1.5.1 Орман тіршілігіне жарықтың маңызы. Жарық – өсiмдiктер тiршiлiгiндегi қажеттi фактор. Хлорофиллдiң құрылуы, фотосинтез, транспирация, бүршiктердiң, жасушалардың, жапырақтардың, гүлдердiң, жемiстердiң пайда болуы мен өсуi, жасушалар арасында заттар алмасуы және т.б. жарықтың қатысуымен өтедi.
Күн сәулесi орман iшiнде жапырақ түзілуіне, желектің бұтақтануына, оның мөлшерi мен пішініне, дiң пішініне, оның бұтақтардан тазаруына, алқа ағаштың сиретілуiне, сондай-ақ, ағаштардың жемiс салу қуатына және тұқымдар түсiмiне әсер етедi.
Күндiзгi жарық тiке түскен және аспан шатырымен шашыраған, шағылысқан күн жарығынан тұрады. Фотосинтез үшiн шашыраңқы жарықтың маңызы зор.
Күннiң түрлi сәулелерi әр мақсатқа қызмет етедi. Қызыл, қызғылт-сары және сары сәулелердi өсiмдiктер көмiрқышқыл газын сiңiру және хлорофилл құрау үшiн, күлгiн, көк және көгiлдiр – бүршiктердiң өсуi мен дамуына пайдаланады.
Транспирация барлық сәулелердiң, бiрақ, көбiне сары түстердің әсерiмен жүзеге асады.
1.5.2 Ағаш түрлерінің жарыққа қатынасы және жарық сүйгiштiгi.Әр түрлi ағаш түрлерініңжарық режиміне қатынасын салыстыра отырып, ежелден орманшы мамандар ағаш түрлерінің жарық сүйгiштiк және көлеңкеге төзiмдiлiк дәрежесi әрқилы болатыны жөнiнде қорытынды жасады.
Орманшылықта жарық сүйгiштiктi тiкелей сол ұғымда емес, қайта көлеңкеленуге терiс реакция ретiнде қабылдайды.
Көлеңкеге төзгiштiк көлеңкелену кезiнде фотосинтездiң бiршама жоғары белсендiлiгiн сақтау қабiлетi деп түсiндіріледi.
Осының негiзiнде 19 ғасырдың басында-ақ ағаш түрлерініңжарыққа қатынасының экологиялық шкалалары жасалды.
Кейбір көрсеткіштері бойынша ағаш түрлерінің жарықты қажетсінуін жапырақ құрылысының күрделілігіне, пішініне, жалпақ еместігіне қарап ажыратуға болады. Әдетте, олар жарық сүйгіш өсімдіктер. Ал жапырағы ірі, тұтас, қарапайым болса, ондай ағаштар көлеңкеге шыдамды және жартылай төзімділер қатарына жатады.
Ағаш түрлері жарық сүйгiштiгiнiң өзгеруi.Ағаш түрлерініңжарыққа қатынасы климат және топырақ жағдайларына байланысты өзгерiп отырады. Солтүстiктегі ағаш түрлері оңтүстiкке қарағанда жарық сүйгiштеу болып келедi. Таудың жоғары жағына қарай өсiмдiк жарықты көбiрек қажет етедi.
Сондай-ақ, жас өсiмдiктер үлкен өсімдіктерге қарағанда көлеңкеге төзiмдi келетiнi анық. Құнарлы топырақта жарық сүйгiштiк азаяды, құнарсыз топырақта ұлғаяды. Тамыр өскiннен өсіп шыққан ағаштар тұқымнан шыққанға қарағанда көлеңкеге төзiмді болып келеді.