Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздеріне информатиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі (С.А. Бешенков [41], Я.А. Ваграменко [3], А.П.Ершов [42], А.А. Кузнецов [43], М.П. Лапчик [5], Е.Ы. Бидайбеков [14], Ж.А.Қараев [44], С.К. Қариев [45], Т.О. Балықбаев [46] және т.б.); педагогикалық жоғары оқу орнында болашақ информатика мұғалімін дайындау (Ю.С. Брановский [47], М.П. Лапчик [5], А.В. Могилев [8], В.М. Монахов [48], Е.Ы.Бидайбеков [14] Ж.А. Қараев [41], Е.Ө.Медеуов [18] және т.б.) философиялық, психологиялық және педагогикалық зерттеулер алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
болашақ информатика мұғалімдерін дайындауда цифрлық білім беру технологиялары негізінде информатика тарихын оқытуды жетілдірудің қажеттілігі негізделді;
білім беруді цифрландыру жағдайында информатика тарихы курсының мазмұны іріктелді;
информатика тарихы курсы бойынша төңкерілген оқыту ресурсы дайындалды;
болашақ информатика мұғалімдеріне информатика тарихы курсын төңкерілген оқыту ресурсын пайдаланып оқыту әдістемесі жасалды.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы: жоғары педагогикалық білім берудегі информатика ғылымының мәдени және іргелі идеяларын, информатика тарихы саласының қалыптасуы мен дамуын зерттеу, білім беруді цифрландыру жағдайында педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ информатика мұғалімін даярлау қажеттілігінің негізделуі, төңкерілген оқыту ресурсы ұғымының айқындалуы және информатика тарихы курсының дидактикалық қағидаларға сай мазмұнының іріктелуі мен оқыту әдістемеcінің ұсынылуы педагогикалық ғылымның информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі саласына қосылған үлес болып табылады.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы: зерттеу нәтижелерінің практикалық маңыздылығы болашақ информатика мұғалімдеріне информатика тарихы курсын оқытуға арналған төңкерілген оқыту ресурсы негізінде ұсынылған электрондық оқу құралының жасалуымен анықталады. Зерттеу жұмысы барысында жасалған электрондық оқу құралын болашақ информатика мұғалімдерін даярлауда, орта білім беру орындарында, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру жүйесінде пайдалануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |