32 сұрақ. Көркем шығарманы талдау жолдары
Талдау, оның ішінде әдеби талдау дегеніміз не? «Талдау» сөзінің ең алғашқы терминологиялық мағынасы – зат пен құбылысты аңғарып танып-білу жолдарының бір көрінісі. Көркем шығарманы зерттеп біле отырып, ол қалай және қандай амал-тәсілмен жазылса да, оның көркемдік тұтастығын әрқашан ой-санамызда берік ұстауға тиіспіз. Көркем шығарманың кез келген ең шағын деталін, оның кез келген құрамдас бөлігін қарастыра аламыз. Әдеби талдау өзінің нағыз, дұрыс мағынасында – әдеби шығарманы кез келген бөліктер мен бөлшектерге бөлу емес, тек осылай талдау шығарманы терең түсініп білуге көмектеседі. Суреткер ойы шығармада ешқашан анық көрінбейді, тереңде «жасырынып жатады». Шығармаға талдау жасай отырып, біз оқушыны суреткердің оймақсатын ашуға бағыттап үйретуіміз керек. Талдау үстінде ғана танылатын үлкенді-кішілі жаңалықтар әрқашан тұтастықпен байланысты болуы тиіс. Сонда ғана әдеби талдау нәтижелі болады. Талдау кезінде суреткер үшін, талданатын шығарма үшін айрықша мәнді тұстарына назар аудару керек. Яғни, көркем тұтастық аясында көркем бөлікке көз жібереміз. Мұндай жағдайда көркем бөлік – талдаудың алғашқы материалы, ал көркем тұтастық – оның соңғы нәтижесі болады.
Талданатын көркем туындының мазмұны таныс болуы керек. Б. Сланов «Кейіпкер бейнесін талдау» /А., 1990/ атты кітабында көркем бейнені талдауда мұғалімдерге төмендегідей тәсілдерді ұсынады: 1. Кейіпкер портреті, іс-әрекеті, оның ішкі психологиясы жайлы автордың өз ойын білдіреді. 6 2. Көркем бейнеге тән ерекшеліктерді өзге кейіпкерлерді сөйлету жолымен көрсетеді. 3. Әдеби бейне /кейіпкер сөзін/, ішкі толғаныстарын, ой-пікірін /монологін/ келтіріп танытады. 4. Қаһармандар табиғатын оларды бір-біріне қарама-қарсы қою әдісімен / диалог, әңгімелестіру, т.б/көрсете алуына қарай әдеби кейіпкер характерін танытуы.
Әдебиет пәні – өнер пәні десек, сол әдебиетті таныта білу үшін оның теориясын жете меңгерте білуіміз қажет. Әдеби көркем шығарманың идеялық мазмұнын игеру үшін сол шығарманың сюжеттік компоненттерін түсіну керек. Бұл үшін шығарманы меңгертуде оның мазмұнына, оқиға кезеңдеріне байланысты сұраулар қою мен тақырыптарға бөлдірудің үлкен маңызы бар. Сондықтан оқытылатын шығарманы бөлімдерге бөліп, оларға тақырыптар қою жұмыстары жүргізілгені дұрыс. М. Әуезовтің «Көксерек» әңгімесін өткенде оқушыларға шығарманы бөлімдерге бөліп, әр бөлімге мазмұны бойынша тақырыптар қою ұсынылады. Мысалы, “Кім кінәлі?” деген тақырып бойынша талдау жұмысын проблемалық сұрақ қою арқылы жүргізген өте тиімді. 1. Көксерек Құрмаштан гөрі ақ қасқырмен неге тез бауырласты? 2. Қасқырлардың іс-әрекеті мен адамдардың іс-әрекетінде ұқсастық бар ма? Қайсысы қаталырақ? 3. Құрмаштың өліміне кім кінәлі? 