қандай-қандай табыстасың?
Бесжылдық он бірінші жылындамыз,
Еңбектің вахтасында тұрудамыз.
Отанның мол байлығы нан менен мал,
Абыроймен жылда-жылда шығудамыз.
Атанып облыстың жеңімпазы,
Абырой алып жүрміз бұрын да біз.
Тартымды табыспенен аяқтадық,
Мың тоғыз жүз сексен бір жылында біз.
Әбеке, Мүтәліптің сөзін тыңда,
Жорға едің сүрінбейтін өлең-жырға.
Деген бар «нан бар жерде ән болады»,
Зор байлық Отаныма үлкен тұлға.
Өткен жыл малдан өнген өнім үшін,
Бөлендік он бес рет Қызыл Туға.
Жетеуін қазір СССР-дің атап өтті,
Төрт мың сом қоса беріп оған пұлды.
Үш рет облыстың туын алдық,
Орындап тапсырманы жарты жылда.
Қаракөл, ет пенен сүт, жұмыртқаның,
Тапсырып алты айлықта қойдық бәрін.
Ауданның табысымен таныссын деп,
Айтып жатқаным ғой шамаларын.
Басшымыз Қазақстан депутаты,
Құрметті Жүнісбаев Еламаным.
Ақын ең сөз қадірін білетұғын,
Осыдан өзің ойлап шамалағын.
Әбеке, домбыраңды қолыңа алып,
Сөз сөйле бір азғантай айғай салып.
Аралдың қалдырмастан табысын айт,
Естісін мына отырған тегіс халық.
Әбілхан:
Әй, Мәке, амандық па ауыл-аймақ,
Жатсың ба, Сарысуды еркін жайлап.
Қадірлес бағаң жетпес құрдас едің,
Көргенде құшақтасар гүл-гүл жайнап.
Елімде екі түрлі мейрам болып,
Отырмыз биылғы жыл соны тойлап.
Осындай шаршы дуға кез келгенде,
Құрдасың жырға баспай қалай қалмақ?
Аралдан алып келген сәлемім бар,
Алдымен жіберейін соны-ау жолдап.
Жайнаған айдынды Арал аймағынан,
Құт қонған Қарақұмның қойнауынан.
Әкелдік ыстық сәлем бауырларға,
Құттықтап қос тойында думан құрған.
Бөленген Ұлы орыс қамқорына,
Достыққа сан ғасырлар куә болған.
Арайлы Октябьдің атып таңы,
Нәр алдың, қазақ елі, ғажап нұрдан.
Ел болып қатар қонған жас отаулар,
Алпысқа кемелденіп бүгін толған.
Барлық ұлт бір ананың баласындай,
Ел қорғап социалистік өмір құрған.
Бастаушы Лениндік Компартия,
Айнымас Коммунистік сара жолдан.
Әлемге бейбітшілік ұран тастап,
СССР жер шарына болды қорған.
Аралым, айдын шалқарым,
Құт-береке енген жер.
Тарихта қалған таңбадай,
Көсем көңіл бөлген жер.
Өз қолымен жазылған,
Қасиетті хаты келген жер.
Дананың сөзі дем беріп,
Қайратқа жігер қосылып,
Іспенен жауап берген жер.
Талай тарлан ерлердің,
Кіндік қаны тамған жер.
Нұрмағамбет, Нұртуған,
Асыл жырын жазған жер.
Жаңаберген, Дәріқұл,
Аққудай даусын созған жер.
Аяулы қазақ ақыны,
Найзағайдай жарқ еткен,
Зейнолла туып жанған жер.
Әйгілі болды әлемге,
Әбдіжәміл жазған «Қан мен тер».
Жұлдызды Еңбек Ерлері,
Сейтмағамбет, Балакеш.
Өтеген, Жүсіп, Әлмұрат,
Жүзбай, Бақыт, Көшербай,
Әбжәми, Ұштап, Төлеген,
Он алты жұлдыз ерлері,
Отанға мәлім болған жер.
Делегат және лауреат,
Көк теңіздің көкжалы.
Демеуов біздің Нар Ғали,
Еліне еңбек қылған ер,
Оркестрден күй төгіп,
Думанды талай құрған жер.
Ізбасар, Набат, Күлімжан,
Нұрғали, Қойсын, Теміржан,
Шырқатып әнге салған жер.
Аралым, міне, осындай,
Өнер мен дәулет қонған жер.
Құрдасым менің, Мүтеке-ай,
Сөз кезегін ұсынып,
Кезекті сізге берген жер.
