Орман астары– орман шымылдығы астында өскен және қазiргi өсiп-өнiп тұрған жағдайында сүрекдiңдi құрауға қабiлетсiз бұталар, сирегiрек сүректi ағаш түрлері.
Орман астары орманның өсуiне, оның су қорғау, қорғаныш және т.б. пайдалы қызметтерiне әсер ете отырып, орман құрауға тiкелей қатысады.
Шаруашылық маңызы жөнiнен ол ешуақытта орман шымылдығындағы басым ағаш түрінің орнын ауыстырмайды, өскiндер сияқты кәрi ағаштардың орнын баспайды.
Бiздiң ормандарда кездесетiн бұталардан орман астарына жататындары: арша, шетен, тал, ұшқат, қарақат, сыңғақ итшомырт, шаттауық және т.б.
Орман астарының орман өсiрушiлiк маңызы өте зор. Ол топырақ қорғау рөлiн орындайды, яғни, орман топырағын шөптесін өсiмдiктер басып кетуiн тежейдi, топырақ борпылдақтығын және түйiрлi құрылымын сақтайды, оны қоректi заттармен байытады, көптеген пайдалы құстар мен аңдардың баспанасы болып табылады. Бiрақ, орман астары орман үшiн терiс рөлде атқаруы мүмкiн: ол қалың болған кезде өскiннiң өсуiн тежейдi, орманның қайта жаңаруына кедергi келтiредi. Мұндай жағдайда, орман астарын сирету жұмыстары жүргiзілуі қажет.
Тiрi топырақ жамылғысы – орман шымылдығы астында, кесiлген жерлерде және топырақты жауып тұратын мүктер, қыналар, шөптесін өсiмдiктер мен бұташықтар жиынтығы.
Тiрi жамылғы топыраққа және орманның басқа да құрам бөлiгiне әсер етумен қатар, олардың ықпалымен өзi де өзгередi.
Ормандағы тiрi топырақ жамылғысы шалғын, батпақ, дала өсiмдiктерiнен біраз ерекшеленедi. Өз кезегiнде, орманның әр түрлi өсiмдiк қауымдастықтары (фитонценозы) тiрi топырақтың жамылғысының құрамы мен құрылымы жөнiнен өзгешеленедi.
Бұл айырмашылықтың сипаттылығы сондай, көптеген орманшылар тiрi топырақтың жамылғысын, орман өсiмдiк қауымдастығының негiзгi белгiлерінiң бiрi ретiнде есептейді.
Өсiмдiк қалдықтары– жыл бойы жерге түскен жапырақтар, қылқандар, бұталар, бұтақшалар, жемiстер және орман өсiмдiгiнiң басқа да қалдық бөліктері.
Орман қордасы– шiрудiң түрлi дәрежесiндегi топырақ бетiндегi өсiмдiк қалдықтарының жинағы.
Орман қордасы өсiмдiк қалдықтарынан жинақы, қат-қабат болып келедi, ал кейде (шiру баяу жүргенде) едәуiр қалың (20 см-ге дейiн) болады.
Орман қордасы жыл бойы жапырақтардан, қылқандардан, бұталардан, бұтақшалардан, жемiстерден, өсiмдiк түсiндiсiнен және басқа орман өсiмдiгi қалдықтарынан құралады және орман топырақтарының тыңайтқышы ретiнде қызмет етедi.