4. Қасқырларды қолға үйретуге бола ма? Ұсынылған тақырып атауларынан әр бөлімдегі мазмұнды дәл беретін қысқа біреуін таңдау оқушыларға тапсырылады. Осы жұмыстардан соң оқушыларға тақырып туралы түсінік беріледі. «Тақырып деп нені айтамыз?» деген сұрауға оқушылардың жауаптарын тыңдағаннан кейін, оны көркем шығармадан мысалдар келтіру арқылы тереңдету қажет. Әр шығарманы өткенде шығармалардағы кездесетін эпитет, теңеу, метафора, т.б. туралы әдеби теориялық білімдерін тереңдетіп отырған орынды. Сол сияқты көркем шығармадағы әдеби кейіпкер, диалог, кейіптеу ұғымдарының басты белгілерін ажырата алатын дәрежеде меңгертуіміз керек. Біз көркем шығарманы оқығанда оның кейіпкерлерімен танысамыз. Жазушы сол кейіпкерлерді оқырмандар ойша елестетіп көз алдына келтіре алатындай етіп суреттеуге тырысады, ол үшін жазушы шығарма кейіпкерлерінің пішінін, жүзін, тұрпатын, киімін, қимыл-қозғалысын суреттейді. Міне, осы әдебиетте портрет деп аталады. Оқушылардың ұғымына жеңіл болу үшін портрет дегеніміз жазушы кейіпкерлерінің сөзбен салынған суреті деп түсіндіреміз. Б. Майлин «Шұғаның белгісінде» Шұғаның портретін былай берген. «...Аққұба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді». Бұл Шұғаның өзгермейтін, қимылсыз кескіні. Автор портретті бір жерде ғана емес, шығарманың өн бойында біртіндеп жасауы мүмкін екендігі, сөйтіп портрет оқырман қаһарманның сырт пішінін көруге, бастан кешірген сезімін, мінез ерекшелігін түсінуіне көмектесетінін оқушының жете түсінгені дұрыс. Мысалы, Б. Майлин «Шұғаның белгісі» хикаятында Күлзипаны «Орта бойлы, қара сұрлау, тік қабақ, сұстаныңқырап тұратын адам еді» деп кескіндей отырып, оның салқындығын сездіргендей. «Қара сұр, тік қабақ, сұсты» қыз келбетінен қатігез, рақымсыздық лебі ескендей. Теориялық түсінікті сабақты тиянақтау мақсатында қолданған жөн. Сонымен қатар, бір әңгіменің бойындағы теориялық ұғымдарды мысалдар арқылы оқушының санасына сіңіре білу қажет. Мысалы: Мінездеу: «Өзі ұзындау, өзі бейғамдау Әбди деген бір жолдасымыз ауырып қашып кете алмай қалып еді, қуалай жанына шыбыртқыны шып-шып еткізді. Қамшыдан 8 қайқалақтаған Әбдидің арық қабырғасы ыржың-ыржың етіп, екі қолымен арқасын уқалап, «ағатайлаған» дауысы тым ащы шықты». Жанама мінездеу: «Байғұс қара өгіз, көзіне шыбын үймелеп, аузынан сілекейі шұбырып, митың-митың аяңдап келеді. Екі доңғалақты қазақ арба дағдылы ойбайын салып о да келеді». Салыстырмалы мінездеу: «Жантық керенаулық қылып, жаңбырға тидіріп, жастай жинап жүрмеңдер! Өзім көрмей шошаққа тартпаңдар... Өйтсеңдер, өкпелемеңдер! – дейді. - Осы ит-ақ түбімізге жетер, - деп жігіттер өзара күңкілдеседі. Эпитет: «Қоңыр құйқалы, құнарлы шиыр. Адырсыз, жотасыз, жазық алаң, керілген кең тақта». Пейзаж: «Жылауық күз емес, гуілдеген желді күз еді. Түндік біткен шаңырақта сабалап, қараша үйлер тозығы жеткендігін айтып, зар қағып сықыр-сықыр етеді. Бұрқырап түсе бастаған күзгі сары ала жапырақ ауыл қотанында жындай ойнақтайды. Кейіптей дамыту: «Қырман басы ұлы дүбір той. Гүр, гүр, гүр! Гүрілдеген сайын маңдайдан шыққан ащы тер қызыл маржан болып қапшыққа құйылады. Бұл бұрқыраған еңбек күйі аспанға өрлейді. Жер мен аспан қосыла билейді». 