Мүтәліп:
Ақындарды айтқанмен,
Табысыңа бармадың.
Өткенді айтып, Әбеке,
Сөзге-сөзді жалғадың.
Неге айтпадың, Әбеке,
Ауданыңның табысын?
Жаман емес, әрине,
Домбыра алып шабысың.
Табысы бар ауданның,
Берілген емес ешкімге
Ешуақытта намысың.
Айтысқа бүгін, Әбеке,
Келіп отырсың сол үшін.
Тоқтадың неге аяңдап?
Айт табысты баяндап.
Әр ақынға керек қой,
Бұл туралы ойланбақ.
Кезек берсең, Әбеке,
Домбыра қолға алайын,
Кеңейтейін айқай сап,
Ішімнің енді сарайын.
Әбекең сөз берген соң,
Сөйлемей қалай қаламын?
Шауып қалған тарлан ем,
Ойымнан сөзді табайын.
Құлағыңды сап отыр,
Жиналып келген ағайын.
Әбеке, мен айтайын табысымды,
Мол айттым социалды жарысымды.
Алдында бір-екі ауыз баяндайын,
Болсаңыз егер ынтық танысуға.
Өсірген төрт түліктен малшыларым,
Малшының жасап тұрмыз жағдай-халын.
Елу миллион басқа жеткізуге үлес қосу
Дариядай тасқындатып табыстарын.
Желбіреп еңбек туы қолындағы,
Шопаннан қойдың семіз болып бағы.
Жүз он басқа алғанбыз міндеттеме,
Асырып жүз он сегіз орындалды.
Жүз алпыс екі мың, екі жүз бас
Жайылған қойдың саны жонымдағы.
Артылды қаракөлдің сорттылығы,
Пайдасы мол тиіп тұр оның-дағы.
Қырық екі мың, үш жүз бас тірі қозы,
Келешек асырауға алынғаны.
Атақты шопандарым толып жатыр,
Бел шешкен осы еңбектің жолындағы.
Жұмабек, кім білмейді Сейітбекті?
Атағы талай жерге оның кетті.
Жүз жетпіс, жүз сексеннен төл келтіріп,
Аудан түгіл облысты дүбірлетті.
Еңбектің адал еткен арқасында,
Бес жылда қора-қора қозы төкті.
Бір бас та шығын бермей отарынан,
Абыроймен Отанға адал еңбек етті.
Сейітбек Қазақстанның депутаты,
Көрдің бе, адал еңбек қайда жетті?
Айтамыз Кәрібаев Әлмусаны,
Жүз қойдан жүз жетпістен төл төлдетті.
Үш жылдай қатарынан оза шауып,
Риза етті партия мен үкіметті.
Төсіне жарқыратып орден тақты,
Атанып ауданымда шын құрметті.
Советтің облыстық депутаты,
Әкімов мақтау керек Құрманбекті,
Жүзіне жүз елуден төл береді,
Дегенді естігенім жоқ төмендепті.
Тұсақтан жүз он жетіден алған төлді,
Айтбай жүр жасап биыл зор еңбекті.
Жылда аман малын сақтап бағып жүрген,
Ғани мен кім білмейді Қонысбекті.
Әбеке, айтатұғын шопаным көп,
Демесең айтар сөзің ұзап кетті.
Әбілхан:
Ақ құлақ, бота тірсек, құлан жалы,
Ауданда бес мың бес жүз жылқы саны.
Малшының еңбегі деп ойлау керек,
Болған жоқ жылқылардың шығындары.
Атақты жалқышыны кім білмейді,
Жақсылық, Жүсіп, Шайқы, Зейнолланы,
Ал солар міндеттеме әр жыл сайын,
Уәдесін бұлжытпастан орындады.
Жоғарғы қондылықпен етке бердік,
Еңбегін осы қоғамның жолындағы.
Айыр өркеш, асыл тұқым, маң-маң басқан,
Айрықша сүйкіді ғой түйе малы.
Саусаң сүт, мінсең көлік, сойсаң семіз,
Жүз інген, алпыс бестен бота алады.
Килодан бес жүз елу етке бердік,
Түйемнің артылып тұр сапалары.
Бақташың озып жүрген кім десеңдер
Нұртаза Әбсаттаров аталады.
Мүтәліп:
Әбеке, кешірерсің айналайын,
Ағаңның болып кетсе қаталары.
Сөйлемей ойындағы өлеңдерін,
Бұл жерден енді қалай жалтарады.
Тоқтатқың келіп отыр Мүтекеңді,
Өлеңін ойлап келген айта алады.
