1.4.3 Орманның өсуiне климаттың маңызы. Климат факторларының орман өсетiн бiр аймақ шегiнде ғана емес, аздаған аумақтың өзiнде ауытқуы сүрек өсiмiне, жемiс беруіне, зиянды және пайдалы жәндiктердiң, саңырауқұлақ ауруларының дамуына, ормандағы өрт қаупiнiң күшеюiне немесе азаюына, ормандардың қалпына келу барысына әсер етедi. Тұқым себу және көшет отырғызу, топырақты өңдеу тәсiлдерi, маусымдық орман кесулерi, ағаш дайындауды ұйымдастыру мен техникасы климат ерекшелiктерiмен байланысты. Әр түрлi климат жағдайларындағы (аймақтардағы) ормандар құрамы, өнiмдiлiгi және техникалық сапасы жағынан ерекшеленедi.
Тундраға жақын және таудың жоғары жағында олар өнеркәсiптiк маңызы жоқ аласа ағаштардан тұрады.
Тайга өңiрiнде қоңыр салқын климат жағдайларында, ормандар 30-35 м биiктiкке жетедi, ал сүрек қоры 1 га-да 350-500 текше метр құрайды.
Кавказдың Қара теңiз жағалауында (Абхазия) биiктiгi 45-50 м және диаметрі 2 м-лік кавказ майқарағайы кездеседi, ал сүрек қоры 1 га-да 1500 текше метрге (м3)жетеді.
Калифорнияда, жылы ылғалды климат жағдайында секвойя ағаштары аса үлкен 100 м биiктiкке, диаметрi 15 м-ге дейiн жетедi. Осындай бiр ағаш көлемi 800 м3-қа тең. Австралияда биiктiгi 150 м эвкалипт ағаштары кездеседi.
Өсiмдiктердiң өсуi бірнеше факторлардың бiр мезгiлде, бiрге қосылғанда болуы мүмкiн, олар: жарық, ылғал, жылу, ауа, қоректік заттар және бұл факторларды бiр-бірімен ауыстыруға болмайды.
Орманның тiршiлiк жағдайларын зерттегенде өсуге қажеттi факторларды ғана емес, сондай-ақ, өсiмдiктер өмiрiне зиянды ықпал ететiн факторларды да бiлу қажет. Орман өнiмдiлiгiне қажеттi факторларды құра отырып және оның тіршілігі үшiн зияндыларын жою арқылы орман шаруашылығын табысты жүргiзуге болады.
Орманның өсуi және дамуына әсер ететiн негiзгi факторларды алып қарайық.
1.4.4 Күн радиациясы және орман. Күн бөлетiн энергия күн радиациясы деп аталады. Ол климат құралуының бастамасы болып табылады, климат және оның элементтері сипатын белгiлейдi. Күннiң сәулелік энергиясы ғаламшарда жылуға айналады. Күннiң жарығы мен жылуы ғаламшардағы тіршіліктi қалыптастырады. Күн сәулесi әр түрлi ұзындықтағы толқындар мен үзiлiссiз тасқындарының қатары ретiнде қарастырылады. Радиацияның барлығы жер бетiне жетпейдi. Оған атмосфера үлкен әсер етедi. Күн радиациясының қарқындылығы әр түрлi жағрапиялық ендiктер мен атмосфера орындарында бiрдей болмайды.
Сондықтан атмосфера шекарасында тұрақты мөлшерi ретiнде, шартты түрде қабылданған және оны күн тұрақтысы деп атаған. Еуропалық актинометрикалық шкала бойынша ол 8,12 Дж (см2мин) тең.
Күн радиациясы күн сайын орманның тiршiлiк процестеріне әсер етедi, сол арқылы фотосинтезді, транспирацияны, фотоморфогенезді, жылу және ылғал алмасуын, ауа қозғалысын және басқаларын тудырады. Орман өсуiндегi және тiршiлiк әрекетiндегi өзгерiстер күн белсендiлiгiнiң кезеңдi көпжылдық өзгерiстерiмен жанама байланыста болып келедi.
Өз кезегiнде орман шағылыстыру қабiлеттiгiнің төмен болуымен және жоғары радиациялық теңдестiгiмен өзгешелене отырып, жерге түскен радиацияға әсер етедi, ол орман шымылдығында әлсiрей отырып, өзiнiң спектрлiк құрамын да өзгертедi.
Мұнда орман мен күн радиациясының өзара әсерi әр түрлi көрiнiс табады. Ол әсер алқа ағаштарының құрамына, пішініне, бонитетiне, жасына және тұтасу дәрежесiне байланысты болады.
Орманның радиациялық теңдестiгi жер бетiндегі басқа түрлердiң (шалғын, дала, батпақ және басқалар) радиациялық теңдестiгiнен жоғары.
Бұл орманның сәулелік энергияны көбiрек өзiне сiңiретiндігімен және аз шағылыстыратындығымен түсiндiрiледi, сонымен қатар, ормандағы өсiмдiктердiң үстiндегi температура ашық жердегiден төмен келедi де, ол орманның жылуды аз шығаруына әкелiп соғады.
Сұрақтар
1. Экология ғылымы нені зерттейді?
2. Биогеоценоз дегеніміз не?
3. Экологиялық факторлар қандай топтарға бөлінеді?
4. Абиотикалық топқа қандай факторлар кіреді және ол жайлы сипаттама келтіріңіз?
5. Биотикалық факторлар жайында не білесіз және мысал келтіріңіз?
6. Антропогендiк топқа қандай факторлар кіреді және оларға сипаттама беріңіз?
7. Жер шарындағы климат типтерін атап беріңіз және оларға мысал келтіріңіз.
8. ТМД елдерi аумағы қандай өсiмдiк аймақтарына бөлiнеді?
9. Орманның өсуiне климаттың маңызы қандай?
10. Күн радиациясының орманға әсері туралы не білесіз?