2 Шығарманы талдағанда ерекше мән беретін тұстар: • Шығарма құрылымына • Стильге • Сөйлем құрылымына Композиция мен сюжет Көркем шығарманы оқығанда онда баяндалатын оқиғалардың бір жүйеде бірбірімен байланысты суреттелетінін оқушы түсіне білуі керек. Олар шығармадағы барлық оқиғалар бір-бірімен тығыз байланысты және бір оқиғадан кейін екінші оқиға туындап отыратындығын шығарманы оқи отыра сезінуі қажет. Шығармада сөз етіліп отырған оқиға желісі әр алуан іс-әрекеттен құрылады. Қандай шығарманы оқыса да оқушы оның композициялық құрылымын талдай білгені дұрыс. Ғ. Мүсіреповтың «Ер ана» әңгімесінен мысалдар келтіруге болады. «Ер ана» әңгімесінде ең алдымен астаң-кестеңі шыққан, әр тұсын өрт шалған қалың орманның, сау тамтығы қалмаған өлікке толы қысқы даланың суреті беріледі. Әрбір оқиғаның болатын жерін, оқиғаға қатысушыларды және оқиғаға байланысты басқа да жағдайларды суреттеу шығарманың экспозициясы деп аталады. Шығарманың экспозициясы, әдетте, жазушы баяндайын деп отырған оқиғаның сипатына қарай беріледі. Мысалы, «Ер ана» әңгімесінің экспозициясы – соғыс зардабынан жантүршігерлік жағдайға келген табиғат көрінісі. Көркем шығармада баяндалатын оқиғалардың бастауын және олардың бір-бірімен сабақтасып отыруын байланыс деп атайды. Оқушыларға ұғымды болу үшін оқылып отырған шығарманы мынадай сызбаны толтыру арқылы меңгертуге болады.3 Бөлімі Сюжеті Композициясы І Қарт ананың Лиданы қаладан әкетуі жөніндегі байламы. Орман жақты бағдарлап қайтуы, партизандарға жолығуы Байланысы ІІ Қаладағы аса қасиетті ескерткіштің қирауы. Қалаға жау әскерлерінің келіп қалуы. Қарт ананың орманға қашып шығуға үлгере алмауы Оқиғалардың шиеленісуі ІІІ Мектепке келген неміс офицерлері қарт ананы Лидамен бірге түн ішінде аязды далаға қуып шығуы. Өзегі өртенген қарт ананың ендігі ойы қайткендед де кек алуға тіреледі Оқиғаның шарықтау шегі ІҮ Кек қалай алынды! Наталья мектепке қалай бұрылғанда бір ғана гүрс етіп, мектеп үйі аспанға ұшты Оқиғаның шешімі Көркем әдебиет шығармасының құрылысын композиция дейді. Ал оқиға желісін, оның дамуын сюжет дейді. Жазушы шығарманы қызықты, тартымды ету үшін оның 9 құрылысын-композициясын әр түрлі етіп құрады. Кейде шығарма оқиғасы тіпті шешімнің өзінен де басталып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда жазушы оқиғаның байланысын шегіністен бастайды. Повестің көркемдік ерекшелігін таныту дегеніміз оның ішкі заңдылығын ашу, сюжеттік жағдаяттарын талдау, жазушының стилі мен тіл көркемдігін, образ жасау шеберлігін ашу, оларды дәлелдерлік шығармадан үзінділер оқыту, оқушы еңбегін шығармашылық дәрежеге көтеру деген сөз. Сонымен қатар оқушылар әңгіме мен повестің айырмашылығын білуі қажет. Оқушылар әңгіме көлемі қысқа, нақты эпизодтық сюжетке құрылған, көркем қара сөзбен жазылатын шығарма екенін, әңгіменің