Көктемде түрлі дақыл егіледі,
Жер айдап, мезгілінде себіледі.
Күн бұрын күшейтіліп, бартап күтіп,
Әртүрлі тыңайтқыш зат төгіледі.
Ектік біз үш жүз бес гектар бау-бақша,
Шығымы осы күнде өте жақсы.
Суарып, тәрбиелеп, баптап күтіп,
Басында звеновод тұрса, жатса.
Диқанның көбі маман қауын еккен,
Көп жылдан бұл салада еңбек еткен.
Он мың тонна өткізіліп мезгілінде,
Абырой, алғыс алған өкіметтен.
Жүз жиырма гектар картоп тағы да ектік,
Тазартып айнадай қып арам шөптен,
Төрт жарым мың центнер өткіземіз,
Диқанның босқа кетпей тері төккен.
Елімде және де бар күріш деген,
Айналысып біз жатырмыз бұл іспенен.
Мамандар талай жерден келіп көріп,
«Шығым жақсы күрішің дұрыс» деген.
Отанның мол байлығы – алтын дәнім,
Келтірер нан көп болса елдің сәнін.
Атақты диқандарым толып жатыр,
Сары алтын жинап жүрген ел маржанын.
Бәрі де Жақаевтың ізбасары,
Одаққа аудан түгіл болған мәлім.
Күрішші Ахметов Еңбек Ері,
Талайлар іздеп келіп алған тәлім.
Алты мың екі жүз гектар күріш ектік,
Білсін деп айтып тұрмын мұның бәрін.
Әбеке, түсінетін адам едің,
Қалдырмай бастан аяқ хабарладым.
Алпыстан өнім алсақ центнерден,
Бір дәнді төкпей-шашпай, жинап бәрін.
Ал енді сөз кезегін тағы беріп,
Байқайын өнеріңді сенің көріп.
Әбеке, көп алдында сөйлеп жібер,
Домбыра ап, не десең де өзіңе ерік.
Жасыңнан өлең айтқан адам едің,
Осындай шаршы топта бітіп желік.
Қолыңа домбыра ал да, сөйле ақыным,
Отырмын айтады деп сізге сеніп.
Әбілхан:
Ақынсың талай озған жекпе-жектен,
Даңқың бар Сырдың бойын дүбірлеткен.
Мүтәліп аты шулы Қыраубаев,
Атағың Аралға да барып жеткен.
Жақсымен дидарласу бір ғанибет,
Аралдан келіп едім сол ниетпен.
Ақынның ойлайтыны халық қамы,
Отырмыз дәл осындай бір тілекпен.
Жарыстас Сырдария ауданысың,
Мал бағып, жер суарып, егін еккен.
Ауданың Қызылорданың дәл қасында,
Оранған орталығы Тасбөгеттен.
Салынған талай зәулім үйлер көрдім,
Түзетіп көшелерін әсемдеткен.
Бар екен темір бетон заводыңыз,
Халқына көптен өнім беріп келген.
Сыбанған талай жайсаң жандар көрдім,
Жарысты социалистік өрістеткен.
Өнімін береді екен көп жерлерге,
Арал да пайдаланған бұл көмектен.
Басшысы Аралбай мен Олжабайға,
Жолдайды аралдықтар көп рахмет.
Тәжірибе қой совхозы Аманкелді,
Өсірген сұр қаракөл асыл тектен.
Басқарған өңкей ғалым жастар екен,
Жалынды жігерменен еңбек еткен.
Нұрманға алғыс айтып аралдықтар,
Тілейді үлкен табыс алған беттен.
Қаракөл қой совхозы Бірінші Май,
Жерінде Сұлутөбе мекен еткен,
Бау-бақша көмкерілген көк желектен.
Сарайлар салтанатты сәулет шашып,
Аңқып тұр жұпар иісі бәйшешектен.
Малдарың Сарысуды кең жайлаған,
Қой өріп, құлын шауып дүбірлеткен.
Қонақжай, дастарханды елің жомарт,
Байлығың бұрқап-тасып шалқып жатыр.
Сөздерің өте орынды мақтап өткен.
Одақтың Қызыл Туын жеңіп алды,
Мерейі арта берсін болып үстем.
Еңбекпен келгеннен соң табыс қашпас,
Айтайын аз ғана сөз кемшіліктен.
Бір жүз үш звеноның қырық үші
Шыға алмады уәделі берген серттен.
Олардың ішіндегі он сегізі
Өнімін жиырма бестен төмендеткен.
Елу бес мың центнер картоп-овощ
Ауданың қарыз болды мемлекетке.
