Толымдылық– сүрекдiңдердiң 1,3 м биiктiгiндегі көлденең қима аудан қосындыларының сол жастағы және сол биiктiктегi қалыпты сүрекдiңнiң көлденең қима ауданы қосындысына қатысымен анықталатын ағаштардың тығыз тұру дәрежесi. Салыстырмалы толымдылық әр саты үшiн ағаш түрлері бойынша анықталады.
Биiктiгi 3 м-ге дейiнгi алқа ағаштар үшiн толымдылық орман шымылдығының тұтасу дәрежесiмен қойылады, ал табиғи тектi, жанасу кезеңiне келмеген балауса ағаштар үшiн сүректi өсiмдiктердiң 1 га-ға шаққандағы санымен қойылады.
Қалыпты сүрекдiңдер толымдылығы бiрлiк ретінде қабылданады, жекелеген жағдайларда (өте қалың алқа ағаштарда) ол бiрлiктен жоғары болуы мүмкiн. Сиректенген сүрекдiңдер толымдылығы бiрлiктiң ондық бөлiгiмен көрсетiледi. 0,8 және одан жоғары толымдылықтағы сүрекдiңдер жоғары толымдылықты деп, 0,6-0,7 орта толымдықты және 0,4-0,5 төмен толымдықты деп саналады. 0,3 және одан төмен толымдылықты учаскелер орман сипатын жоғалтып, сирек ормандар деп аталады.
Желектің түйісуі – толымдылықтан басқа көрсеткіш, ағаш желегі кескiндер аудандарының сүрекдiңдер алып тұрған ауданға қатынасымен анықталады. Балауса орманда түйісу, әдетте, толымдылықтан жоғары, орта жастағылар мен жетiлiп келе жатқандарда олардың көрсеткiштерi көбінесе, бiрдей болады, толысқан және көнерген сүрекдiңдерде толымдылық түйісуден жоғары болып келеді.
Жиілік– «толымдылық» және «тұтастық» ұғымдарына өте жақын ұғым, бiрақ ол орман ауданының 1 га-ына келетiн ағаштар санымен анықталады. Ол сүрекдiңнiң жасына қарай өзгерiп отырады және ормандағы өсiмдiктер жағдайымен тығыз байланыста болады. Бонитеттің І класында сүрекдің жиілігі ең аз, ал V класта ең көп болады.
Тауарлық– іс (кәделiк) сүрек шығымымен немесе іске жарамды дiңдер санымен анықталатын сүрекдiң сапасының экономикалық санаты (категориясы).
Аурулармен және шiрiкпен зақымданған, іс (кәделiк) сүрек шығымы 20 пайыз және одан төмен орман учаскелерi жеке бөлiнедi.
Ағаштардың іс сүректердi беру үлесі бойынша тауарлықтың үш класы қойылған (кесте 1.4).