басталуы, дамуы, шарықтауы, шешімі болатынын білгенімен оны повестен ажырата алмауы мүмкін. Сондықтан повесть пен әңгіменің айырмашылығын салыстыра отырып түсіндірген дұрыс. Повесте кейіпкерлердің бірнеше эпизодтық ісәрекеттері, өмір шындығының маңызды бір кезеңі суреттелетіндігін, сюжет желісінің күрделілігін, кейіпкерлердің көбірек болатынын оқушы санасына сіңіре білу керек.4 Мысалы, М. Әуезовтің «Көксерек» әңгімесін өткен кезде туындының композициялық құрылысына талдау жасата отырып, оқушы повесть пен әңгіменің ерекшелігін өзі түсініп, ажырата білуіне мүмкіндік туғызу қажет. Оқиғаның басталуы – Қараадыр қасқырлар мекені. Тағылар тірлігі. Байланысы – Адамдар шабуылы. Бөлтіріктер тағдыры. Қаталдық. Дамуы – Бөлтіріктің Көксерек атануы. Оның адамдардан көрген жәбірі. Шарықтау шегі – Көксерек және Құрмаш. Баланың таза көңілі, мейірімі. Шиеленісуі – Көксеректің ауылдан кетуі. Ұяластарымен тез табысуы. Тағылардың тағылық істері. Шешімі – Құрмаштың қазасы. Көксеректің жазасын тартуы. Әже зары деп айтуға болады. Әдебиет сабағындағы ең басты – құрал көркем мәтіннің (текст) өзі. Сондықтан көркем мәтінді эмоциялық тұрғыдан әрі саналы түрде игеруді бірінші кезектегі мәселе деп қараған жөн. Шығарма тексін оқу, оның идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшелігін түсінудің ең басты сатысы болып табылады. Шығарманы оқып үйренудің әдісі оның жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшелігіне және көлеміне де байланысты болады. Ал шығарманың композициясы, тілі, табиғи суреттемелері сол туындының идеялық мазмұнын ашатын құралдары ретінде қаралады. Әдебиет теориясын білу арқылы оқушы жазушылардың өз шығармаларында шебер көрсеткен өмір суреті мен адам образын жасау құралдарымен танысады. Ол құрал – ең алдымен сөз екенін біледі. Әрбір ұстаз жаңа технология арқылы белсенді оқыту тәсілдерін тиімді пайдаланып, сабақта қолданып отырса әдебиет пәнінен сапалы білім берілетіні ақиқат. Сол әдістің негізгілерінің бірі – көркем шығарманы оқығанда талдау жұмысын жүргізіп оқыту. Себебі шығарманы танып, меңгермей әдебиетті түсіну мүмкін емес. Мысалы, Б. Майлиннің «Шұғаның белгісін» оқу кезінде оқушыларды хикаяттың композициялық құрылымын түсіне, талдай отырып оқуға бағыттаса, әр оқушы талдау арқылы шығарманың толық сюжетін, композициялық құрылымын меңгере алады. Сыныпты топқа бөле отырып, әр топқа шығарманың композициялық құрылымын анықтауға арналған тапсырма берген дұрыс. Сол тапсырмалар арқылы оқушылар шығарманың композициялық құрылымына төмендегідей талдау жасайды. Оқиғаның басталуы: Әсем пейзаж. Обашық. «Тарғыл өгіз сойған» «Шұғаның белгісі» қалай атанады? Дамуы: «Сықырлауықтан сығалаған сұлу сезім». Әбдірахманды Шұғаның тұңғыш көруі. Өрбуі: Адамдар тағдырына негізделген. «Махаббаттың маздаған отына су шашу» Шиеленісуі: Екеуінің махаббаты. Шарықтау шегі: Ауру Шұға. Шешімі: Шұға десе Шұға еді-ау! Үзілген үміт.
Достарыңызбен бөлісу: |