Азығы малдың жейтін мәз болмаған,
Өнім аз жүгеріден, еккен шөптен.
Малыңнан үш түрлі өнім кем алынды,
Қаракөл елтірісі, жүн мен сүттен.
Киров пен Абай, Жамбыл совхоздардың,
Малының салмағы аз етке өткен.
Кемістік айта берсе табылады,
Кемістік болды дейміз қай себептен?
Зябь жырту, жер суару жұмыстары,
Уақытылы орындалмай кешеулеткен.
Сақталмай егістегі ережелер,
Бұзылып механизм тұрған текке.
Өзің айт Абайдағы тракторлар
Жартысы қатыспапты егістікке.
Өткен жыл бір мың үш жүз шаршы метр
Тұрғын үй салынбапты ол неліктен?
Сүт комплекс алты жүз басты ол да солай,
Ақыным, ашып айтшы не себептен?
Кемістік айта берсең толып жатыр,
Айтайын тағы екі ауыз сөз шықпай шектен.
Сөз етсек мәдениет саласын да,
Ақыным мынау сөзге нанасың ба?
Паркің салтанатты, сәулетті емес,
Дарияның отырсаң да жағасында.
Аудандық Мәдениет Үйің қайда?
Ашып айт, оны, сірә, саласың ба?
Өнерің «халық» атағын ала алмай жүр,
Оны да айт, көп ұзатпай аласың ба?
Қазанғап атындағы оркестрмен,
Біреуі тең келмей жүр таласуға,
Өнерін мақтанды деп айып етпе,
Күй төккен Москваның қаласында.
Мүке, сөз кезегін бердім сізге,
Жүйрігім, тағы азғантай шабасың ба?
Мүтәліп:
Болмайды ешкім жақсы мақтанғаннан,
Жаман жоқ өп-өтірік даттағаннан.
Әбеке, осы жерде айтып тұрсың,
Өлеңді үйіңдегі жаттап алған.
Ойлапсың, байқап өлең азын-аулақ,
Қағазға ұят емес пе жазып алмақ?
Ақынға ақынменен кездесем деп,
Өзіңе түсіп жүрмесін енді салмақ.
Нашар деп құрылыстарың сұрақ қойдың,
Әрине, әртүрліні сұрап қойдың.
Берейін бастан аяқ оған жауап,
Әбеке, енді маған құлақ қойғын.
Отырмын дарияның жағасында,
Менде бар көлеңкелі ағашым да.
«Жоқ, - дедің – клубтарың орталықта»,
Деп тұрсың оны биыл саласың ба?
Салынып бұл клубым бітер деймін,
Ұзамай бір-екі айдың шамасында.
Әдейі барғаннан соң байқамадың,
Салынған фундаменттің жобасын да.
Кеттіңіз неге тастап шала көріп,
Арнайы барғаннан соң о басында.
Жүгері – дала аруы, мал азығы,
Дәнімен нәр беретін жан азығы.
Екі жүз елу гектар биыл ектік,
Ол – малдың қыс айында мол азығы.
Жапқанбыз үш мың үш жүз центнерден,
Сенбесең әкеп өлше таразыны.
Абырой алып жүрген ірі малдан,
Жүз бұзау, жүз сиырға жылы алған.
Боданов, Қалабаев, Манабаев,
Ақынның бүгін айтар жыры болған.
Жылда аман малын сақтап жүреді олар,
Ақыным, дей көрмеңіз мұны жалған.
Өткен жылы малдан өнім аз болды деп,
Болыпсыз сіз бір азғантай қайран қалған.
Айтасыз жаттап алған өлеңіңді,
Әбеке, байқап тұрсам мұның жалған.
Шындықты келгенен соң айту керек,
Өлеңді айта бермей ойға салған.
Қояйын деп ойлап ем,
Сынамасам сын айтып,
Екі бетің бүлкілдеп,
Бара жатырсың-ау шыдамай,
Мен сынасам, Әбеке,
Бүгежектеп, қаларсың,
Орыныңнан тұра алмай.
«Үкілі там» мекенін,
Үйлерін барып көрдің бе?
Қалай тұрған құламай
Баяғы өткен жеркепе.
Еске түседі сұрамай,
Бұл атамның заманы,
Әбеке, сұрақ бұл қалай?
Өзіңменен бір жүріп,
Аралды көрдім аралап.
Көшелерін жағалап,
Тазалығы жоқ екен,
Айтқаным емес табалап.
Сіздің ауыл шығарған,
Бірталай Еңбек Ерлерін.
