Жарықтың сүрек өсiмiне және сапасына әсерi. Жарық ағаштың дiңi мен желегінің қалыптасуына әсер етедi. Орман шаруашылығында басты ағаш түрлерінің жас ағаштарын қапталынан көлеңкелеу арқылы өсiмталды енгiзу жолымен бiршама жiңiшке, түзу және толық сүректi дiңдерді өсiруге пайдаланады. Егер жас ағаштарға жарық бiр жанынан түссе, олардың дiңдерi жарыққа қарай дамып өседi. Бұл ағаш желегінің бiрқалыпты дамымауына әкелiп соғады, сүректiң техникалық сапасын төмендететiн дiң құралуына жағдай жасайды. Жарық көп түскен кезде дiңдер бұтақтардан баяу тазарады.
Жарықтың орман шымылдығы үстiндегi ағаш түрлерінің қайта қалпына келуiне ықпалы. Көлеңкеге төзiмді ағаш түрлерінің көпшiлiгi (шырша, шамшат, майқарағай және басқалар) жанынан немесе өне бойына жарық түскенде жақсы қайта қалпына келедi; жарық сүйгiш ағаш түрлерінің көпшiлiгi үшiн жоғарыдан жарықтану немесе оны жанама және өне бойы жарықтанумен үйлестiру қажет.
Ағаш түрлерінің өте көлеңкеленген өскiнi жанама жарықтану көп болғанда, шатыр тәрiздi форма түзеді, себебi мұнда негiзiнен жанама өркендер дамып өседi.
Орман шымылдық астындағы жарық жағдайына орманның әсерi. Орман iшiндегi ағаштар өздеріне түскен жарықтың 10-25 пайызын шағылыстырса, ал 35-75 пайызын өзiне қабылдайды. Шымылдық астындағы жарықтану ашық жердегi күндiзгi жарықтың 5-40 пайызын құрайды; ондағы жарық құрамы да өзгеше.
М.И. Сахаровтың деректерi бойынша, ағаш шымылдығы күн радиациясының 20-25 пайызын шағылыстырады, орман шымылдығы 35-70 пайызын ұстап қалса, 5-40 пайызы орман шымылдығы астына өтеді.
Кәдiмгi қарағай түскен жалпы жарықтың 50 пайызын, емен – 18%, шырша – 13%, қайың 44%, грек жаңғағы ағашы – 7%, шаған – 17%, талшын – 9 және шамшат – 5%-ын өткiзедi.
1.5.3 Ағаш түрлерінің жарық сүйгiштiгi және оның сыртқы белгiлерi. Ағаш түрлерінің жарық сүйгiштiгiн ағаштың және сүрекдiңнiң сыртқы белгiлерi бойынша анықтайды.
Оларға жататындар:
– ағаш желегінің тығыздығы және селдiрлiгi – селдiр желекті ағаш түрлері тығыздылармен салыстырғанда жарық сүйгiштеу келедi. Бiрiншiге, мысалы, мыналар жатады: қайың, қарағай, балқарағай, екiншi топқа, шырша, шамшат, майқарағай.
– ағаш желегінің ұзындығы – едәуiр ұзын желекті ағаш түрлері (майқарағай, шырша) көлеңкеге төзiмдiлер болып саналса, ал қысқа желектілер (қайың, терек) жарық сүйгiштер болып табылады.
– ағаш қабығының қалыңдығы – көлеңкеге төзiмдi ағаш түрлері – шырша, майқарағай, шамшат – жұқа қабықты болса, жарық сүйгiштер – қарағай, балқарағай – қалың қабықты болып келедi.
- өсу жылдамдығы – жарық сүйгiш ағаш түрлері, әдетте, баяу өсетiн көлеңкеге төзiмдiлерге қарағанда тез өседi.
– дiңдердiң бұтақшалардан тазару жылдамдығы – жарық сүйгiш ағаш түрлерінде дiңдердiң бұтақшалардан тазаруы жылдам жүретiндiгi анықталған.
- табиғи сиреудiң жылдамдығы – жарық сүйгiш ағаш түрлерінен құралған сүрекдiңдердiң жасына қарай табиғи сиреуi, көлеңкеге төзiмділерден жылдамырақ жүредi;
- қалың сүрекдiң шымылдығы астындағы өскiннiң шығымының өсу қарқыны мен ұзақтық дәрежесi – жарық сүйгiш ағаш түрлерінің өскiндерi көлеңкеде тез жойылады, көлеңкеге төзiмділердің өскіндері басылыңқы жағдайда болса да ұзақ уақыт өмiр сүредi;
- орман шымылдығы астындағы топырақтың жарықтану дәрежесі– жарық сүйгiштерде ол жоғары болса, ал көлеңкеге төзiмділерде аз болады. Аумағы бойынша ағаштар саны бiрдей болғанымен жарықтану дәрежесiнiң айырмасы 80-90 пайызға жетедi;
- жапырақтардың қалың болуы – ағаш желегі қалың, көлеңкеге төзiмді ағаш түрлерінде ғана жапырақтар бiр-бiрiн көлеңкелеуге төзе алатын қабiлетi болғандықтан, осы ағаш түрінің желегі неғұрлым қою болса, ол көлеңкеге көп төзiмді келедi.
Достарыңызбен бөлісу: |