Уақытысында аянбай,
Еңбектің төккен терлерін.
Мақтаныш етіп отырады,
Соларды айтып ерлерім.
Қатар-қатар қағылған,
Ордендерін тағынған
Суретін неге көрмедім?
Бір жауапты кісіден
«Бұл қалай?» деп сұрап ем.
Ұялғаннан керілді.
«Құлыптаулы үйде тұр,
Ашатұғын кілті жоқ,
Ашылған соң көр», - деді.
Көрнекті де көрікті
Ескерткіш тақтаң тіптен жоқ,
Қадірлеу керек ерлерді.
Ал, бір сатушың бар екен,
Асырған жұрттан айласын,
Ойлаған бастың пайдасын.
Дефицит зат келген деп,
Құлыптап қояды екен қоймасын.
Сатса артық сатады,
Танысқа беріп жатады,
Бұрмалап совет саудасын,
Жөнге салмай бұларды,
Ақыным, өзің қайдасың?
Сарышоқы деген жерде,
Бірнеше үйің тұрады.
Айлап газет ала алмай,
Іштерінен тынады.
Естісін деп мен айттым,
Әбекеңнің құлағы.
Ауданыңда, Әбеке,
Күнде газет шығады.
Неге орындалмайды
Халықтың талап, сұрағы?
Айтса-дағы айқайлап,
Естімейтін көрінеді,
Ешкімнің де құлағы.
Қатар жатқан ауданбыз,
Тасқындатсақ табысты
Өркендетсек мұнанда,
Социалды жарысты.
Қолыңнан бермей сөйлерсің,
Сол уақытта намысты.
Көрсетесің тағы да,
Келесі жылы шабысты.
Ақылдасып өзіңмен,
Жатқаным ғой сыр айтып.
Болмасын деп келешек,
Азғантай ғана сын айтып.
Бізден де бөтен ақын бар,
Кезек күтіп отырған,
Берейік уақыт ұзартып.
Бірлік бар жерде, тірлік бар,
Кемшіліксіз болмайды.
Түзеп алсаң жарасар,
Мезгілінде ондайды.
Партия көзі қырағы,
Адалдықты қолдайды.
Еліңе сәлем айта бар,
Мүтәліп ақын жолдайды.
Әбілхан:
Көсемнің жазған хатынан,
Нұр алған менің Аралым.
Орталықтан төрт рет,
Ту алған менің Аралым.
Одақтық алтын кітапқа,
Атын жазған Аралым.
Партияның майдағы,
Шешімдерін бұлжытпай,
Орындауға серт беріп,
Жігерленген Аралым.
Ортайса да теңізім,
Азайса да қаязым,
Көрдің ғой, Мәке-ау, көзіңмен
Қайнаған еңбек қазанын.
Мақтан етем ақпейіл,
Ержүрек мынау адамын.
Көтерілсе теңізім,
Қыздырсақ дейміз қайтадан,
Балықтың байтақ базарын.
Тулатсақ дейміз асаудай,
Ақ қозыдай қаязын,
Сары лақтай сазанын.
Тұз салмасаң су татып,
Тұрмай ма ішкен тағамың?
Сондықтан да тұздардан,
Ақшағыл тауды қаладым.
Капитаны Әбжәміл,
Жұлдыздау батыр қыраным.
Орында өмір талабын,
Жайнап тұр жайлау, қарағым.
Шөбі шүйгін суы бал,
Мал жайлаған алабым.
Жүз отыз бестен қозы алып,
Той жылы озды жарыста,
Ауданым менің – аралым.
Жүз отыз жеті қозы алған,
Ең алда совхоз Қарақұм.
Жүз алпыс бірден қозы алған,
Сәдуақасов Шәкеңді,
Мақтаныш ете аламын.
Мелекбаев Сағынай,
Құттыбаев Шөленбай –
Жүз елу бестен қозы алған,
Тарландары даланың.
Делегат, жаңа депутат,
Сырымов біздің Тәнекең,
Өрлетті-ау совхоз аранын.
Социалистік жарыста,
Басында жүр Елеуов.
Өсірген еңбек адамын.
Атып жатсам ерлер көп,
Келеді өсіп жастарым.
Жаршысындай жаңаның,
Қызылордам жайнай бер,
Еңбекте артып қадамың.
Орындаймыз әрқашан,
Партия қойған талабын.
Шырқай берсін дауысың,
Аман бол, құрдас, қарағым.
Осыменен қош айтып,
Қолыңды құрдас аламын.
Достарыңызбен бөлісу: |